Kyzylorda-news.kz. Әлемде түрлі маман иелері бар. Иә, бұл дегеніміз мамандықтың көптігінің дәлелі. Сонымен бірге қиындықсыз, жауапкершіліксіз мамандық болмасы анық. Соның ішінде байланыс саласы – ең ауқымды әрі жауапкершілікті талап ететін саланың бірі болғандықтан да айырықша маңызға ие. Үздіксіз коммуникацияны қамтамасыз ету – бұл күнделікті қажырлы еңбекті талап ететіні сөзсіз. Сол себепті де байланыс және ІТ саласы мамандарының ақпараттандыру саласына қосқан үлесі ерекше бағаланады. Айта кету керек, еліміздегі цифрландыру, қызметтерді онлайн алу «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асады. Біз өзімізге қажет маңызды қызметтерді үйден шықпай-ақ, қолымыздағы смартфон арқылы қол жеткізе аламыз. Мұның бәрі де байланыс саласы қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижелі жемісі. Осы тұста, «Қазақтелеком» АҚ-ның Арал аудандық желілік техникалық цехының жұмысымен танысқан болатынбыз.

Дамыған елдер көшіне ілескен шақта байланыс саласы еліміз үшін стратегиялық мағызға ие саланың бірі. Себебі қазір ақпарат ағымы толассыз күшке айналып, бір тетікпен басқарылатын қоғам қалыптасып жатқанда интернет желісі маңызды. Осы орайда, тамыры тереңге бойлаған «Қазақтелеком» АҚ-ның Арал аудандық желілік техникалық цехы халық қажетін өтеу бағытында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде жұмыс жүйесін жаңартқан мекемеде екі бөлім бар. Бірі сату бөлімі болса, екіншісі техникалық бөлім. Сату бөлімінде 8-ге жуық қызметкер бар. Ал техникалық бөлімде 17 адам еңбек етеді. Қазіргі күні қызметкерлер бағаналарды жаңарту, жөндеу, нөмірлеу сынды техникалық жұмыстармен айналысуда. Арал ауданы бойынша 7400 абоненттің  5860-ы интернет желісімен қамтылған. Мекеменің қауырт жұмысымен аға электормиханик, іс басқарушы Фарида Түйешова кеңінен таныстырып өтті.

Аталған мекемеде 40 жылға тарта еңбек еткен Фарида Түйешова 1984 жылы Ақтөбе қаласындағы байланыс электротехникумын электробайланыс технигі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын сол жылы қыркүйек айынан бастап аталған мекемеде телеграфшы болып бастайды. 

– Мен өзім бұл салаға шын жүрегіммен жақсы көріп келдім. Сондықтан жұмыс барысында кездескен қандай да бір қиындықтарға мойыған емеспін. Бір кездері шаруашылық меңгеруші қызметін де атқардым. Ол шақта жұмыстың бәрі қол күшімен жасалатын. Қызметкерлерге керекті құралдардың бәрін облыс орталығынан жүк машинасына өзім тиеп алып келетін едім. Сонда жауапкершілікті сезінгенім сондай, Аралға жеткенде көліктен қыбыр етіп қозғалмаушы едім. Барлық құрал жабдықтар түгелдей діттеген жеріне жеткізілген соң ғана бір жеңілдеп қалатынмын, - дейді бүгінде аға электромеханик Фарида Нажмадинқызы. 

Ол күнделікті қауырт жұмысқа қарамай мекемеішілік қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Жеңіл атлитикадан біршене мәрте облыстық жарыстарға қатысқан.  

Түрлі айтулы мерекелерде байланыс саласы қызметкерлері өз алдына думандатып тойлауды әдетке айналдырғаны қашан. Бұл да мекеме қызметкерлерінің бір сәт қауырт тірліктен бой сергітуіне септігін тигізетін игі бастама.

– Қазір мекеме тарапынан жұмысшыларға бар жағдай жасалған. Соған сай талап та күшейтілген. Біз қазір орталық желіге қосылған база арқылы жұмыс істейміз. Күнделікті таңертең жұмысшылар фотоесеп арқылы түгелденеді. Шақыртуға барған жердегі дейінгі және кейінгі суреттерін жіберіп отырады. Дегенмен олардың бәрі жұмыс киімімен, қажетті құрал –жабдықтарымен толық қамтылған.  Басшылық  жұмысшылардың  әлеуметтік мәселесіне де мән береді. Сондай-ақ бір сәт ой сергіту үшін мерекелік шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырысамыз. Қызметкерлер арасында облыстық, республикалық деңгейде спорттық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Ондай кезде біздің қызметкерлер де атсалысады, - дейді Фарида Түйешова. 

Фарида Түйешова байланыс саласында табанды еңбек ете жүріп, отбасылық бақытқа кенеліп өмірге 5 перзент әкелді. Оларды адам етіп өсіріп бәрін өз алдарына жайлы еткен үлгілі қызметкердің бірі. 40 жыл табан аудармай еңбек еткен мекемесінің құметті қызметкеріне айналған кейіпкеріміз жуырда зейнет демалысына шығып, бейнетінің зейнетін көрмекші.

Тағы да оқыңыз: