Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халықына Жолдауында: "Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер"–деген болатын. Иә, тіршілік көзіміз су мәселесі қай уақытта да маңызын жоймаған. Ал ауыз сусыз қалған жағдайымызды тіпті елестету мүмкін емес. Осы тұста "Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры" өндірістік бөлімшесінің басшысы Ислам Қапаровпен сұхбат құрған едік.

– Сұхбатымыздың басында мекеме жұмысы туралы толық айтып өтсеңіз?!

– Алғаш 1986 жылы «Арал-Сарыбұлақ су құбырын пайдалану басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны негізінен Арал және Қазалы аудандарының халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Осы тұста ауданды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 1970-1975 жылдар аралығында аудан аймағының Солтүстігінде орналасқан "Толағай" жер асты су қойнауларына, геологиялық барлау жұмыстары жүрген болатын. 2006 жылы «Арал-Сарыбұлақ су құбырын пайдалану басқармасы» МКК-ның меншігіндегі мүлігі түгелдей «Арал» СЖКБД филиалының меншігіне берілді.  2011 жылдан бастап «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі болып қайта құрылды. Алғаш ауданымызға Бердікөл-Қосаман елді мекеніндегі "Толағай" су көзінен 1986 жыл келіп  ауданды сол арқылы қамтамасыз етіп отырмыз. Қазіргі таңда мекемеде 281 жұмысшы-қызметкер жұмыс істейді. сонымен бірге 26 дана техника жұмылдырылған. Тағы айта кетерлігі, бөлімшеде 43 насос стансасы, 28 дана су ұңғымасы, 1577,3 км су құбыры желілері, оның ішінде 739,7 шақырым магистральды су құбырлары  және 837,692 ішкі су тарату желісі магистральды су құбырлары бойында 1590  дана бақылау құдықтары, сондай-ақ ішкі сі тарату желілері бойында 4405 дана бақылау құдықтары арқылы Арал ауданының 43, ал Қазалы ауданының 22 елді мекендерінің 165 мыңға жуық тұрғындарын, 439 Арал ауданындағы шаруашылық қызмет жүргізетін өзге де мекемелерді ауыз сумен қамтамасыз етіп отырмыз.

– Арал ауданы ауыз сумен қамтамасыз етілген бе?

– Сусыз тіршілік жоқ екені белгілі. Ендігі жерде ауданда барлық дерлік көшелер мен кент, ауылдық округтарға су жүргізілген деп айтуымызға болады. Ендігі кезекте Тоқабай, Абай, сонымен бірге Ақбасты елді мекендеріне су құбыры құрылыстары жүріп жатыр. 2024 жылы Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне су жүргізу жұмыстарына байланысты жоба дайындалып жатыр. Бұл 2025 жылға дейін бітеді деп күтілуде. Демек ол жерлер де сумен қамтамасыз етіледі деген сөз. Өндірістік бөлімше ауданның 43 елді мекенінің 14 963 абонентін, яғни 81 891 адам және де тұрақты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Арал ауданы бойынша су есептегіш құралымен 14 708 абонент су ішіп отыр. Ал көше калонкасы суын 189 және арнайы су таситын автокөлікпен 66 тұтынушы қамтамасыз етілген.

– Аудан тұрғындары бір жылда қанша көлемде ауыз су жұмсайды? Сонымен бірге су қорымыздың сарқылу қауіпі бар ма?

– Өткен жылы жыл көлемінде Қосаман бас су тоғанынан 3 989 611,81 текше метр ауы су өндіріліп, Арал және Қазалы аудандарына 3 757 723, 895 текше метр ауыз су таратылды. Соның ішінде Арал ауданына 1 827 331,527 м3 ауыз су тұтынушыларға тартылады. Сонымен бірге су қорының таусылу қауіпі жоқ. Себебі Қосаман елді мекеніне шығып жатқан су 50 жылға есептелген.

–  Судың тарифтік бағасы өзгеруі мүмкін бе?

– Өзгереді. Табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті органмен бекітілген ауыз су жеткізу қызметінің тарифі ҚҚС-мен өткен жылдың қаңтар-мамыр айларында – 439,12 теңге, маусым-тамыз айларында – 490,90 теңге, қыркүйек  айында – 454,78 теңге, қазан-қараша айларында – 490,90 тенге, сонымен бірге желтоқсан айынан бастап – 382,72ңгені құрайды. Дегенмен тұрғындар пайдаланған ауыз суды су есептегіші бар тұтынушылар 1 текше метріне жеңілдетілген тарифпен ҚҚС-мен 30 теңгеден төлем жасалады. Сонымен қатар көше колонкасынан тасымалдап ауыз су пайдаланатын тұтынушыларға ҚҚС-мен 40 теңгеден төлем жасалады. Бекітілген тариф пен жеңілдетілген тариф арасындағы айырмасы мемлекеттік бюджет есебінен субсидиялар түрінде төленеді. Республикадан бөлінетін субсидия толығымен игерілді. Ауыз су төлемін жеңілдету мақсатында ауыз су үшін төлем ақыны Kaspi қосымшасы арқылы төлеуге болатындығы жөнінде  Арал қаласы әкімдігімен бірлесіп, аудан көлеміндегі әлеуметтік желілерге хабарламалар беру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қала, Сексеуіл, Жақсықылыш кенттері, сондай-ақ барлық орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған халықтың 95 % осы қосымша арқылы ауыз су төлемдерін жасайды.

– Бүгінде су құбырлары кедергісіз жұмыс істеп тұр ма?

– Былтырғы жыл бойынша 739,7 км магистральды су құбырлары бойында 114 дана ақау магистральды су құбыры желілерінде орын алып қайта қалпына келтірілді. Сонымен бірге 837,692 км ішкі су құбырлары желілерінде орын алған 247 дана ақау қайта қалпына келтірілген болатын. Жаңа айтып өткенімдей апаттық жағдайды қайта қалпына келтіру үшін оның ішінде, бөлімшеге қарасты ауыз су жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын жоспарлы алдын-ала жөндеу жұмыстарының кестесі бекітілген. Осы жоспарлы алдын-ала жөндеу жұмыстарына қомақты қаржыны құрайтын шикізат-материалдар жұмсалып, бекітілген кестеге сәйкес Арал қаласы, Жақсықылыш, Сексеуіл кенттері, ауылдық елді мекендер бойынша су тарату бекеттерінің ауласындағы және ішкі су тарату құбырлары бойында орналасқан көру құдықтарының іші лайдан тазаланды. Сонымен бірге ішіндегі ашып-жабу арматураларына, өрт гидранттарына техникалық күтім жасалды. Тағы айта кетерлігі, жүйелі түрде барлық насос стансаларының аумағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, темір-бетон қоршауларын әктеу, темір қақпаларын сырлау және насос қондырғыларына техникалық күтім жасау жұмыстары атқарылды. Ауыз суды тұтынушылар санының көбеюіне және елді мекендерге ауыз су құрылысы жүруіне байланысты "Қосаман-Арал-Қазалы" жобасы жасалып, дайын тұр. Ендігі кезекте атаулы жоба жүзеге асуы қажет болып отыр. Себебі жаз айларында судың жетіспеушілігі жыл сайын көбейіп келеді. Егер атаулы жоба жүзеге асар болса, ауыз судың жетіспеушілігінен мәселе болмасы анық.

– Тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету үшін атқарылған шаралар туралы айтып өтсеңіз?!

– Күз-қыс мезгілдерінде электр энергиясын үнемдеу мақсатында №2 Бердікөл су көтеру насос стансасы мен №3 Арал су көтеру насос стансаларындағы насос қондырғылары сөндіріліп, "Байпасный линия" арқылы су беріліп тұрды. Сексеуіл–Арал бағытындағы ескі ТНГ 100 маркалы су құбырының бойынан 18 ақауды темір листамен қаптап дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Арал–Аралқұм бағытындағы ТНГ 100 маркалы су құбырының бойынан орын алған 5 ақауды темір листамен қаптап дәнекерлеу жүмыстары жүрген болатын. Аралқұм–Қамыстыбас аралығындағы ТНГ80 маркалы магистральды су құбырлары бойындағы орын алған 6 ақауды темір листамен қатап жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ендігі кезекте елді мекендердегі 5 дана су көтеру мұнараларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Аралдың суы – ең таза су екені анық. Оны барлығы мойындайды. Осы орайда ауыз судың сапасын сақтау үшін қандай шаралар қолға алынуда? 

– ҚР-ның Ұлттық Экономика Министрлігінің 2015 жылы 16 наурызында №209 қаулысымен бекітілген "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинақтау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар"  санитариялық қағидаларына сәйкес өндірістік бөлімшеге қарасты нысандардан химиялық көрсеткіштер бойынша 13 006 сынама, бактериалогиялық көрсеткіштер бойынша 1 710 сынамалар алынды. Ауыз судың сапасы ҚР МемСТР-2874-82 стандартына сәйкес келеді. Сонымен қатар жоспарлы түрде көктемгі сәуір айында, күзгі қыркүйек айында аудандық СЭС қызметкерлерімен бірлесе отырып, барлық ішкі су тарату желілеріне, магистралды су құбырларына, су мұнараларына және су қоймаларына жуып-шаю, залалсыздандыру жүмыстары жүргізіледі.Алдағы уақытта да бөлімше тұтынушыларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жоспарланған жұмыстарын жаслғастыра бермек. Жұмысшы-қызметкерлердің барлығы дерлік арнаулы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген.

Міне, осындай ауқымды сұхбаттан аңғаратынымыз көп. Ал осы саланың қыр-сырын меңгерген жандар да аз емес. "Су ырыстың көзі, еңбек кірістің көзі"–демекші, табиғи ресурстың адам баласына маңызы әрдайым жоғары тұрады. Иә, су адам өмірінде маңызды рөл атқарары сөзсіз. Ал, ауыз сусыз бір күнімізді елестетіп көрелік. Жоқ, елестету тіпті мүмкін емес. Міне, осы судың бізге келуі жолында, яғни тұтынушыларға тарату жолында қаншама адамның еңбегі  жатыр десеңізші?! Бізге су оңайлықпен келіп тұрған жоқ. Оның сапасы, келу жолындағы құбырлар жіті бақылауда болады. Міне, осындай еңбектің артында көптеген жұмысшы-қызметкерлер тұрады. Солардың бірі – "Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры" өндірістік бөлімшесінің № 5 су өткеру насос стансасында машинисті Асқар Асанов. Ендігі кезекте Асқар Мөңкебайұлы туралы сөз қозғасақ.

Бүгінде ауданның туризм саласын дамытуға оң ықпал етіп отырған Қамбаш көлінің жағасында қызықты балалық шағын өткізген кейіпкеріміз әке жолын жалғаған Асқар Асанов 1965 жылы Қамбаш ауылдық округінде дүниеге келген. Ол 1982 жылы мектеп бітіріп, 3 жыл әскери борышын өтеп келген сарбаз  темір жол саласында еңбек жолын бастайды. Одан соң 1992 жылы "Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры" өндірістік бөлімшесінің №5 су өткеру насос стансасына қарауыл  болып кіреді. Оның тап осы салаға келуіне әкесі Мөңкебай Асанұлының ықпалы зор болды. Әкесі Мөңкебай Асанұлы су шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етіп, абыройлы еңбек демалысына шыққан еді. Кейіпкерімізге де осы салада нәпақа табу бақыты бұйырыпты.

– Азамат болып, бой түзеген соң еңбек етіп, нан табу әрбір адамға парыз. Үлкендердің тілін алып, әкемнің қолдауымен мен де су шаруашылығы саласында еңбек жолымды бастадым. Алғаш бұл мекемеге қарауыл болып кірдім. Ол кездері линиядан су жүрмеген болатын.  Кейін линиядан су жүргеннен соң 1993 жылы машинист болып бекітілдім. Осы лауазымым бойынша әлі де қызмет етіп жүрмін.  Оның арасында бізде аға машинст деген штат болған кезде сол қызметте жүрдім. Біршама уақыттан соң ол штат машинист болып бастапқы атауына келді. Негізі біз жол етегіндегі басты линиядамыз. Аралқұмнан суды қабылдап алып, Қазалыдағы Әйтеке би ауданы мен Қамбаш стансасы, Аманөткел, Қосжар елді мекендеріне жібереміз. 1992 жылдан бері осы мекемеде қызмет етіп келемін,–деп бастады әңімесін кейіпкеріміз.

Әрине, жұмыс бар жерде қиындық бар. Әсіресе адам тіршілігі үшін маңызды салада еңбек ету екі есе ауыртпашылық жүкітейтіндей. Асқар Мөңкебайұлы да 30 жылдан астам уақыт саламен сабақтасып тіршілік етіп жүргенде басынан талай ауыр күндердік өткендігін айтады.

– Жұмыстың қызығы мен қиындығына төзіп келеміз. Талай қиын кезеңдерді де басымыздан өткердік. Айлықсыз жұмыс істеп жүрген кезіміз де болды. Тоқырау жылдарында жалғыз біз емес, жаппай халық қаржылық қиындықтарды бастан өткеріп жатты. Сол шақта 2 жылға жуық еңбек ақымызды ала алмай жүрдік. Жаспыз. Қолды бір сілтеп, жұмыстан кеткім келгенін де жоққа шығармаймын. Мұндайда әкемнің мына бір сөзі маған үлкен қолдау болды. "Су бар жерде тіршілік бар. Мемлекеттің мойнында болсаң, аштан өлмейсің. Түбі еңбегіңнің өтеуін аласың. Сабыр түбі – сары алтын" -деген сөзінен кейін өмірлік ой түйдім. Кейін құбырлар жарылып, насостар бұзылып техникалық қиындықтарға да тап болдық. Мұндай шақтарда біз уақытпен санаспай еңбек ететінбіз,–деді.

Кейіпкеріміз өмір бойы жинақтаған тәжірибесін өзінен кейінгі жастармен бөлісіп, аға буын ретінде құрметке бөленіп отыр. 

Асқар Асанов еңбекте абыройлы болуымен қатар, отбасылық бақытқа да бөленіп отырған жан.  Ол жұбайы Маруся Нұрманова екеуі көпбалалы отбасының шынар бәйтерегі болып отыр. Өмірге әкелген 5 баласын азамат етіп жеткізген бұл отбасын ауылдастары да үлгі етеді.

Тағы да оқыңыз: