Kyzylorda-news.kz Қазақстан Полициясы қашанда халық қорғаны, қоғамдағы тыныштық пен тәртіптің кепілі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан да сақшыға артылар жүк ауыр. Бүгінде сондай сенім үдесінен шығып жүрген жандар жоқ емес. Жауапкершілікті көп қажет ететін сала болғандықтан бұл жұмыста қоғамға адал, өз басын ойлап қызметін асыра пайдаланатын емес халыққа болысатын, жұмысымен көпке үлгі болатын жандардың лайықты бағаланғаны жөн. Мұны Президент те кезекті жыл басында өткен ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында тілге тиек етті.

– Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек, – деді Президент.

Иә, халқымыздың көрегенділігі, даналығы, дарқандылығы мен кіршіксіз ақ көңілділігімен алдына жан салмайтын, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсететін асыл қасиеттерімізді жіпке тізсек жетіп артылады. Адамның жақсысы – адамға пайдалысы. Мұны қасиетті хадистен білеміз. Ал қай кезде де елге еңбегі сіңген жағымды мінезімен жаққан адамдардың есімі халықтың жүрегінде ұзақ сақталатыны белгілі. Халқымыздың бір туар ұлы Әбіш Кекілбаев: «Елінің жел жағындағы – панасы, ық жағындағы – саясы, бола білген дауды әділетті арашалаған пірадар, зарыққанға – жебеу, тарыққанға – демеу, асқанға – тосқан, сасқанға – сая, ұрпаққа ұстаз» деген екен. Сол айтқандай өнегелі азаматтардың арасында бейбіт күнде білігі асса билікке, өнері асса бәйгіге ерлермен бірдей таласқан, елінің жел жағындағы панасы болып, ық жағының саясы бола білген, әділеттілікті ту етіп, зарыққанды жебеп, тарыққанды демеп, астамшылыққа тосқауыл қоя білген батыр нәзік жандарымыз аз емес. Солардың бірегейі 1-ші сыныпты заңгер, ҚР ІІМ-нің 1, 11, 111-ші дәрежелі медалының, ҚР ІІМ-нің «үздік қызметі үшін» төсбелгісінің және басқада мәртебелі марапаттардың иегері, Арал ауданы тарихында полиция қызметкерлерінің арасында алғаш рет «Полковник» шенді әйел қызметкері, Арал ауданы ішкі істер бөлім бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция саласының майталманы Байоразова Айгүл Темірханқызы туралы айтпақпын.

Айгүл Темірханқызы 1973 жылы 10 шілдеде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылында дүниеге келген.

Әкесі Темірхан Байоразұлы 1947 жылы туылған. Қарақұм совхозында трактористтен бастап, ауыл шаруашылығында шөп шабындылығының бригадирі, агроном, телестанция операторы қызметтерін аброймен атқарып, совхоз шаруашылығының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан, аузы дуалы, айтары сөзі бар, артына өшпестей із қалдырған азамат болған екен «Жазмыштан озмыш жоқ» Ажал айтысатын дау емес, алысатын жау емес. Адам істеген қорлық емес Алланың ісі зорлық емес. Алла пұлсыз жаратады, құнсыз алады» деп Асқар Тоқпанов Ыдырыс Ноғайбаев қайтыс болғанда осылайша төгіле сөйлеген екен. Алланың үкіміне не шара. Темірхан Байоразұлы небәрі 51 жасында жүрек талмасынан дүниеден озды. Анасы Назира Сражадинқызы үй шаруасымен қатар совхозда әртүрлі жұмыстар атқарған. Сегіз перзенттерін дүниеге әкеліп, ұрпақтарына өмір белестерінен тәлім-тәрбие, өнеге беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ошағы оттан түспеген, қонақжайлы 78 жастың төріне шығып, ауыл анасы атанып отыр. Бейнетінің зейнетін көріп, немере-шөберелерінің шат күлкісіне бөленген алтын құрсақты «Батыр ана».

Жай ғана ойланып қарасақ әр пенде де бір ғана ана, бір ғана әке болады және олардың орнын ешкім баса алмайды. Ата-ананың жұпар иісіндей әсер беретін иіс таба алмайсың. Әкеңе еркелегендей ешкімге еркелей алмайсың. Анаңның ыстық алақанындай алақан таба алмайсың. Маңдайыңнан ешкім ата-анаңдай мейіріммен иіскеп сүймейді және сенің жан дүниеңді түсінбейді. Егер қанша қателік жасасаң да кешіріммен қарап ақылын айтады. Сол себепті ата-ана деген әр перзентінің бұл өмірдегі баға жетпес қазынасы екенін айтып та, жазып та жүрміз. Міне осындай Темірхан мен Назирадан осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен сегіз перзенттері мәуелі жапырақтарын жайған жайсаң жандар екенін білеміз.

Айгүл Темірханқызы №59 Қарақұм орта мектебін 1990 «Күміс» медальмен бітіріп шықты. Ұлы Абай «Әр адам өзін бір кем дүниенің кеміс-кетігін толтыратын кірпіш санауы тиіс» деген ұлағатты сөзін басшылыққа алып, құқық қорғау саласының бір кірпіші болып қалануын мақсат тұтқан Айггүл 1990 жылы Талдықорған заң техникумының «Құқықтану» факультетіне түсіп, 1992 жылы үздік дипломмен «Заңгер» мамандығын алып шықты.

1998-2003 жж аралығында Қазақ мемлекеттік заң унтверситетінің «құқықтану» факультетінің сырттай бөлімінде оқып, жоғарғы білімді «заңгер» мамандығын алып шықты.

1992-1994 жж аралығында Арал қаласындағы №13 Жылжымалы механикаландырлыған колоннаның кадр бөлімінің бастығы.

1994-1998 жж аралығында Арал аудандық ішкі істер бөлімінің төлқұжаттандыру және виза беру бөлімшесінің аға паспортисткасы.

1998-2001 жж аралығында Арал аудандық ішкі істер бөлімінің анықтау бөлімшесінің анықтаушысы. 2001-2005 жж аралығында Арал аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі, аға тергеушісі.

2005-2006 жж аралығында Арал аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі. 2006-2013 жж аралығында Арал аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесінің бастығы. 2013 жылдың маусым айынан бастап 2015 жылдың қыркүйек айына дейінгі аралықта аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары.

2015 жылдың қыркүйек айынан 2016 жылдың наурыз айына дейінгі аралықта бөлімнің тергеу бөлімшесінің бастығы. 2016 жылдың наурыз айынан бастап бөлім бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін аброймен атқаруда.

Адал еңбек иесі, туған еліне, жеріне халқына қадірлі, пайым-парасаты мол, турашыл әділеттіліктің жанашыры, елжандылық қасиеттерді бойына сіңіре білген Айгүл Байоразованың қызметтегі жетістіктеріне де назар салсақ: ҚР ІІМ-нің 2023 жылдың 16 маусымдағы №323 ж/қ бұйрығымен «полиция полковнигі» арнаулы атағын алды.

1-ші сыныпты заңгер. Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін ҚР ІІМ-нің 1,11,111-ші дәрежелі медалымен, ҚР ІІМ-нің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен, «Тергеу қызметіне 40 жыл «төсбелгісімен, «Тергеу қызметіне 50 жыл» төсбелгісімен, «Қазақстан Полициясына 30 жыл» медалымен, «Тергеу қызметіне 60 жыл» медалымен, «Жедел криминалистика саласына 100 жыл» медалымен, ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен, ҚР ІІМ-нің грамотасымен, ҚР ІІМ-нің Алғыс хаты, Қызылорда облысы Полиция департаментінің «Құрмет грамотасымен» Қызылорда облысы Полиция депортаментінің грамотасымен, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Алғыс хатымен, Арал ауданы әкімінің «Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Пайғамбарымыздың хадисінде «Білім мен қикмет адамның қадіріне қадір қосады, соңында құлды сұлтан деңгейіне жеткенше жоғарылатады» дегендей білім мен қикметінің арқасында қатардағы полицейден полковник шеніне дейін жоғарылауы және ерен еңбегі ескерілген марапаттары Айгүл Байоразованың төккен маңдай терінің қайтарымы іспетті.

Әр саланың өзіндік қызығы, қиындығы, ауыртпалығы, бұралаң бұлтарысы болатыны аян. Енді полиция полковнигі Айгүл Темірханқызына сөз берсек:

– Мен туып өскен құтты қонысым Қарақұмның суы нәрлі, шөбі шүйгін, ауасы тынық болғандықтан шығар, «Қарақұм дегенше – қарағым десейші» деген үлкендерден қалған қасиетті сөз бар. Және осы киелі қоныста дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Әкем Темірхан Байоразұлы дүниеден ерте кетсе де әкелік ұлағатты сөздері есімізде. Бір сөзінде «Өз ағасын сыйламайтындар басқа кісі ағасын сағалайды, осындайлардан сақ боларсың ақ Айкош» дейтін маған. Қазақы салт-дәстүрлерді рухани құндылықтарды, өткен бабалар шежірелерін айтып отырушы еді. Әкемнен естіген өсиеттерді осы күнге дейін өмірімнің бағдаршамы ретінде мойныма тұмар етіп тағып келемін. 

Жұмыс барысында кездескен оқиғалар көп қой соның бірін айтайын. 1998 жылы бөлімнің анықтау бөлімшесінің анықтаушысы (дознаватель) лауазындамын, тәжірибем аз, жаспын. Қылмыстық іс бойынша тергеуге келмей жүрген күдіктіні үйіне іздеп бардым. Ізіме учаскелік инспекторын көмекке ерітпегенмін. Барсам қолайсыздау отбасы екен, сөздері ыңғайсыздау. Анасы екеуі маған неге келдің? деп қоқан-лоқы жасады, мен де қайтпаймын, 25-30 жас аралығындағы еркекті қалайда бөлімге алып барамын деп тұрмын. Олар маған үйден шық деп жатыр, мен шықпаймын, бір кезде күдікті қазақы ошақтың жанында жатқан отын шабатын темір балтаны алып маған қарай жүгірді қорқып кеттім. «Батырға да жан керек» дегендей қаша жөнелдім. Ол қуып келе жатыр, қолында балта мен болсам кіп-кішкентай қара сирақ қыз, үстімде қызметтік форма, қашып келе жатырмын. Сөйтіп құтылдым. Бөлмеге келіп азарланып бір жылап алып, жоқ мен қалай болғанда да оған қатысты қылмыстық істі сотқа жіберемін деп қатуланып, толыққанды құжаттар жинап сотқа тапсырғанмын. Қайтпас қайсар мінезім де бар. Бұл оқиға кезінде мен кіші лейтенант шенінде екенмін. Қазір Аллаға шүкір Арал ауданы полиция тарихында бірінші полковник шенін алған әйел азаматшасы мен болғанымды мақтан тұтамын. Қазір ойлаймын ғой, ол кезде балтадан қорыққан Байоразова, қазір жаумен бетпе-бет мылтық кезенгенде де қорықпаймын ғой деп жатырмын ғой. Осы жылы мамыр айында ІІМ-нің құрылымдарының басшыларына Президенттік кезектен тыс аттестация болды. Мен аттестацияға түсем дедім. Өйткені өз өзіме сенімдімін. Сөйтіп аттестациядан өтіп келдім. Нұрбақытым Астана қаласында М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық университетінің 3-ші курс студенті болашақ заңгер болмақшы, –  деп сөзін қортындылады.

«Әр адам – бір әлем, әр адам – қазына аралы» деп жатамыз. Айгүл қызымыздың қазына аралында қаншама қызықты өмір белестері, ондағы ауыз толтырып айтуға болатын жеткен жетістіктері, ұлтымызға тән салт- дәстүрлер мен рухани құндылықтармен қоса, қыздарымыздың ұмытуға болмайтын халық ескертпелері - нәзіктік, сұлулық, ұяңдық, ибалық, сыпайылық, әдептілік, инабаттылық, өнерлі, іскерлік, шеберлік, пәктік, сүйіспеншілік, рухани байлық, адалдық, қайрат-жігері бәрінен де ар тазалығы сияқты қасиеттерге толы.

Алла тағала еліміздің тыныштығын бере көр деп бірінші Алладан тілейміз, сонан соң Тәуелсіз елімнің әрбір таңы арайлап атсын деп тәртіп сақшыларынан тілей отырып, барша тәртіп сақшыларын «Қазақстан полиция құрылған күні» кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын демекпін.

Өнегелі дүлділдердің өмір белестерінен дәріс алып, әке қаны мен ана сүтімен дарыған жайсаң мінез, иманын жүрегіне ұялатқан әдеп пен көрініс тапқан ұрпағына аналық қасиетін еге білген, қиындығы мен қызығы мол қызметте ел тыныштығының күзетшісі ретінде абыройға бөленіп, Алладан өзіңе зор денсаулық, отбасыңа амандық тілей отырып, өмірден алған мол тәжірибеңізді кейінгі ұрпақтарға еге бер деген сексеннің сеңгірінен асқан аталық тілегімді жеткізгім келеді.

 

Тағы да оқыңыз: