Ақмарал Әлназарова белсенді әйелдермен кездесті – Kyzylorda News
Басты бет

Ақмарал Әлназарова белсенді әйелдермен кездесті

24.05.2022, 9:12

312 0

Kyzylorda-news.kz.  «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ғимаратында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова аймағымыздағы қоғам өміріне белсенді араласып жүрген әйелдермен кездесті. Онда еліміздің Конституциялық заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар және ел көлемінде өткізілгелі отырған референдумның мән-мағынасы талқыланды.

Нәзік жандармен өткен басқосуға облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова сондай-ақ, облыстық штаб мүшелері қатысты.

Басқосу кезінде жалпыхалықтық референдумның маңызына тоқталған сенат депутаты Ақмарал Әлназарова әйелдер қауымына дауыс берудің ережелері мен шарттарын түсіндірді.

Қатысушылардың сұрағына нақты жауап берген сентор әр баптың өзгерісіне жеке-жеке тоқталды. Атап айтқанда суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті бас тарту, Президент туыстарының квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметте басшылыққа тағайындалмайтындығы жөніндегі өзгертулерге кеңінен түсініктеме берді. Жер және жер қойнауы – халықтың меншігі, «Өлім жазасына» тыйым салу, Президент және судьялар, сайлау комиссиясының өкілдері ешқандай партияның мүшелігінде болмауы тиіс екенін айтты.

Кездесу барысында әйелдер қауымы депутатпен бірге өңірді дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, референдумға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Басқосуға қатысқан облыстық штаб мүшелері А.Божанова мен Р.Байназарова референдумның жарқын болашақ пен жаңа өмірге қадам жасайтын маңызды сәт екенін баса жеткізіп, барша азаматшаларды саяси науқанға белсенді қатысуға үндеді.