Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде "Облыстағы балық шаруашылығын дамыту қажет. Бұл – осы аймақтың экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. Каспий теңізі мен Жайық өзенінде балықтың түр-түрі бар. Жыл басынан бері мұнда 12 мың тонна балық ауланды. Оны өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Дегенмен, балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары" дегені баршамызға белгілі.

Бұл саланы қарқынды дамытуда аудан жұртшылығының да ауқымды жұмысы айтылуы қажет. Осы ретте атакәсіпті дамытып келе жатқан «Камбала балық» балықшылар өндіріс орталығының директоры Сәлімжан Әлібаев айтып берді.

Теңіз бен балық аралдықтар үшін егіз ұғым, қала берді желісін үзбестен жалғасып келе жатқан ата кәсіп. Теңіз барда одан ауланатын балықтың да берекесі бақ боп ілесіп бірге келеді. Арал ауданында осы теңіз өнімдерін сұрыптап, сыртқа экспорттайтын бірнеше өндіріс ошақтарының бар екенін айтқанбыз. Олардың қалыпты жұмысы мен оты сөнбеген ошақтары өндірістің жұмысын жандандыруда. Еліміз егемендік алғанан бастап осы ауданда ең алғаш ашылған кәсіпорын «Камбала балық» балықшылар өндіріс орталығы еді. Бүгінде бұл өндіріс ошағының жұмысы қалыпты кесте бойынша жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Кіші Арал теңізінің №2 учаскесінен лимит бойынша 864 тонна балық аулайтын кәсіпорынның Қазақстан және ТМД елдеріне жөнелтетін балық өнімдері қазірдің өзінде сұраныс сөресінен түсе қойған жоқ. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, облыс бюджетіне сүбелі үлес қосуда да көштен қалған кезі болған емес. Міне, осындай жұмыс ырғағы мен ұмтылыс көшіне ілескен кәсіпорын аудандағы экономикалық белсенді үлескерлердің балық шаруашылығы бойынша белді мүшесінің біріне айналған. 

Бұл кәсіпорынның негізі атауына себепші болған камбала балықтары бұл күндері Арал теңізі үшін жергілікті теңіздегі тіршілік иелері қатарынан шығып қалды. Дәл қазіргі уақытта балықтың бұл түрін кездестіру мүмкін болмай тұр. Дей тұрғанмен кешеге дейін теңізде күн кешкен балықтың күрт азайып кетуі теңіз тұздылығына байланысты әлдебір себептермен байланыстырылады. 2018 жылы тәжірибелік аулау құралдарында камбала-глосса балығының ұзындығы 19,0-ден 29,5см, салмағы 128-441 г болды. Аулау құралдарында камбалаглосса балығының орташа ұзындығы 24,1 см, орташа салмағы 248 грамм болды. Кіші Арал теңізіндегі камбалаглосса балығының жастық құрамы бес генерациядан тұрды. Оның тең жартысын бес-алты жасар балықтар құрады. 

Кіші Арал теңізіндегі камбала-глосса балығының бірнеше жылдардағы жастық құрамына талдау жасау, оның жастық құрамының 2018 жылға дейін салыстырмалы түрде тұрақты екенін және оның негізін бес-алты жасар балықтар құрағанын көрсетті. Орташа жастағы балықтардың үлес салмағы жоғары болған. 

Сонымен қорытындылай келе соңғы жылдары Кіші Арал теңізінің гидрологиялық режиміндегі өзгерістер, яғни теңіз суының тұздылығының төмендеуі камбала-глосса балығының уылдырық шашып, көбеюіне кері әсерін тигізді. Сонымен қатар Кіші Арал теңізінде кәсіпшілік маңызы бар байырғы балықтарының өндірістік қорының көбеюі камбала-глосса балығының қорекпен қамтамасыз етілуіне кері әсер етті. Жоғарыда көрсетілген факторлардың барлығы Кіші Арал теңізінде камбала-глосса балығының кәсіптік қорының азаюына себепші болды. Осылайша тұқымы тұздай еріп, ескі мұрағаттар қатарына еніп кете барған балықтың бұл Аралда күн кешуі әлдебір атауларға себепші болғанын айтумен шектелеміз. 

Сол камбала балағымен бірге аталған өндіріс ошағының бүгінгі жұмысы уақытпен үндесе ілгері басып келеді. Бұл ата кәсіптің айданды Арал төсінде әлі талай белең алатынын байқатса керек. Мұның барлығы жағалау жұртының бүгінгі бейнесі, болашақ болмысы. 

Десе де бұл сала төңірегінде ауданда да айтылар әңгіме көп. Уақыт мәшинесін кері бұрсақ, қарт Аралдың адуын екпіні мен асау толқынына куә болған болар едік. Бүгінде бәрі аңызға айналды. Көзбен көрмеген соң «бір кездері осы Аралға кемелер келіп тоқтаған» деген сөзге сенудің өзі қиын. Бәлду-бәлду бәрі өтірік десе жұрт сенгендей-ақ. Бірақ ақиқат тарихпен ұштасып жатыр. Тіпті сол теңізді көзімен көріп, асау толқынында асыр салған балықшы дейтін батыр халықтың ұрпағы әлі арамызда жүр. Алдағы аға буын өкіліне айналып, бүгінгі ұрпағына өнеге боларлық деңгейде. 

Сол Аралдың бүгінгі күйін сөзбен суретсек, балық шаруашылығының лебі еседі. Анығы сол, ата кәсіп әлі де жағалау жұртына жұғын болып келеді. Кемеден қаңқа, капитаннан киім қалса да айдынды өлкенің анағұрлым өз биігі бар. Ал бәзбіреулер үшін Арал ақиқат пен аңыздың мызғымас ошағына айналған. 

Кешегі 50-60 жылдарға дейін Сырдария мен Әмударияны қатар емген қарт Аралдың бүгінгі тағдыры мүлде бөлек. Сол жылдардан бастап сүрлеулісоқпақты жолға түскен теңіз-ананың жағдайы біртіндеп нашарлай берді. Оны көбі біледі. Араға салған 60 жыл 60 ғасырдан әрі өмір сүрген теңізді тұзды суға айналдырды. 

Жағдай мұнша күрделене түсерін ешкім ойламаса керек-ті. Адамзат қолынан жасалған алапат катастрофаның зардабын бүгінге де тұтас дүние тартты. «Қайтсек теңізді қайта қалпына келтіреміз?» деген тағдырлы ой талай пенденің жарғақ құлағын жастыққа тигізбеді. Бұл жағдай әлем елдерінің назарына ілігіп, айдынды Арал осылайша ғалымдар мен экологтардың тәжірибе алаңына айналды. Ал солай болса да бұл Аралдың мүшкіл халінен бүгінгі буын біз ешқашан теріс айналмақ емеспіз. Ертеңіне алаңдаған ел арада осыншама уақыт өтсе де ата кәсіптен қол үзбей, теңізбен тілдесті, бірге күн кешті. 

Дәл қазіргі күнмен алсаңыз, Аралда балық шаруашылығы бір тұралаған емес. Қазіргі аралдықтардың ата-бабасы теңіздің ақжал толқындарымен алысып, талай тар жол тайғақ кешкен. Қазіргідей моторлы қайық немесе төрт тағанды көлік жоқ. Түйеге арба жегіп, ескекпен дос болған бабалар ерлігінің лайықты жемісі бізді осы күнге жеткізді. Ол замандарда Арал теңізі кемеріне келіп, асау толқындары аласұрған шақ еді. Бүгінде сол алапат теңіздің адуын екпіні қайтып, табаны құрғап қалды. Нақты адамзат қолымен жасалған қиянаттың салдарынан теңізге құяр дария суы азайып, нәтижесінде суға шөліркеген Аралдың айдыны тартылып, жағалауы қаладан жүздеген шақырымға алыстап кетті. Десе де көк айдынның кіші бөлігін сақтап қалу жобасы жемісін беріп, өмірге Көкарал бөгеті келді. Бұл ғасырлық жоба қайығы тұралаған балықшы қауымға қайта үміт ұшқынын сыйлап, теңізден су маржанын сүзуге мүмкіндік берді. Бүгінде сол үмітпен күн кешкен аралдықтардың ата кәсіпті жандандыруда жұмысы алға басып келеді. 

Тарихтың қатпарлы қырларында қалған Аралдың жағдайы бүгінге дейін әлем елдерінің назарында тұрғанымен, оған қатысты қандай да бір қадамның нәтиже берер түрі жоқ. Жабырқау көңілге жұбаныш болатын жылт еткен жылы хабар осыдан 15 жылдан әрі уақыт бұрын болған. Кіші Аралды сақтап қалу жобасы айтарлықтай нәтиже берді. Алайда ол тұтас теңізді сақтап қалуға қауқарсыз еді. Жағдайды бағамдап, осы кезге дейін дабыл қағып келген теңіз жанашырларының ендігі тілегі – теңізге түсетін судың қорын молайтып, құяр көздерді қайта қалпына келтіру. Алайда бұл байламға қатысты дүдәмал болжамнан басқа дым айтылмай келеді. Жобаның екінші кезеңін бастандыру туралы болжамды деректер айтылуда. Алайда қаржы мәселесіндегі кедергілерге байланысты САРАТС жобасының екінші кезеңі нақты басталды деуге ертелеу болып тұр. 

Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Аралды сақтау жобасы қаржыландырылған болатын. Қазіргі таңда Көкарал бөгетінің гидроқұрылысын жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұл бағытқа 500 млн. теңге қаржы бөлінген. Оған Қарашалаң көлінен 2 канал, Сарытерең көлінен 1 канал қазу жұмыстары жүргізілді. Алла сәтін салып жоба толықтай іске асырылса одан күтілетін нәтиже де мол болмақ. Алдымен теңіздің тұздылығы төмендеп, су маржанының көбеюіне үлкен септігін тигізбек. Бұл – ата кәсіппен қауышқан балықшы қауымның қуанышы һәм берекесі мен мерекесі.

Иә, «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп аталып кеткенін аудан халқы өте жақсы біледі. Барлығымыздың алаңдайтынымыз осы теңіз жұртшылығының ертеңгі болашағы болып отыр. Бастысы, адамзатқа арқау болған көк айдын қайткен күнде де асыраушы қабілетін жоймауы тиіс. Бұл трагедияны қолдан жасадық дейді кейбір тарап. Анығы Аллаға аян. Егер ғайыптан табиғат анаға тіл бітсе, осы теңіз турасында біраз жайттың бетін ашқан болар еді. Десе де айтар тілге жеңіл теңіздің жайы іс жүзіне келгенде оңай болмай тұр. Мұның барлығын уақыттың еншісіне қалдырайық.

Ал теңіздің терең тарихын зерттеп, онымен қай уақыттан да таныс, айдынның ахуалына алаңдайтын ағаларымыз не дейді?!

«Арал теңізінің арғы-бергі тынысы мен көрінісі тұрғылықты халықтың көз алдында. Көнеден келе жатқан тарих емес, көз көрген дүние. Толқыны тулап, жағаға соғып, шағала шаңқылдаған уақытты тамашалаған ұрпақтың әлі де болса көзі тірі. Бала шағында, жас кезінде осының барлығын бастан кешірген солардың бүгінгі арманы не екенін білесіз бе?». Бірінші кезекте шалқыған шалқар теңізді қайта көру. Бұл өздері үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін, осында қоныстанған халықтың жағдайы, аумақтың экологиялық ахуалы үшін» деп бастады әңгімесін«Арал-Сырдария бассейнінің экологиясы мен биоресурстары ғылыми зерттеу институты» ЖШС Арал филиалының директоры,ҚР балық шаруашылығы саласына еңбегі сіңген ардагер, Арал ауданының Құрметті азаматы – Зауалхан Ермаханов.

Әңгімені әріден бастайық. Жақында Зауалхан ақсақал редакцияға келген болатын. Ғұмырының барлығын балық саласын дамытуға арнаған ардагер әлі күнге дейін осы саладан қол үзген емес. Қашанда теңіздің таңдарына алаңдаулы ағамызды сөзге тартып көрдік. Салмақты ой, өзекті мәселе көтерді. Кешегі Арал мен бүгінгі теңізді салыстыра сөйлеген ақсақал келешекке қорқа қарайтынын жасырмады. Көкарал бөгетінің салынуынан бергі уақытта сөзбен боямасыз бейнелеп берген ағамыздың айтары көп.

«1989 жылы Арал теңізі Берг бұғазынан екіге бөлінді. Берг бұғазының солтүстік жағы Кіші Арал теңізі, ал оңтүстік жағы – Үлкен Арал теңізі. Арал теңізін толықтай сақтау мүмкін болмағандықтан, оның оның екі бөлікке бөлінгендігін пайдалынып, Сырдария өзенінен келген суды тиімді пайдалану мақсатында Кіші Арал теңізін сақтап қалу жұмыстары қолға алынды» дейді ол. Айтуынша Кіші Аралды құтқарып қалудың алғашқы шаралары 1992 жылы басталған. Соның алғашқысы 1992 жылдың шілде-тамыз айларында Берг бұғазында құмнан тұрғызылған Көкарал тоспасы. Бірақ 1993 жылдың көктемінде дария суы өте мол келіп, сәуір айында тоспаны бұзып кетті.

1996 жылдың қыркүйек айында Көкарал тоспасы қайтадан қалпына келтірілген. Соның нәтижесінде Сырдариядан келген суды түгелдей Кіші Аралға құюға мүмкіндік туған. Тоспаның салынуы мен 1989-1998 жылдар аралығында теңізге жыл сайын 3-8 текше метр дария суының құлауы экологиялық ахуалдың жандануына жағдай туғызған. Нақтырақ айтсақ, біріншіден – 30 жыл бойы теңіз суы деңгейінің түсуі тоқталып, 1996-1999 жылдары Кіші Аралдың деңгейі 2,5 метрге көтерілген. Екіншіден – оның тұздылығының артуы бәсеңдеп, 1991-1998 жылдары теңіз суының тұздылығы 33,8 г/л-ден 14,5 г/л дейін төмендеген. Сондай-ақ бұрын құрғап қалған теңіз табанына қайтадан су оралып, Сарышығанақ және басқа да қойнаулар суға толып, Ұлы теңіз бен Кіші Аралды жалғайтын өзектің құрғауы тоқталды, бірнеше бөлекке бөлініп қалудан аман қалған.

Бірақ артық суды Үлкен Аралға жіберіп тұратын қондырғысы жоқ құмнан жасалған тоспа қатты дауылдың әсерінен 1999 жылы 22 сәуірде қайта бұзылды. Нәтижесінде 1999-2000 жылдары Кіші Аралдың деңгейі 3 метрге төмендеп, өте көп көлемдегі су ұлы теңізге құлады. Теңіз суының деңгейі ең төменгі көрсеткіш Балтық жүйесі бойынша 39,0 метрге жетсе, Үлкен теңізге кеткен көп сумен қатар өте көп балық та ығып кетті. Бірақ теңіздің екі бөлігін өзек арқылы байланыстыру болмағандықтан жаз айларында бөлінген өзекшелерде сол балықтар қырылып қалды. Мұнымен қатар Бутаков және Үлкен Сарышығанақ қойнаулары Кіші теңізден бөлініп қалып, мұндағы тұздылық көлемі де айтарлықтай көбейді.

Осыдан кейін халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС) жобасы жасалды. Мақсаты айқын жобаны ҚР Үкіметінің қолдауымен Дүниежүзілік Банк қаржыландырды. Берг бұғазында су реттегіші бар Көкарал бөгеті, дарияның теңізге құяр сағасынан 25 шақырым жоғарырақта Ақлақ тоспасын салу және қазіргі қолданыстағы Қазалы, Қызылорда және Шардара плотиналарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Көкарал бөгеті аяқталған соң 2006 жылдың сәуір айының ортасында Кіші теңіз деңгейі жоғарыда айтқан Балтық жүйесі бойынша 39,0 метрден 42,0 метрге дейін жетті. Теңіз суының көлемі 27,07 текше метр, айдынның аумағы 3288,0 текше метр, теңіз жағалауының ұзындығы 435 км болды.

Теңіз плотина арқылы екіге бөлінген уақытта Үлкен теңіздің тұздылығы 100 г/л-ден асып, балықтың өмір сүру мүмкіндігі болмағанымен, Артемия салина шаянының қоры көбейді.

Ал керісінше Кіші аралдың жағдайы күрт өзгеріп, жақсара түсті. 1990 жылдардың басында мұндағы теңіз суының тұздылығы мұхит суының тұздылығымен бірдей болса, 2006-2007 жылдары 10-11 г/л болды. Осының салдарынан балықшылық кәсібі қайта жанданып, мұндағы кәсіби маңызы бар балық түрі 22-ге жетті.Кіші теңіздің шығыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік және оңтүстік-батыс аумақтарында балықтардың уылдырық шашатын орны пайда болды. 1990-2000 жылдар аралығында тек камбала-глосса балығы өндірістік маңызға ие еді. Кейіннен сазан, торта, табан, қаракөз, көксерке, ақмарқа, қылыш, шортан, қызылқанат, жайын, жыланбас, ақ амур, дөңмаңдай балықтарының саны көбейіп, өндірістік мақсатта аулайтын дәрежеге жетті. Осы ретте өте сирек кездесетін Арал шемейі мен ҚР Қызыл кітабына енген Арал қаязының да саны артты. Экологиялық жағдайы жақсарып, қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Арал филиалының зерттеу жұмыстары нәтижесінде соңғы жылдары теңізден жылына 6-7 мың тонна балық ауланды.

Мұның барлығы тек САРАТС жобасының тек алғашқы кезеңінің нәтиежесі ғана. Екінші кезеңі салынатын болса, Көкарал бөгетін биіктетіп, теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 48,0 метр биіктікке жеткізуге, балық қорын Үлкен теңізге кетірмеуге, Шевченко, Бутаков қойнауларында және Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйелерінде дрейссена бақалшағы мен мизид, қырықаяқ шаяндарын аулап, жоғарыда аталған теңіз учаскелеріне қолдан жіберуді қамтамасыз етуге, Жалаңаш, Үлкен және Кіші Сарышығанақ, Шөмішкөл, Қарасор және басқа да қойнауларды суға толтыруға, Кіші Аралды қолдан балықтандыру мақсатында тұқы, ақ амур, ақ дөңмаңдай, шұбар лөңмаңдай, ақмарқа, көксерке және бекіре тұқымдас балықтарының шабақтарын жіберуге, сондай-ақ балық аулау көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік туар еді.

Міне, Зауалхан Ермаханов ағамыздың балық шаруашылығы турасындағы пікірі осындай. Аталған мәселені тиісті орындарда жиі көтеріп келе жатқан жергілікті ихтиолог, балық шаруашылығы саласының тәжірбиелі маманы, бүгінгі кейіпкеріміз Зауалхан Ермаханов «Азаттық» тілшілеріне берген сұхбатында да Кіші Аралдың өлі теңізге айналу қаупі бар деп алаңдайтынын жасырмаған. Өйткені, «Сырдариядан келетін су азайғалы теңіздің тұздылығы артып кеткен. Қазір теңіз суының әр литріндегі тұз мөлшері – 13 грамм. Суының тұздылығы 16 грамнан асқан жағдайда теңіздегі балық қырыла бастайды» деген.

– Жоғарыдағылар жедел шараларды қолға алмаса, Кіші Арал адамзатты асыраушы қабілетін жояды. Аралдың байырғы балықтары судың орташа тұздылығы 10 грамм болған кезде уылдырық шашып көбейетін. Егер теңіз суының әр литрінде 10 грамнан артық тұз болса, байырғы балықтардың уылдырық шашуы қиындайды. Тіпті уылдырық шашқан күннің өзінде ол балыққа айналмай жатып қырылады. Кейінгі кезде соны байқап отырмыз. Дәл қазір теңіз суының тұздылығы 13 грамм болып тұр. Балықшылардың табысымыз азайды, «балық жоқ» деп мұңаятыны да содан. Дариядан су келмегендіктен Кіші Аралдың 30 процент аумағында байырғы балықтар тіршілік қыла алмайтындай жағдайға жетті. Мемлекет Кіші Арал мәселесін шешуді шұғыл қолға алмаса, табиғат пен адамзатқа орны толмас залал келеді, – деп ескертеді маман.

Сондай-ақ, – Бұрын, Көкарал бөгеті салынғанға дейін, Кіші Аралдың тұздылығы 35 грамм еді. Яғни, мұхиттың тұздылығымен бірдей болатын. Сол қиын-қыстау жылдары Кіші Аралда Азов теңізінен әкелінген камбаладан өзге балық болған жоқ. Ресми мәліметтерге қарағанда, Қызылорда облысына жыл сайын келетін 12 текше шақырым судың үш текше шақырымы ғана Кіші Аралға құйылады екен. Құжатта бар судың теңізге құйылып жатқанына күмән келтіремін. Өйткені, биыл теңіз алып жатқан аумақтың 30 пайызында Аралдың байырғы балықтары өмір сүре алмайтындай жағдай қалыптасқан. Яғни судың аздығынан теңіз қатты тұзданып кеткен.Қазақстан дария суын тиімді пайдаланып отырған жоқ. Жылына 6 текше шақырым су құйылған жағдайда ғана Кіші Арал 5-6 жылдан соң бұрынғы қалпына келеді, – дейді.

Бұдан бөлек теңіз тағдырына алаңдаған ардагер «Сырдарияның жағасында Көксарай бөгені бар. Мақсаты – су көп кезде қор жинап, жазда Қызылорда облысына су жіберу. Қазір қарасаңыз, Көксарайда су бар. Балық өсіп жатыр. Олай болмауы керек. Су төменге қарай жіберілуі тиіс. Көксарай су тоспасының басқа маңызы жоқ. Шардара су бөгенінің де мақсаты балық шаруашылығы емес. Сондықтан Көксарайдағы суды дарияға, Шардарадағы суды өлі көкжиекке дейін жіберу керек. Кіші Аралды сақтап қалудың бір жолы осы» деген сұхбатында.

– «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп аталып кеткенін аудан халқы өте жақсы біледі. Барлығымыздың алаңдайтынымыз осы теңіз халқы жұртшылығының ертеңгі болашағы болып отыр. Бұл жайында аудан басшысы Серік Сермағамбетов те біледі. Арнайы хат жазып, осы мақсаттағы жұмыстардың барынша тез арада шешілуіне жағдай жасаса деймін, – деді Зауалхан Ермаханов.

 

Тағы да оқыңыз: