Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кезекті Жолдауынан туындайтын мәселелерді және бағдарламаларды іске асыру негізінде қазір елімізде ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығын дамыту істерінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы басты назарда. Бүгінде осы бағдарламалар аясында келелі істер жүзеге асып, көптеген ауыл халқына қолайлы жағдай туғызуда. Солардың бірі – Қосаман ауылдық округі.
Қосаман ауылдық округінің құрамына қазір Қосаман және Ақеспе ауылдары кіреді. Екі ауылды қосқанда барлығы 126 шаңырақта 719 тұрғын бар. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 332, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 142 адам болса, жалдамалы қызметкерлер – 180, зейнет жасында 44 тұрғын бар. Алтын, күміс алқа таққан Батыр аналар саны – 30, 7 жұмыссыз жан болса, 2023 жылы 16 тұрғын жаңадан жұмыспен қамтылды.
Өркениетті даму көшінен қалыспаған ауылдық округтің әкімі Әлібек Ізбасаров өз жұмысын қалтқысыз атқарып келеді.
– Ауыл әкімдерінің құзіреттілігін нығайту үшін жергілікті өзін-өзі басқару және ауылдық аймақтарды дамыту бағыттары бойынша ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті мекеме басшыларымен және қауымдастық кеңестерімен, яғни ауыл тұрғындарымен бірлесіп түрлі сала бойынша халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осы бағытта жыл көлемінде ауыл әкімшілігі, мектеп, клуб, медпункт, ветпункт ұжымдарымен бірлесіп, қайырымдылық акциялары кезінде қамқорлықты қажет ететін отбасыларға ақшалай, заттай түрлі көмектер көрсету күн тәртібінен түскен емес.
Үстіміздегі жылы аудандық бюджеттен Ақеспе елдімекенінде электр желісін жаңарту мақсатында 6 млн 272 мың теңгеге тиісті жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек, ауылдарда түнгі көше жарық шамдарын электр үнемдейтін шамдармен ауыстырылды.
Қазіргі таңда округ халқының саны артып келеді. Осыған байланысты округте балабақша ашу бойынша сұраныс бар. Ауыл халқының сұранысына орай осы жылы Қосаман елдімекенінде жеке кәсіпкердің бастамасымен 40 орындық балабақша ашу жоспарлануда, – дейді Әлібек Ізбасаров.
Қазір округте №68 орта мектеп және №237 негізгі мектеп бар. Білім ордасында барлығы 51 мұғалім қызмет етеді. Мектептегі оқушылар саны 149 баланы құрайды, оның ішінде 19 бала мектепалды даярлық сыныбының оқушылары. Ыстық тамақпен қамтылған балалар саны – 23.
Бұдан бөлек округте тұрғындар қажеттілігін өтейтін 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 ауылдық клуб, 1 ветпункт, 2 кітапхана және «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБД филиалының №1 су айдау станциясы жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, «Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра береді» деген болатын.
Бұл тұрғыда ауылда да жүйелі жұмыстар жасалып, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Ауыл әкімі ай сайын кәсіпкерлерді салалық мәселелер бойынша қабылдап, ұсыныстар бойынша нақты шараларды жүзеге асыруда. Өз кәсібін бастаған және бұл бағытта шаруасын жүйелеген азаматтар мұндай қолдауларға ризашылықтарын білдіруде. Бұл туралы:
– Қосаман ауылдық округінде барлығы 8 шаруа (фермер) қожалығы және 43 жеке кәсіпкер тіркелген. Қазіргі таңда округте кәсіпкерлікті дамыту бағытында қосымша шаралар қолға алынып, жұмыстар жасалуда. Ауылдық округ бойынша 2 азық-түлік дүкені, 1 қоғамдық монша жұмыс жасауда.
Ал кәсіпкерлік бағытта округте барлығы 43 кәсіпкер тіркелген. Сонымен бірге округ бойынша жыл басынан түрлі қаржы ұйымдарына жобалар ұсынылып, қолдау күтілуде.
2023 жылы округте кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен 4 азамат оқып, Ақеспе ауылының тұрғыны О.Санкубаев қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін (көлікке техникалық қызмет көрсету орталығы) бастауда, – деді ауыл әкімі.
Және ауылда кәсіп ашуға ниетті азаматтар тізімі жасақталып, алдағы уақытта «Ауыл аманаты» жоба аясында төмендетілген пайызбен несие алуға ниетті азаматтарға құжат тапсыруға сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Қосаман ауылының тұрғыны Б.Әбілова 2,7 млн теңге несие алып, ауылда құс шаруашылығын дамытуға атсалысуда.
Айта кетейік, 2022 жылы округ бойынша несие алу деңгейі 19,2 млн теңге жеткен болатын. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша округте 4 адам «Бизнес Бастау» арқылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп, өз кәсіптерін бастады. Оның ішінде қоғамдық монша, тігін цехы, кондитерлік өнімдер шығару жобалары бастау алды.
Сонымен қатар мал шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Ауылда А.Сахи 2,0 млн теңге несиемен мал шаруашылығы бағытында 4 жылқы алса, Г.Байадилова «Атамекен» микроқаржы ұйымынан 7,2 млн теңге несие көлемінде 12 түйе алып, кәсібін жасауда.
Ауылдық округ бойынша 2023 жылдың 1 шілдесіне түсетін мал басының саны мүйізді ірі қара – 656 бас, уақ мал – 907 бас, жылқы – 3 273 бас, түйе – 1 801 басты құрады. Биылғы жылдың тиісті мезгілдерінде мал басын бірдейлендіру жұмыстары толық жүргізіліп, тиісті дерекқорларға енгізілді. Сонымен қатар мүйізді ірі қара тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда биылғы жылы 2 бас бұқа алынды. Бұдан бөлек Ақеспе елді-мекенінде 2 балық қабылдайтын тоңазытқыш цехы жұмыс жасауда.
Байланыс қызметі де округ халқы үшін өз шешімін тапқан. Қосаман ауылдық округінде 158 телефон нүктесі жұмыс істейді. Халықтың 100 пайызы отандық «Отау ТВ» спутниктік телехабармен қамтылған. Сонымен бірге бүгінде тұрғындар «KCell» ұялы байланыс операторы қызметін пайдалануда.
Сонымен бірге округте интернет жылдамдығы өте төмен болғандықтан, қазіргі таңда ЖК «Ырыс» арқылы тұрғын үйлеріне «Транстелеком» АҚ-ның қызметін орнату бағытында жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні ауыл тұрғындарының 70% сапалы ғаламтор желісімен қамтылып отыр.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қанатты қағидаға сүйеніп, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесін алып, ауылымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын арттыру мақсатында тұрғындар тарапынан да жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – Қосаман ауылының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жанға алыс-жақындағы ағайын болып тұрғын үй тұрғызып, пайдалануға берілді. Бұл ауылымыздағы жұмыла атқарылған жұмыстардың бірқатары.
Иә, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдың алға қойған міндеттері мен жоспарлары жетерлік. Уақыт еншісінде олардың орындалуы әлі де бізге жақсы жаңалықтар жеткізсін демекпіз.
Сондай-ақ Ақеспе десе алдымен ойымызға ыстық су келеді. Бүгінде округке қарасты Ақеспе елді мекенінде халық арасында «Ыстық су» аталған демалыс орны қызмет жасауда. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде арнайы экспедиция көмегімен 1986 жылы ашылған аталмыш бұл бұлақтан ыстықтығы 62˚ су жер астынан шығып жатыр. Сол уақытта бұл экспедицияның басы-қасында жүрген ауыл тұрғыны Құдайберген Саржанов:
«1986 жылы Ақеспе ауылының маңындағы қазіргі ыстық су шығып жатқан орынды қаздыруға ықпал жасаған едім. Ол уақытта Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі болып қызмет еттім. Ол кезде бұл орыннан ыстық су шығады деген ой төрт ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Бізде жерасты суын елді мекен балықшыларының кәдесіне жаратсақ деген мақсат қана болды. Осы мақсатта сол кездегі Геология министрінің рұқсатымен қазу жұмыстарын жүргіздім. Нәтижесінде, сол аумақтан ыстық су шықты. Дереу тиісті орындар арқылы сынамасын алғызып, тексеріске жіберттік. Сынама қорытындысымен жерасты суының емдік пайдасы бар екені анықталды. Суы ғана емес, сол аумақтағы батпағының да түрлі дертке шипа болатыны белгілі болды. Осыдан кейін Ақеспе ауылынан әрірек жерге санаторий салуға шешім қабылдадық. Бұлақ жанынан қонақүй салып, ыстық су мен балшықтың игілігін ел көрсін деген мақсатта жұмыс істедік. Алайда уақыт өте келе сол кездегі үкімет тарап, бастаған ісіміз аяқсыз қалған болатын» дейді бір сұхбатында.
Қазіргі таңда бұл шипалы суға елдің түкпір-түкпірінен ем қабылдауға адамдар ағылып келуде. Тіпті жаздың күндері 1500- ге жуық азамат келетін көрінеді. Бұлақ басындағы жадынамада су тері, буын, жүйке ауруларына, салқын тигенде пайдалы деп көрсетілген. Ол ғана емес, бұлақ маңындағы батпақ пен ауыл құмының да пайдасы жетерлік дейді халық.
Олардың айтуынша, Арал ауданынан бөлек, Қазалы, Қармақшы, тіпті еліміздің түрлі аумағынан дертіне ем іздеп келетін емделушілер қарасы қалың. «Олардың арасында түрлі пікірлер бар, дегенмен жағымсыз пікір айтқан жанды естімедік» дейді.
Бүгінгі күні ыстық бұлақ маңында арнайы демалыс орны қызмет етіп келеді. Демалыс аймағын заман талабына сай жабдықтау және тынығушыларға (емделушілерге) сапалы қызмет көрсету бойынша талап жоғары. Қазіргі таңда осы орынның туристтік әлеуетін арттыру басты мақсаттың бірі. Осы бағытта аталмыш аймақта электр желісі мен ауыз су жүргізілген болса, ендігі маңызды мәселе жол қатынасы болып тұр. Осыған орай, аудандық бюджеттен Ақеспе елді мекендегі «Ыстық су» бұлағына барар 6 шақырым автомобиль жолының құрылысының жоба-сметалық құжаты әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігіне 497,9 млн теңге бюджеттік өтінім ұсынылды.
Сонымен қатар аталмыш демалыс орнында кәсіп жасауға ниетті азаматтарға тиісті қолдаулар берілуде. Үстіміздегі жылы «Ыстық су» маңына тынығушыларға қызмет көрсету мақсатында ЖК «Сақтағанов» құны 5,0 млн теңге болатын жобасын әзірлеуде. Бұл жобалар елді мекендегі кәсіпкерлік жиегін кеңейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Ал Қосаманның атауы Қосаман бабаның атымен тікелей байланысты екенін біреу білсе, біреу білмес. Ауылдың орталығы болған Қосаман ауылы алғашқыда Құланды қой совхозының бригадасы болып, кейіннен 1962 жылы Құланды зауыты құрылғаннан кейін №1 ферма орталығы болып бекіген. «Қосаман» деп аталуы Қосаман кесенесіне байланысты деседі. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, Қосаман кесенесі туралы деректер кездесіп отырады. Бірінші деректен білетініміз Қосаман бай кісі болған және ел басқарған. Ол туралы, ел басқарып қартайып дүниеден өткендігі туралы мына бір өлең шумақтары ел аузында сақталып қалған.
«Қосаман Дастанменен елдің басы,
Қалған жоқ екеуінде қойдың жасы.
Елубай, Тілеуберген ел басқарған,
Жаңа алған екеуі де қоқал масы».
Өлең өте ұзақ болған, бірақ ұмытылып қалған. Бұл бір шумақ өлеңнен аңғарғанымыз, Қосаман мен Дастанның қартайған шағында дүниеден өткені және Қосаманның Елубай, Дастанның Тілеуберген деген балаларының болғандығын, ел басқарғандығын дәлелдейді. Қосаманның руы – Төртқараның Қызылы. Қосаман жері төртқара руы мекендеген жерлердің бірі. Олай дейтініміз осы төңіректегі қорымдарда Төртқара руының қауымы жерленгендігі осының дәлелі.
Қосаман қайтыс болғанда кесенені баласы Елубай әкесіне арнап салдырған. Баласы Елубай да заманында белгілі би, атақ-абыройы бар ауылнай болған. Ол осы билік пен байлықтың арқасында Қосаман кесенесін қырық жігіттің күшімен бір жазда салып бітірген. Қосаман кесенесінің кірпішіне биенің сүтін қосып, жылқы аяғымен илетіп, құм төбенің басына тұрғызған. Кесененің ірге тасы шақпақ тастардан қаланған.
Ескерткіш қам кесектерден тұрғызылып, күйдірілген кірпішпен қапталған. Іргесі қам кесек блоктары мен өңделмеген тастардан қаланған. Ескерткіштің төменгі бөлігіне (іргетасының жанына) кірпіш қаландысының тұзданып кетпеуі үшін, қамыс қабаты төселген. Бұл кесененің жоғарғы бөлігіне үлкен күмбез және кіші күмбез орнатылған. Салынғаннан бері бірнеше ғасыр өткендіктен жаңбыр мен қар суынан кіші күмбезі құлап, қабырғасындағы кірпіштердің көбісі түсіп қалған. Кесененің ішінде үш адам жерленген. Екі адам жерленген сағана дулыға тәріздес етіп салынған. Мұнда Қосаман мен оның әйелі жерленген деседі. Үшінші сағананың тұрқы кішілеу мұнда Қосаманның баласы немесе немересі жерленген деген болжам бар. Кіші күмбездің ішінде адам түнеуге, зиярат етуге жағдай жасалған. Бұрын бұл жерде ошақ, ыдыс-аяқ, төсеніштер болған көрінеді. Кесене ерекшелігі сусылдаған құм басында тұрса да өз қалпын сақтаған. Ел арасына тараған екінші бір деректерде бұл кесенеге Еламан мен Жоламан есімді қос жігіт жерленгендіктен Қосаман аталып кеткен делінеді.
Сонымен қатар тарихи жәдігер, Неолит дәуірінің ескерткіші болған Қосаман тұрағы ауылдың шетінде орналасқан. Ескерткішті 1999 жылдары РесейҚазақстан археологиялық экспедициясы ашқан.
Тұрақ коллекциясында 138 дана бұйым бар, оның ішінде 124 данасы тастан жасалған, 12 данасы қыш ыдыс сынықтары, 2 данасы металдан істелген.
Құралдар жинақтарының арасынан мынадай категориялар ерекшеленген: ретуші пластиналар – 5 дана, ішпектер – 26 дана, жебенің ұштары – 4 дана, қырғыштар – 8 дана, ретуші жаңқа – 1 дана.
Қосаман кесенесінен бірнеше ескі ыдыс-аяқ, үшкір жебелер, заттар табылған. Қосаман кесенесі «Мәдени мұра» бағдарламасына кірген ескерткіш. Ол қазір мемлекет қорғауында.