Бүгінде айдынды Арал қаласы күн санап дамып келеді. Иә, түрлі биік ғимараттар бой көтеріп,көшелеріміз жарық шамдармен әсемделуде. Сонымен бірге қаланың ажары айшықталып, сәулеті сән берген келбетіннің қалыптасуы жолында айтарлықтай жұмыстар істелуде. Бүгінде 40 мыңға жуық халық қоныс тепкен қаланың әлеуметтік экономикалық даму динамикасы туралы сөз қозғасақ.
Қазір жастардың басым көпшілігі өздерінің сүйікті істерін кәсіпке айналдырып, халық қажетін өтеп отыр. Түрлі сән сәулеті келіскен кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп қаланың көркеюуіне үлес қосуда. Мәліметке сүйенсек, өткен жылы 3469 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың ішінде, тамақтану орындары, көлік жуу, балалар ойын-сауық орталығы, шағын маркеттер бар. Жалпы алғанда қаржылық несие ұйымдары арқылы қала кәсіпкерлері тарапынан 154 жоба бойынша несие алуға қол жеткізді. Мемлекеттің қолдауы арқасында кәсіпкерлер өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алып отыр.
Жұмыссыздық мәселесі де күн тәртібінен түспейтіні анық. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
–Азаматтардың əл-ауқаты жəне əлеуметтік көңіл күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді. Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Бұл əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек. Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет,– деген болатын.
Өткен жылы Арал қаласының санитарлық тазалау жұмыстарына 99 адам қоғамдық жұмысқа алынды. Жылдың қорытындысымен 99 адамның 60-ы тұрақты жұмысқа орналасқан болатын. Биыл, көше тазалығына 99 қоғамдық жұмысшыларды қамтуға тапсырыс берілді. Ал, жаңа жұмыс орындарына меже бойынша 507 адамды жұмысқа орналастыру қажет болса, бұл көрсеткіш 592 болып артық орындалды.
Сонымен бірге жер учаскесі мәселесі де әр адамға маңызды. Иә, кезегі келген адам жер алуға асығатыны анық. Бұл жөнінде Арал қаласы әкімі Батыржан Ұзақов:
–Арал қаласы бойынша жер учаскесін алу үшін 7823 азаматтың өтініші арнайы есепке алынды. ҚР Жер Кодексінің 41-1-бабына сәйкес азаматтарға қолжетімді болу мақсатында жер кезектілігінің тізімі біздің әкімдік ғимаратының 1 қабатында орналасқан. 2008-2009 жылдары жер кезектілігіне 730 өтініш алынған болса, 2022 жылы 230 өтініш иесіне жер учаскесі табысталды. 2023 жылдың тамыз айында Арал қаласының су және электр желісі жүргізілген аймақтарынан дайын болған жер учаскелерінің санына қарай 500 өтініштің тізімі жасақталып, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жолданды. Ағымдағы жылдың соңғы төрт ай мерзімінде, дайын болған алаңдардан 262 өтініш иесіне жер учаскесі табысталса, 24 өтініш мерзімі бойынша қаралуда. Қалған жер алуға өтініш түсірмеген 214 азаматтар үшін аудан әкімдігін белгілей отырып, Арал қаласының «фейсбук» әлеуметтік желі парақшасына бірнеше рет «хабарландырулар» берілді. Бұдан бөлек, аталған жұмыстар Арал қаласының №6 және №8 мөлтек аудандарында жалғасын табуда. Аймақтар бойынша электр және су желісін жүргізуге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл аймақтардан қосымша 661 азаматтарға жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Аталған аймақтардан жер учаскесін бөліп беру схемасының дайын болуына орай ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жер учаскелерін табыстау жұмыстары жүргізілуде,–деді.
Әр ел мен жердің сәні ол тазалығына байланысты. Тазалық пен көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қала тұрғындары белсене атсалысады. Арал қаласындағы 228 көшенің 131 көшесі түнгі жарық шамдарымен қамтылған. 2023 жылы 46 көше жарықтандырылған болатын.
Атап өту керек, 15 көшеге күн сәулесінен қуат алатын жарықшамдар орнатылған.Сонымен қатар ұзындығы 0,6 шақырым әскери қалашыққа барар қиыршық тасты автомобиль жолын тегістеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Қалада барлығы 31 сквер, саябақ, балалар және шағын спорт алаңдары бар. Өткен жылы «Рәміздер алаңының» артқы бетін периметрі бойынша үрінді құм мен қардан қорғау, абаттандыру мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген 6,2 млн. теңгеге бұрынғы қоршаулары де монтаждалып, жаңадан қоршаулар орнатылды. Сондай-ақ саябақтар мен скверлер, аллеялардағы көгалдандыру нысандарына тамшылатып суару әдісін қолдану үшін су құбырлары жүргізілді. Бұған дейін қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына ғана бюджеттен қаржы сұралатын болса, биылдан бастап барлық сквер, саябақ, парктер мен алаңдарды абаттандыру мен күтіп ұстау үшін қомақты қаржы бөлінуде. Ал қала көшелерінің санитарлық тазалық жұмыстарын өткен жылы «Қуанышбек» ЖШС мен «Қуаныш» жеке кәсіпкерлік субъектісі қамтамасыз еткен болатын. Және мердігер мекеме «Н.Мырзагулова» шеткі аймақтардағы қоқыстарды тазалау жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, қаланың оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан полигондағы қатты тұрмыстық қалдықтарды көму, тегістеу, нығыздау және сұрыптау жұмыстарын «Қуанышбек» ЖШС жүргізді. 2013-2017 жылдар аралығында қала көшелеріне барлығы 32 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Қазіргі таңда оның 25 данасы істен шығып, жарамсыз күйге жеткен. Қалған 7 камераның аздық етуіне байланысты 2022 жылы 6 дана және 2023 жылы 11 дана бейнебақылау камералары орнатылған екен.
–Биылғы жылға Арал қаласының әлеуетін көтеріп, қаланы көркейте түсу мақсатында халықтың ұсыныс пікірін тыңдай отырып, алға көптеген жоспар құрып отырмыз. Соның ішінде қала көшелеріне видеокамералар орнату, «Алаш ауылы» мөлтек ауданы аумағындағы ескі «Тас мола» қорымын қоршау, Ж.Әбдірашев көшесіне ағаш көшеттерін отырғызуға арналған қоршаулар орналастыру, Абай көшесінің кіре-берісіндегі ағаш көшеттерінің қоршауларын қайта жөндеуден өткізу, Жарықтандырылмаған 18 көшеге түнгі жарықшам орнату жоспарлануда. Және демеушілер есебінен екі балалар ойын алаңын салу да назарға алынып отыр. Және негізігі проблема жалпы аумағы 76,5 гектарды құрайтын жерде орналасқан 5 ірі сор көлдерді көму және қала тұрғындарын қоқыс жинайтын жәшіктермен қамтамасыз етуді биылғы жылы шешімін табуды қарастыратын боламыз,–деді қала әкімі Батыржан Ұзақов.
