Kyzylorda-news.kz Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға түрлі жағдай жасап келеді. Жастарды қолдау мақсатында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен кәсіпті дамытуға несие ұсынылды. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының да игілігін халық көріп жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту елдің экономикалық даму индиксін көтерудің тетігі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды аралдықтар да сезінуде. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер саны артып, жаңадан бой көтерген нысандар қала ажарын айшықтаумен қатар, ел игілі үшін қызмет көрсетуде.
Аудан орталығында кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік үйі» бой көтерген болатын. Қазіргі таңда нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік беруде. Сондай-ақ тұрғындар таңдау еркіндігі болуы үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» және «Еуразиялық» банкінің қаламызда бөлімшелері ашылып, қаржы ұйымдарының саны 6-ға жетті. Нәтижесінде теңізді өлкеде кәсіппен айналысушылар қатары көбейген.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен кәсіпке ниетті жандарды көтеруге бағытталған жастарға бағытталған 2,5 пайыздық несие мен «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын. Аталған бағдарламаның несие мөлшерлемесі де 2,5 пайызды құрайды. Жобаға құжат тапсыру бастаған шақтан бастап Арал ауданының кәсіпкерлері де өздерінің бизнес идеяларын ұсынды. Солардың бірі жартылай дайын өнім шығару ісін қолға алған кәсіпкер Жұлдыз Күшжанова болатын. Бұл жөнінде газеттің өткен санында тақырыпқа арқау еткен болатынбыз.
Кәсіпкер өз сөзінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсібіне қажетті техникаларды алу үшін 2,5 пайызбен несие алғандығын айтты. Құжаттарын рәсімдеуге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалы қызметкерлері көмек көрсеткен. Қазіргі таңда Жұлдыз мемлекет қолдауы арқасында өз кәсібін кеңейткен табысты кәсіпкерге айналып отыр.
Жыл сайын ауданда кәсіппен айналысушылар қатары артып келеді. Әркім өзінің қызығушылығы мен тың идеясын табыстың көзіне айналдырып, жұмыссыздықтың санын азайтумен қатар өзі де табысқа кенеліп, халықтың мұқтажын өтеуде. Әрине мұндай бастама мен нәтиже алдағы уақытта да жалғасын табатынына бек сенімдіміз.
Жалпы сол салада Аралда 269 жоба несиелендірілген екен. Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік көкжиегі кеңіп келеді. Оған дәлел түрлі демалыс орындары мен сауда қатарларының бой көтеруі. Өз кезегінде кәсіпкерліктің даму динамикасының өсуі ауданның айшықты келбетін қалыптастырумен қатар, халық қажетін өтеп отыр. Осы ретте аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар туралы, аталған сала басшысы Ринат Жанаевпен сұхбаттасқан едік. Сол сұхбатты қоса жариялауды жөн көрдік.
– Өткен жылды саралап өтсек. Салыстырмалы түрде қарастырсақ, салада өсім бар ма?
– Өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, соңғы жылдар кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Соның ішінде жастардың өз кәсібін игеруіне мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаулар да септігін тигізуде. Біздің бөлім қызметкерлері үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында талдау жасады. Нәтижесінде ауданымызда жалпы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5862 бірлікке жеткендігін байқадық. Оның ішіндегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 5559 бірлікті құрап, тіркелген субъектілердің ішіндегі жұмыс істеп тұрғандардың үлесі – 94,8 пайыз болды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлікте 9247 адам жұмыспен қамтылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 125 пайызға өскен. Ал өнім өндіруге келетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 8654 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 169,7 пайызға өсім көрсетті.
– Жалпы сауда саласы көтерме және бөлшек болып екіге бөлінеді. Біздің ауданда сауданың қай түрі жақсы дамып отыр?
– Ауданымызда бөлшек және көтерме сауда көлемі жыл сайын артып келеді. Әсіресе бөлшек сауданың үлесі басым. Өткен жылы аудандағы бөлшек сауда 11,9 млрд. теңгеге жетіп, алдыңғы жылдардың кезеңімен салыстырғанда108,4 пайызға артты. Осы жерде айта кету керек, бұл көрсеткіштің артуы ауданымызда сауда және қызмет көрсету саласы қарқынды дамып келе жатқандығын білдіреді.
– Аудандағы өнеркәсіп саласының жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?
– Өнеркәсіп кәсіпкерліктің күретамыры. Өткен жылы өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі жоспарланған межеден артық нәтиже көрсетіп, көңіл марқайтып отыр. Кеңінен тоқталатын болсам, ауданымызда өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі өндірісінің оң динамикасы қалыптасты. Өнеркәсіп орындары 31,3 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 103,9 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 21,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп 103,4 пайызға өсім көрсетті.
– Ауданға тартылған инвестиция көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда артты ма, әлде бір деңгейде ме?
– Жоғарыдағы сөзімде айтқандай кәсіпкерлік саласы жылдан жылға даму үстінде. Бұл дегеніміз тартылған инвестицияның да өсім алып отырғандығын айқындай түседі. 2023 жыл қортындысымен ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 24,4 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 140,3 пайыз өсімді құрап отыр. Оның ішінде 56,5 пайызы жеке сектордың үлесі. Бұл өз кезегінде 2022 жылы жеке секторға тартылған инвестиция 41 пайызға артық.
– Қазіргі таңда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау жоғары. Аралдық кәсіпкерлер осы игілікті сезініп отыр ма?
– Әрине қазіргі күні кәсіпкерлеріміз қайтарымсыз гранттық қаржылар, жастарға арналған және «Ауыл аманаты» жобаларының 2,5 пайыздық төмендетілген несиелерін, сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған 6 пайыздық несиелерді рәсімдеп кәсібін одан әрі жандандыруда. Еді бірі өз кәсібін бастауға мүмкіндік алуда. Ауданымызда несиелендіру бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 269 жобасы несиелендірілді. Оның ішінде, «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы 38 жоба, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 44 жоба, «ІІ дәрежелі банктердің жеңілдетілген несиелері» арқылы 67 жоба, «Арал ырысы» несие серіктестігімен 24 жоба, Жастарға арналған несиелендіру бағдарламасы арқылы 24 жоба және «Ауыл аманаты» несиелендіру бағдарламасы бойынша құны 444,5 млн. тенгенің 72 жобасы қаржыландырылды. Жыл басынан бері «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жобасының» аясында 138 жоба 400 АЕК көлміндегі грант қаражатын алды. Сондай-ақ, 2-5 млн. теңге көлеміндегі грант қаражатына жалпы құны 9,62 млн. теңге болатын 2 жоба қол жеткізді. Олар «Шыны талшықты шатыр өндірісі» және «Шұлық өндірісі» жобалары.
– Саланы одан әрі дамытуда алға қойған жоспарларыңыз бар ?
– Әрине бір жылды түйіндеп, екінші жылға қадам басқанда жұмыс алгаритімін жоспарлап аламыз. Қазіргі күні кәсіп ашуға ниетті жандар көп. Олардың тың жобалары ауданның әлеуетін арттырып, ақуалын тұрақтандырады. Және сауда саласындағы бәсекелестікке төтеп бере алады. Сондай-ақ, ауданда Бірыңғай индустрияландыру картасы, Жалпыұлттық жобалар Пулы және Өңдеу өнеркәсібі жобаларының Пулына 2024-2026 жылдары іске қосылатын жалпы құны 171,7 млрд. теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба енгізілді. Оның ішінде 2024 жылы Жалпыұлттық жобалар Пулы аясында құны 500 млн. теңгені құрайтын іске қосылғанда 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын «Sinooil» ЖШС «Жанармай құю станциясын ашу» жобасын іске қосу жоспарда. Аталған жоспарлы жұмыстар жүзеге асқанда ауданың кәсіпкерлік саласы өз жетістігін еселей түсетін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сондай-ақ заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер меншігі сараланады. Биылғы жылдан бастап декларациялаудың үшінші кезеңіне сәйкес заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер, жұбайларымен бірге декларация тапсыратын болады. Осыған байланысты декларациялау қалай жүзеге асырылады деген сауалға аудандық мемлекеттік кірістер комитетінің мамандарымен кікірлесіп жан-жақсы жауап алған едік.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету болып табылады.
Мысалы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «кіру» декларациясын 580 мың адам тапсырды. Олар мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары. Екінші кезеңде, 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайларын қамтыған 2,1 млн адам тапсырған.
Ал үшінші кезеңде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады.
Осыған байланысты биылғы жылы декларацияны қалай тапсыру керек деген сауалға Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бастығы Әбдікеров Еркебұлан:
– Бұл талап жұмыс істемей тұрған және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады. Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайтындықтан, 2024 жылы аталған нысан басшыларына декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды. Сондай-ақ, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке практикамен айналысатын адамдар ұсынбайды. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік банктегі 3,5 млн. теңгеден жоғары ақша, шетелдік компаниядағы қатысу үлесі, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарты яғни, тұрғын ғимараттағы үлесі, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн. теңге шегіндегі қолма-қол ақша, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары және құны 3,5 млн. теңгеден асатын басқа да мүлікі көрсетіледі. Бағалауды өткен жылғы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзіміне дейін яғни осы жылдың 15 қыркүйектен кешіктірмей жасау қажет, – деп кеңінен түсіндіріп берді.
Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.
– Активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясын толтыру кезіндегі шарттардың бірі 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша борыштар мен талаптарды көрсету болып табылады. Яғни, азаматтар декларацияда басқа жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздарын көрсетуі керек. Сондай-ақ, басқа тұлғалардың осы жеке тұлғаға қайтаруы тиіс қарыздары көрсетіледі. Салық кодексінің нормаларына сәйкес қарыз шарттары нотариалды куәландырылуға тиіс. Банктік қарыз шарттары декларацияда көрсетілуге жатпайды, – деді Еркебұлан Әбдікеров.
Жалпыға бірдей декларациялау азаматтарға кірістерінің мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз етуі тиіс. Салық төлеуден жалтарған адамдарды анықтап, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.Көлеңкелі айналымдарды қысқартудың тиімді әдістерінің бірі қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу болып табылады. Яғни мобилді аударымдар, терминалдар мен банк картчкасы арқылы төлем жасау.Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының дерегіне сүйенсек өткен жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша елімізде қолма қолсыз төлем жасау 86% - ға артқан.
Қазақстандықтар 1000 айлық есептік көрсетікштен асатын асыл тұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар немесе құс бағып отырған болса.
– Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап шетелдік банктердегі шоттарға түскен қазақстандық азаматтардың кірістері туралы мәліметтер алып отыр. Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, негізгі елдер –бірікке Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Түркия, Франция және басқа да елдерді қамтиды. Келіп түскен мәліметтер жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемелерін айқындау мақсатында ғана салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылады. Сондықтан шетелдік шоттарға кетіп жатқан жерлестеріміздің қаражатын бақылау қиындық тудырмайды, - дейді ол.
Сондай-ақ азаматтар декларациялау кезінде кез келген қатенемесе анық емес көрсетілген мәліметтерді салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы түзете алады.
Бастапқыда автоматты камералдық бақылау – жеке тұлғаларда декларацияның болу, болмауы тексеріледі, декларацияда кірістер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады. Одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.
– Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке шықпай-ақ жабық контурда жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік техникалық қызмет тоқсан сайын мемлекеттік кірістер комитеті жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізеді. Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10350 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет – төленбеген салықтар сомасынан 200 пайызды айыппұл, қайталап бұзғаны үшін–300 пайызы мөлшерінде қарастырылған, - деп түсіндірген Еркебұлан Өмірсерікұлы декларациялаудан ешкімнің шет қала алмайтынын түсіндірді.
Комитет басшысының айтуынша, 2025 жылдан бастап жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбаған жағдайда жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірістері, мүлікті сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактісі болмауының растамасы болып есептеледі екен.
Мұндай адам мүлікті сатып алған жағдайда оның құны кіріс деп танылады және табыс салығы салынады.
Жалпыға бірдей декларациялау көлеңкелі табысқа кенелу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттің қолға алған алғышарты болып табылады. Заң алдында адамның бәрі бірдей. Сондықтан – бұл ашықтық пен айқындыққа бастайтын ең тиімді жол.
Тағы бір жаңалық кәсіпкерлер үшін қосылған құн салығын төлеу жеңілдетілді. Еліміздің салық саласында қосымша құн салығы деген ұғым бар. Бұл салық айналымының ерекше түрі болып табылады. Қосылған құнға салынатын салықтың классикалық нысаны- тауарлар мен қызметтерді түпкілікті жеке тұтынуға жұмсалатын шығынға салынатын салық. Бюджетке төленетін қосылған құн салығы салық сомасының айырмасымен ұйғарылады. Оған жұмыстар мен қызметтер және салық сомасы, тауар алуға жататын төлемдер, істелген жұмыстар мен көрсетілген қызметтер және өзгелерін жатқызуға болады. Осыған байланысты қосылған құн салығын төлеудегі соңғы жаңалықтар жайында Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы мамандарының пікіріне жүгінген болатынбыз.
Елімізде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңнама бекітілген. Соған сәйкес егер айналымның мөлшері бір жыл ішінде ең төменгі айналымнан 20 000 айлықтық есептік көрсеткіш яғни 73 840 000 теңгеден асып кеткен жағдайда, қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қою міндеттілігі туындайтыны көрінеді.
– Оңайлатылған декларация тәртібімен үш құрамдасты интеграцияланған жүйені қолдану арқылы қосылған құн салығын тіркеу есебіне тұрудың жылдық шекті табысы 20 000 айлықтық есептік көрсеткіштен 144 184 айлықтық есептік көрсеткішке ұлғайды, яғни айналым сомасы 532 327 328 теңгеге дейін, қосылған құн салығына тіркеу есебіне тұрмай-ақ кәсіпкерлікті жүзеге асыруға болады. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимінде күнтізбелік жылдық табысы 2 215 200 000 теңге болса, қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркелмей кәсіпкерлігін жүзеге асыруға болатынын және аталған режимді қолдану бойынша салық салу мөлшерлемесі 4 пайызды құрайтынын назарыңызға салғымыз келеді. Ал салық салу ставкасы 2023 жылғы 23 маусымдағы №69 Арал аудандық маслихаты шешімімен 4пайыздан 2 пайыз мөлшеріне төмендетілді, - дейді басқарманың салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Руслан Құлманов.
Қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қою туралы өтінішті беру мерзімінің бұзылуы Қазақстан республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 269 бабының 3 тармағына сәйкес 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде және осы Кодекстің 275 бабының 5 тармағында шекті мәннен асқан сәттен бастап, қосылған құн салығын төлеуші ретінде есепке қойылмаған кезең үшін салық салынатын айналым сомасынан 15 пайыз мөлшерінде айыппұл қарастырылған,- дейді сала маманы.
Кәсіптің қандай түрімен айналыссаңыз да адал еңбек етіп, мемлекет алдындағы құн салықтарды төлеу міндеттеледі. Еске сала кететін болсақ тоқсан сайынғы және жарты жылдық есептілік тапсырудың белгіленген уақыт да таяуда аяқталды. Кез келген кәсіпкер мемлекет алдында өзінің табысын айқын көрсетіп, заңнамаға сайкес салық мөлшерлемелерін төлеп отырса алаңдаушылық танытуға негіз жоқ. Мемлекет кәсіпкерлерге барынша оңтайлы жағдай қарастыруда. Созімізге дәлел бүгінгі тақырып арқау болған қосылған құн салығының көрсетудің мөлшері 20 000 айлық есептік көрсеткіштен, 144 184 айлықтық есептік көршеткішке дейін артқандығы дәлел бола алады.
Мұндай жеңілдіктер кәсіпкерлердің пайдасына жұмыс жасап тұр. «Кәсіпте береке бар» деген сөзі бұрынғылар көз жеткізіп көңілге түйген соң айтса керек-ті. Біреуге алақан жаймай, өзінің ісін ширатып, халыққа қызмет ете жүріп пайдаға кенеліп жатқан аралдықтар да жоқ емес. Аудан орталығы ғана емес шалғай ауылдардың өзінде кәсіптің көзін тауып тұрғындардың қажетін өтеп жатқан кәсіпкерлер бар. Дүкендер желісі, сұлулы салоны, тігін шеберханасы мен монша қызметі ауылдағы ағайын үшін ауадай қажет-ақ. Міне осыны түсінген жандар тұрғындарды қалаға сандалтпай ауылдан –ақ тәуір қызмет көрсетуде. Сондай жандардың бірі Жақсықылыш кентінің тұрғыны, 38 жыл кәсіпкерлікпен айналысып, толайым табысқа кенелген Лиза Жанділдәқызы бүгінгі әңгімеге арқау болмақ.
Ол 1967 жылы Шижаға елді мекенінде 10 балалы отбасында өмірге келген. Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы коопоративтік учелещеге оқуға түсіп, диплом алып шыққан соң қаладағы «Управление» сауда мекемесінде 2 жыл еңбек етеді.
– Өзім үлкен отбасында өстім. Аллаға шүкір, бауырларым баршылық. Әкем Жанділдә оқыған, көзі ашық адам болды. мал дәрігері болып еңбек етті. Тек ғұмыры тым қысқа болып, өмірден ерте кетті. 10 баланы жеткізу анам Тәрбиәның мойынына артылды. Бәрімізді оқытты, үйлендірді. Қазір ол кісінің де келмеске кеткеніне көп болды. 1988 жылы жолдасым Жаңаберген Ағбаевпен шаңырақ көтердік. Ол да 10 ағайын азамат. 1964 жылы осы өңірде дүниеге келген. Отбасында ер баланың үлкені болды. 5 қайын інім мен 3 қайын сіңілім және бір қайын апам бар. Сондай өніп өскен әуеттің келіні атанып, Жақсықылыш кентінің тұрғынына айналдым. Атам мен ене көзі ашық адамдар болды. Біздің еңбек етуімізге, кәсіппен айналысуымызға ешқандай кедергі болған жоқ. Керісінше, ылғи қолдап отырды. Қазір енем 82 жаста. Өнегелі тәрбиесін айтып, балаларына ақ батасын беріп отырған абзал ана, - деп бастады Лиза Жанділдәқызы әңгімесін.
21 жасында отанасына айналған Лиза Жанділдәқызы еңбекпен есейген жан. Жолдасы Жаңаберген екеуі түрлі кәсіппен айналысып жастық жігері мен күш қуатын өз істерін дамытуға арнаған. Ол мемлекеттік мекемелерде де еңбек етті. Бірақ нарық заманында азын –аулақ айлыққа өмір сүру отбасының қаржылық мәселесін реттей алмаған соң өз кәсіптерін қолға алуды ойлаған.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел басынан нарықтық қиын жағдайды өткеріп жатты. Сол кезде халықтың бәрі ала дорбасын асынып, бірі пойыз жағалап кетті, бірі қолда барын пұл қылуға кірісті. Аллаға шүкір, біз ауылда тұрғандықтан аталарымыз ертеректен мал бақты. Сиыр сауып, құрт қайнатып дастарханан ағымыз үзілмеді. Сол шақтарда отбасымызбен біз де кәсіпке ден қойғанбыз. Әуелі үй маңынан шағын дүкен аштық. Ол кезде қазіргідей фирмалар өздері алып келмейді. Қажетті заттың бәрін жеріне барып, өзіміз тасыдық. Сондағы мақсатымыз ауылдағы жоқшылықтың ауыртпашылғын сезініп отырған халыққа тиымды бағада азық-түлік ұсыну болды, - дейді ол.
Халықтың қамын ойлап, игілікті іс қылуды көздеген жандардың Тәңір де несібесін молайтты. Адал еңбектің арқасында кәсіптері өрге домалады. Кейінен Жаңаберген ағамыз мал шаруашылығын қолға алады. Ал Лиза апай дүкенін үлкейтіп шағын маркетке айналдырды. Олар нәпақасын кәсіптен таба жүріп, өмірге екі перзент алып келді. Оларды азамат етіп жеткізді, оқытты, үйлендірді. Қазір балалары да қос еңбеккердің үмітін ақтап өз саласында табысқа кенеліп жүр.
– Ата-ана ең бірінші баламыз аш болмасын, киімсіз қалмасын деп алаңдайды. Біз де осы балалардың болашағы үшін, ешкімге жаутаңкөз болып өспеуі үшін демалыссыз кәсібімізді дамытуды ойладық. Кейде «неге көпбалалы отбасы болуды бұйытпады екен» деп те ойлаймын. Өзіміз көп ағайынды болған соң бауырдың көптігі жанға медет екенін білем. Бірақ Алланың бұйыртқанынан аса алмайды екенсің. Үлкенім Бекайдар - теміржолшы. Жұбайы Жанна - мұғалім. Қазіргі күні Ақтөбе қаласында тұрады. Көпбалалы отбасылар қатарында. Екіншім Нұрсұлтан да теміржолшы мамандығын алған. Бірақ мамандығы бойынша жұмыс істеген жоқ. Біздің қолғанатымыз болып, отбасылық кәсібіміздің қиыншылығын арқалап жүр. Келінім Айдана да физика –мамтематика мамандағын қызыл дипломмен бітірген. Өкінішке орай ол да мұғалім болып еңбек етпеді. Қазір үш баласы бар. Біздің үйдегі тірлігімізді жәйлі еріп отырған келініміз, - деген Лиза Жанділдәқызы отбасы туралы да айтып берді.
38 жыл кәсіпкерлік саласында тер төгіп табысқа кенелу оңай шаруа емес. Оның үстіне демалыссыз күні, түні тер тегу кәсібіңнің дамуының алғышарты болса, ондай жүкті тек ерік жігері мықтылар ғана көтере алатын сияқты. Кейіпкеріміз әңгіме барысында кәсіпкер болу үшін қажетті үш алғышартты де атап көрсетті. Ол - табандылық, еңбекқорлық және жақындарыңның қолдауы, - дейді ол.
– Қаншама жыл ауыр еңбек еттік. Жас кезімізде жастыпен ауыр жүк көтердік, суыққа да, ыстыққа да қараған жоқпыз. Қазір қартайған соң денсаулық та сыр берді. Бұрынғыдай жалындап тұрған жігер де түгесіліп барады. Жолдасым Жаңаберген бұрынан мал баққанды, соның бейнетімен әуер болғанды жанымен қалайтын. Ал мен сауда саласында еңбек еткенді өзімді жайлы сезіндім. Адам деген сүйікті ісімен айналысқанда өзін шын бақытты сезінеді екен. Жатсап, тұрсам бейнеттің зейнетін көруді нәсіп еткен Құдайға шүкіршілігімді айтамын, - деген кейіпкеріміз жан сырымен бөлісті.
Кәсібінің бәрін баласына аманаттаған Жаңберген аға мен Лиза анамыз қазір немерелінің ортасында, балаларына ақылшы болып отыр. Олардың кәсіпті дамытуда алған қойған жоспарлары да жоқ емес. Алдағы уақытта кенттен үлкен кәсіп орталығын ашсақ деген ойын да бүкпесіз жайып салды.
– Бізде сауда орталығы жоқ. Алдағы уақытта дүкен жанына халықтың бар қажетін өтейтін үлкен кәсіп орталғын ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Онда шаштараз, сұлулық салоны, түрлі тәттілер цехы, спорттық дене шынықтыру залдары, басқа да дүниелер болса деген ой бар, - дейді Лиза Жанділдәқызы.
Кәсіптің жемісін көріп, отбасындағы ауызбіршіліктің арқасында табысқа кенелген бұл отбасын кент тұрғындары жақсы біледі. Адалдығымен абыройлы болған кәсіпкерлерге ел ыстық ықыласпен қарап, құрмет көрсетеді. Міне осындай көпке үлгі ісімен танылған кәсіпкерлердің ел арасында болғандығы да көңілге қуаныш. Бергені мен берері мол жандардың істеріне береке тіледік.
Ал мамандығын кәсіппен ұштастырған мына кейіпкеріміз былай дейді.
Ол – өзінің білімі мен меңгерген мамандығын кәсіпке айналдырған жан. Қиындығы мен жауапкершілігі жоғары екендігін білсе де сөйлеу тілінің кеш дамып, зейіні тұрақсыз балаларға қолдау көрсетуді өзінің міндетіне балап, кәсібіне айналдырған Арал қаласындағы логопедиялық түзете дамыту орталығының негізін қалаған кәсіпкер, логопед-дефектолог Елеубаева Назерке Бауыржанқызымен сұхбаттасқан едік.
– Өзіңіздің меңгерген мамандығыңызды кәсіпке айналдыру идеясы сізге қайдан келді?
– Мен жоғары оқу орнын бітіріп келген соң «Ұмай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау орталығында еңбек жолымды бастадым. Өзіңіз жақсы білесіз, ол жерде әртүрлі диагнозы бар балалар келеді. Бастапқыда ерекше баламен жұмыс істеу қиын болды. Бірақ мен өз мамандығымды жақсы көрдім. Ылғи ізденіс үстінде жүрдім. Кейіннен қаладағы «Балдырған» балабақшасына жаңа қызметке орналастым. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істей жүріп, мүмкіндігі шектеулі, ерекше балаларға арналған жеке кабинет ашқан болатынмын. Содан бері де 8 жыл уақыт өтіпті. Бұған ең бірінші түрткі болған ауданның экологиялық ахуалы салдарынан ДЦП, даун сынды дәрігерлер тұжырым жасаған балалардың көптігі. Бұған қоса қазір дұрыс сөйлей алмайтын емес, мүлде сөйлемейтін балалар саны артып келеді. Ата-аналар баласын облыс орталығы, ірі қалаларға апарып, артық қаражат сарп етіп жатады. Сондықтан неге біз де осындай орталық ашпасқа деп ойладым. Және сол ойымды жүзеге асырдым.
– Түрлі диагнозы бар балалармен жұмыс жасау үшін білім мен біліктілік қатар жүруі керек. Сіз өзіңіздің кәсібилігіңізді қалай шыңдадыңыз?
– Ешқашан ізденуді тоқтатқан емеспін және тоқтатпаймын да. Республика көлемінде өткен түрлі курстар, семинар-тренинг, форумдарға қатысып отырамын. Барлық нәрсе адамға тәжірибемен келеді. Алдыма келген әрбір балаға ең алдымен толық сараптама жасаймын. Қазіргі таңда сөйлемейтін, тілінде мүкісі бар балаларға қарағанда түсінігі аз, мүлде сөйлей алмайтын, зейіні тұрақсыз балалар көбейіп отыр. Мұндай балалар логопед-дефектолог маманға келмес бұрын бейімделген спорт арқылы ми клеткаларындағы дамуы баяулаған жасушаларды жандандыру керек. Жуырда ғана Алматыда өткен республикалық форумға қатыстым. Бұл маған үлкен тәжірибе алаңы болды. Соның нәтижесінде АФК, яғни бейімделген спорт арқылы бейімдеу, массаж кабинеттерін аштым.
– Бұл дегеніміз сіздің орталық үлкейіп, қызмет аясы кеңейіп жатқандығын білдіреді ғой. Орталыққа қанша бала келеді?
– Иә, орталық кеңейді. Тұрақты түрде келіп ем алып жүрген 30 бала бар. Оларға диагнозіне қарай 5 маман қызмет көрсетеді. Ең алдымен балалар бейімделген спорт кабинетінде маманның түрлі жаттығулары арқылы ем-шара алады. Сонан соң балаға қайта сараптама жасалып, кейінгі белестерге өте беретін болады. Негізінен балаланың зейіні тұрақсыз болуы, сөйлей алмауы, денесі жетілгенімен, ой-өрісі мен сөйлеу аппаратының өз жасынан бірнеше жасқа кейін қалуын емдеудің ең оңтайлы жолмен жұмыстар жасау. Бұл жерде медицина мен педогогика біріге жұмыс істейді. Ең алдымен невропатолог тұжырымдама жасайды. Логопед-дефектолог соған сай жұмыс жүргізеді.
– Бір баланы толық емдеп шығуға қанша уақыт кетеді?
– Негізі бұл тікелей бізге байланысты деп қарастыру қате пікір. Біздің орталыққа келетін балалармен мамандар аптасына 5 күн, 45 минут жұмыс жүргізеді. Қалған уақытта біз ата-аналарға жаттығу кестесін ұсынамыз. Осы бойынша үйде қайталау керектігін ескертеміз. Бірақ өкінішке орай, кейбір ата-аналар орындамай жатады. Мұндай балалар үнемі жаттығуда болғанда ғана нәтижеге жету жақындай береді. Және бір ескеретіні, тоққа салып емдеудің қажеті жоқ. Казір көбі бірден нәтиже береді деген сеніммен көрші мемлекеттерге барып түрлі аппараттарға түсіп, екпе алып келіп жатады. Мұны уақытша жетістік дер едім. Жоғарыда айтқандай, балаға жаттығу жасау арқылы сатылап дамытқанда ғана тұрақты нәтиже болады.
– Өз мамандығыңызды толық меңгеріп, нәтижеге жетіп отырған маман ретінде алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу ойыңыз бар ба?
– Әрине университет теориялық білім береді. Ал мамандықтың шыңына шығу үшін еңбек жолында кездескен әрбір ерекше баланың қажеттілігіне қарай іздену арқылы тәжірибе жинақтайсың. Жақында жұмыспен қамту бөліміне логопед-дефектолог мамандығы бойынша дипломы бар жастар болса қоғамдық негізде жұмысқа қабылдап, бар білгенімді үйретемін деп ұсыныс бердім. Егер ата-аналар мен қызығушылығы бар жастар тарапынан ұсыныстар түссе, қуана-қуана білгеніммен бөліскен болар едім.
– Сөйлеу тілі кеш дамып жатқан балалары бар ата-аналарға маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
– Бізде бала жасына сәйкес сөйлей алмай жатса оны «ой, еркеліктен» деп қабылдаймыз. Кешеуілдеп жатқан болар, кейін сөйлеп кетеді деп қараймыз. Бұл қате пікір. Қалыпты бала жасына сай сөйлей алуы керек. 1 жаста бала 10 сөз айта алуы қажет. Осылай көп ата ана уақытты кешіктіріп алады. Көпшілік ата-ана баланы 5-6 жасқа толған кезінде алып келеді. Бала сөйлеу үшін ең алдымен оның түсінігін дамыту керек. Эмоциясын орынды және дене мүшелерін мақсатты түрде қолдана алу қажет. Және көп ата-аналар тұрмыстық қажеттіліктен болар бәлкім, баланы жасқа толмай жатып жұмысқа қосылып кетіп қасында бола алмайды. Бала нағыз дамитын кезінде телефон мен теледидар қарап отырады. Осы кезде орыс, ағылшын, басқа да тілдегі бағдарлама, мультфильмдерді қарау арқылы санасында қабылдау тетігі сараланбай сансырап қалады.
– Алда қандай жоспарларыңыз ба?
– Орталықта әлі де жетіспейтін дүниелер бар. Соларды толықтырып, бар мүмкіндікті қарастырсам екен деймін. Нейропсихолог, интегративті педиатр сияқты мамандар қосқым келеді. Біздің қызметімізге мұқтаж бүлдіршіндерді дамыту ол маған үлкен шабыт әкеледі.
Осы кезге дейін қаншама баланы қалыпты қатарластарына қосылып кетуіне қолдау көрсеткенім үшін қуанамын. Аралдың балалары алысқа шабылмай бар қызметті бір жерден ала-алатындай орталық ашуды жоспарлап отырмын.
– Мемлекеттік мекемедегі қызмет, кәсіп, отбасы - шаршамайсыз ба?
– Ет пен сүйектен жаралған пенде болған соң шаршау – заңдылық. Бірақ мына жақта менің көмегіме мұқтаж жандар қиналып жатса, оларды қалай түзетуді біліп тұрып қолдау көрсетуден бас тартып жатсам ол адамгершілікке жата ма? Менің негізгі мақсатым – бұл орталықтан табыс көзін табу емес, елдің алғысын алу. Ал қаражат еңбектің өтеуі, қажеттілік үшін ғана. Өзім көмектескен балалардың қуанышты жүзін көргенде, ата-аналарының алғысын естігенде, өзім де қуанышқа бөленіп шаршағанымды да ұмытып кетемін. Егер адам қаласа жұмысты да, кәсіпті де игеріп отбасында да бақытқа кенеле алады.
– Әңгімеңіз үшін рахмет, еңбекте табысты болыңыз!
