Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Елімізде барлық баланы профилактикалық медициналық тексеруден өткізу ісі жолға қойылған. Әрбір ірі елді мекенде жастардың денсаулық орталықтары жұмыс істейді деуге болады. Жыл сайын үш миллионға жуық ересек адам скрининг және кәсіби тексеру бағдарламасынан өтеді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызмет алуына бірдей мүмкіндік жасау үшін біз бірқатар реформа жүргіздік. Нәтижесінде соңғы бес жылда ауылдардағы алғашқы көмек көрсету пункттерінің саны үш еседен астам көбейді" деген болатын.

Десе дегендей-ақ бұл бағыттағы жұмыстар жұртшылықтың, Қазақстан халқының, аудан халқының көз алдында жүргізіліп жатыр. Нақтырақ тоқталар болсақ былтыр жылдың аяғында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға жұмыс сапарымен келіп, дәрігерлік амбулаторияны табыстау рәсіміне қатысты. Жаңа жыл қарсаңында ауылдарда ашылған жаңа медициналық нысандар – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жемісі.

Нақтырақ тоқталсақ, Бөген, Қызылжар ауылдарында әрқайсысының құны 400 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулаторияның, Көктем елді мекенінде медициналық бекеттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. 

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ұлттық жоба бойынша іске асқан игіліктер туралы айтты. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынуда. Биыл соның қатарындағы 15 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Бұған дейін Сырдария, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 7 жаңа медициналық нысан ел игілігіне табысталды. Енді өздеріңізбен бірге Бөген ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны ашамыз. Шалғайдағы елді мекендерде мұндай нысандардың бой көтеруі – мемлекеттің ауыл медицинасына, тұрғындар денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмысының бір тармағы. Осы жылы Тастүбек және Жалғызағым елді мекендерінде медициналық бекеттер жаңадан салынып, ел игілігіне табысталды. Келесі жылы Тоқабай ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Бұл қамқорлық өңір медицинасының дамуына оң ықпал етеді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы. 

Іс-шара барысында Бөген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Әбдікәрімов жерлестерін құттықтап, игі тілек білдірді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтарына құрмет көрсетілді. 

Айта кетейік, «Аман-Құрылыс» ЖШС амбулаторияны бір қабатты етіп салған. Мұнда тіркеу орны, қабылдау, дәріхана, оқшаулау, физиотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар. Жеке бу қазандығынан дизель отынымен жылытылады. Ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы. 

Былтыр облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда. 

Сондай-ақ көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қарасты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылған.

Тұрғындар үшін тағы бір таптырмас мүмкіндік тегін дәрі жағдайы. Әлбетте мемлекеттен берілген тегін дәрі сырқаты меңдеп, дерті асқынған жандардың айығып кетуіне, науқасының жеңілдеуіне мүмкіндік береді. Жалпы әрбір қазақстандық мемлекеттен берілетін медециналық көмекті алуға толықтай құқылы. Денсаулық адам баласының ең үлкен байлығы. Кейде сол құндылығымызға қылаудай дерт жабыса қалса мән бермей асқындырып алып жататын жағдайлар да болады. Әсілі денсаулықтың қадірін басы ауырып, балтыры сыздаған жандар жақсы білсе керек-ті. Бүгінде елімізде түрлі ауруы бойынша тіркеуге алынғандарға тегін дәрі-дәрмек беріледі. Ол да өзінше көмек. Бүгінгі мақалаға тегін дәріні кімдер алады, және қалай тағайындалады деген сауалдарға мамандар пікіріне жүгініп жауап алған едік. 

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шең­берінде және міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тандыру жүйесінде дәрілік заттар, медициналық бұ­йым­дармен қамтамасыз етуге, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін және же­ңіл­дікпен берілетін дәрілік заттардың тізбесі бекітілген. Ол үш бөліктен тұрады. Біріншісі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар. Екіншісі, ересектерге арналған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар. Үшіншісі, 18 жасқа дейінгі бала­ларға арналған амбу­ла­ториялық деңгейде МӘМС шеңберіндегі дәрілік заттар мен бұйымдар.

Мысалы, еліміздің кез келген азаматы қандай да бір ауруға шалдыққан жағ­дайда, алдымен өзі тіркелген емханаға қаралады. Дәрігердің нұсқауымен анализдер тапсырып, диагнозы расталған соң, диспансерлік есепке тұрады. Содан ке­йін емдеуші дәрігер науқасқа   дәрілік рецепт жазып береді. Алайда, науқасқа, жоғарыда аталғандай, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «Тегін медициналық қызметтің кепіл­дендірілген көлемі» шең­бе­рінде арнайы тізімдегі дәрі-дәр­мектер ғана тегін беріледі.

– Тегін дәрі-дәрмектермен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы №149/2020 бұйрығына сәйкес, диспансерлік есепке алынған назалогиялар бойынша динамикалық бақылауды қажет ететін тұрғындарға және Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекеленген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы №75 бұйрығына сәйкес қамтамасыз етіледі. Тегін дәрі-дәрмекті алу үшін әрбір азамат жылына 1 рет профилактикалық тексеруден және скринингтен өтіп, ағзаларында қандай да бір ауытқулар болған жағдайда, әрі қарай толық тексеріліп, ҚР ДСМ №149 бұйрығына сәйкес, диспансерлік бақылауға алынуы тиісті, – дейді ауданаралық емхананың формацевті Әсемгүл Сүлейменова. 

Көбіне дертті адамды дәрігер маман тізімге ала-алады. Егер азамат жүрек ақауы болса кардиолог, жүйке жүйелеріне залал келген болса психолог сынды арнайы мамандар есепке алады. Содан соң аймақтық дәрігерге ұсынады. Осыдан кейін арнайы беткітіген тізімдегі тегін дәрілік заттарды пайдалануға мүмкіндік алады. 

– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілік заттар 35-ке жуық ауру түрі бойынша барлық диспансерлік есепте тұратын науқастарға тегін беріледі. Оларға қан айналым жүйесінің, тыныс алу, ас қорыту, қан, қан ұю ағза­ларының аурулары және иммундық механизмді тартатын жекелеген бұзылулар, эндокриндік жүйе аурулары,  психикалық бұзылулар, нерв жүйесі, онкологиялық, тағы басқа бірқатар аурулар жатады. Тегін дәрі алушылардың тізімі жарты жыл бұрын қарастырылады. Және жылдың аяғында тізім нақтыланады. Мәселен, 2025 жылы тегін дәрі-дәрмек алушылардың тізімі қазір жасалып жатыр, - дейді формацевт маман.

Ұзақ жылдан бері тегін дәрі-дәрмек алып жүрген аудан түрғыны Элмира Сержанқызы қазіргідей қымбатшылық кезеңінде бұл үлкен көмек кендігін айтады. 

– Мен 2016 жылдан бері анемиямен тізімде тұрамын. Маған аймақтық дәрігер тегін дәрі келген кезде арнайы хабар береді. Өзіме ұсынған тағайындауды растайтын құжаттымен барып, қажетті дәрілерімді аламын. Соның арқасында қазір денсаулығым біршама жақсарып қалды. Ал сол дәрілерді сатып алатын болсам, менің қалтама үлкен салмақ түсірген болар еді. Себебі өзім денсаулығыма байланысты жұмыссызбын. Отбасында алты балам бар. Сондықтан тегін дәрі маған үлкен көмек болып отыр, – дейді ол.

Осындай қолдаулар тұрғындардың қауіпті кеселдермен, соңғы жылдары асқынып бара дерттердің алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай аурудың бірі күн санап қауіптілігі артып келе жатқан аллергия болып отырғаны жасырын емес. Күн жылынса мұрыны бітіп, түшкірік қысып, бет-жүзі қызарып –бөрткен адамдар қатары көбейе түскендігін байқаймыз. Қазір екі маусымдық аллергия құрығын кеңге сермеп келе жатыр. Оған дәлел екінің бірінің осы дерттің азабын тартып жүргендігі. Қоғамда өркениеттің дамуына байланысты тұрмыстық химия өнімдерінің көбеюінен аллергиямен ауыратындардың саны да артып отыр. Бұл ауру адам иммунитетінің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан пайда болады дейді ғалымдар. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде әлем халқының 40 пайызы аллергиямен ауырады. Ал Қазақстанда мұндай дертке шалдыққандардың саны – 35-38 пайызды құрап отыр. 

Расымен де қазір аллергия халық арасында белең алған аурулардың бірі. Дәрігер мамандардың айтуы бойынша, аллергия адам өмірі үшін ең қауіпті аурулардың бірі. Аллергияны емдетпей, асқындырып алу өмірге қауіпті, бронх демікпесі, көмекейдің iсiнуі пайда болуы мүмкін. Ал ең қауіптісі – анафилактикалық шокқа әкелуі ықтимал. Сондықтан оны асқындырмай, білікті дәрігерге бару керек.

Соңғы он жылдан бері аллергиямен өмір сүріп келе жатқан Марат Қаниев жаз мезгілі басталса, аллергияның салдарынан қоғаммен қатынасты тоқтатанын айтты. 

– Биыл аллергияның азабын тартып келе жатқаныма тура 10 жыл болыпты. Бұл ауру менде жаз мезгілінде ғана пайда болады. Яғни тіршілік қайта түлеп жерге көк көтерілген шақтан бастап мен қалыпты өмір сүруден қаламын. Түшкіру, әлсіздік, тершеңдік басып басым ауырып, өне бойым сыздай бастайды. Түні бойы ұйқы көрмеймін. Мұрынымнан су ағып, әбден мазам қашады. Сол себепті той, құдайы астар, жалпы көпшілік жиналатын орындарға барғым келмейді. Өзімді ыңғайсыз сезінемін. Бастапқы жылдары емін салдырып жүрдім. Кішкентай құтыдағы бір реттік қолданатын уколының өзі біршама қымбат тұрады. Бірінші жылы әсері жақсы болды. Аллергиядан арылып жақсы болып қалдым.  Келесі жылы басталғанда әлгі емді тағы жасадым. Бірақ бұл жолы әсері тек бір айға жетті. Ал үшінші жылы, онан кейінгі жылдары мүлде әсер еткен жоқ, – деді ол. 

Марат ұзақ жылдар аллергияның азабын тартып келсе де, өзінің нақты неден аллергия екендігін білмейді. Өйткені бізде оны анықтайтын орталық жоқ. Ал ірі қалаға барып анықтатуға көп қаражат керектігін айтқан ол амалсыз аурумен алысып жаймашуақ мезгілде жайсыз күн кешіп жүр.

Елімізде аллерияны анықтайтын орталық тек Алматы мен Астана қаласында ғана бар. Ондай орталықта аллерголог мамандар зерттеу жасап, адамның қандай заттан қоздырғышы бар екенін анықтап береді. Соған қарай ем тағайындалады. Өзінің неден аллергия екенін білмей жатып дәріханадан кез келген дәрі-дәрмекті алып қабылау адам өміріне қауіпті көрінеді. 

Аллерголог дәрігер мамандардың ақпарат көздерінде берген сұхбаттарын талдап олардың пікірлерін оқып шықтық. Жоғары санаттағы аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалия Түсіпбекованың пікіріне сүйенсек, аллергия тұқым қуалайтын аурулар қатарына жатады екен. Сондай-ақ жан-жақты мағұлымат берген дәрігер емдеу, алдын-алу шаралары туралы да кеңінен түсіндіріп өткен. 

Дәрігер тамаққа, жануарлардың жүніне, оның қайызғағына, зәріне және шаңға, шаң кенесіне, дәріге, шөпке аллергия көбейіп кеткенін айтады. Тіпті кейде жаңа туған сәбидің ана сүтіне аллергиясы болады екен.

– Аллергия – тұқым қуалайтын ауру. Мысалы, оның әкесі мен шешесі аллергиямен ауырса, сәбидің бұл ауруға шалдығу ықтималдығы - 60%. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. 1 жасқа дейінгі балалардың басым бөлігінің тамаққа және үйдегі шаң кенесіне аллергиясы болады. Жалпы балалар аллергиясының 90%-ы тамаққа байланысты. Ал ана сүтіне аллергия болған кезде, емізуді тоқтатуға тура келеді, – дейді аллерголог.

Сондай-ақ Ғалия Түсіпбекова балада аллергия болса, тезірек дәрігерге қаратып, аллергендерді анықтау қажеттігін атап өтті. Дәрігердің пікірінше, диагнозды уақытында қою, ауруды асқындырмауға септігін тигізеді.

Аллергияның пайда болуына қоршаған ортаның ластануы, темекі шегу, нашақорлық, полипрагмазия (дәрі-дәрмектердің жиі қолданылуы), сәбилерді жасанды тағамға ерте үйрету, өндірістік-тұрмыстық химиялық заттардың көп қолданылуы, күнделікті тұтынатын тағамдарда ГМА (гендік модификацияланған ағза) қоспаларының, консерванттардың болуы, бауыр мен асқазан-ішек жолдарының созылмалы аурулары, стресс, жұқпалар да септігін тигізеді дейді аллерголог мамандар.

Ғалымдардың айтуынша, жоғары дамып кеткен елдердің халқы аллергиямен жиі ауырады екен. Біздің иммундық жүйеміз екіге бөлінеді: бірі вирустармен, ал екіншісі – бактериялармен және паразиттермен күреседі. Осы екіншісі аллергиялық қоздыруға әкеліп соғады. Мәселен, иммунитеттің қандай да бір бөлігі жұмыс істемей тұрса, ол өз-өзіне тапсырмалар ойлап табатын көрінеді. Сондықтан біздің дезинфекциялық тазалауымыздан соң бактерия қаншалықты азайса, соншалықты аллергия өршіп кетеді деген қауіп бар. Бүгінде дамыған қоғамда паразит өте аз. Ал дамымаған елдерде, керісінше, бактерия мен паразит өте көп, сондықтан халықтың иммундық жүйесінің сол бөліктері әрдайым жұмыс істеп тұрады да, олардың жаңа «жауларды» іздеуге уақыты болмайды. Сондықтан, бұл елдерде аллергия өте сирек кездеседі екен.

Бүгінде көптеп кездесетін аллерияның адам баласында екі жағдайда пайда болады. Бірнішісі тұқым қуалаушылық жолмен берілетін болса, екіншісі жүре келе пайда болады. Бұл аурудың басты қоздырғышы қоршаған ортаның ластануы мен тұрмыстық химиялық заттардың алуан түрлі болуынан. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан аймағында шаң-тозанға мезгілдік аллергия жиі кездеседі. Тұрғындарының аллергияға бейімділігі артуына өндірістің дамуы себеп. Өндіріс дамыған аймақтарда аллергиялық аурулардың саны 25-30 пайызға дейін артық болады. Аллергияның нақты себебін тауып, кешенді ем жүргізетін болсақ арылуға болады. 

Ал науқастың жағдайын жасап, басы ауырған, балтыры сыздаған азаматтар мен азаматшаларға көмек көрсетіп келе жатқан «Алтын дәрігер» атанған абзал жандарды атай кету керек. Өз ісінің білгірлерінің бірі осы кісілер.

Жанына шипа, дертіне дауа іздеген жанның алғысына бөленуді бір бақытқа балайтын Айна Қожанова аудандағы денсаулық сақтау саласында 29 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Бір қызығы Айна Бақытқызы бір-бірімен мүлде қабыспайтын екі түрлі мамандықты меңгерген. Медбикеліктен бөлек, мұғалімдік мамандығы бар кейіпкеріміз таңдау түскенде шипагерлік жолды таңдағанына өкінбейді. Себебі ол жуырда «Медицина үздігі – 2023» республикалық конкурсында «Үздік ауыл мейіргері» номинациясы бойынша «Алтын шипагер» жүлдесінің жеңімпазы атанды.

Тілшілік мамандықты меншіктеп алған соң қай жерде жүрсек те құлағымыз түрік жүреді. Бір жақсы жаңалық, елең еткізер оқиғаның куәгері болсақ ақжолтайлап елге жеткізгенше асығамыз. Жуырда Айна Бақытқызының аудан мерейін асырып, өз біліктілігін мойындатып, республикалық сайыстан «Алтын шипагер» жүлдесін алғанын естідім. Бұл менің қалам тербеуіме арқау болар оңтайлы жаңалық екендігін біліп, Айна Бақытқызын іздеп жұмыс орнына бардым. Жылы шыраймен қарсы алған ол емен-жарқын әңгімесін бастап кетті. 

– Арал ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінде дүниеге келдім. Ауылдағы №81 орта мектепті «Алтын белгі» иегері ретінде аяқтадым. 1991 жылы Ақтөбе медициналық училищесінің «акушер» мамандығына оқуға түстім. Оны тәмамдаған соң жоғары оқу орнының дипломын алуды мақсат еттім. Жалпы өзіме медицина саласы да, мұғалімдік мамандық та ұнаушы еді. Осылай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға қабылданып, оны да ойдағыдай аяқтадым. Алайда еңбек жолымды медицина саласымен ұштастырып, халықтың денсаулығы жолында қызмет етуді таңдадым, – дейді кейіпкеріміз. 

Осылайша Айна Бақытқызы еңбек жолын 1994 жылы Арал аудандық әйелдер консультациясында аймақтық акушер болып бастайды. Кейін «Байтұрсынов» ауылдық емханасында мектеп мейіргері, ем-шара бөлмесінің мейіргері, патронаж мейіргері және аға патронаж мейіргері болып үздіксіз 29 жыл жұмыс істеген. Кейіпкеріміз үшін COVID-19-бен күрес кезінде тәжірибе мен білімді ұштастырып, уақытпен санаспай еңбек етуі өз мамандығының бағасын асырып қана қоймай, мерейін де өсірді.

– Елімізге келген нәубет COVID-19- бен күрес кезінде КВИ-1 стационарлық бөлімшеде, провизорлық бөлімшелерде 3 жыл еңбек еттім. Осы кезде өлімге бетпебет келген науқастардың жан қиналысын көрдім. Оларды аман сақтап қалу үшін білімім мен білігімді аямау керектігін ұқтым. Ол кезді еске алудың өзі қиын. Бірақ менің маман ретінде жан-жақты шыңдалуыма септігін тигізді. Аурудан айыққан адамдар шын жүректен ақ тілектерін арнап жатқанда көкірегімді мақтаныш сезімі кернеді. Еңбек адамы үшін халықтың берген бағасынан, айтқан алғысынан асқан қошемет бар ма?! – дейді ол. 

Айна Бақытқызының еңбегі мен біліктілігін ұжымдастары да жоғары бағалайды. Қызмет еткен жылдарында аудандық, облыстық марапаттарға ие болған. Биылғы жылы 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күні кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған облыстық сайысқа қатысып, «Үздік маман – 2023» номинациясын иеленеді. Ал жуырда 2023 жылдың қорытындысымен «Медицина үздігі – 2023» республикалық конкурсының «Үздік ауыл мейіргері» номинациясының «Алтын шипагер» жүлдесін жеңіп алды. Айна Қожанованың бұл жетістігі ауданның мерейін өсірді. 

– Конкурс тек медициналық біліктілікті танытуға бағытталды. Біз бірнеше кезең бойынша тест тапсырдық. Соның нәтижесінде ақтық кезеңге Атырау мен Қостанай облысынан үміткер мамандар және Қызылорда облысы атынан мен шықтым. Жүлдегердің есімі шара үстінде жабық конверт ішінде жасырылған болатын. Конвертті ашып, менің есімім айтылғанда төбем көкке жеткендей қатты қуандым, – дейді ол. 

Әрине бұл жетістік оған оңай жолмен келген жоқ. Талай жылдан бері кәсібін адал атқарумен қатар өзінен кейінгі жастарға білгенін үйретіп, ұстаздық етіп, кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп, түрлі мәдени іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын Айна Бақытқызы көпке үлгі боларлық маман. 

Ол қазіргі таңда Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының аудандық аға патронаж мейіргері қызметін атқаруда. Мерейі үстем болған мейіргердің әлі де алар асуы, бағындырар белестері алда деп ойлаймын.

Тағы бір қолы шипалы, сөзі дәру ақ халатты жан бар. Ол 37 жыл медицина саласымен біте қайнасып тіршілік етіп келеді. «Дәрігер болсам» деген балалық тілек оны медицина саласының білікті маманы етіп шыңдады. Сонау бала  арманы оны алдаған жоқ. Жетістіктер биігінен көрініп, мамандығының құрметтісіне айналған жанды әріптестері де жоғары бағалайды. Біз 2023 жылы Ұлттық медицина ассоциациясының «Алтын дәрігер» атағын жеңіп алған Байтұрсынов атындағы ауылдық емханасының дәрігері Айнаш Мырзалиева туралы айтып отырмыз.

Айнаш Алшынбайқызы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген соң 1987 жылы жолдамамен Қазалы ауданының ауруханасында еңбек жолын бастайды. Кейін отбасын құрған соң туған жерге келіп еңбек ету бақыты бұйырады. Осылайша 1991 жылы аудандық ауруханада терапевт дәрігер болып жұмыс істейді. Кейін 1999 жылдан бастап Байтұрсынов атындағы ауылдық емханасына аймақтық дәрігер қызметіне тағайындалады. 

– Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Әрине, адам өмірін жауапкершілікке алу оңай емес. Дегенмен дертіне дауа, жанына шипа іздеген жандарға қол көмегімді жасап, олардың ауруынан айығып, қалыпты өміріне қайта оралуына қолдау көрсету мен үшін құрметтің ең биігі болды. Бастапқыда акушер-гинеколог болуды ойлағанмын. Кейін ойлана келе жалпы медицина, емдеу ісі мамандығын алдым. Жас маман болдық. Тәжірибе жинақтап шыңдала түстік. Еңбек жолында түрлі дертке шалдыққан адамдармен күн сайын жүздесіп, оларға дәрігерлік көмек көрсетіп келемін. Бұл менің ең бірінші маман ретіндегі парызым деп білемін. Дәрігер үшін біліктілік пен көркем мінезді болу аса маңызды. Себебі науқас алдымен дәрігердің қабағын бағады, – дейді 37 жыл өмірін аудан медицинасының дамуына арнаған дәрігер. 

Оның жауапкершілікпен атқарған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кәсіби мерекелер қарсаңында аудан, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып келеді. 2014 жылы өзінің тәжірибелі маман екендігін дәлелдей алған Айнаш Алшынбайқызы «Үздік емхана дәрігері» аталымы бойынша облыс әкімінің 1 миллион теңге сыйақысын еншілеген. Қызылорда қаласының 100 жылдығы мерейтойына орай төсбелгімен марапатталған. 

– Жетістіктер мереймізді өсіріп, мәртебемізді биіктететіні сөзсіз. Бірақ ешқашан «мен марапат алайын» деп сұранып көрген емеспін. «Сырт көз сыншы» дейді ғой. Басшылық, одан қалды қарапайым халық бағалап, лайық деп тауып ұсынып жатады. Мұндайда елдің құрметіне бөлену әрбір маман үшін ең бір жүрек тебірентерлік сәт деп ойлаймын. Бәрінен де дерт жанын жүдеткен жандардың батасын беріп, шын жүрегімен айтқан алғысын есту мен үшін бар марапат пен мақтаудан биік тұрады, – дейді дәрігер. 

Жоғары санатты дәрігер өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқының денсаулығын сақтауға қосқан үлесі үшін Ұлттық медицина ассоциациясының «Алтын дәрігер» атағын жеңіп алды. Бұл – осы саладағы жоғары біліктілігімен кәсіби шеберлігін танытқан, жемісті еңбек етіп жүрген дәрігерлерге берілетін марапат.

Кейіпкеріміз еңбекте абыройлы, білікті маман болумен қатар отбасылық бақытқа кенеліп, ұл-қыз тәрбиелеп отырған отанасы. Жолдасы Бектібай да елге еңбегімен танылған азамат. Теміржол саласында ұзақ жылдар табанды еңбек етіп, бұл күні зейнет демалысына шыққан. 

– Ұлым Нұрсұлтан медицина саласын таңдады. Қазір аудандық емханада хирург болып еңбек етуде. Ал қыздарымыз Гауһар мн Раушан мұғалімдік мамандықты меншіктеді. Біз балаларымыздың мамандық таңдауда өз еріктеріне қалдырдық. Жүректері қалаған мамандықты таңдағаны дұрыс деп ойлаймын. Негізінде адам өзі шын қалап алған мамандықы меңгергенде ғана жетістікке де, табысқа да жете алады, – дейді Айнаш Алшынбайқызы. 

Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы тұста біздің кейіпкеріміз саналы ғұмырын ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына арнап, барлық үдерістен шыға білген жан деп айтуға болатындай.

Тағы да оқыңыз: