Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын айта отырып: «Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымзға ортақ міндет». Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаясси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» – деген еді.
Десе дегендей, бүгінде халық пен билік арасындағы байланыстан тұратын мызғымас көпір қалыптасты. Жергілікті атқарушы билік пен тұрғындардың ашық диалогы елдегі түрлі түйткілді мәселелерді шешуге тұтқа болып отыр.
Иә, бұл үрдіс ауданда да жүйелі түрде жолға қойылған. Бұл жайында басылым бетінде жиі жариялап келдік. Осы бағытта аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаевтың аудан халқымен кездесулері жайында айта кетсек.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев тиісті сала басшыларымен бірге бірқатар елді мекендерді аралап, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапарын алдымен Аманөткел ауылынан бастаған аудан басшысы елді мекендегі №73 орта мектебі мен интернатында болды. Бүгінде мектеп жанындағы интернатта 31 оқушы тұрақты білім алуда.
Одан әрі «Зере» жеке балабақшасы мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған денешынықтырусауықтыру кешеніне барды. 2019 жылы пайдалануға берілген бөбекжайда бүгінде 75 ауыл бүлдіршіні білім алып, тәрбиеленуде. Ал өткен жылы ел игілігіне табысталған спорт кешенінде 5 үйірме жасөспірімдердің түрлі секцияларда спорт түрлерін меңгеруіне жұмыс жасауда.
Ауылды аралап өткен аудан басшысы одан әрі Н.Кенжеғұлұлының кесенесімен және жаңадан салынатын 150 орындықты клубтың жер телімімен танысты.
Мұнан соң Аманөткел елді мекенінің тұсындағы «Ырысты» каналы мен Аспай су ағытқысы арасындағы ескі арнаның жай-күйін бақылады. Үстіміздегі жылы Аспай су ағытқысы жанындағы Ескі арнаның жырылып кеткен бөлігін қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қайта бөгеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Аудан басшысы елді мекендегі ауылдық мәдениет үйінде ауыл ардагерлерімен жүздесті. Жергілікті халықтың тұрмысы көш ілгері, ілкімді істерге толы екендігін жеткізген ауыл үлкендері қазірде ауылдағы қордаланған мәселелерді ортаға салды. Тиісінше аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешуге жұмыс жасайтындығын жеткізді. Осылайша жергілікті жердегі атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы пікір алмасқан қазыналы қарттар аудан әкіміне сәттілік тілеп, баталарын берді.
Сапар аясында аудан әкімі «Хан» қалқымалы көпірінің жағдайын бағамдап өтті. «Хан» елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылы бастау алып, қазіргі таңда жобаға қайта түзетулер жасалуына байланысты мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Жол мәселесі толық шешілген. Қалқымалы көпір мердігер мекеме есебінен құрылыс жұмыстары 80-85 пайызға аяқталған.
Іс - сапар Аманөткел ауылдық округіне қарасты Аққұлақ ауылында жалғасты. Мұнда аудан әкімі Аққұлақ елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысын көрді. Сонымен қатар №76 негізгі мектебіне барып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бөген ауылдық округінде жалғасқан жұмыс сапары барысында «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру» жобасы аясында қайта қазылып, арнасы кеңейтілген «Сарытерең» каналымен танысты. «Сарытерең» каналының жалпы ұзындығы 6 шақырымды, ені 15 метр, тереңдігі 3 метрді құрайды. 2022 жылы «Қазсушар» РМК мекемесі тарапынан Сарытерең каналын қазу арқылы «Кіші Арал» теңізіне су түсіру жұмыстары жүргізіліп, 6 шақырым жеріне тазалау жұмыстары жүргізілді. Мұнымен қоса, Сарытерең көлінен бастап теңізге қарай 3 шақырым жаңа канал қазылып, «Кіші Арал» теңізіне су жіберуге мүмкіндік жасалды.
Одан әрі аудан басшысы елді мекендегі жаңа жыл қарсаңында табысталған жаңа дәрігерлік амбулатория мен «Айбұрым» жеке балабақшасының бүгінгі тынысына қанықты. 2023 жылы типтік жобада салынған дәрігерлік нысан ЭКГ аппараты, қант, холестерин тексеру, тіс жұлу, оны емдеу аппараттары және медициналық құрал-жабдықтармен толықтай қамтылып, жергілікті тұрғындардың уақытылы ем-дом алуына мүмкіндік сыйлады.
З.Шүкіров атындағы №20 мектебінде өткен халықпен кездесуде аудан әкімі ауылдағы өзі көріп өткен өзекті мәселелерді кеңінен талдап, тиімді жұмыстарды жүзеге асыру бағытында ұсыныстарын тыңдады.
Сонымен қатар Қарашалаң елді мекеніне барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен және тұрғындардың хал-жағдайымен таныс болды. Жұмыс сапары Қаратерең ауылдық округінде тәмамдалды. Онда «Құйылыс қорғаныс» бөгетінің ағымдағы жағдайын көріп, ауылдағы дәрігерлік амбулатория, №82 орта мектебін аралап, ауыл халқымен жүздесті.
Айта кетейік, іссапар барысында Аманжол Сақыпұлы елдімекендердегі тұрғындарды жекелеген мәселелері бойынша қабылдап, келген азаматтардың мәселелерін шешу бағытында жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Елмен етене жақын болып, шалғайдағы ағайынның тұрмысын көзбен көруді мақсат еткен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен мұнан бөлек те бірқатар ауылдық округтерді аралады. Сыр беткейдің бүгінгі тіршілігін назарға алған аудан басшысы ең алдымен Үкілісай, Бекбауыл, Құмбазар елді мекендеріне барып, жергілікті халықпен кездесті. Кездесу барысында аудандағы атқарылып жатқан жұмыстар мен өңірдегі оң өзгерістер жөнінде баяндап өтті.
Ауыл тұрғындары кездесуде халық үшін аса қажетті деген өтініш тілектерін де Аманжол Сақыпұлының назарына салды. Соның ішінде балалар ойын алаңын салу, су ұңғымасын қазу, ауылішілік электр желілерін жаңарту қажеттігін айтты. Сонымен бірге жол қатынасы қиындық тудыратынын, шабындық және егістік жерлерді суландыру мәселелерін реттеу керегін жеткізді.
Жергілікті халықтың ұсыныспікірлерін тыңдаған соң аудан әкімі аталған мәселелердің назарда болатындығын айтып, жауапты сала басшыларына оң шешілу жолдарын қарастыру жөнінде тапсырмалар берді. Соның ішінде электр желілерін жаңарту, елді мекен аралығындағы жол салу мәселелері кезектілігімен жасалатынын түсіндірді.
Сапар барысында ауылдардағы медициналық бекет пен дәрігерлік амбулаторияға ат басын бұрған өңір басшысы дәрігерлерге сапалы медициналық қызмет көрсету қажеттігін тапсырды. Одан соң ұрпақ тәрбиелеу ісімен айналысып отырған мектеп пен балабақшаларды аралап, білім беру мекемелеріндегі жұмыс барысымен таныс болды. Әлеуметтік нысандардың жағдайын көрген соң ғимараттарды талапқа сай пайдаланып, күтіп-ұстау жөнінде тапсырма жүктеді.
Мұнан соң Аманжол Оңғарбаевтың елді мекендерді аралау сапары Райым және Аманөткел ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Алдымен Қызылжар, Шөмішкөл елді мекендері тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныстілектерін тыңдады.
Шөмішкөлдіктер жайылымдық және шабындық алқаптары үшін маңызы зор «Ардана» каналына шлюз орнату мәселесін ұсынса, қызылжарлықтар «Шөмішкөл–Қызылжар» және «Арал– Қызылжар» бағытындағы автокөлік жолдарының құрылысын сапалы аяқтау қажеттігін айтты.
Тұрғындардың пікірін мұқият тыңдаған аудан басшысы «Ардана» каналына шлюз орнату үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленетінін, алдағы уақытта құрылысына қаржы бөлу үшін тиісті басқармаға өтінім жолданатынын түсіндірді.
Әрі қарай аудан әкімі Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Мұндағы халықтың көптен бергі тілегі жаңа мектеп ғимараты болатын. Аудан басшысы ауыл ардагерлері мен тұрғындарға облыс әкімінің қолдауымен жаңа 50 орындық білім ошағы бой көтеретіндігі туралы ақжолтай жаңалықты жеткізді.
Бұдан кейін Жамбыл өндірістік кооперативінің көктемгі жер жырту жұмыстарын көріп, аталмыш кооперативтің балық өсіру цехының жұмысымен танысып шықты. Қазіргі таңда егістік алқабында жер жырту жұмыстары аяқталған, жақын күндері жергілікті жерге төзімді көкөністер мен дақылдар егілетін болады. Ал балық өсіру цехында тұқы балықтары, сазан, дөңмаңдай ақ амур шабақтары өсірілуде, мерзімінде теңізге жіберілмек.
Аудан әкімі ауылдардағы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелеріне барып, қазіргі жағдайын көрген соң жұмыс сапасын арттыруды жауапты басшыларға тапсырды. Мұнымен қоса, Сыр өңіріне жасалған сапар барысында «Жақайым ата» кесенесі мен «Нұртуған ата» бейітіне ат басын бұрып, ата-баба рухына тағзым етті.
Елдің мәселесіне мән беріп, халықтың пікіріне құлақ түріп қайтқан аудан әкімі алдағы уақытта халық қажеттілігін өтеу бағытында атқарылуы тиісті жұмыстарды осылайша саралап өткен болса, жоспарға алынып ел игілігін көздеген кейбір маңызды жобалардың жуырда оң шешімін табатынын айтып елдің ықыласына бөленді.
