Kyzylorda-news.kz Қазақстанның әрбір азаматы тұрғын үй салу үшін мемлекеттен 10 сотық жерді тегін алуға құқылы. Әрине, ол үшін алдымен тұрғылықты жеріңіз бойынша кезекке тұруыңыз керек. Сол кезекті реттілігіңіз бойынша жер алуға мүмкіндігінің туады. Ал кезекке eGov порталында арқылы тұруға болады. Біз бүгін тегін жер алудың заңдылықтар мен тиімді жолдары туралы ақпарат беретін боламыз.
Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, кез келген азамат мемлекеттен 10 сотық жер ала алады. Кезекке тұру тәртібі бұрыннан қалыптасқан. Тек бұған дейін адамдар жазбаша түрде, әкімдіктің тізімінде тұратын. Қазір сол тізім электронды нұсқаға көшті. Кезек кей жағдайда жылжымай қалуы мүмкін. Себебі біріншіден, егер қорда жер жоқ болса, екіншіден, қорда жер бар болғанымен, ол жерге су құбырлары, тоқ, газ, жол сияқты инфрақұрылым тартылмаған болса жер беру уақытша тоқтайды.
Арал қаласы бойынша жер учаскесін алу үшін 7823 азаматтардың өтініші арнайы есепке алынды. ҚР Жер Кодексінің 41-1-бабына сәйкес азаматтарға қолжетімді болу мақсатында жер кезектілігінің тізімі қала әкімдігі ғимаратының 1 қабатында орналасқан. Қала әкімі Батыржан Ұзақов тұрғын үй салу мақсатындағы жер телімін беру жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқандығын айтады.
– 2008-2009 жылдары жер кезектілігіне 730 өтініш алынған болса, 2022 жылы 230 өтініш иесіне жер учаскесі табысталды. 2023 жылдың тамыз айында Арал қаласының су және электр желісі жүргізілген аймақтарынан дайын болған жер учаскелерінің санына қарай 500 өтініштің тізімі жасақталып, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жолданды. Ағымдағы жылдың соңғы төрт ай мерзімінде, дайын болған алаңдардан 262 өтініш иесіне жер учаскесі табысталса, 4 өтініш мерзімі бойынша қаралуда. Қалған жер алуға өтініш түсірмеген 214 азаматтар үшін аудан әкімдігін белгілей отырып, Арал қаласының «фейсбук» әлеуметтік желі парақшасына бірнеше рет «хабарландырулар» берілді. Бұдан бөлек, аталған жұмыстар Арал қаласының №6 және №8 мөлтек аудандарында жалғасын табуда. Аймақтар бойынша электр және су желісін жүргізуге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл аймақтардан қосымша 661 азаматтарға жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Аталған аймақтардан жер учаскесін бөліп беру схемасының дайын болуына орай ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жер учаскелерін табыстау жұмыстары жүргізілуде, – дейді ол.
Айта кететін бір жайт, бір тұлға жер мен баспана кезегіне қатар тұра алады. Себебі екеуі екі түрлі кезек. Бірақ, егер адамның атында баспана бар болса, онда жер берілмеуі мүмкін. Осыны ескеру керек. Әкімдіктегі жер қатынастары басқармасында осыған қатысты арнайы комиссия болады. Сол комиссия өтінішті қарайды. Яғни, өтініш беруші кісіге жер берілуі қажет пе, қажет емес пе? Бұл кісінің атында мүлік бар ма, жоқ па? Бәрі зерттеледі. Егер иелігінде мүлкі бар, жағдайы жақсы болса, комиссия шешімімен жер беруден бас тартылуы мүмкін. Комиссия шешімі негізінде әкімдік жерді беруден бас тарту туралы қаулы шығарады.
Егер атыңызда жеріңіз не үйіңіз болмаса онда сіз жер алуға толық құқылысыз. Ол үшін тек портал арқылы кезекке тұрсаңыз болды. Бүгін, ертең болмаса да кезектілікке сай болашақта тегін жер еншілейсіз. Олай болса, уақыты босқа кетірмей, тіркелуді тап қазір жүзеге асырыңыз.