Kyzylorda-news.kz  Елімізде Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы қабылданғаны белгілі. Алдағы 4 жыл ішінде - 2025 жылға дейін әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді көздеп отырған ұлттық жобадан не күтеміз? Әрине І бағыт – қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету, ІІ бағыт – эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру, ІІІ бағыт – отандық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медициналық бұйымдар және соңғысы салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту күтілетіні анық. 

Халықты денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамтуды қамтамасыз ету, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту, кадрлық әлеуетті нығайту, әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттары – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілікке негізделген, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп үшін ғылыми және кадрлық әлеуетті өсіру мен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту, өзге де мақсатқа негізделген бұл жұмыстарыдң жемісін аудан халқы көріп келеді. Аудан халқының денінің саулығына жауапты сала бүгінде қарқынды дамып келеді. Әсіресе қоғамның басты мәселесі аналар денсаулығына алаңдаушылық жоғары екенін сезіне отырып, жұмыс істеуде.

«Отан отбасынан басталады» дейді. Елдің тұтастығы, мемлекеттің келешегі әр отбасының жағдайымен тығыз байланысты. Ал отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы – әйел,ана. Қазақ әйелінің образы кең. Ол – батыр, ол – ардақты ана, ол – ұлтты сақтаушы, ол – отбасының ұйытқысы, ол – тәлім-тәрбие беруші. Қазіргі таңда елімізде ана денсаулығы мен әлеуметтік қорғалуы бірінші орында тұрған мәселенің бірі. Мемлекет өмірге ұрпақ әкелуді мақсат еткен аналарға ең алдымен медициналық қолдау көрсетіп, олардың дені сау баланы өмірге әкелуіне ықпал көрсетеді. Онан соң баланың күтімі үшін 1,5 жасқа дейін жәрдемақы мен  бір реттік қаржылай әлеуметтік көмек көрсетіледі.  Бұл қаржылай берілетін көмек те жыл сайын артып келеді. 

Елімізде 4 балалы ана «көпбалалы ана» санатына жатады. Оның 18 жасқа толмаған немесе 23 жасқа дейінгі оқу оқитын баласы бар болса ай сайын белгіленген мөлшерде жәрдемақы алады. Сондай-ақ 6 балалы анаға «күміс алқа», 7 баласы барларға «Алтын алқа», онан да көп ұрпақ әкелген әйелге «Батыр ана» мен 1,2 дәрежелі «Ана даңқы» ордені беріледі.

Біз бүгін ана мен баланың денсаулығын жақсарту бағытында қандай жағдайлар жасалып жатқандығы туралы кеңінен тоқталуды мақсат етіп, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Лаула Жанысқызымен байланысқан болатынбыз. 

Ана мен бала денсаулығымедицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі екені анық. Ұлт байлығы десе де артық емес. Халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына байланысты.

– Ана денсаулығы деп  жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңдегі аналар денсаулығын айтамыз. Қазіргі таңда перзентхананың барлық бөлмелерінде анаға қажетті барлық жағдайжасалған. Сонымен қатар туылған нәрестеге қосымша арнайы кереуеттер бөлінген. Босану залында табиғи жолмен босануға жағдай жасалып, жүкті әйелдер еркін босануға мүмкіндік алып отыр.Жаңа туған нәрестенің алғашқы айдағы денсаулығы біздің ұдайы назарымызда. Өмірге келген нәрестенің денсаулығының  жақсы болуының негізгі  кепілі – ана сүтімен тамақтандыру. 

Босанғаннан кейін ананың балаға деген мейіріміне ықпал ету мақсатында нәрестені көкірегіне жатқызады. Перзентханада атқарылып жатқан іс-шаралардың қатарына босану серіктестігі модулі енгізілген, яғни босанатын анаға жақындарының біреуі келіп демеу бола алады.Ауруханада «қауіпсіз ана», «жаңа туған балалар реанимациясы», «шала туған балаларды күту»,  «акушерлік қан кету кезінде шұғыл көмек» бөлімшелері аналарға қалтқысыз көмек көрсетеді,- деді дәрігер.

Аудандық емханаларда «жас аналар», «дені сау бала», «отбасын жоспарлау» кабинеттері аналар мен балаларға кеңестер береді.«Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра қарау» бағдарламасы бойынша нәрестелер мен 5 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге үй жағдайында қарау мақсатында патронаждық көмек ұйымдастарылған.Бұл қызметтің маңыздылығы ана мен баланың денсаулығы ғана емес, отбасының әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлінеді.

– Ауданда ұрпақты болу жасындағы 15 139 әйел бар.Осы аналардың 6 785 гинекологиялық және экстрагениталды аурулармен бақылауда тұрады.  2845 ана – әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен отбасы және көпбосанушы аналар. Аталған екі топтағы әйел-аналардың денсаулығын жақсарту, сауықтыру, жүктілікті жоспарлау жұмыстарын нәтижелі жүргізу қатаң бақылауда. Ұрпақты болу жасындағы әйелдер және жүкті әйелдер денсаулығын қадағалау және сауықтыру мақсатында ауданға терапевт-дәрігер жұмысқа қосылды.Біздің мақсатымыз –дені сау анадан дені сау ұрпақ дүниеге әкелу. Ол үшінана денсаулығы жақсы болу керек.Дәрігерлердің берген ұсыныстарын уақытылы орындап, тағайындамаларды бұлжытпай орындау қажет, – деді Лаура Жанысқызы. 

Қазақстан әйелдерді кемсітудің кез-келген түрін жоюға бағытталған конвенцияны қабылдады. Бұл елдегі гендерлік теңдіктің сақталу заңдылықтарына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Әйелдер денсаулығын жақсарту мақсатында облыстар мен қалаларда Біріккен Ұлттар Ұйымының халық саны қорының репродуктивті денсаулығын  сақтауға бағытталған жобасы жүзеге асырылды. 

Ана мен бала өлім-жітімінің Қазақстанда ең жоғары деңгейде байқалғандығынан Қазақстанда зәбір көрушілерге арналған дағдарыс орталықтары жүйесі жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы бойынша әйелдерге заңды-психологиялық тұрғыда көмек беретін 20-дан астам дағдарыс орталығы бар. Бұл дағдарыс орталығында стационар жағдайында әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған әйелдерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі ғаламдық сипатта және батыстың дамыған елдерінде ерекше әлеуметтік мәселе болып табылады. Онда азаматтардың қоғамдық құқықтық нормалары әлеуметтік орталықтардың бақылауында. Қазақстанда адамдар көп жағдайда отбасындағы қақтығыстарды дәстүрлі түрде, атап айтқанда гендерлік стереотиптермен шешеді. Сонымен қатар қазіргі кездегі халықтың, әсіресе экономикалық деңгейі төмен сатыдағы отбасы мүшелерінің өздеріне деген сенімсіздік, қорқыныш сезімін тудырады, қарым-қатынаста жанжал туындатып, нәтижесінде маскүнемдік пен есірткіге салынып, әйел адамдар ер азамат тарапынан отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады.

Тұрмыстың тауқыметіне тап болған отбасыларды, соның ішінде әйелдерді қолдау бағытында ауданда «отбасын қолдау орталығы» ашылды. Қазіргі таңда орталықта түрлі деңгейдегі аналар кәсіп меңгеріп, психологиялық көмек алып, жан-жақты дамуда. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған аналар үшін орталық өзінің айтарлықтай пайдасын тигізуде. 

Қорыта келгенде бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен нәзік жандарды қадірлеу оларға қолдау көрсету елімізде бір ізге салынып келеді. Әйел өмірге ұрпақ әкелуші алып күштің иесі болғандықтан олардың дені сау, өмірі қауіпсіз, көңілі тыныш болуы керек. Сонда ғана өркениетті елдің көшін бастайтын өрелі ұрпақтар көбейеді.

Осының нәтижесінде қазірде ауданда көп балалы аналардан бөлек көп жасаған аналар да бар. Ана – әлемдегі ең асыл жан, ең әдемі сөз. Ана – барлық көркемдіктің үлгісі, отбасының ұйтқысы. Ана – берекет, ана– мейірім, ана –жылылық. «Ананың алақанының аясы-ақ, шынардың саясы» деп аналарымызды қанша ардақтасақ та жарасады. Жоғарыда айтылған бағалауға тұрарлық барлық қасиеттерді бойына сіңіре білген, қастерлі аналарымыздың жалғасы, ибалылығы мен қайырымдылығын, әділетті ұстанымы мен парасат-пайымын, бойындағы кісілік пен кішіліктің, арлылық пен сыпайылықтың, ар мен ұяттың ара-жігін ажырата білген, 90 жастың төріне шыққан, 14 перзентті дүниеге әкеліп, олардан 50 немере 105 шөбере, 7 шөпшек сүйіп, «Батыр ана», «Алтын алқа», «Тыл ардагері» медальдарының иегері алтын құрсақты ана Ұлаш Амандосқызы туралы айтпақпын.

Ұлаш Амандосқызы 1934 жылы «Дөңгелек сор» елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Амандос Мұздыбайұлы Октябрь колхозының төрағасы қызметін абыроймен атқарған екен. 1937 жылдары қазақ халқының басына бұлт үйіріліп, «халық жауы» деген желеу атпен талай арыстарымыз қуғынға ұшырап, кейбіреулері ел асып бас сауғалап, басқа елді паналағандарын тарихтан оқып, біліп жүрміз. Сол зұлым заманда Амандос пен оның туған інісі Жолдас екеуі «халық жауы» деген желеумен жазықсыз жандарды ит жеккенге айдалып, сол кеткеннен хабар-ошарсыз қайтып оралмаған. Тәуелсіздіктің таңы атқан кезде жазықсыз жапа шеккен арыстарымыз ақталғанда, олардың ішінде Амандос пен Жолдас әкелерімізде ақталған болатын. Анасы Орынбике Көмекбайқызы бес баласымен қалған екен. Перзенттерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, піл көтере алмайтын ауыр жүкті Орынбике анамыз көтере білген екен. 

«Өмір – ұзақ та күрделі жол, бірақ Алла аманат еткен жол» деп бабаларымыз айтпақшы, өнегелі өмірімен елдің есінде сақталып келе жатқан Орынбике анамызды «мықты әйелдер» қатарында деп айтсақ жарасады.

Әкесі айдауға кеткенде Ұлаш апа небәрі бір жарым жаста екен. Өкінішке орай әкесіз өмірдің қиындығын көріп өскен жас қыз адалдық пен парасатты бойына жинап өскен. Балалықтан гөрі даналыққа ерте бой бұрды. Өнегелі өмір баспалдақтарынан нәр алған Ұлаш апа жар таңдаудан да маңдайлы болды. 1952 жылы еліне сыйлы болған Әбілшай Сейілұлымен бас қосып, отау құрды. "Адамның мәнді де сәнді өмір сүруі оның отбасына, қосағына тікілей байланысты. Жар таңдауда жолы болған адам бақытсыз болуы тиіс емес" деп бабаларымыз айтып өткендей, Әбілшай аға мен Ұлаш апа бақытты шаңырақ құра білді.

Әбілшай Байтұрғанов еңбек жолдарында 1959 жылы Қарақұм совхозында есепші, Арал қаласында аудандық тұрмысты өтеу комбинатында шаруашылық меңгерушісі, аудандық ауруханада да шаруашылық меңгерушісі болып абыройлы еңбек еткен. Әбекеңнің ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қызмет жасаған мекеме басшыларынан алған марапаттары жетерлік. Ол 60 жасында құрметті демалысқа шыққан. Әбекең елге танымал сөзі дуалы шежірешіл, Тентек аталығынан тараған ұрпақтарының көшбасшысы, ақылшысы, қамқоршысы ұлтжанды болғанын білеміз. 

Әбекең маған жезде болып келеді. Бірақ жезде мен балдыз болып жөнсіз қалжыңға барған жоқпыз, ағалы-інілі сыйластығымыз берік болды. Бірде мен келін алғанымда тойға туыстарымен қоса Әбекеңді де шақырғанмын. Туыстар отырған бөлмеге кірсем Әбілшай аға дастарханның төменгі жағында, есіктің аузында отыр екен. Ау, Әбеке есіктің аузында отырғаның не, жоғары шықпадыңыз ба десем, Әбекең «мен бұл үйге күйеу емеспін бе?» демесі бар ма. Әбекеңді төрге отырғыздым. Сонда Әбекеңнің ата дәстүрін аттамай, бабаларымызды құрметтегені ғой деп түйіндеген едім. 

Ұлаш апа 4 класты Шижаға елді мекенінде бітірген. Тұрмыс құрған соң қаладағы «Дом быта» мекемесінде тігінші болып, тігістің небір түрлерінің қыр-сырын меңгерген шебер болған. Көпбалалы ана ретінде зейнеткерлікке ерте шыққан еді. 

Ұлы ғұлама, философ Мәшһүр Жүсіп бабамыздың үйіне Хакім Абай келгенде одан: «Жұмақ қайда?» деп сұрапты. Сонда Мәшһүр Жүсіп «Кімнің әйелі жақсы болса, жұмақ соның үйінде» деп жауап беріпті. Әбілшай ағаның құдай қосқан қосағы Ұлаш апа отбасын жұмаққа айналдырған, салиқалы өмірдің қайнар көзі бола білген, өнегелі өмірдің барлық сатысынан сүрінбей өтіп, қазақы салт-дәстүрге берік, жақын туыстарын, жекжат-жұрағаттарын жақындастырып, «Мыңжылдық» татулықты жалғастыра білген көрегенді «айналайыны» көп асыл ана десек жарасады.

Бақытты шаңырақ дегеніміз – жалтыраған сәнді сарай емес, жан жарының, жақын-жоралары мен сүйкімді балаларының сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы. Міне осы бақытты шаңырақтан тараған ұл- қыздарының тұла бойы тұңғышы Қалима 1954 жылғы, сонан соң Света, Камила, Айсәуле, Қалдыгүл, Майра, Перуза, Жеткерген, Бақытгүл, Бақтыберген, Ақберген, Гүлмира, Гүлира, Айнұр. Бәріде бір-бір шаңырақтың отын маздатып отырған жайсаң жандар екенін қаладағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектеп түлектерінің ұстазы ретінде білген соң айтып отырмын. Қалима, Камила, Жеткергендер дүниеден өткенімен, артында ұрпақтары қалған аяулылар. Қалима Әбілшайқызы дүниеден өтсе де артында қалған перзенті Талғат Қанатов аудандық «Аманат» партиясына жетекшілік етіп, халық алдында абыройға бөленіп жүрген белгілі азамат екенін білеміз.

Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Бұл – ұят болады, жаман болады, обал болады. Ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме, «Жаным –арымның садағасы» дегені. Жаман болады дегені –«Жақсы сөз – жарым ырыс» жамандықтан аулақ жүр дегені, жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді деп бағамдағаны. Обал болады дегені –әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе, басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін дегені, ешкімге көлеңкең түспесін деп ескерткені. Осы насихаттарды есте сақтап ұрпақтарымызға еге білсек деймін. Ұлаш Амандосқызы 2024 жылы 4 қаңтарда мерейлі 90 жасқа толған тойын барлық ұрпақтары жиналып той жасады. Тойдың бас кейіпкері Ұлаш апа ішке кіргенде дүйім жұрт қол соғып қошеметтеп, гүл шоқтарымен көмкөрілген Ұлаш апа той төрінен орын алғаннан-ақ тойдың ажары ажарлана бастады. Тойды Тентек аталығынан тараған ұрпақтарының әулетінің үлкені, көшбасшысы Өмірзақ ақсақал ашып, той иесінің өмір жолдарынан мағлұмат беріп, салиқалы сөздерін айта отырып, той салтанатын ашық деп жариялады. Сөз кезегі Ұлаш апаның бауырлары Бөрі әулетінен тараған біздерге де келді. Өз сөзімде әкенің қанымен ғана емес, ананың сүтімен де даритын қасиет туралы бір мысалды айтым. Малайсары би қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым бабамызға «Әй, Сырым, сенің әкең Дат қой ауызынан шөп алмайтын қой торының өзі еді, сенің анаң күндіз келген жиырма кісіні, түнде келген жиырма кісіні аттан түсіріп қарсы алып, қонақ қылып аттандыратын қайратты өр текті адам еді. Сен кімге тартып туғансың?» деген екен. Сонда Сырым батыр: «Уа, әулие биім күндіз жиырма мен түнгі жиырма адамды қосқанда қырық болады, «қырықтың бірі қыдыр» деген. Ендеше анам әулетке құт пен қыдыр дарытайын деген екен ғой» деп жауап қайтарған екен. Сол сияқты менің Ұлаш апам да Тентек әулетіне құт пен қыдыр дарытқан Ұлаштай бауырыма ұзақ өмір тіледім деп апамның бетінен сүйгенімде, «менің жасымды берсін» деген тілегін есттім. 

Қазіргі кезде текті ата-анадан өмір есігін аттап, ел басқарып жүрген тұғырлы тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер майталмандары аз емес. Оларға мұндай қасиеттер тек ата жағынан ғана емес, сонымен бірге анасы жағынан да берілгенін бүгінгі генетика ғылымы толық анықтап бере алады екен.

«Нағашы» деп құрметтейтін Айсәуле Әбілшайқызы өзіне етене жақын тартады. Айсәуле тайып бара жатқанға таяныш болған қайырымдылығы майда-шүйде, тиын-тебен емес, беретін көмегін қомақтылап бергенін көріп те жүрміз. Оның күйеуі Рақымжан Айнашұлы да қайырымы мен қамқоры көп көрегенді азамат болғанын ұзақ жылдар бір мектепте қызмет еткен кезден-ақ білемін. Рақымжан мен Айсәуле екеуі қаладағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі, ұлты молдаван жігіт Виктор Чумашты орталық мешітке апарып, ислам дінін қабылдатып, мұсылман қатарына қосып өкіл әке, өкіл шеше болып, Жанар атты қазақтың ару қызына үйлендіруге мұрындық болғанының куәгері болғанбыз. Қазіргі таңда Виктор мен Жанар екеуі ынтымағы жарасқан өнегелі отбасы. Айсәуле адалдықтың бұлағын лайламаған адал жар ретінде Рақымжанға арнап үнемі Құран бағыштатып отыруды естен шығарған емес.

«Той – тәңірдің қазынасы» деп жатамыз. Бұл той мән мағынасы терең, мазмұнды 90 жасқа толған Ұлаш ананың мерейін көтерген тәңірдің қазынасындай айта жүретіндей есте қалған той болды.

Бір Бәйтеректің басында алтын жұмыртқа салатын Самұрық басқа жаққа ауатын болған екен дейді. Бәйтерек Самұрыққа:

– Менде көп жыл мекендедің, маған айтар тілегің бар ма? – десе:

– Өсе бер дейін десем, онсыз да аспанды тіреп тұрған секілдісің, Жапырағың жайыла берсін дейін десем, онсыз да жапырағың жайылып, қанша жерге көлеңкеңді түсіріп тұрсың. Тамырың тереңге кете берсін дейін десем, онсыз да тамырың жайылып, тереңге кеткен. Менің ендігі тілегім –Алла тағала сені орманшының балтасынан сақтасын» депті. 

«Өсер отау – өрісті» демекші, ұрпақтарымен, құда-жекжаттарымен тамырлары тереңге кеткен, жапырақтары жайылған қос бәйтеректің 14 перзентерінен 50 немере 105 шөбере, 7 шөпшектерінің қолдарынан су ішіп, мейірімдерін қандырған жандар. Самұрық Бәйтерекке Алла тағала орманшының балтасынан сақтасын деп тілегін білдірсе, мен Әбілшай аға мен Ұлаш ападан тараған ұрпақтарын тіл-көзден сақтасын дей отырып, апама зор денсаулық, өзінен өрген ұрпақтарына амандық, әдемі қартаюдың үлгісі біздерге де жұғысты болсын деген тілегімді жеткізгім келеді.

Ал алып бала тапқан ана жайлы әңгіме тіпті бөлек. Ана – өмірдің гүлі, тіршіліктің бастауы, барша адамзаттың тәрбиешісі. «Құлын биеден, ұлық Анадан туады» дейді дана халқымыз. Қол бастаған батыр да, ел бастаған шешен де Ананың ақ сүтінен нәр алып өседі. Осындай «Ана» деген ұлы атқа ие болу тек балалы болумен ғана шектелмей, оның тауқыметін көтеріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсіру мен аналық бар мейірімді, жанашырлықты, кешірімділікті бере білуді білдіреді. 

Бала – өмірдің сәні. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дегендей, бала күлкісі естілген үйдің берекесі мен байлығы молынан болмақ. Алып Анадан туады дейміз, ал сол дүние есігін ашқан сәбидің салмағы 4-5 келіден асса «ірі бала» болады екен, ал 6 келіден аса туған баланы «алып бала дүниеге келді» деп, дүйім жұрт болып қуанышқа кенелгенбіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, алып баланың анасы да 9 баласының қызығына бөленіп, қуанышына тоймай жүрген Мижанова Гүлдария болмақ.

– Өзім Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы, Талдысай ауылында 1989 жылы Шүрендер әулетінде дүниеге келгенмін. Отбасындағы 5 баланың үлкенімін әрі жалғыз қызбын. Ата-анамның мейіріміне қанып өстім. Дегенмен Алланың қалауымен, 2007 жылы, 18 жасымда жолдасым Еркін Орынбайұлымен бас қосып, шаңырақ көтердік. Биылғы жылы Сыр елінің, Қаракесек әулетінің келіні болғаныма 17 жылға қарапты, – дейді Гүлдария өзінің отбасы құрған жылдарын еске алып.

Жолдасы Еркін Алматбаев екеуі бүгінде бақытты отбасы. Өздері де көп ағайынды, бір-біріне жанашыр бауырлардың отбасынан шыққан олар қазір 9 баланың ата-анасы атанып, оларды қатарынан кем етпей өсіріп келеді. «Бастысы балалардың дені сау, бауырмал болғаны» дейді олар. Ал біздің бүгінгі алып сәбиіміз осы шаңырақтың кішкентайы.

Гүлдария Баянқызы өткен жылдың 11 маусым күні таңғы мезгілде толғақ қысып, перзентханаға жеткізіледі. Араға көп салмай, Арал қалалық орталық перзентханасында баласын дүниеге әкелген ананың бұл сәби 9-шы перзенті. Баланың дүниеге келгенде салмағы – 6 кг 550 грамм, бойы – 57 см. болған.

Бұл туралы:

– Баламды жоспарлаған уақытта дүниеге әкелдім. Білікті маман гинеколог Бекбосынов Руслан Толыбековичтің және еңбек өтілі жоғары акушер Қалауова Мира апайдың арқасында босану қиынға соққан жоқ. Балам ешқандай кінәратсіз, аман-есен дүниеге келді. 3 күн дәрігерлер бақылауында болып, үй жағдайына көшірілдім. Аман-есен жаным қалып, баламды бауырыма басқаным үшін перзентханадағы дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз. Қазір өзімнің де, баламның да жағдайы жақсы, – дейді.

Қазір Бозғұлан батырдың дамуы өте жақсы. Медициналық тұрғыда өз қатарындағы балалардың жасауы керек істерді ширақ жасайды. Алып баланың салмағы жөнінен де ешқандай кінәрат жоқ.

Бір қызығы, Бозғұлан отбасындағы жалғыз және алғашқы алып сәби емес. Алтын құрсақты ананың 2019 жылы дүниеге келген ұлы Ержігіт 6700 гр. салмақта туса, 2021 жылы туған қызы Таңнұры 5500 гр. болып дүние есігін ашқан. 

Көп балалы отбасы үкімет назарынан да тыс қалмады. 2021 жылы азық-түлікпен көмек беріліп, сол жылдың қазан айында отбасына жаңа үйдің кілті табысталған болатын.

Айта кетейік, 2024 жылы аудан көлемінде перзентханада аман-есен сәби сүю бақытын 1678 ана құшқан. Оның ішінде 5 келіден жоғары 12 сәби дүниеге келсе, 6 келіден асқан алып баланың анасы біздің кейіпкер. 

Сонымен қатар өткен жылы өмірге келген алып баланың бірі – Арал аудандық «Толқын» қоғамдық-саяси газеті редакциясында техникалық қызметкер Тасбике Құлмағанбетованың перзенті. Бойы 56 см., салмағы 5,5 келі болған сәби отбасындағы 6-шы бала. 

Иә, ана бақытын сезіну өмірдегі әрбір қыз баласының арманы. Ана атанған, сәби күтіп жүрген барша нәзік жандыларға отбасы бақыты мен ұрпақ адалдығын тілейміз!

Тағы да оқыңыз: