Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев "Біз индустрияны қолдау шараларын сақтаймыз, үкімет стратегиялық маңызды салаларды анықтауы керек. Оларға гранттар, экспортты қолдау тетіктері қарастырылуы қажет. Қолдаудың нақты деңгейі инвестиция көлеміне байланысты болады, бұл бастама жыл соңына дейін жүзеге асырылуы керек", – деп, осыған байланысты ол әртараптандырылған технологиялық экономиканы құрудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің жаңа бағыты жеті қағидаға негізделуі керек. Бірінші – пайда мен жауапкершіліктің әділ бөлінуі. Екіншісі – жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі. Одан кейін әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарықтар ашылуы, өнімділік жоғарылайды, экономиканың күрделілігі мен технологиясы артады. Сонымен қатар ол білім беру саласына инвестиция салумен қатар адами капиталды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Алтыншы қағида – экономиканы көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғау. Жетінші қағида – мемлекет саналы шешімдер қабылдайды және олар үшін қоғам алдында жауапкершілік алады.

Иә, расында еліміздің дамуы жолында, мызғымас экономиканың қалыптасуында өзекті салалардың барын ұмытпаған абзал. Солардың бірі теміржол саласы. Бүгінде тоғыз жолдың тоғысқан тұсы Сексеуіл кенті теміржолшылар еліне айналғалы да көп уақыт өтіпті. 

Расында Сексеуіл десе «тоғыз жолдың торабы» деген тіркес ойға орала кетеді. Әсіресе шойын жолдың жұмысын ширықтырып отырған бұл кентке келе қалсаңыз, тепловоздың дауысы мен пойыздың тілін жетік білетін азаматтарды кезіктіру қиын емес. Ал осындағы деполардың жұмысын бүгінде бүкіл ел біледі. Республика бойынша тағаланған рельс тұлпарларын рейске жөнелтуге дейінгі жұмысты атқарып отырған деполардың бірі – Сексеуіл пайдалану локомотив депосы.

Биылғы Қазақстан теміржолының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында іргелі ұжымды теміржолшылар күнімен құттықтап, жұмыс барысымен танысып қайттық. 

Бұл ұжымның да басылымға деген ықыласы қашан да ерекше. Бұл жерде ауданның жаңалығын біздің басылым арқылы іздеп жүріп оқитын оқырмандарымыз да бар. Депо бастығының міндетін атқарушы Еркебұлан Аяғанов жылы шыраймен қарсы алып, еменжарқын әңгімеге кірісті. «Толқынның» қай кезде де тілеулесі бола білген азамат елдің жайынан да құлағдар. «Жақсылықтың жаршысына айналған газет арқылы жұмысымыз да жарқырап көрініп келеді» деді. 

Расында тынымсыз тірлік пен табысты еңбекті көрсету журналистік міндетіміздің бір бағыты ғой. Жақсы жаңалықтарына құлақ түре кеттік. 

Қазақстан темір жолына ширек ғасыр толғанымен бұл мекеменің тарихы өте бай. Өткен ғасырдың алғашқы жылынан, нақтырақ 1900 жылы Арал теңізінің сол жақ жағалауы арқылы Орынбордан Арысқа қарай темір жол құрылысы басталған. Бұл құрылыспен қатар темір жол бойынан шеберханалар мен Қандағаш, Қазалы сияқты үлкен стансалар бой көтерді. Ал 1905 жылы Құмсай (қазіргі Сексеуіл) шеберханасы салынып, Орынбор-Ташкент темір жолы пайдалануға берілген тұста, осы шеберхана Сексеуіл паровоздар жөндеу депосы деп аталды. 1911 жылы локомотивтердің айналым депосы пайда болды. Сол уақыттарда Иванов, Маслов, Сидоров, Асташев, Саблин, Корчагин, Козлов сияқты сырттан келген мамандар қызмет жасаса, дәл осы жылы локомотив бригадаларына арнап салынған демалыс үйлері соларға қызмет етті. Ал мекемені В.Сиднев-Адищев, П.Петин басқарды. 

Кейін уақыт өте келе жергілікті халық та осы саланы меңгере бастады. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдары Н.Довголенко мен А.Сидоровпен қатар Ж.Тілесов, А.Сарбаев, А.Тлеуов, Қ.Қайрақбаев секілді азаматтар жауапты қызметтер атқарып, соғыс жылдарында да бұл мекеменің жұмысы тұралап қалмау үшін барын салды. Ал 1957-1963 жылдар аралығында алғаш рет қазақтан басшы болған Б.Айтмағамбетов жергілікті халықтың осы саладағы сауаттылығын анық байқатты. Оған бір дәлел 1956-1958 жылдар аралығында локомотив бригадаларының жұмысы ШалқарҚазалы, кейіннен Тоғыз және Аралқұм стансалары аралығында жүк тасымалымен айналысып, жұмыс ауқымын кеңейте түсті. 

1977 жылы Қазақстан темір жолы Алматы, Батыс Қазақстан, тың өлкесі болып үшке бөлінген шақта Сексеуіл депосы жүк тасымалымен қатар ТҚҚ-3 профилактикалық жөндеумен де айналысты. Депо паркіне 2ТЭ10В сериялы 5 тепловоз беріліп, қысқа мерзімді ТР-1 жөндеуіне 60-тан аса тепловоз берілді. 

Тарихы бай мекемеде табысты жылдар өте көп. 1980 жылдары 1500 адамға дейін жұмыспен қамтыған құрылым 2000 жылы локомотив пайдалану және жөндеу депосы болып екіге бөлінді. Ал 2004 жылы Сексеуіл пайдалану локомотив депосынан ТҚҚ-2 техникалық байқауы өтетін «Локомотив Сервис орталығы» АҚ болып бөлініп шықса, 2016 жылы осы депоға қайта қосылды. 

Бүгінде 386 адамды еңбекпен қамтып отырған ұжымда 53 тепловоз, 4 маневрлік, 38 магистральды жолаушылар тасымалына арналған тепловоз есепте тұр. Қазіргі жетістіктеріне соңғы жылдары басшылық еткен С.Ержанов, Ж.Төрединовтің еңбектері ерекше болса, бүгінгі таңда депо бастығының міндетін атқарушы, білікті маман Е.Аяғановтың да еңбегі елдің көз алдында. 

Бірақ Сексеуіл-Қазалы, Сексеуіл-ҚоскөлҚазалы аралығында жүк тасымалын ұйымдастырып, Сексеуіл мен Шалқар, Қоскөл, Қазалы, Илецк аралығында жолаушылар тасымалын да жүргізіп келе жатқан депоның табысты еңбек етуінде бүкіл ұжымның еңбегі ерекше. 135 машинист, 136 машинист көмекшісі, 13 басшылық қызметтегі қызметкер мен 102 техникалық жұмыстар жөніндегі инженердің тынымсыз тірлігінің нәтижесінде депоның ауқымы кеңейіп келеді. Мұнда тіпті өмірін темір жолмен байланыстырып, 40 жылдан аса қызмет жасаған жандар да көп. Ауысым кезекшісі С.Наурызбаев, ауысым жасақшысы М.Манашева, ауысым жөндеушісі Т.Сарыбаев, жетекші инженер-технолог Р.Азимов ұзақ жылдар бойы адал еңбегімен ұжымға сыйлы болса, машинистер Б.Сүйеуов, А.Ахметов, Е.Есеркепов, С.Әнесов, М.Байқадамов, машинист көмекшілері С.Досмамбетов, Ә.Ертілесов, Ә.Бозымов, Б.Қаратабанов, Қ.Еңсеповтің біліктілігіне талас жоқ. Жуырда ғана депо бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған Бауыржан Тұрмантаевтың да жас та болса қызметтегі табысы көпшілікке мәлім. Еңбектің еленгені болар, ҚТЖ-ның мерейтойы қарсаңында Данабай Ахметов, Жұмабай Өтегеновтер «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның 25 жылдық мерекелік медальімен марапатталды. 

Қазіргі уақытта Ақтөбе оқу орталығының біліктілігін арттыру курсы арқылы 18 тепловоз машинисінің көмекшісі оқып жатыр. Бұл да жұмыс ауқымының көкжиегі кеңейетініне тағы бір дәлел. 

Сонымен қатар 2012 жылдың басында жұмыс бастаған «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС-ның Сексеуіл станциясы бойынша аймақтық бөлімшесінің жұмысымен де жақын танысуға мүмкіндік алдық. Осы бөлімшенің басшысы Бауыржан Аяғановпен тілдескенімізде: 

– Бүгінде 4 қызметкер жұмыс жасап жатыр. Негізгі мақсатымыз жолаушылар қатынасын қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі уақытта «ҚТЖ жүк тасымалы» ЖШС-дан ТЭ33А сериялы 11 локомотивті жалға алып отырмыз. Одан бөлек, өз балансымызда 16 ТЭП33А сериялы 16 тепловоз бар. Осы 27 тепловоз арқылы 4 бағытта жолаушыларды тасымалдауды жүргізіп келеміз. Нақтырақ айтар болсақ, Сексеуіл мен Арыс, Ақтөбе, Атырау, Маңғышлақ аралығындағы жолаушылар пойызын тасымалдаймыз. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын ұлғайту да жоспарымыз да бар. Бірақ ол уақыт еншісінде, – дейді. 

Міне, кентке сапар, теміржолшылармен жүздесу осылай өтті. Ең қауіпсіз қатынас құралы саналатын шойынжолшыларға табысты еңбек тілейміз.

Әдетте халық ішінде «тоғыз жолдың торабы» деген тіркес сақталып қалған ғой. Қатынастың қай түріне болмасын мүмкіндік жасалған мұндай өңірлерде дамудың жаңаша бір деңгейі қалыптасқан. Тамыр жайған саламен өзектес болғандықтан бұл жақтағы негізгі тіршілікті темір жолмен байланыстырмау мүмкін емес. Жасы мен жасамысынан сыр суыртпақтасаңыз өзінің немесе тегінің темір жолмен байланысы барын білесіз. Сондықтан да болар, кейде мұндағыларды «теміржолшылар елі» деп жатады. 

Хош... 12 мыңдай тұрғыны бар тіректі елді мекенге де келдік. Тоқ ішекше созылған темір жолдың қос тіні тізбектей тартылып Сексеуіл кентіне еніп кетті. Мұнда депо болғандықтан шойын жолмен жүйтки келген тепловоз біткеннің бәрі осы Сексеуілге келіп бір дамылдайды. Локомотивтердің барлығы түгелдей тексеруден өткен соң сапарды қайта жалғастырады, жарамсызы сонда қалады. Мұның барлығы біз айтпасақ та жалпақ жұртқа белгілі жайт шығар. Алайда тіршілігі қайнаған мұндағы мекемелердің ішкі жұмыс кестесіне еніп, жұмысты көзбен көру бөлек әсер қалдыратындай. Сонымен «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосына табан тіредік. 

Ғимарат маңы абаттандырылып, сыртқы көрінісі жақсы үйлестірілген. Салмағы 130 тоннадан асатын темір жол патшасы іннен шыққан аюдай баяу қозғалып, ғимарат маңынан кері бұрылуда. Ғимарат ішіне енген сәтте мұндағы тіршіліктің қайнап жатқанын байқау қиын емес еді. Біздің «мұнда кім бар» деген сұраулы үнімізді естіген бір қызметкер жанымызға жақындады. Есімі – Жаңабай, тегі – Ниязбаев. Осы депоның автотежегіш цехының жөндеушісі болып қызмет істейді. Келген шаруамызды білген соң басшылыққа жол сілтеді. Қаз-қатар тізілген есіктер бойын жағалап, ғимарат ішімен жүріп келеміз. Депо басшысы Мұхтар Кеулімжаев іссапарда жүрген - діктен, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Хангелді Төрединовпен жолығудың сәті түсті. Аз-кем сұрағымызға жауап алған соң «жақсыны көрмекке» деп мекеме ішін аралап, мұндағы жұмысты өз көзімізбен көруге оқталдық. Жанымда «Қамқор Локомотив» ЖШС Сексеуіл локомотив жөндеу депосының оқу инженері Қайрат Құлмырзаев бар. Қырықты алқымдаған азаматтың өз ісіне жетік, мекеме жұмысына қанық екені байқалып-ақ тұр. Кез келген сұрағымызға тосылмай жауап беріп, әр бөлімше бойынша жүріп жатқан жұмыстарды таныстырып келеді. Мұнда барлығы 250-дей адам қызмет атқарады екен. Әркім өз ісіне жауапты мамандар. Локомотивтердің құрылымдық ерекшеліктеріне қарай СО1-ден СО5-ке дейінгі сервистік қызметтер көрсетіледі мұнда. ТЭ33А, ТЭП33А, ТЭП33АС тепловоздарына сервистік қызметтің 5 деңгейі бойынша қызмет көрсетілсе, МК, ВК тепловоздарға 4 деңгейлі сервистік қызметтер жасалады. Осылайша мұнда айына 25-28 локомотив қайта жөндеуден өтіп, шойын жол бетімен жүйткіп жүр.

Ғасырға жуық тарихы бар мекеменің алдымен колесо ауыстыру бөліміне бас сұқтық. Мұнда тепловоздардың доңғалақтары тексерістен өткізіледі. Салмағы жол талғамайтын автокөліктермен пара-пар болатын (3300 тонна) колесоның әрқайсысында қосымша қозғалтқышы болады. Сол арқылы тепловозға қозғалу мүмкіндігі беріледі. Ал оның дөңгелегі жүздеген тоннаны көтергендіктен кей жағдайларда жарылып немесе қатты темірдің морт сынып кететін кездері де кездеседі екен. Темір жолға тиетін беті көп жағдайда жарақат алатындықтан колесо қайта жонылып, қосымша қолданысқа беріледі. Мұндай жұмыстардың барлығы осы бөлімде атқарылып жатыр. Мұнда жалқаулыққа жол жоқ, еріншекке орын жоқ. Еңбек майданында кездесе бермейтін көмескі тіркестер жұмысшылардың ұранына айналғалы қашан?! «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – азап» деп келетін ұранды сөздер мекеме ішіндегі әр қызметкерге күш беретіндей. 

Мұнда тепловоздың әр қосалқы бөлшегі маңызды рөл атқарады. Мәселен, біз «компрессор» деп атайтын ауа беретін құрылғы істен шықса, мыңдаған тонна болатын көлік қозғалысын реттеу мүмкін емес еді. Ал ондай сәттерде машинистке электрмен жұмыс істейтін тетіктер де көмекке келеді. Бұл мекемедегі ұстахана бөлімі болмаса, жер қайыстырар ауыр салмақтан майысқан сом темірлер мен білектей металдарды қайта қалпына келтіру қиын шаруа. Мұндағылардың басты ұраны – «темірді қызған кезде соғу». Жабық пеште жанған от пен қызған темірдің ыстық лебіне шыдас беру мүмкін еместей. Бірақ жұмысшылар оның барлығын қалыпты жағдайда атқарып жатыр. 

Автотежегіш бөлімшесіне бас сұқтық. Тепловоздың ішкі көрінісі мен панельдік құрылғылар жайғасқан бұрышта барлық қосалқы тетіктер орналасқан. Автотежегіш цехының жөндеушісі Жаңабай Ниязбаев тежегішті іске қосатын тетіктің қозғалыста маңызды рөл атқаратынын айтты. Шұғыл жағдайларда тартылатын тетіктің артында үлкен жауапкершілік тұр. Ондай сәттердің соңында төтенше жағдай орын аламағанмен, темір жолдағы қоғалыс кестесі бұзылып жатады. Ал темір жол бойында әр минут есептеулі болғандықтан, еліміз бойынша барлық темір жол қозғалысы бұзылуы мүмкін. Мұның жауапкершілігі ауыр болатыны да сондықтан.

Тепловоз жүрегі қозғалтқыш десек, сол жүректің құрамдас бөлшектерінің өзі ерекше маңызға ие. Оған қосалқы бөлшектер орналасқан бөлімге енгенде көз жеткіздік. Адам бойындай гильзалар мен поршень, шатундар қаз-қатар тізіліп тұр. Салмағы да зіл батпан. Бір адам қозғай алмас, сірә. Мұндай қосалқы бөлшектерге бұрыннан қанық болғандықтан бір сәт алыптар әлеміне еніп кеткендей болғанымыз жасырын емес. Алайда бәрін де көзбен көргендіктен әсері де айрықша болады екен.

Осылайша бөлімшелерді аралай жүріп алып тепловоз тұрған ашық алаңқайға келдік. Жөндеуде тұрған тепловозды құдды бір қозғалатын үй дерсіз. Шұбыла тізілген вагондарды қиналмай сүйрейтін мұндай күш бұл техникаға сірә адам баласы арқылы беріліп тұрғандай. Жұмыс бір сәтке тоқтаса алып күшке ие екендігіне қарамастан локомотивтен де жан кетеді. Біз бір сәттік жұмыс кестесінен осыны аңғардық. 

Иә, мұндағы қайнаған тірлік біз барда дамылдаған емес. Біз кеткен соң да тоқтамасы анық. Өйткені бұл мекемеде өмірмен өзектес істер атқарылып жатыр. Және ол бір сәтке болсын тоқтамауға тиіс. Біз мақтайтын маңызды саланың сонда ғана сәні кіріп, тынысы ашыла түспек. Айтпақшы, биыл «Қазақстан Теміржолы» мекемесінің құрылғанына 25 жыл. Бұл ширек ғасырлық белесте жолаушыға жақсы жағдай жасай білген барша теміржолшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекет үшін маңызды істеріне табыс, ел үшін жасап жатқан еселі еңбектеріне береке тілейміз.

Бұл саланы бала күннен арман еткен жандар да қызмет жасайды. Балаң қызығушылықтан туған арманы ақыры осы мамандықтың иесі етті. Қазір барына шүкір етіп, өз жұмысын тиянақтылықпен атқаратын қызметкерді әріптестері де жоғары бағалайды. Біз Арал теңізі вокзалында ішкі тәртіпті қадағалаушы кезекші болып қызмет атқаратын Зәмзәгүл Қарақұлова туралы айтып отырмыз.

Мектепті тәмамдаған Зәмзәгүл теміржолшыларды даярлайтын жоғары оқу орнына түсуді мақсат етті. Осылайша Алматы қаласындағы Қазақ қатынас жолдары университетіне тасымалдарды, қозғалыстарды ұйымдастыру және көлікті пайдалану мамандығына оқуға түседі. 

– Оқуды аяқтап диплом алған соң, алғаш еңбек жолымды 2012 жылы Астана вокзал сервисінде жолсерік болып бастадым. Кейін 2017 жылы Арал теңізі вокзалына вокзал кезекшісі болып қызмет ауыстырдым. Қазір осы қызметім бойынша жұмыс істеп келемін, – деген Зәмзәгүл еңбек жолының қалай басталғаны туралы айтып берді. 

Темір жол саласының жұмысы асқан жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе келіп тоқтаған жолаушылар пойызының өз уақытында келіп, жөнелтілуі, ондағы тәртіп, қауіпсіздік мәселесі кезекшілікті қабылдап алған сәттен бастап Зәмзәгүлдің жауапкершілігіне жүктеледі. 

– Бізде халық қатынасын қамтамасыз ететін болған - дықтан жауаптылық жоғары. Әсіресе жолаушылар пойызының қозғалысы уақытпен үндесуі тиіс. Қиындығы да жоқ емес. Бірақ сонысымен қызық. Өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Тарихы әріден басталатын Түркісібтен бастау алған темір жол саласында жұмыс істегенімді мақтаныш санаймын. Өзімді қазақ темір жолының бір бөлшегімін деп білемін. 

Бір қызығы, Зәмзәгүл темірдей тәртіппен қатаң форма киінген салада қызмет атқарып жүрсе де, жан дүниесі шығармашылыққа жақын болып шықты. Кейде қалам тербейтін ақындығы да бар. Оның орамды ойлары жергілікті басылым мен теміржолшылардың төл газетінде жарияланып жүр. 

– Менің мінезім тұйық. Көпшілік ортаны жақсы көрсем де көсіліп сөйлеп кете қоймаймын. Бар сырласым да мұңдасым да – қағаз бен қалам. Бала кезден солай болған. Уақыт көші алға жылжып, көптеген дүниелер өзгеріп, өмір ағымы басқа арнаға бұрылса да, мен бар ойымды қағаз бетіне жыр қылып төгетін әдетімді тастаған жоқпын, – дейді ол.

Зәмзәгүл ұжымының мерейін асырып, мақалалар дайындап, қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүреді. Өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шығатын қасиетін әріптестері де бағалайды. Жұмысына ұқыпты, ортасына сыйлы, отбасында аяулы жар. Жан дүниесіндегі сырын ақ параққа жыр қылып өрнектеген теміржолшы, ақын қыз Зәмзәгүлдің біз таныған бар болмысы осы.

Сондай-ақ бүгінде абырой биігінен көрінген ардагерлерімен де мақтанатын теміржолшылардың ерен еңбегіне мына кісі дәлел. Осы салада 37 жыл еңбек етіп келе жатқан, «ҚТЖ-Жолаушы локомотивтері» ЖШС-нің Сексеуіл аймағы бойынша бастығы Бауыржан Аяғанов «Құрметті теміржолшы» атағына ие болды. Сыр өңірінде, Аралдың Сазды ауылында туған Бауыржан Әлімұлы теміржолшылар әулетінің көшін бастап, династия қалыптастырды. 

Б.Аяғанов 1981 жылы Қызылорда қаласындағы Темір жол қатынасы техникумына тепловоз шаруашылығы мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1985 жылы аталған оқу орнын тепловоз шаруашылығы техник-механигі мамандығы бойынша бітіріп, Сексеуіл локомотив депосына жолдамамен жіберіледі. Осылайша еңбек жолын аталған депода ТҚК-3 цехының бригадирі болудан бастайды. Жұмыс орнына енді төселіп келе жатқанда сол жылы қараша айында кеңес әскері қатарына шақырылып, 1985-1987 жылдар аралығында Беларусь жерінде әскери әуе күштері қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Елге келген соң Сексеуіл локомотив депосына ТҚК-1 цехына жөндеуші болып еңбек жолын жалғастырады. Содан соң жұп дөңгелек өлшеуші ақау тапқышы, ТҚК-2 цехы ауысым шебері, дайындау цехының аға шебері қызметтерін атқарады. Темір жол саласында құрылымдарды қайта құру кезінде 2004-2016 жыл аралығында Қазалы Локомотив сервис орталығы, Сексеуіл бөлімі бойынша инженер электрші, жетекші инженер технолог болып еңбек етеді. 2016-2021 жылдар аралығында Сексеуіл пайдалану локомотив депосында жетекші инженер технолог болады. 2021 жылы қазіргі қызметіне ауысады. 

– Теміржол саласында қызметт атқару барысында тепловоз құрал саймандарына рационализаторлық жаңашылдықтар енгізіп, өндірістік жетістіктермен көзге түстім. Басшылық тарапынан Құрмет грамоталарымен, арнайы сыйлықтармен марапатталдым. 2021 жылы «Түркісіб-90» мерекелік төсбелгісімен, 2022 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның құрылғанына 25 жыл мерекелік төсбелгісімен марапатталдым. Әсіресе 2019 жылдың қорытындысы бойынша Арал ауданында «Жылдың үздік теміржолшысы» атағына ие болғанымды ерекше мақтанышпен айта аламын. Қалай десе де «табалдырықтан биік тау жоқ» деп өскен ұрпақпыз ғой. Туған жердің көрсеткен құрметі қашанда айрықша болады екен. Бүгінгі кәсіби мереке қарсаңында алған «Құрметті теміржолшы» марапатым да еткен еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Бұл жетістікке дара шауып жеткенім жоқ. Ұжымның жетістігі, барлығымыздың бірге жеткен белесіміз, – дейді марапат иесі. 

Бүгінде оның ұлы Еркебұлан Аяғанов әке жолын қуып, Сексеуіл пайдалану локомотив депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Сонымен қатар қоғам өміріне де араласып, Арал аудандық мәслихатының депутаты ретінде елдің жағдайын жасауға атсалысуда.

Қай уақытта да абырой мінберінен төмендемеген кенттік деполар тағы да өз мықтылығын, экономикаға қаншалықты серпін беріп келе жатқанын көрсетті. Елімізде ауқымды салалардың бірі әлбетте теміржол саласын. Ел көлемінде ғана емес, өзге елдермен де қатынастың түп қазығына айналған бұл саланың бүгінгі әлеуеті ауқымды. Ел қазынасын толтырып, талайдың талабын орындап, сұранысын қамтамасыз етіп келе жатқан теміржолшылардың төрдегі орны қоғам барда төмендемек емес. Ғасырдан астам тарихы бар тұғырлы құрылым сонысымен құнды.

Жүйіткіген пойызды басқарап, қаншама халықты барар жеріне аман-сау жеткізіп, пойыздың әр теміріне мұқият болу теміржолшылардың міндеті. Осыншалық жауапкершілікті мойнына артып, оны көтере білу үшін де күш керек. Теміржол саласында темір тәртіптің орныққандығы осыдан-ақ байқалады. Сондықтан бұл салада аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз.

Сала қызметкерлері арасында қауіпсіздік пен еңбектің жоғарғы деңгейі және өндірістегі еңбекті қорғау санаттары бойынша "Алтын дулыға" байқауы өтеді. 2018 жылдан бастап "Қамқор Локомотив" ЖШС мен Wabtec компаниясымен бірлесе отырып осы байқауды өткізуді дәстүрге айналдырды. Теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан сала мамандары үшін бұл байқаудың бәсі өзгеден бөлек. Ерекше орын алатын осы байқау биыл аудан халқы үшін абыройлы өтті десек болады. Конкурстық комиссия жазатайым оқиғалардың болмауы, жұмыс көрсеткіштерінің нәтижелілігі, қорғау саласындағы қолайсыздықтың орын алмауы, еңбек және экология, өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ тұрақты жетілдіру және үздік тәжірибелерді енгізу бағыттарындағы жұмыстарды бағалай отырып "Қамқор Локомотив" ЖШС-ның жеті филиалы арасында Сексеуіл кетіндегі Локомотив жөндеу депосы жеңімпаз болып табылды. 

Сексеуіл локомотив жөндеу депосы жайында сөз алған "Қамқор Локомотив" ЖШС-ның техникалық директоры Жанатбек Адамбаев:

– 2023 жылы филиалдар жаңа жобаларды енгізді. Қай бағыттағы жұмыстарды да жүйелі әрі табысты атқарып, қауіпсіздік жағдайына да баса назар аударған Сексеуіл локомотив жөндеу депосының еңбегі өте жоғары. Сол себепті аталған депоны "Алтын дулыға" жеңімпазы ретінде таныдық. Лайықты марапатпен құттықтай отырып өндірістік қызметте одан әрі табыс еңбек тілейміз, – деп Сексеуіл локомотив жөндеу депосының директоры Мұхтар Кеулімжаевқа салтанатты түрде байқау символын табыстады.

Ал жастарды тәжірибемен қамтамасыз ету жайы тіпті бөлек. Теміржол тарихы тереңде жатыр десек те бұл сала ескіліктің үрдісімен жүруді жөн санамайды. Қоғам дамыған сайын жаңашылдық пен жаңалыққа жақындай түсіп, жыл сайын ауқымды жобаларды атқарып, алдын ала жоспар бойынша жаһандық бәсекелестікке сай екендіктерін дәлелдеп келеді. Осындай шаралардың бірі жақында еліміздің бас қаласында өтті.

Астанада «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығы» филиалының оқу орталығы базасында «Білім экспресі» ішкі жаттықтырушылар форумы өтіп, Қазақстанның әр өңірінен 100 жуық қатысушыны біріктірді.

Форум бағдарламасында – ішкі жаттықтырушылардың 2023 жылғы жұмысын қорытындылау, 2024 жылға арналған жұмыс жоспары, үздіктерді марапаттау, сондай-ақ шеберлік сыныбын өткізу мақсатындағы шарада сөз алған "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Сәуле Истлеева:

– Ішкі жаттықтырушылық – бұл қызметкерлерді дамытуға салынған инвестиция ғана емес, сонымен қатар компания үшін стратегиялық артықшылық. Бұл өнімділікті жақсартуға, ұжымда жағымды атмосфера құруға ықпал етеді. Ішкі жаттықтырушылар жұмысының арқасында нарықтағы позиция айтарлықтай нығайып, компанияның бәсекеге қабілеттілігі артып келеді, – деп біздің жоғарыдағы сөзімізді салмақтай түсті.

2023 жылы «Білім экспресі» жылжымалы даму мектебінің жобасы аясында еліміздің 13 өңірінен 6260 өңірлік деңгейдегі қызметкер оқытылды. Сондай-ақ, өткен жылы компанияның 26 қызметкері оқудан өтіп, ішкі жаттықтырушы сертификаттарын алды. Оларға компанияның ішкі жаттықтырушыларының алғашқы төсбелгілері табысталды. 

Бұл ретте өз ісінің білгірі саналатын жандардың да үлесі бар. Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Бауыржан Тұрмантаев үлгілі машинист Сәбит Сүйеновті кабинетіне шақырып алып, «Өзің білесің, біз еңбек адамдарын үлгі тұтамыз. Ұжым мүшелері де саған мақтанышпен қарап, айтып жүреді. Осы сенімімізді ақтай біл!» демесі бар ма?! Машинист жас жігіт бұл құрметке адал еңбегімен жауап беруді ұйғарды. Балауса шыбықтай бой көтеріп келе жатқан жастарға қиын кедергілер болып тұратыны белгілі. Сол кедергілерді жеңу үшін нық сенім, тайсалмас жігер қажет. Міне, әңгіме еткелі отырған Сәбит – осы қасиеттердің барлығы бойынан табылған адам.

Машинист Сәбит басқарып келе жатқан «Тальго» пойызы құстай ұшып зымырап келеді. Жер табанын қуырған тепловоз машинисі қырағылықпен алға қарайды. Сол сәтте оның қиялы қанаттанып, сонау жылдардағы ұстазының айтқан мына бір сөзі ойға орала берді: «Сәбит, бақыт деген адам баласына үш қайтара келетін көрінеді. Соның бірі – әркімнің өзі іздеп табатын еңбекпен келетін бақыт» дегенін есіне түсірді. Енді бірде приборды қарайды. Тепловоздың жүрегі қозғалтқыштың үніне құлақ тосады. Жиі-жиі көмекшесіне тапсырма беріп қояды. Осылайша екпіндей келіп Сексеуілге тоқтаған пойыздан түсіп, қызметтік уақытын аяқтап, үйіне аттанады. 

Ол әркез сапарға сайланып отырады. Себебі кез келген уақытта қоңырау шалып, жұмысқа шақырып алуы мүмкін. Оның жолға аттанып, әр сапардан сәтті оралуына да ешқашан қабақ шытпай, «сәттілік серігіңіз болсын!» деп шығарып, үйіне оралғанда қуана қарсы алатын жұбайы Мәдинаның тілеуі себепші дер едік. Адал жар мен бірлігі бекем отбасының өзі бөлек бір бақыт екені осындан-ақ аңғарылып тұрғандай. 

Машинистік машық – екінің біріне оңайлықпен келе бермейтін мамандық. Әр сала сияқты мұның да қиындығы мен қызығы жетерлік. Оны осы істің басы-қасында жүрген сала мамандары өте жақсы біледі. Оның үстіне арнайы бекітілген уақыттан не ілгері кетпей, не кейін қалмай қозғалысты бақылап отыру асқан жауапкершілікті талап етеді. 

Ал бүтіндей бір пойыз жолаушыларының қауіпсіздігін ойлау тіпті қиын. «Ең қауіпсіз транспорттың түрі» деп танылса да, тосын жағдайға ұшырап қалуы әбден мүмкін. Тіпті шойын жол бойында төрт түліктің жолығуы, жаяу жүргіншілердің тап болуы тепловоз тізгіндеген жанның назарынан бір сәтке қалыс қалмауы қажет. Осындай жауапкершілікті сезіну азаматтың болмысынан десек, домбыраның қос ішегіндей қатар керілген темір жолдың үстіндегі техниканың қауіпсіздігін қадағалап, дер кезінде әрекет жасау оқумен, біліммен келеді. 

Иә, Сәбит осы сынақтың барлығынан сүрінбей өтті. 1975 жылы Сексеуіл кентінде дүниеге келіп, №231 орта мектепті бітіреді. «Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға» дегендей, ол да теміржолшылардың төл бесігіне айналған Сексеуілде туғандықтан, биікке талпынды. Бала кезден көздеген, армандаған, талай мәрте қиялымен сапар шегіп, пойыздың ащы дауысын дыбыстап әрі-бері жүгіріп ойнаған Сәбит арман қуып ауылдан аттанып кете барды. Бірақ Алматы политехникалық колледжінің «бухгалтерлік есеп» мамандығына түсті. 

Дегенмен бала көңілінде қалыптасып, ержеткен сайын есінен шықпай қойған теміржол саласы Сәбитті жатсынбады. Ол 2004 жылы Сексеуіл пайдалану де- посына ІІІ разрядты слесарь-дизелист болып жұмысқа қабылданды. Араға жыл салып 2005 жылы Қарағанды облысының сұрыптау станциясында «машинист көмекшісін даярлау» курсын оқып, тепловоз машинисінің көмекшісі куәлігін алды.

Бірақ арманы алға жетелеген аза- мат мұнымен тоқтап қалмады. Білімін жетілдіріп, білігін қалыптастыруды мақсат тұтып, 2007 жылы Ақтөбе «тепловоз машинисі» курсына қабылданып, 2008 жылы куәлігін алды. Ал 2015 жылы Қазақ қатынас жолдары университетіне түсіп, «көлік техникасы және технологиялары» мамандығы бойынша диплом алды. 

2015 жылы Ақтөбе «Дортех» мектебінен ІІ класты біліктілікті арттыру курсын, 2018 жылы І класты «біліктілік арттыру» курсын бітіріп, бүгінгідей дәрежеге жетіп отыр. Төккен тер мен таудай талап өз нәтижесін беріп, «Тальго» тізгіндеп отырған Сәбиттің арманы орындалып, көздегеніне қолы жетті. 

Адал еңбек пен табандылық Сәбитті сүріндірмеді. Керісінше еңбегі еленіп, көпшілікке жақсы атымен таныла білді. Өз саласының сайыпқыранына айналған ол марапаттың төрінен де талай мәрте көрінді. 2018 жылы «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Кәсібі бойынша үздігі» атағы беріліп, арнайы төсбелгі табысталды.

Бүгінде Ақтөбе, Сексеуіл, Қандыағаш бағыттарында «Тальго» жүргізетін азамат үш бала тәрбиелеп отыр. Жары Мәдина кенттегі №177 орта мектебінде ұстаздық етеді. Ал Дәулеті Алматыда медициналық жоғары колледжінің IV курсында, Сал- танаты Алматы қыздар педагогикалық университетінің I курс студенті. Ал Кенжесі Шарапат №177 мектепте оқиды.

Міне, осындай талапты ердің болашағынан әлі талай жетістік күтеміз. Сексеуілдің Сәбиті саланың дамуына серпін береріне сенім мол.

Тағы да оқыңыз: