Kyzylorda-news.kz. Жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жастарға ұдайы қолдау көрсетілетіндігін ерекше атап өтті. Соның ішінде жастар арасындағы ең өзекті мәселе – жұмыссыздық. Бұл да мемлекет назарынан тыс қалған емес. Ал мақалаға тірліктің көзін тапқан жандар арқау болмақ.
Айдар Төребаев 1996 жылы Арал ауданы, Жақсықылыш кентінде туған. Мамандығы – технолог. Отбасылы. Қазіргі таңда Жақсықылыш кентінде тұрады. Мамандығы бойынша жұмыс жасамаған. Ютубер, YouTubе платформасындағы 3 каналы арқылы тәуір табыс тауып отыр.
«Ең алғаш студент кезімде YouTube-тан «Ақиқат» деген канал аштым. Ол канал діни бағытта болды. Дінтанушылардың, имамдардың айтқан уағыздарын насихаттап жүрдім. Бұл кезде табыс табу мақсатында емес, қызығушылықтан туындаған сүйікті ісім болды. Кейіннен сан тірлікпен мұны назардан тыс қалдырғанмын. Араға 3 жылдай уақыт салып "неге қайта айналыспасқа" деген ой келді. Бұл жолғы мақсатым табыс табу болатын. Өйткені ол кезде диплом алып, ауылдан мамандығым бойынша жұмыс таппай, әр тірліктің бір басын шалып жүрген кезім еді. Осылайша «Ақиқат» каналын қайта дамыта бастадым. Менің каналымды қарайтындар, пікір білдіріп отыратындар көбейді. Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой. Желі арқылы каналымды насихаттап отырдым. Бір жағынан жастарға тәрбиелік мәні бар тәуір дүние болды. Бір күні поштаға YouTube компаниясынан хат келді. Ол менің табысқа шыққандығымды анықтайтын арнайы құпия сөздер болатын. Солай менің алғашқы 300 мыңым есепшотыма түсті. Бұл маған таптырмас табыс көзі болды. Жанымды қинамай, қалаған уақытымда үйден шықпай табыс таба бастадым. Мұнан соң «Киношоу» каналын аштым. Бұл каналда қызықты киноларға шолу жасап, сюжетін түсіндіріп беріп отырамын. Мұның қаралымы бәрінен жоғары. Табысы да тәуір. Жақында «Шипагер» каналын аштым. Түрлі аурулардан емделудің жолдарын түсіндіріп беремін.
Жалпы айтқанда, манитезациядан өткен каналдарым ай сайын 500 мыңнын жобасында табыс әкеледі. Бір ескеретіні, мұнда табыс тұрақты емес. Және компания тарапынан авторлық құқыққа байланысты кез келген уақытта каналды бұғаттап тастауы мүмкін. Сондықтан мұның да өзіне тән қиыншылығы бар.
Марат Темірбайұлы 1998 жылы Арал ауданы, Шижаға елді мекенінде туған. Мамандығы – өрт қауіпсіздігін сақтау. Қазіргі таңда туған ауылында ата-анасымен тұрады. Мамандығы бойынша жұмыс жасамаған. Бірақ бос жатпайтын еңбекқор жігіт. Мал сойып, жіліктейтін қасапшылық қабілеті бар.
Бала болып ес білгелі төр түлік малдың сырына қанық болып өстік. Әкем Темірбайдың жеке шаруа қожалығы бар. Кішкентайымыздан әкемізге қолғабыс бола жүріп үйренгеніміз көп болды. Бала болсақ та әкеміз бізбен ойласып, малдың жайын ақылдасып отыратын. Есейген соң тіпті бір жағында шаруасын ширатып жүретін болдық. Мектеп бітіріп, оқуға кеттік. Бірақ мені қаланың қызыл-жасыл өмірі қызықтырған жоқ. Ауылға асығатынмын. Диплом алдық. Тәуір мамандық бар. Дегенмен ол бойынша жұмыс жасау бұйырмады. Қабілетсіздіктен немесе қаламағаннан емес, әкеме қолғабыс болғым келді. Мал ауылдан мал әкеліп, аудандағы кафелерге сатамын. Оны жіліктеп сойып беремін. Мұндай іс қазір көптің қолынан келе бермейді. Тіпті ауылдың өзінде үлкендер жағы болмаса, жастардың жілікті ажырата білуі былай тұрсын, мал сойып, терісін сыпыруға да қабілеттісі сирек-ау. Сондықтан бұл менің кәсібіме айналып отыр. Табысым да тәп-тәуір. Дәстүрлі отбасылық шаралар мен мерекелерде тіпті телефоныма дамыл болмай кетеді. Мен ойлаймын, қаным қазақ деген әрбір ер бала ұлттық ұғымдарды санасына сіңірумен қатар ердің атқаруы тиіс тірлігін білуі керек. Ұлттық құндылықтар жойылмас үшін ұрпақтар сабақтастығы орнауы тиіс. Қазақ еріне «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуді бекер айтпаса керек-ті.
Айбек Ізәтов 1991 жылы Арал қаласында туған. Мамандығы – механик. Төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Дипломды мамандығынан бөлек сан кәсіпті меңгерген.
Әкем Аманкелді – ауданға белгілі механик. Бала кезімізден көлік құралдарын жөндеген әкеміздің жанында қолғабыс болып өстік. Содан болар, бұл іс біздің бойымызға әбден сіңіп кетті. Ақырында мектеп қабырғасында жүргенде-ақ машинаның тілі жақсы білетін болдым. Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы политехникалық колледжге механик мамандығына оқуға түсіп, диплом алдым. 2019 жылы кәсіпкерлерді даярлау курсынан өтіп, мемлекеттен 555 мың 600 теңгенің грантын жеңіп алдым. Солай кәсіпкер болып көлік құралдарын жөндеумен айналысып келемін. Кейін гаражымды кеңітіп, кәсібімді ұлғайттым. Бұдан бөлек қаладағы «Спорт клубында» күзетші болып жұмыс істеймін. Алла берген төрт балам бар. Қазіргі заманда бір жұмысқа қарап өмір сүру мүмкін емес. Балаларды өмірге әкелген соң жетілдіріп, жеткізу ата-ананың міндеті. Сондықтан екі жұмысты қатар алып жүрген жайым бар. Менің кәсібім көлік құралдарын жөндеу болса, негізгі жұмысым – күзетшілік. Осылай уақытты бос өткізбей тіршілік етіп жатырмыз.
Жаңагүл Саматқызы 1993 жылы Ақтөбе қаласында өмірге келген. Қазіргі таңда Арал қаласында тұрады. Мамандығы – эколог. Бірақ өзінің той ұйымдастыру орталығы арқылы танымал. Блогерлік қабілеті де бар. Қолынан біраз іс келетін еңбекқор жан.
Арал қаласы менің бақыт мекенім деп айтсам да болады. 2020 жылы Аралға келіп «Той думан» той ұйымдастыру орталығын аштым. Алғаш болып бастаған кәсібім көп өтпей-ақ дөңгелеп алға басты. Қазақ деген қай кезде де тойшыл халық ғой. Ерекше сән-салтанатпен өткенін қалайды. Сондайда біздің орталық барлық қызметті көрсетуге арналған. Тойда өнер көрсететін қызметкерлердің ұлттық нақыштағы киімдерді өзім тігемін. Кейде тойға арналған кәде-сыйларды қолдан жасаймын. Ал блогерлік қызығушылықтан туған. Өзім өткізген тойларды, көрген қызықтарды видеоға түсіріп, инстаграмм желісінде достарыммен бөлісіп отырамын. Жалпы, менің өмірімдегі хоббиім болған нәрсе маған нан болды. Ал дипломды мамандығым шеттеп қала берді. Кім біледі, бір күні ол да кәдеге асар. Бәрі уақыт еншісінде.
Қарап отырсам, бүгінгі тақырыпқа арқау болған жандардың бәрі жұмыс жоқ деп қол қусырып отырмай, өздерінше нәпақа тауып жүрген жандар. Олар бір ғана істі емес, бірнеше шаруаны ширатып, өзі қалаған әдемі өмірін сүріп, балаларын да өзгеден кем қылмай өсіруде. Осындайда ұлы Абайдың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалы еріксіз еске түседі. Шынымен де қазір еңбек еткен адамға жұмыс көп, ал еріншекке жұмыс жоқ. Сондықтан жақсы өмір сүру үшін жұмыс талғамай, жастық жігерді жақсылыққа жұмсайық.