Kyzylorda-news.kz ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуға тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек» деген болатын. Осы мақсатта Арал ауданында да ауқымды жұмыстар көп. Нәтижесі көңіл қуантады.
Аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын 31 208 адам бар. Бұл жалпы аудан тұрғындарының 39 пайыз үлесін құрайды.
Аудан көлемінде тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында 75 спорттық іс-шара өткен. Оның бесеуі республикалық, алтауы қалааралық, елуі аудандық және он төрті кент, ауылішілік, мекемеішілік жарыстар.
Жыл басынан бері ауданның спортшылары біршама жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншілік жарыстарында аудан спортшылары 56 медальға ие болды. Оның 29 алтын, 13 күміс, 14 қола.
Сонымен қатар 10 грек-рим күресі бойынша спорт шеберіне кандидат, 5 бокс спорты бойынша, 1 еркін күрестен спортшы тіркелді. Унифайт спорты бойынша 1 спортшы спорт шебері атанды. I спорттық разряд бойынша волейболдан 3 спортшы аталынды.
Өзбекстан Республикасы Хива қаласында өткен Гір спортынан Әлем біріншілігінде аралдық спортшылар 1 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль иеленді.
Әмбебап жекпе-жектен Қырғызстан Республикасында Азия чемпионатынан аудан спортшылары 7 алтын және Грузияның астанасы Тбилиси қаласында өткен әлем чемпионатында 7 алтын, 1 күміс медаль иеленді.
Ал спорт мектептері жайлы әңгіме тіпті бөлек. Соның бірі – осы. Арал қаласында спортқа жаны құмар балаларды тәрбиелеп, чемпион шығарып, аудан абыройын асырып жүрген №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің қызметкерлерінің толымды тірлігі мен жеткен жетістігін тілге тиек етпеске болмас. Себебі осы мектептен тәй-тәй қадам басқан жас өрендер қазір спорт шебері, Азия және Әлем чемпионы болып, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр. Олардың жеңісті жолында аталған мектептің алар орны ерекше. Серік Алмағамбетав басшылық жасайтын мектептің тірілігімен танысып қайтқан едік.
Мұнтаздай етіп жинақталған, жаз мезгілінінде маңайы гүлмен көмкеріліп жататын бұл мекеме көңілге жайлылық, бойға серпіліс беретіндей. Бокс, күрес, дзюдо, таеквондо, каратэ, жекпе – жек залдары спортшы оқушылар киім ауыстыратын және жуыну бөлмелері де қарастырылған. Бұған қоса Аманөткел, Қамыстыбас елді мекеніндегі спорттық сауықтыру кешені де аталған мектеп құрамына кіреді. Сонымен қатар Қаратерең және Аралқұм орта мектептерінің залдарын пайдалана отырып бокс және грек-рим бөлімшелері жұмыс жасап тұр.
Өткен оқу жылында мектепте 11 спорт бөлімшесі жұмыс істеген. Атап айтар болсақ, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, таэквондо, каратэ жекпе-жек сынды батылдық қайрат қалыптастыратын секциялар, баскетбол, волейбол, футбол және әмбебап спорт түрін меңгеруді меңзеген жастарған арналған бөлімшелер. Қазіргі таңда мектепте осы аталған бөлімшелер бойынша 36 жаттықтырушы жұмыс істейді.
– Жыл сайын мектеп абырой бейігінен көрініп, спортшыларымыз көк байрағымызды көкте қалықтатып жатады. Әрине, мұның бәрі тыңғылықты дайындық, мол ізденіспен келетін дүние. Өткен оқу жылында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде жалпы саны 11 спорт түрі бойынша, 112 топта барлығы 1368 оқушы спортпен шұғылданды. Оның ішінде спорттық сауықтырудың 29 тобында 504 оқушы, алғашқы дайындықтың 35 тобында 442 оқушы, оқу-жаттығу бойынша ашылған 38 топта 362 оқушы, спорттық жетілдіруге арналған 10 топта 60 оқушы алуан түрлі спорт түрінен дайындалды. Оқушылар артылған үміт пен жұмсалған күшті ақтай білді. Спортшыларымыз Алпамыс Болатұлы грек-рим күресінен Семей қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында І орын, Ибраймов Айбат еркін күрестен Талдықорған қаласында өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатында ІІІ орын, Тымақова Нұрдана, Олжабаева Айкен, Романқызы Нұрай волейболдан кіші жасөспірім қыздар арасында Шымкент қаласында өткен қысқы және Өскемен қаласында өткен көктемгі ҚР чемпионаттарында І орын, Естайұлы Әділбек волейболдан Талдықорған қаласында өткен жасөспірім ұлдар арасындағы ҚР чемпионатында ІІ орын иеленді, - деді Серік Алмағамбетов.
Сондай-ақ жас өрендер әлемдік додаларда бой көрсетіп қана қоймай, еліміздің көк байрағын көкке көтерді. Унифайттан (әмбебап жекпе жек) Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Диас Ғалымжанұлы, Жансүйен Мұхтарұлы, Мансұр Өтебай, Бақытжан Серікбай, Ерасыл Сәдіров, Ернұр Әбжамиев жүлдеді І орынды иеленге. Осы жарыста Кемалов Нұралы 2 орын алғанына да айта кету керек. Ерекше атап өтуге болады, унифайттан аралдық спортшылар талай биікті бағындырып жүр. Қырғызстан елінің Ыстықкөл қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында, Түркістан қаласында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы ҚР чемпионатында, Байқоңыр қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында бірқатар жасөспірім спортшылар жеңіс түғырынан көрінген.
– Толық түйіспелі жекпе-жектен Алматы қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Кеңесбаев Ерасыл І орын, Өтебай Мансұр, Ғалымжанұлы Диас ІІ орын, Өтеумағамбетов Марғұлан, Серікбай Бақытжан ІІІ орын, жекпе-жектен Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында Әбжамиев Ернұр ІІ орын еншіледі. Ал аталған жарыста ІІІ орын алған Серікбай Бақытжан оқу жылы ішінде таэквондодан Алматы қаласында өткен жастар арасындағы ҚР чемпионатында ІІІ орын иеленіп жеңісті белестерді бағындырған болатын. Панкратионнан Қостанай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатына қатысқан жас өрендер де жүлдесіз қайтқан жоқ. Осы жылы грек-рим күресмен шұғылданатын спортшыларымыз Алпамыс Болатұлы мен Әмірмұхан Қабылов Қазақстан чемпионатын жеңіп, Әлем чемпионатына қосуды жоспарлап отырмыз, - дейді мектептің басшысы.
Мектепте аудандық мәдениет және спорт бөлімімен бірлесе отырып, спорттың бірнеше түрінен жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық жарыстар өткізіліп тұрады. Атап айтқанда, еркін күрестен Сахытжан Мүсенов атындағы республикалық турнир, Жасағанберген Қазтуғанов атындағы облыстық турнир, грек-рим күресінен Дәри Құттымұратов атындағы республикалық турнир, бокстан Жалдыбай Нұрпейісов атындағы облыстық турнир, баскетболдан Алмас Жанназаров атындағы облыстық турнир, волейболдан Асхат Аханов атындағы қалааралық турнир, футболдан Аманқос Есмұрзаев атындағы аудандық турнирлер өткізілген.
Жоғарыдағы айтылған жеңіс жолы мен жасалған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын мектеп директоры да тілге тиек етіп қалды.
Спортқа құмар жандардың шамшырағын жаға білген, оларға дұрыс жол нұсқап, бағыт-бағдар беріп отырған спорт мектебі ұжымының да еңбегі орасан зор. Жастарды жақсылыққа жұмылдырып, ауданның атын шығарып жүрген саңлақтарымыздан әлі де күтеріміз көп.
Енді спортшылар жайлы айта кетейік. Бір отбасының 6 баласы шахматтан аудан мерейін асырып жүрген Қазақстан Республикасының чемпиондары. Алтаудың мектеп бітірген төртеуі «Алтын белгі» иегері атанып, еліміздің белгілі университеттерінің мемлекеттік білім грантын еншілеген. Ал қаладағы №62 мектеп-лицейде оқитын екі баласы да үздік шәкірттер көшін бастап тұр. Біз Мейірхан Бармағамбетов пен Роза Сабированың мерейін өсіріп, мәртебесін көтеріп жүрген балалары туралы айтып отырмыз. Бүгінгі мақалаға осы отбасы арқау болмақ.
Мейірхан пен Роза ешқандай мемлекеттік мекемеде яки басқадай салада тұрақты жұмыс істеп көрген емес. Отағасы әртүрлі маусымдық жұмыстар істеп отбасына қамқор болса, отанасы шаңырақтың шырайын кіргізіп өмірге алты бала әкелген көпбалалы ана болы жүріп, бала тәрбиесімен үй шаруасымен айналысты.
– Мектепті жақсы оқыдым. Әсіресе математика ең сүйікті пәнім болды. Кітап оқудан қол үзген адам емеспін. Бірақ өкінішке орай жоғары оқу орнын оқып, мамандық ала алмадым. Оған себеп анам жалғыз еді. Оны қалдырып кетуге дәтім жетпеді. Мектеп бітірген соң бірден еңбекке араласып, құрылыс саласында жұмыс істедім. 1999 жылы Роза екеуіміз отбасын құрдық, - деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
2000 жылы Сағыныш есімді тұңғыш ұлдары өмірге келеді. Жастайынан зерек болып өскен ұл әкесі секілді есепке жүйрік болып шықты. Мейірхан Бермағамбетов баласының болашағына зор үмітпен қарай бастады. Кішкентайынан шахмат тақтасы үстіндегі шайқастың қыр-сырын өзі үйретеді.
– Сағыныш шахматты жақсы меңгерді. Мектеп қабырғасында жүргенде ойнап, облыстық, республикалық жарыстарда жеңімпаз болғаны болмаса қазір бар ынтасын тек білім жолына арнады. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген соң Алматы қаласындағы ҚАЗГУ-дің математика пәні мұғалімі мамандығының білім грантын жеңіп алды. Кейін аталған оқу орнында өз мамандығы бойынша магистратура бітіріп, биыл доктарантураға түсті. 2002 жылы туылған Сақыпжамал қызым шахматтан Қазақстан біріншілігінің жүлдегері, әлем, Азия чемпионатына қатысты. Команда бойынша жүлдегер болды. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген соң Алматы Аграрлық университетінің грантын алды. Қазір оқуын бітіріп мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ол әлі шахматтан қол үзген жоқ, - дейді әкесі.
Үшінші перзенті Мейіржан шахматтан Қазақстан біріншіліктерінде жүлделі жеңіс тұғырынан көрініп, Азия чемпонатына қатысқан. Мектепті үздік бітірген ол қазір Орал қаласындағы университеттің 4 курс студенті. Ал математик һәм шахматшылар көшін жалғаушы Сабина шахматтан облыс чемпионы, Қазақстан кубогінің иегері. Өткен оқу жылында мектепті «Алтын белгімен» бітіріп Мейіржан оқитын университеттің бірінші курс студенті атанды.
Қазірі мектептегі үздік оқушы Ақылжан жуырда шахматтан Қазақстан чемпоны атанды. Еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген 111 баланың арасынан оқ бойы озып шыққан Ақылжан осылайша командалық есеп бойынша Қызылорда облысына 3 орын алып берді.
– Ақылжан алғыр, ізденімпаз. 7 сыныпта оқиды. Оның дайындалуына бәріміз көмектесеміз. Осы жарыста да ағалары, анасы, өзім бірге барып қолдау көрсеттім. Баламның таудай талабы болып тұрса, оның мерейін көтеру ата-ананың парызы деп білемін. Сондықтан «оқу оқимын, жарысқа барамын» деген талпынысы бар балаларымның бетінен қаққан емеспін. Кезінде өзімде ондай мүмкіндік болған жоқ. Бірақ менің армандарыма балалар жетіп жатыр, - дейді Мейіржан Кішібайұлы.
Қазақтың «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген тәмсіл сөзін санасына сіңірген әке дәл осы кезде кенжесі Айзерені Шымкент қаласында өтіп жатқан шахматтан Қазақстан чемпионатына алып барып, жарыс жолына салып жүр. Айзере 2 сынып оқушысы болса да өз қатарластарынан оза шауып облыста чемпион болған еді.
Мейірхан Бермағамбетов сұхбаттасу барысында өзінің көкейіндегі мәселені де айтып қалды. Оның айтуынша шахматқа ынталы ауданда балалар көп, бірақ даярлайтын шахмат федерациясын айтпағанда не мектеп, не клуб жоқтығын тілге тиек етті. Расында осы отбасының балаларынан өзге шахматтан аудан атын асқақтатып жүргендер жоқ деуге болады.
– Маған үйренуге келгісі келетін балалар көп. Бірақ мен қаншама уақытым мен энергиямды босқа сарп етпеймін ғой. Өзім жұмыссыз адаммын. Сондықтан ақылы түрде үйретемін десем көбінің қалтасы көтермей жатады. Және бұл тыңғылықты күнде дайындықты талап ететін ойын болған соң кейбірінің шыдамы түгесіп қалады. Сондықтан «ауданда шахматқа ынталы балаларды үйрететін неге бір орталық жоқ» деген сауал жанымды жегідей жейді. Арнайы мамандар алдырып, айлық төлесе ақыл мен ой ұшқырлығын дамытатын ойынды үйренушілер көп болар еді. Менің балдарымнан да талантты балалар бар. Шахматты дамытуға күш жалса Аралдан талай чемпиондар шығады әлі, – деп сөзін сабақтады кейіпкеріміз.
Мейірхан Бермағамбетов белгілеп алған мамандығы болмаса да «әке» деген ардақты атты асқақтата білді. Әкелік рөлін қалтқысыз орындап, балаларына білім мен шахматтың қатар меңгертті. Соның арқасында ұрпағының жетістігімен мерейі өсіп, мәртебесі биіктеп отыр. Аралдағы шахметтан аудан мерейін асырып, білімннің алтынын алған алтын балалардың ата-анасы болудан асқан бақыт та жоқ шығар пенде үшін. Отбасындағы «алтын белгі» мен шахмат чемпиондарының көшін Ақылжан мен Айзере де жалғайтынына сеніміміз мол.
Қазір ауылдарда салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорттық үйірмелерде жаттығып жүрген жасөспірімдер көп.
Оқумен қатар спорттық үйірмелерге қатысып, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап жүрген жас өрендер Ерімбетжағада да бар. Арнайы спорт клубы немесе түрлі жабдықтарымен қамтамасыз етілген залдар болмаса да ауылдың тіршілігіне бейімделе өсіп келе жатқан сол бозбалалардың бүгінгі қадамы бекер емес. Негізі спорттағы жетістіктің бәрі бірден келмейтіні белгілі. Жастайынан шынығып, түрлі сайыста шыңдалған шымыр жастардың түрлі бәсекеде басқалардан бәсі жоғары болады.
Нұрасыл Төребаевтың ауыл жастарын бокс үйірмесіне тартып, олардың ішінен осы спортқа бейімі барларды бозкілем төріне шығарып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Сол шәкірттері маңдайы жарқырап барған сайыстарында кіл бірінші болмаса да, кәсіби шеберлігін шыңдап, жетістікке жетіп жатқандары баршылық. Ол жетістіктері туралы бұған дейін де жазғанбыз. Десе де уақыт алға озған сайын ат тұяғын тай басады. Кешегі бозбала жігіт болғанмен, сол балалардың орнына келген кіші буын бүгінде жүлделі орындардан көрініп, ауылдастары мен мектебінің және ата-анасының көз қуанышына айналып келеді. Оған бір мысал, жақында Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай және соғыс ардагері В.В.Агабабовты еске алуға арналған 2011-2012, 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен бокстан облыстық турнирде ерімбетжағалық жас боксшылар үздіктер қатарынан көрінді.
Атап айтар болсақ, ауылдағы №18 негізгі мектебінен барған боксшы оқушылар жүлделі орындарға жайғасты. Аталған турнирде Жасұлан Аманбай 2 -орын еншілесе, Дінмұхамед Ерболат, Айдын Оралханұлы және Ернар Құлмырзаев есімді өрендер жүлделі 3-орынға жайғасты. Жеңіс дәмін алғаш сезіне бастаған жас боксшылардың уақыт өте үлкен ареналар мен олимпиадалық ойындарда өнер көрсететініне сенеміз. Үлкен спорттың алғашқы қарлығаштарын баптап, сайысқа қосуда ауыл азаматтарының да үлесі ерекше. Жарыс жолына шыққан сол балаларға ауыл азаматы Кәдірбеков Жаңабай мен ата-аналардың қаржылай қолдауы мол болды. Сондықтан болар баланың белін буып, бүгіннен бозкілем төріне бейімдеп жатқан жаттықтырушылардың жемісті де жеңісті жолдары көбейе берсін демекпіз.
Асық қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді. Сондай-ақ қолына сақа ұстап өскен әрбір ұрпақ жақсы білетін шығар, асық ойнау үшін кез келген жер жарай бермейді. Алаңда немесе далада ойналатын ерекше ойын. Аядай жерге тығылмай ашық, кең аумақта ойнаған бала сол кезден-ақ еркіндікке бейім болып өседі.
Мұнан бөлек, ұрпақ тәрбиелеуде осы ұлттық ойынның орны ерекше. Халқымыздың «Қой асығы демей-ақ, қолыңа жақса сақа тұт», «Асығың алшысынан түссін» деп мақалдап сөйлеуін де соны анық байқаймыз. Ал абыройы асқан, жолы болған жанды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады.
Міне, алтын асықтай шәкірт тәрбиелеп, талай жастың асығы алшысынан түсіне себепкер болып жүрген азаматтар бүгінде ортамызда жүр. Солардың бірі – Азамат Балтабекұлы Көбелов.
Иә, Азаматты аудан жұртшылығы жақсы таниды. Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 2006 жылы Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінде бастаған ол 2007 жылы №260 орта мектебіне дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып ауысады.
Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келген Азаматтың бүгінде ұрпақ, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ерекше.
18 жылдық ұстаздық қызметінде талай талапты шәкірт баулыған жан Қызылорда облысының асық атудан аға жаттықтырушысы және асық атудан І дәрежелі төреші. Оқушылары көптеген додада жүлде алып келеді. 2014 жылдан бүгінге дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда, ҚР чемпионатында асық атудан, бес асықтан жүлделі орындар мен чемпиондықты қанжығасына байлап жүрген жастарды ұлттық спортқа тәрбиелеген Азаматтың оқушылары Ұлттық ойындар фестивалінде 2015 жылы асық атудан ІІІ орын, 2023 жылы бес асықтан ІІІ орын, 2022 жылы Көкшетауда өткен ауыл жастары ойындарында бес асықтан ІІІ орынды иеленіп қайтқан.
Қазірде жары Әсел екеуі үш бала тәрбиелеп отырған Азамат әлі талай чемпиондарды шығарып, Аралдың атын танытарына сенеміз.
Спортқа жаны құмар жандар, барша Аралдың жастары аудандық оқушылар үйіне қарай ағылды. Барлығының ойында бір мақсат. Тегі Аралдан тараған танымал спортшылармен кездесіп, көйкейдегі сауалдарын қою, жақсы жандармен дидарласып, айданды өңірдің сәлемін, ыстық ықыласын сездіру.
Иә, Алматы облысының маслихат депутаты, Бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері, грэпплингтен Азия чемпионы, аралас жекпе-жектен Алаш прайд халықаралық турнирінің төрт дүркін жеңімпазы Нұрсұлтан Жұмабайұлы Орынбасаров пен қоян-қолтық ұрыстан қазақ қыздары арасында тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы, ММА жауынгері Сора Бақтыбайқызы Рахмонованы осылай қарсы алды.
Кездесуге келген қос спортшы оқушылар үйі шәкірттерінің өнерін, еңбегін көріп, одан әрі емін-еркін әңгіме форматындағы кездесуге көшті. Жерлестер ортасында ағынан жарылған Нұрсұлтан мен Сора жастарға спорт саласындағы нәтижелері мен тұрақты айналысудың маңызды тұстарын айтты.
Әлемдік ареналарды бағындырып, қазіргі уақытта бапкерлікке де бет бұрған олар қызметтің, рингтің, дайындықтың қыр-сыры жайлы әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар аудан жастары ұсыныстарын айтуды да ұмытпады. Жарысқа дайындық барысында алматылық спортшылармен де бірге дайындалып, қолдау, тәжірибе алмасу жұмыстары жасалса деді.
Сәйкесінше туған топырағына табан тірегін спортшылар мұндай қолдаудың болатынын, Арал десе ерекше жақын тартатынын жасырмай айтты.
Жиын соңында жастар қос спикерге өз алғысын білдіріп, естелік суретке түсті.
Ұлтымыздың Ұлы мерекесі Наурыз тойы биыл жылдағы дәстүрден ерекше сипатта көрініс алды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Наурызнама» түғырнамасын бекітті. Соған сәйкес қазақстандықтар ұлық мерекені 10 күн бойы думандатып тойлауда. Наурызнамаға сәйкес «20 Наурыз – Ұлттық спорт күні» болып белгіленген. Қазақ қазақ болғалы ат үстінде күн көріп өмір кешкелі бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан спорттық ойындарымызды дәріптеу – кейінгі ұрпақтың міндеті.
Әрбір ұлттың өзіне тән өмір сүру дағдысымен бірге қалыптасқан салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті бар. Сол сияқты тұрмысының бөлшегіне айналған ұлттық спорты да болатын белгілі. Қазақ халқының ұлттық спорт түрлері де жайдан жай бекітіле салмаған. Қайсыбір ойын түрін алып қарасақ та дәлдік пен шапшаңдықты, ақыл ойдың ұшқырлығын талап етеді. Көне тарих беттеріне көз жіберсеңіз, халқымыздың жігерін жанып, салауатты өмір салтына деген сүйіспеншілігін оятқан спорттық ойындардың көптеген түрлеріне кезігеріңіз анық.
Атап айтсақ, ат спортының түрлері, ақыл-ой ойындары, күрес түрлері, жеңіл атлетика, күш сынасу сияқты адамға жігер беретін, санасын серпілтетін ұлттық ойындардың қай-қайсысының да руханият төрінен ойып тұрып орын алатындай қадірі мен қасиеті бар. Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық спорт түрі де қанатын қомдады. Елімізде жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен республикалық, халықаралық жарыстардың көптеген түрлері өтуде. Бір қуантарлық жағдай – қазіргі жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы мен құлшынысы.
Кейінгі жылдары ат жарыстары, көкпар, аударыспақ, құсбегілік, қазақша күрес, сонымен қатар тоғызқұмалақтан өтіп жатқан республикалық, халықаралық жарыстарды жүйелі түрде өткізу жолға қойылды. Демек, біздің ұлттық спортымыз спорт саласындағы әлемдік қауымдастыққа кіре бастады.
Жалпы, қазақ баласының бесіктегі тербелісінен бастап, бүкіл ғұмыры ұлттық спортпен тығыз байланысты. Құрбы-құрдастарымен асық ойнауы – мергендік пен дәлдікке, ептілікке, бес жаста ат жалын тартып мінуі – батылдыққа, күресуі – әдіскерлікке, көкпар тартуы – күштілікке тәрбиелейтін құрал.
Тәубе дейік, бүгінгі таңда қазақ күресі елімізде қарқынды дамып келеді. Ең басты қуанарлық жағдай – оның мемлекеттік қолдауға ие болуы. Атап айтар болсақ, «Қазақстан барысы» жобасы бойынша мықты палуандарымыз жыл сайын қомақты сыйақыларға ие болуда. Осы жайдың әсерінен, көптеген жастарымыз қазіргі таңда аталған спорт түріне қарай бет бұруда. Тау көтерген Толағайдың, хас Баһадүр Қажымұқанның, Балуан Шолақтың ұрпағы емеспіз бе, күреске деген құмарлық біздің қанымызда бар.
Қазақтың дара туған дарынды тұлғалары Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин ұлттық ойындардың балаларға білім мен тәрбие берудегі пайдасы мен мәнін жоғары бағалап, осынау құндылықтың өміршең болуына баса назар салу керектігін айтса, қазақтың талантты ақыны Мағжан Жұмабаев ұлттық ойындарды халық мәдениетінің бастау-бұлағы, адамның ойлау қабілетінің дамуына игі әсер ететін негізгі элементтердің бірі деп таныған.
Ұлттық спорт түрлері – ұлтымыздың тәрбие негізіндегі алтын діңгегі. Халқымыз «Тәні саудың жаны сау» деп түсініп, дәстүр-салтымен біте қайнасқан ұлттық спорт түрлерін бүгінгі ұрпағына мирас етті.
Ұлыстың ұлы күні биыл өзгеше сипатта көрініс тапқанын көпшілік көрді. Мемлекет басшысының бұл мейрамға айрықша басымдық беруі республикамыздың түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтілуіне жол ашты.
Осынау күн мен түн теңескен наурызда қайырымдылық шарасы да толастаған жоқ. Аудан көлемінде бірқатар игі істер атқарылды. Солардың бір парасы жас спортшыларға қолдау жасаған «Арал сервистік дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Нұрбек Әйімбетовтің жас спортшыларға деген қамқорлығы еді. Сауапты бастамаға құрылымның іргесін қалаушы азаматтың іссапарда болуына байланысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов қатысып, қаршадайынан спортты серік еткен жеткіншектерге әрдайым жеңіс тұғырынан көрінуге ақжарма тілегін ортаға салды. Алдағы уақытта елдің атын әлемге таныта берулеріне сенім артты.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов болашақ иелеріне демеушілік жасап, олардың алаңсыз жаттығуына себепші болған Нұрбектей азаматтың берері мол бастамасы көпке үлгі үлгі болуы керектігін алға тартты. Сондай-ақ, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бауыржан Махатов, аудандық «Толқын» газетінің редакторы және аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ақтілек Есеев шаршы алаңда аудан намысын қорғап, облыс, республика төрінен алтыннан олжа сала берулеріне лебіздерін жеткізді.
Қуаныштан төбелері көкке жеткен балғын боксшылардың жаттықтырушылары Мұрат Қаныбетов пен Мұрат Еділбаев балалардың келешегі жарқын болуына жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыстарын айтты.
Бүгінде ғаламтордың мүмкіндігі артқан уақытта әлеуметтік желілер арқылы танымалдыққа ие болғандар аз емес. Бірақ біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзгелер сияқты хайп қуып айыпты болған емес, өнерімен көпшілікті сүйсіндірген жан.
Иә, дал солай. Tiktok-тан сіз де көрген боларсыз. Біз де көрдік. Аралдық келіншектің әз-Наурыз мерекесі қарсаңында барша кент тұрғындарының қошеметіне бөленгені біз үшін мақтаныш. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген әрбір қазақ үшін расында жерлестің жетістігі бәрінен биік.
Батпан көтеруде бәсекеге түсіп, тоқтаусыз 64 мәрте көтерген сол келіншекпен тілдестік. «Бәлкім спортпен тұрақты түрде айналысатын шығар деген» деген де ойымыз болған. Жеңісімен құттықтап, жетістігінің сырын сұрадық. Гүлмарал есімді бұл жерлесіміз қарапайым ғана жан болып шықты. 1998 жылдың 9 наурызында Арал ауданы Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Қазірде тігіншілікте кәсіп еткен Гүлмарал Тұралиева бала кезден спортқа жаны құмар болғанын жасырмады. Көптеген спорттық жарыстарда, эстафетада бақ сынап, жүлделі болып жүргенімен келін атанып, спорттан алыстаған.
Бүгінде бүтін бір шаңырақтың келіні, адал жар болып отырған Гүлмарал Серікқызы қазіргі таңда №20 Арал ауданы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде уақытша қызмет жасайды.
Жарыс жайында кейіпкеріміз:
– Наурыз барша халықтық сипаттағы құндылығы бөлек мереке ғой. Ел болып тойлау, Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау баршамыздың міндетіміз. Кент тұрғындары да жоғарғы деңгейде атап өттік. Бұл жерде ұлттық спорттардың, ұлттық нақыштағы киімнің көрініс табуы қазақылығымызды көрсетеді. Осындай жарыстардың бірі батпан көтеруде көппен бірге бағымды сынап көргім келді. Бір жағынан бала кезден өзіме жақын болғандықтан спорт десе қызығамын. Бірақ осындай танымалдыққа ие боламын деп ойламадым, – дейді.
Иә, «алып анадан туады» деген қазақ осындай қайсар мінез, болмысы бөлек жандарға қарап айтса керекті. Ерге бергісіз өнер иесі әлі талай жақсы атымен танылады деген ойдамыз.
Осы жылдың 16-23 наурыз күндері аралығында Алматы облысында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U17 жасөспірімдер және U23 жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өтті. Аталған чемпионатта грек-рим күресінен U17 жасөспірімдер арасында күрескен 19 Арал ауданының олимпиадалық мамандандырылған резервтің балалар жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары А.Болатұлы 55 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, Ә.Кабулов 60 кг салмақ дәрежесінде күміс алқа иеленді.
Сонымен қатар, Алпамыс Болатұлы грек-рим күресінен 3 дүркін ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды және осы жылдың жаз айларында өтетін Азия, Әлем чемпионаттарына жолдама алды. Қазіргі таңда Алпамыс пен Әмірмұхаммед Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп – интернат - колледжінің 11 сыныбында оқиды. Спортшылардың жаттықтырушысы – жоғары санатты жаттықтырушы Төлебаев Бахтияр пен Қожекенов Талғат.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін аралдық жас спортшылардың жеңістері құтты болсын! Алда өтетін тартысты додаларда алтыннан алқа тағынып, аудан мерейін өсіре беруіне тілекшіміз.
