Kyzylorda-news.kz Айдынды Арал өлкесі әсте дарынды да дара перзенттерімен танылған киелі топырақ. Соның ішінде талай дарынға пана болған Қызылжар елді мекенін есті жұрттың көбі білетін шығар. Кешегі Дәуқара Аймағанбетов, Берекет Омаров сынды алыптарды дүниеге әкелген бұл өлкенің өшпесөнер желісін Шымберген Сүлейменов, Гүлнұр Оразымбетова, Бексұлтан Орынбасаров сынды перзенттері іліп әкетті. Маңдайы күнге, табаны құмға күйіп өскен сол буынның ізін жалғайтын жас буын да бүгінде үлкендер салған жолмен жүріп келеді. Бүгін біз сол бір киелі топырқтың жетістігі мен жақысылығы жайында сөз қозғамақпыз.
Құжатта Райым ауылдық округі болып белгіленген бұл округтің орталығы Қызылжар ауылы. Тағы бір ауыл бар. Ол – Шөмішкөл. Екі ауылдың халық санын қоса есептегенде барлығы 1600-дің үстінле адам тұрады мұнда. Қожалық саны 268, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 710. Сонымен бірге 2023 жылдың жеке және заңды тұлғалардан жиналатын салық түрлерінен салық түсімі толығымен игерілген.
1939 жылы негізі қалаған Қызылжардың аудан орталығынан шалғай жатқаны болмаса, экономикалық және әлеуметтік ахуалы тұрықты деуге толық негіз бар. Өркениеттің көшінен қалыс қалмаған елдің әкімі Рүстем Қарауымбетов атқарушы биліктің ауылдағы өкілі ретінде нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
Ауыл өзіңіз көріп тұрғандай өнерлі әрі еңбекқор жандардан кем емес. Бейбіт күннің бағасын біліп, өз бетінше тіршілік етіп жатқан ауылдастарымның бір мүдде жолына жұмылуы әрбір істе нәтижеге қол жеткізуде. Мәселен өткен жылы атқарылған жұмыстарға келер болсам, тапсырылған бюджеттік өтінім негізінде көгалдандыру бағытында 2,2 млн. теңгеге қаржы бөлініп, бақшалық қоршау темірлері орналастырылды. Көркейту бағытында 2,8 млн теңгеге қаржы қаралып, Қызылжар елді мекенінің кірер ауызына Арка салу жұмыстары аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына келер болсам, ЖК Берекетов Байназар су тарту насосын орнатып 17 г жерге жоңышқа дәнін егіп, 8 тонна жоңышқа шөптерін орып алды. Бұдан басқа дала жұмыстары қолға алынды, – ауыл әкімі Р.Қарауымбетов.
Сонынмен бірге ауыл әкімінің қолдауымен ауыл тұрғындары 8 г жерге егін егіп: (қауын, қарбыз, асқабақ) бақша дақылдарын жинап алды. Бұл өнімдер уақытында ауыл тұрғындарына арзандатылған бағамен сатылып, ел тұрғындары өз өнімдерінің игілігін көрді. Бүгінде ел экономикасының негізгі күші кәсіпкерлік саласы десек бұл салаға ден қойған қызылжарлықтар да жоқ емес. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында енгізілген жобалар аясында Бисенбаева Бакыткул 4,8 млн. тенге жеңілдетілген несиеге мал сатып, алып өз жұмыстарын жүргізілуде. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық, құс өсіру және балық өнімдерін қатырып қабылдау бағытында 5 ауыл тұрғыны құжаттарын тапсырып, қаржысын күтуде. Сондай-ақ балықшыларды СТК-ға тіркеу бағытында Қаракөл көлінің иегері ЖК Әбдіков Әділжан 8 адамды заңды түрде балықшы есебінде тіркеп жұмыстарын жасауда. Осылайша ауылдық округтерде ашылған жаңа жұмыс орындары бойынша 18 адам кәсіпкерлер арқылы жұмыспен қамтылған.
– Аудан әкімінің елді мекендерді аралауда берген тапсырмалары мен тұрғындардың тұрақты кездесулерде көтерген ұсыныс-пікірлері ұдайы ескеріліп келеді. Соның нәтижесінде Қызылжар елді мекеніне кіре-беріс автомобиль жолының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұл жұмысқа республикалық бюджеттен 465 млн. теңгенің үстінде қаржы жұмсалды. Сонымен қатар Қызылжар елді мекенінде типтік жобадағы дәрігерлік амбулатория бойы көтеріп, бүгінде пайдалануға берілді. 400 млн.ға жуық қаржы жұмсалған бұл нысан басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындары үшін есігін айқара ашты. Осы кезге дейін Қызылжар мен Шөмішкөлдің арасындағы жолдың жайы сын көтермей келген еді. Бұл мәселе де өткен жылы шешімін тауып, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қомақты қаржы есебінен 12 шақырымдық жолға қатты тас төсеу арқылы көтермелеу жұмыстары жүргізілді, – деді ауыл әкімі.
Бұдан бөлек 1,5 млн теңге қаржыға Қызылжар ауылының кіре берісіне арка орнатылса, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары нәтижесінде бақша дақылдарын егетін аймақты қоршау жұмыстары жүргізілген. Ал Шөмішкөл ауылдық клуб ғимаратының ауласын қоршау жұмыстары да өткен жылы толығымен аяқталған. Бұл жұмыстарға қаржы жергілікті бюджет есебінен тартылған. Міне, осылайша Райым ауылдық округінде бірқатар мәселелердің тіні тарқатылып, нәтижелі жұмыстар жүргізілді.
– Бізде ауылдық округке қатысты өзге де ағымдағы мәселелер бар. Атап айтатын болсам, «Ардана» жарма каналына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 2 көзді су тоспасын салу қажеттілігі анықталды. Бұл жөнінде, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсыныс берілді. Сонымен бірге елді мекенде тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты өз бетімен салынған әуе желілері көбейген. Соның салдарынан электр энергиясына сұраныс артып, ескі қосалқы станция мен әуе желілері жүктемені көтермейтіндігі анықталды. Осыған байланысты Райым ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан ЖСҚ дайындалып, 2022 жылы АБ комиссияға өтінім тапсырылды. Бұл жбағыттағы жұмыстардың қаржы мәселесі алдағы уақытта белгілі болады. Биыл қолдау тауып жатса жұмыстар жүргізілетін болады, – дейді ауыл әкімі Р.Қараумыбетов.
Иә, өнер мен дәулет қонған өлкенің мәдени саладағы жұмысы да биік бір белес, бөлек бір төбе. Бұрын мұнда халық тетыр болғанын және оның қандай деңгейде жұмыс істегенін Сыр жұртшылығы жақсы біледі. Қазір де сол бір бекзат өнердің туын тік ұстаушы жаңа буын өсіп келеді. Қызылжар мен Шөмішкөлдегі кітапхана құнды қазыналар қоймасына айналса, клуб үйлері ізгі өнердің жақтаушысы һәм қолдаушысына айналып келеді. Кешегі шайырлардың сарқытына саналған Шымберген, Бексұлтандар барда кіндік кесіп, жөргек жуған жақұт мекеннің оты өшпек емес.
Сондай-ақ қыр мен Сырдың арасын жағалай қоныстанған елдің өзіне ортақ кәсібі мен терер нәсібі бар. Біз бүгін әңгімеге арқау етпек болған ауыл Сырдың сұлу сағасында, ерекелей аққан Сырдарияның жағасындағы Қызылжар дейтін құтты қоныс. Тоғызжүзге тарта тіршілігі бар бұл ауылдың биыл қолға алған жұмыстарының бірі егіншілік еді. Ептеп бұл кәсіптен де нәтиже көре бастады ауыл тұрғындары. Естеріңізде болса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті. Сонымен қатар ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды» деген еді. Егінші қауымға екпін түсірген бұл сөздің астарында әр аймаққа артылар салмақты жүктің жатқанын әр аймақ өз әлінше саралады.
Ұдайы Президент тапсырмаларын орындауда кешенді шараларды қолға алып келе жатқан аймақ басшысы бұл жолы да асыраушы салаға айрықша басымдық берді. Өйткені жоғарыда айтқан Президент сөзі қарапайым халықтың қажеттілігі үшін туындаған жағдайлардың алдын алудың бірден-бір жолы еді. Делдал арқылы жеткен азық-түліктің бағасы халықтың қалтасына салмақ салатынын ескерген Мемлекет басшысы осындай міндет жүктеп отыр.
Айталық биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін өңірде 3342 гектар жер арнайы дайындалды.Оның 3282 гектарына, атап айтқанда, 1021 гектарына картоп, 866 гектарына көкөніс, 1395 гектарына бақша дақылдары егілді.Тұрғындар қосымша жер дайындауды сұрап, егін егуге ынтасын білдіруде. Бұл бақшалық жер дайындаудың шаруаға қолайлы, тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетеді. Мұны бір ауыздан қолдаған қызылжарлықтар да биылғы егін егу науқанынан қалыс қалмады. Өткен жылдың егіншілік кәсіп беле алған тұста жергілікті әкімдік және ауыл әкімінің қолдауымен Қызылжар ауылындағы 8 гектар алқапқа қауын, қарбыз, асқабақ және картоп, сәбіз сынды көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері егілді.
«Әрекетке берекет» деген уақыты келгенде ауыл тұрғындарының жұмыла жұмыс қылғанының нәтижесінде егіс алқабынан мол өнім алынып, ауыл тұрғындарына тиімді бағада сатылған.
– 2-3 жылдықта аудандағы төтенше жағдай бәріміздің есімізде болар. Сол кездегі жауын-шашынның аз түсуі салдарынан елді қуаңшылық жайлап, егін тұрмақ малға азық таппай әбігерге түскеніміз бар. Осы жағдайдан кейін қабылдағанған шешімнің нәтижесінде егіншілік кәсіпті көпшілік қолға ала бастады. Мұндағы мақсат әрбір тұрғын өзіне қажетті өнімді өз бақшасында егіп, дәнді-дақылға деген мұқтаждықтың алдын алу еді. Осы мақсатта бірлесе қылған жұмысымыз өз нәтижесін берді. Кешеге дейін ауылда егілген егінге елдегі азаматтар да бір ауыздан атсалысып, өз үлестерін қосты. Алынған өнімдер ауыл тұрғындарына тиімді бағада босатылды. Одан түскен қаржыға ауылдағы жағыдайы төмен отбасының балаларына мектеп құралдары алынды.Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да қолға алуды жаспарлап отырмыз. Бұған әсіресе ауыл тұрғындары көптеп ниет білдіріп отыр. Алдағы уақытта егістік алқапты бұдан да үлкейту жоспарда бар, – дейді Райым ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы А.Ибрагимов.
Иә, бүгінде «алма піс, аузыма түс» дейтін заман өтті. Нарықтық экономика төрімізге озғалы қай істе де еңбек еткенке береке болары анық. Мұны түсінген қызылжарлықтар да қатардан қалмай, әр маусымда әрекет етіп келеді.
Жоғарыда айтқанымыдай Шымберген десе Арал, арысы Қызылжар ойға оралады. Өйткені ол Қызылжардың тумасы. Оның атағына сай есімі өз алдына, «шайыр» деген тіркес тіптен түрлендіріп жібереді емес пе?! Сол шайыр Шымберген жанына серік еткен серілік соқпақтың бірі ат баптап, жүйрік жарату екенін көпшілік біледі?! Талай аламандарда бәйгенің алдын бермей, үздіктер көшінде оза шапқан аттардың сол шайыр Шымбергенге тиесілі екенін естіп те, көріп те жүрміз. Сөйтсек бұл аттарды баптап бәйгеге қосқан Шымбергеннің үзеңгілес досы қызылжарлық Байназар Берекетов есімді азамат екен. Елдің атын атпен шығарып жүрген осы ағамызбен жақында тілдесудің сәті түскен еді.
Негізі атбегі жайында әңгіме көп. Оның атбегілік қырымен бірге сөз тапқыштығының өзі өз алдына бөлек әңгіме. Қағытқа қалжыңның қаймақтарын ауылдың айтқыштары мақамына салсаңыз есебіне жетпессіз. Алайда бүгінгі біздің айтпағымыз айтқыш, әзілқой Байназар емес, кәдімгі атбегі Байназардың адамдық болмысы жайында болмақ.
Заманында Қызылжарда Берекет Омаров есімі бүкіл Сыр жұртшылығына мәлім болды. Дәстүрлі саз өнерін жалғастырушы, көнекөз жыраулар Әбділда, Дәріғұл, Жаппарберділерден дәріс алған Берекет жырауҚазалы малдәрігерлік даярлау курсын бітірген соң 1948 жылы қызметке араласады. Өмірінің соңына дейін Қызылжар, Райым ауылдарында төрағалық қызмет атқарған. 100-ге тартатермелер мен Нұрмағамбет, Еспембет, Смағұлақындардың терме-толғау, айтыс өлеңдерін білген, аудан, облыс ақындар айтысына қатысып, өнер додасында «дүлдүл жырау» атанған алыптың ұрпағы саналатын бүгінгі кейіпкеріміз әке бастаған атбегілік жолды сонау 1989 жылдардан бастап алып келе жатқанын айтты.
– Әкем 1982 жылы Луговойдан бәйге ат алып келді. Мен ол кезде 6-7 жасар бала едім. Сол ат өзінің бітім-болмысынан бөлек шапқырлығымен де мені өзіне ерекше баулыды. 1984 жылы әкеміз өмірден өткенде балалық болар, оқу оқып, білім қууды ойламаппыз. Сол әкемізден қалған малдың соңында жүріп қалай есейгенімізді де білмей қалыппыз. Мен осы атбегілікке 1989 жылдары келе бастадым. Алғашында қазақы аттарды жаратып жүрдім. Мүмкін ол кездерде қатынастың қиындығынан шығар алыс аймақтарға шыға алмай жүрдік. Ауылдың айналасында болатын бәйгелерге ат қосып жүрдік. Кейін заман түзелді, қатынас құралы жеңілдеп, мүмкіндіктер артқан тұста нағыз атбегіге айнала бастадық. Қазіргі уақытқа келсек, өзімнің бәйгеге дайындап жүрген үш атым бар. Солардың алды «Залотой» есімді тұлпарым. Бүгінге дейін 5 азаманға түсіп, 4-еуінде жүлделі келді. Қайбіржылы Арал қаласында өткен аламанда сол Залотой бірінші келді. Одан кейінде бірінші орындарды бермей жүрді. Ендігі үмітім «Магнат» және «Қарашық» есімді аттарда. Олар биыл түседі топқа. Магнатты былтыр Ресейден 4,5 млн. теңге алдым. Ал Қарашық өзіміздің Қордайдан. Таза қанды аттар болған соң олардың бабын да келістіру керек. Қазіргі уақытта шаруам осы аттардың күтімі мен өзге де жұмыстарым, – дейді тектінің ұрпағы Байназар.
Шайыр Шымбергеннің «Ақжайнақ» есімді тұлпары Ақтөбеде машина ұтқанын естуіміз бар еді. Сөйтсек Ақжайнаққа сол машинаны ұттырған кейіпкеріміз Байназар екен. Ол кездерде Б.Берекетов сыныптасы Шымбергеннің аттарын жаратып, бәйгеге қосып жүрген-ді. Оны жұртшылық біледі.
– Расында мені былайғы жұрт білер. Ауылдастарым екі бастан жақсы таниды ғой. Себебі Қызылжар менің де туған топырағым, өскен ыстық мекенім. Ал атбегілік аламанда мені көбі досым Шымберген арқылы білетінге ұқсайды. Тіпті сол Шымбергеннің атбегісі деп білетіндер бар екен. Анығында олай емес. Мен де өз жолым бар, тірлігім бар азаматпын. Шымберген екеуміз дос әрі сыныптаспыз. Ол әнші, ақын әрі сазгер. Ал мен атбегімін. Ел солай дейді енді. Негізі мен жастайымнан ат баптаймын. Осы кезге дейін түрлі жарыстарда ат қосып, абыройға бөленген сәттер көп болды. Қазір бағымымда 5 бәйге аты бар. Оның 2-еуіСәбитжан есімді шаруаның аты. Кезінде Шымбергеннің де аттары болды менде. Қазіргі таңда тіршілігім төрт түлікпен байланысты болғандықтан қарапайым шаруамын десем болатын шығар. Ал атбегілік менің жаным қалайтын айрықша жұмыс әрі хоббиім, – дейді Байназар Берекетов.
Әкелері өмірден өткенде кейіпкеріміз Байназар бар болғаны 9 жасар бала еді. 8 ағайынды бүгінде өмірден өз жолдарын тапқан. Алды әкенің ақылымен білім алып, елге қызмет қылып жүр. Ал кейіпкеріміз Байназар жас болғандықтан әкеден қалған малға ие боламын деп қара шаңырақта қалған. Бүгінде Күлпаршын есімді өмірлік жарымен бірге 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
– Иә, әкем өмірден қайтқанда жас болдым. Атқа қызығушылығым болар, малдың ізінде жүріп білім алумен де шаруамыз болмапты. Кейде неге оқу оқымадым деген өкініштер болады. Жасымыз елуге таяды енді қашан оқып, қашан қызметке араласамыз?! Ендігі қимыл кеш болады ау деп жүрміз. Балаларымды оқытып, соларды қызметке араластырсам үміттің ақталғаны шығар. Десе де осы өміріме де шүкір деймін. Әкеміздің шаңырағын құлатқан жоқпыз. Түтіні түзу, ошағы оттан түскен жоқ. Ел қатарлы өмір сүріп, қоңыртөбел тіршілік етіп келеміз, – деп қалды кейіпкеріміз Байназар бір сөзінде.
«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демей ме дана халқымыз. Сол тектіден қалған тұяқ Байназар бүгінде ел қадірлеген азамат, қазақтың ұлттық ат спортының жанашыры. Аламан бәйге десе делебесі қозатын қазақтың алдында жүрген азаматтың бүгінде басқалардан бір кем жері жоқ. Белгілі атбегі, отбасында асқар тау әке, ағайынға сыйлы азамат, замандасқа қадірлі жігіт ағасы. Бұл біз танып-білген Байназардың бүгінгі болмысы.