Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Билік халық үніне құлақ асуға, жергілікті жерлердегі проблемаларды шешуге, азаматтар алдында тұрақты түрде есеп беруге міндетті. Құрғақ уәде бермей, жұмыс істеуі керек! Осы қағидатты Үкіметтің барлық мүшесі және әкімдер берік ұстануға тиіс» деп анық атап өткені баршаға мәлім. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапқан. Расында билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Жалпы осы тұжырымдама төңірегінде халық пен биліктің арасында диалог орнауы бұл тәуелсіз еліміздің ертеңін еңселі ете түсеріне бірден-бір кепіл.
Президент Жолдауында айтылған бұл бастама қазірдің өзінде нәтижесін беріп келе жатқанына көпшілік куә. Бұқараның бұл қолдауы алда талай табысты жолдың бастауы болары анық.
Мұндай ашықтық, бұқара мен билік арасындағы байланыс ауданда да өте тығыз. Қос тарап арасындағы көпір қай мәселені де екіжақты шешуде зор ықпалын тигізіп келеді. Аудан жұртшылығы таяуда тағы да дәл осындай кездесуге куә болды.
Нақтырақ айтар болсақ, З.Шүкіров атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Арал қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөліскен Аманжол Сақыпұлы: «Баршаңызды алдымен Отан қорғаушылар күні мерекесімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, аудан көлемінде ауқымды жобалар жыл сайын жүзеге асуда. Қаланың өзекті мәселелерін сала басшыларымен бірге аралап, таныстым. Биылғы жылы да жасалатын жұмыстар жетерлік. Бүгінде аудан орталығынан құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын аспалы көпір құрылысы жалғасып, үстіміздегі жылдың күз айында пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 7 көшенің автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Сондай-ақ, Бақтыбай батыр көшесі толықтай жөндеуден өтпек. Одан бөлек, жақын күндері өткен аудандық мәслихат сессиясының отырысында аудан орталығынан қосымша 20 көшеге тас жол төсеуге қаражат бөлінді. Білім саласында да іргелі жобалар іске асуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде ауданымызда 4 бірдей мектеп пайдаланылуға беріледі. Оның ішінде, қаламыздағы «Арай» мөлтек ауданынан және Сексеуіл кентінен салынып жатқан білім ұялары биылғы оқу жылында пайдаланылуға берілетін болса, келесі оқу жылында тағы 2 мектеп жаңа №5 мөлтек ауданында және Жақсықылыш кентінде табысталатын болады. Денсаулық саласында да үміт күтіп отырған жобаларымыз бар. Үстіміздегі жылы қаламыздың «Шанхай» шағын ауданынан 200 орындық жаңа емхана салынады деп жоспарлануда. «Қамқорлық» орталығына 1,2 млрд. теңге қаржыға ерекше балаларымыздың еміне қажетті жаңа қондырғылар алынбақ. Инвестициялық жобаларда шет қалып жатқан жоқ. Бүгін Түркия мемлекетінен арнайы инвестор келіп, ылғал майлықтар өндіру цехын салу жобасын іске асыратынын жеткізді. Оған қоса, өңірімізге қажетті жобаларды іске асыру үшін қосымша инвестор көзін тарту мақсатында қолдау болатынын айтты. Біз үшін бұл жақсы мүмкіндіктердің бірі. Міне, атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы осындай. Ел Президенті атап өткендей, Қазақстан халқының ертеңін еңселі, болашағын баянды, келешегін кемел ету біздер үшін зор абырой. Өйткені халық сенімінен артық баға жоқ. Атқарған жұмыстарымыздан алда атқарар шаруаларымыз жеткілікті» деді.
Басқосуда тұрғындар тарапынан аяқ су, кәріз жүйесін салу, түнгі жарықтандыру мен спорт алаңдарын салу сынды бірқатар мәселелер айтылды. Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелерді саралап, соған сәйкес тиісті шешімдер қабылданып, жұмыстар реттілігіне сай атқарылатындығын жеткізді.
Кездесуден соң аудан басшысы қала тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдады.