Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында салық жүйесін реттеу жайында "Енді бюджеттің кіріс бөлігіне келейік. Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда, бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр. Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр. Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды", - деді. Расында салық түсімдері арқылы ауданның дамуы қарышты өсіп, елдің еңсесі тіктеліп келеді. Оны күнделікті көзбен көріп жүрміз. Оған да осы заңнамадағы өзгерістер себеп.
Қазіргі таңда жалпыға бірдей декларациялау күн тәртібіндегі өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер декларациялаудың 2-кезеңі бойынша тапсырған болса, биылғы жылы 3-кезең бойынша жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер тапсыратын болады.
Осыған байланысты аудан халықына түсіндірме жұмыстарын жүргізу және салық саласындағы өзгерістерді жеткізу үшін Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің, түсіндіру жұмысы және байланыс орталығының басқарма басшысы Г.Қарымсақова арнайы жұмыс сапарымен келді.
Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңін енгізу шеңберінде алдымен З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен семинар өтті.
– Әрбір қазақстандық азамат кезең-кезеңімен декларация тапсыратын болады. Өткен жылы мемлекеттік мекеме қызметкерлері тапсырған болса биыл кәсіпкерлер өздерінің шелелдерді бағалы дүниесі бар - жоқтығын растап, декларация тапсыратын болады. Ескеретіні, белгіленген уақыт ішінде тапсырмайтын болсаңыздар, бірінші ескерту беріледі. Қайталанған жағдайда айыппұл салу енгізілген, - деді Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Еркебұлан Өмірсерікұлы.
Семинарда декларацияны қалай тапсыру керектігі және онда қандай мәліметтер қамтылатыны жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен бірге мобильді аударымдар төңірегінде қойылған сұрақтарға мамандар жауап беріп, ақпараттар ортаға салынды. Өз кезегінде семинарға қатысушы кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлерінің сауалдарына мамандар толыққанды жауап беріп, жан-жақты түсіндіріп берді.
Түсіндірме жұмыстары онан әрі аудандық аурухананың мәжіліс залында медицина саласының мамандарымен өткізілді. Басқосуда өткен жылы декларацияның 2 кезеңінде 250 бойынша тапсырған мемлекеттік мекеме қызметкерлері биылғы жылы 270 бойынша тапсыру керектігі және онда қандай мәліметтер көрсетілетіні туралы айтылды. Сондай-ақ маңызды тақырып бойынша түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары Жақсықылыш пен Сексеуіл кенті тұрғындарына да берілді. Сала мамандары бұл өңірлерде де болып, халықпен кездесу өткізді.
Аудандық салықшылар тарапынан 12 адам банкрот деп танылған. Өткен жылы елімізде банкроттық туралы заң қабылданған болатын. Бұл банк немесе басқа да заңды тұлға алдында берешегі бар, бірақ оны уақытылы өтей алмай жүрген жандарға үлкен қолдау болды. Яғни табысынан айырылып, денсаулығына байланысты «еңбекке жарамсыз» деп танылған адам кіріс көзінің жоқ екендігін дәлелдеу арқылы өзін банкрот ретінде көрсете алады. Осыған байланысты Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Аида Қаюпова кең көлемде ақпарат берді.
Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді. Олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады. Яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.
– Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы кейбір талаптарды сақтауы керек. Оның атына тіркелген немесе ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек. Өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша төлем жасамаған болуға тиіс. Мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы тиіс. Өтініш берілген күні ол 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуы керек. Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы-жеке тұлғалар жүгіне алады, - деп түсіндірді А. Қаюпова.
Өткен жылдың 3 наурыздан бастап өтініштер «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы қабылдана бастады. Өтінішке кредиторлардың атауын, берешек сомасын, орналасқан жерін көрсете отырып кредиторлардың тізімі борышкердің банктік қарыз шарты және микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу немесе өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
– Сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда, бұл жерде ескеретін тұстар бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы. Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асырады. Банкроттықа өтініш қабылданған жылға жуық уақыт ішінде Арал ауданы бойынша 12 тұлға барлық өлшемшарттаға сәйкес келіп, банкрот деп танылды, - дейді басқарманың бас маманы.
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борышге 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады. Қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады. банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетіннін де ескеру керек.
Сондай-ақ салық саласындағы түрлі сауалдарды да анықтадық. Солар жайында айта кетсек.
Сұрақ: Кәсіпкерлер есептілікті қалай және қайда тапсыра алады?
Жауап: Салық төлеуші салық есептілігін Басқармада орналасқан «өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышы арқылы cabinet.kgd.gov.kz сайтына кіре отырып немесе кез келген интернет желісі қамтылған жерде «е-salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы есептілікті тапсыра алады.
Сұрақ: Декларациялаудың 3 кезеңінде қандай мәліметтер көрсетілу керек?
Жауап: Жалпыға бірдей декларацияның 4 кезеңі бар: 2021 жылдың 1-қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларымен, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдар жұбайларымен; 2023 жылғы 1-қаңтардан бастап – мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері жұбайларымен; 2024 жылғы 1-қаңтардан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары. 2025 жылдың 1-қаңтарынан бастап халықтың қалған санаттары тапсырады.
2024 жылғы 1-қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың III-кезеңіне орай төменде көрсетілген тұлғалар тапсыруға міндетті: Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары. Шаруа қожалық төрағалары мен мүшелері және олардың жұбайлары.Дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 630-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, 2024 жылдан бастап «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларациясын» (250.00 нысанды) ұсыну міндетемесі туындаған жеке тұлғалар үшін, салық есептілігі нысанының түрі «бастапқы», салық төлеушінің «Б санаты» бойынша, 2024 жылғы салық кезеңі үшін ұсынылады. 250.00 нысады декларацияда көрсетілетін мәліметтер: ҚР шегінен тыс жерлердегі жылжитын, жылжымайтын мүліктерін, банктердегі салымдарын және ҚР шегінен тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысты үлесі; ҚР-дағы және оның шегінен тыс жерлердегі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша ғимараттағы үлесі, бағалы қағаздары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, дебиторлық және кредиторлық берешегі, 10000 еселенген мөлшер шегінен аспайтын қолма-қол ақша;
Сұрақ: Декларацияны уақытылы тапсырмаса қандай шара көріледі?
Жауап: Мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбау ескерту жасауға әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – 15 АЕК-тен - 70 АЕК-ке (55380-258440 теңге) дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Сұрақ: Мобильді аударым қабылдаудан бас тартқан жағдайда қайда шағымдануға болады?
Жауап: Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады. Себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап). Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы).
Сұрақ: Бақылау-кассалық машиналарды қолдану тәртібі қандай?
Жауап: Бақылау-касса машиналарын (БКМ) қолдану тәртібі Салық кодексінің 165-169 баптарында айқындалған. Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және беру функциясы бар БКМ мiндеттi түрде қолданыла отырып жүргiзiледi. Ақшалай есеп айырысулар – қолма-қол ақша және төлем карточкаларын және мобильдік төлемдерді пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жүзеге асырылатын есеп айырысулар. Осылайша, ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде барлық салық төлеушілер бақылау-кассалық машинасын қолдануға міндетті.
Сұрақ: Дара кәсіпкер ретінде тіркелу және есептен шығудың сатылары қандай?
Жауап: Дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны, яғни тіркелуі туралы хабарламаны 2 тәсілмен жіберуге болады. Бірінші онлайн режимде e-gov порталы арқылы elicense.kz порталында тіркеліп, немесе Каspi kz,Halyk Bank банктік қосымшалары және де «е-salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы. Еінші келу тәртібімен қағаз түрінде Мемлекеттік кірістер органдарының қызмет көрсету орталықтары немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы.
Негізінен, ДК жабу кезінде бірнеше талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, «таратылу салық есептілігінің» табыс етілуі, бюджет алдында берешектердің болмауы, кассалық аппарат бар болған жағдайда, оны есептен шығару туралы салықтық өтініштің ұсынылуы. Сондықтан да, электронды түрде өтініш берместен бұрын, осы талаптардың орындалуы шарт. Егер де, осы талаптар орындалмастан өтініш берілген жағдайда, бағдарлама «таратылу салық есептілігінің» болуын, кассалық аппараттың есептен шығарылуын, берешектің болмауын автоматты түрде тексеріп, таратылу салықтық өтінішіне «өңдеуден бас тартылды» мәртебесі тағайындалады. Ал, осы талаптар толығымен орындалған жағдайда өтінішке «құжат өңделді» мәртебесі беріліп, 10 жұмыс күні ішінде тиісті іс-шаралары жүргізіле отырып, салық төлеуші дара кәсіпкер ретінде тіркеуден шығарылады. Осы ретте, дара кәсіпкер электронды түрде ұсынылған өтініштің толық өңделуіне мән беруі тиіс. Яғни, тиісті талаптар орындалмаған жағдайда ДК жабылмайтынын ескеруі шарт. Ал саланың білгірлері осы саланың қарқынды дамуына бастап отыр.
Шым-шытырық есеп-қисап кез келгеннің қолынан келе бермейтін жұмыс. Математика сыйқыры көп әлем. Оған бойлау оңай емес. Әсілі күрмеуі қиын есепті ақылы жүйріктер ғана шеше алатыны айтпаса да түсінікті. Жастайынан сандардың сырын білуге ұмтылып, кейін сол саланың қыр-сырын меңгерген маманға айналған Базаркүл Сәрсембаева бүгінгі мақалаға арқау болмақ.
Базаркүл Дүйсенғалиқызы Арал ауданынына қарасты Қаратерең ауылында 1968 жылы Дүйсенғали мен Дариха анамыздың шаңырағында 9 баланың сегізіншісі болып дүниеге келген. Бала кезінен оқуға құмар, білуге құштар Базаркүл Дүйсенғалиқызы мектеп бітірген соң білімін жетілдіруді алдына мақсат етіп қояды. Алдымен Шымкент кооперативтік техникумын бітіріп шығады. Кйін 1994 жыл Алматы қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
– 1987 жылы Арал аудандық балық аулау, тұтыну одағында еңбек жолын бастадым. Көтерме базасының бас есепшісі болдым. Кейін 2000 жылдан бастап Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында жетекші маман, бас маман қызметтерін атқардым. Қызығы мен шыжығы мол жұмыста содан бері еңбек етіп келемін. Қазір 24 жылға таяды. Арал ауданы бойынша мемлекеттік басқармасында 2014-2022 жылдар аралығында «Салықтық бақылау және есептеу талдау» бөлімінің басшысы қызметін атқарғанмын. Қазіргі таңда осы бөлімде бас маманын, - деген Базаркүл Дүйсенғалиқызы еңбек жолы туралы айтып берді.
Жауапкершілі мол маман әркез өзіне артылған сенім үдерісіне шығып, міндетін мүлткісіз орындап келеді. Оған жүкетелген міндет аудан бюджетінің орындалуы және ауылдық округтер мен қаланың жоспарланған қаржысының тиісті жұмсалуын бақылау мен саралау.
– Ешбір жұмыстың оңайы болмайды. Соның ішінде бізге артылған жауапкершлік жүгі тіптен жоғары. Есеп деген бір цифрға байланған дүние. Мүлт кетуге хақың жоқ. 2000 жылдары жұмысқа келген кезімде барлығын қолмен есептейтінбіз. Есептіліктердің барлығын қағаз күйінде қабылдап, оларды тізімге алып, базаға енгізуші едік. Ал қазір заман ағымына сай бәрі де оңтайланды. Ақпаратты технологияның жемісін көріп отырмыз. Қазір есеп тапсыратын арнайы сайттар, платформалар жұмыс істейді. Автоматты түрде есептеп шығатын машиналар да бар. Дегенмен қай жұмыс та жіті қадағалауды талап етеді, - деп түсіндірді кейіпкеріміз.
Ол аудан қаржысының игерілуін есептеуден бөлек анализ жасап кірістер мен шығыстарды таразылайды.Мәселен өткен жылғы көрстекіштер мен биылды салыстыра отырып, артық кемінің жігін ажыратады. Және қосымша кірістер көзін қарастырып, жаңа жобалардың табыс түсіміне талдау жасап отырады.
Өз саласында кәсіби, білікті маман ретінде және жауапкершілігі мол қызметкер екенін көрсете білген Базаркүл Дүйсенғалиқызын әріптестері де жоғары құрметтейді. Өзінің функционалдық міндеттерін біледі және бұлжытпай орындап, мемлекеттік және қызметтік құпияны сақтай отырып, өзінің кәсіби біліктілігін көтеруде үнемі ізденіс үстінде жүретін Базаркүл Сәрсембаев көркем мінезімен де көпке сыйлы.
Ол қарбалас тірлігімен қатар басқарманың қоғамдық өміріне және жалпы іс-шараларына да белсене араласады. Және әріптестерінің кәсіби деңгейін көтеруге көмектесіп, қызметкерлердің жұмысын сапалы орындауға, өз міндеттерін орындауда кемшіліктер мен қателіктер жібермеуге аса көңіл бөліп ақылы мен тәжірибесін бөлісіп отыратын жан.
Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жұмысының жүйелі атқарылуына жәрдемдесіп, өз міндетін қаотқысыз атқарып еңбегімен елеулі болған кейіпкеріміз өз мамандығына шексіз берілген нағыз еңбек адамы екендігін әрбір сөзін бағамдап, өз жұмысын саралап түсіндіріп бергенінен ақ аяғаруға болады. Әлі де жемісті еңбек жолын жалғастыра бетінін кәміл сенемін.
Фото: freepik
