2024 жылға Жалағаш ауданының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің жылдық болжамы қандай? Биылғы оқу жылы қорытындылануына санаулы күндер ғана қалды. Түлектер асыға күткен «Соңғы қоңырау» салтанатты шарасы қалай өткізілмек? Балалардың жазғы уақытын тиімді өткізу бағытында қандай шаралар атқарылуда? Ауданда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру қай деңгейде жүзеге асып жатыр? Осы сауалдарға аптаның бейсенбісінде Жалағаш ауданы әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жауап алдық. 

Алдымен ау­дан­ның әлеуметтік-эко­номикалық даму көрсеткіштері мен бюд­­жеттің атқа­ры­луы сараланды. Бұл бағытта биыл 4 айда жос­парланған макроэкономи­калық көрсеткіш­тер бо­йын­ша өсім қа­лып­тасқан, яғни жос­пар­лан­ған қаржы то­лық игерілген.

– Аудан бойынша 2024 жылдың 4 айында жоспарланған макро­эко­но­микалық көрсеткіштері бойынша өсім қалыптасып, көрсеткіштер толық орын­далды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнім­дерін өндіру 56,2 пайызға артып, 14 млрд 253 млн теңгенің өнімі өн­дірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау жә­не «Өркен Әлем» ЖШС-ның өндір­ген өнімі есебінен 8,9 есеге артып, 6 млрд 378 млн теңгенің өнімі өнді­рілді. Не­гізгі капиталға тартылған инвес­тиция көлемі 6,1 па­йыз­ға артып, 6 млрд 140 млн теңгені құ­рады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2 млрд 373 млн теңгені құрап, 101,1 пайызға орындалды. Тұр­­ғын үй көлеміне кел­сек, 6093 шар­шы метр болатын 36 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жыл­мен салыстырғанда 102,1 пайызды құрады. Бөлшек сауда көлемі 924,7 млн теңге болып, меже 101,4 пайызға орындалды. Құ­рылыс жұ­мыс­тарының көлемі 1 млрд 969 млн теңгені құрап, 104 па­йызға артты, – дейді аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас­шысы Нұрсұлу Маратқызы.

Аудан әкімі Ардақ Әбідғаппарұлы сала басшысына алдағы уақытта да босаңсуға жол бермей, ай сайын жоспарланған қаржыларды толық игеруді, оның ішінде республикалық бюджет қаражаттарын 100 пайызға игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. 

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төраға­лы­ғымен өткен мәжілісте облыс, аудандар бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы ту­ралы нақты тапсырмалар берілген. Осыған сәйкес Ардақ Иб­раимов жыл бойы тұрақты түрде жоспар­ланған көрсет­кіштерге қол жеткізіп, қажетті шаралар қабылдану қажеттігін қатаң ескертті. 

Санаулы күндерден кейін 2023-2024 оқу жылы қорытындыланып, жазғы демалыс уақыты басталады. 25 мамыр күні «Соңғы қоңырау», 14 маусым күні «Аттестат тапсыру» салтанатты шарасы мектептерде өткізіледі. 24 мамыр күні 1-10 сынып оқушыларына «Білімім – Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып саға­ты өткізіледі. Ал 25 мамыр күні 11 сынып бітірушілермен «Білімім-Отаныма» тақырыбында түрлі форматта шара өтеді.

Жалпы биыл оқу жылын 6990 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 9 сыныпты 666 оқушы, 11 сыныпты 420 оқушы бітіреді. Білім сапасын арттыру кезеңінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру мақ­сатында білім басқармасының 2024 жылғы 13 мамыр №57 бұйрығына сәйкес, 1-8, 10 сыныптарда оқушылар үшін 27-31 мамыр және 26-30 тамыз аралығында «Жазғы мектеп» ұйымдастырылады.

Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақса­тында бірінші кезекте жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Жалпы аудан бойынша 1-10 сынып аралығындағы 6646 бала жазғы демалыс шараларымен қамтылмақ. Бұл ретте аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан аумағындағы жазғы демалыс жұмыстарын ұйымдастыруға аудандағы мүм­кіндіктерді де пайдалану керектігін айтты. Лагерь тыны­ғушыларын «Б.Құлтекенов» атындағы бассейнге, аудандық тарихи-өлкетану мұражайына, орталық кітапханаға, кино көрсетілімдеріне тегін апару мүм­кіндігі қарастырылады. Сондай-ақ жас­өспірімдердің жаз мезгілінде бос уақытын еңбек демалысымен қамту мақсатында шаруашылықтармен бірлесіп, еңбекке тарту шаралары жүзеге асады. 

Күн тәртібіндегі келесі мәселе аудан көлемінде жолау­шылар тасымалын ұйымдастыру болды. Бүгінде ауданда кентішілік, ауданаралық және ауданішілік бағыттар бойынша «Маржан-2002» ЖШС тасымалдау жұмыстарын жүзеге асырады. Ауданаралық мар­шрут­тар бойынша «Маржан-2002» ЖШС арқылы Жалағаш кентінен Қызылорда қаласына күнделікті 9 рейс, Қызылорда қа­ласынан Жалағаш кентіне 3 рейс жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Ал елді мекендерден кент арқылы Қы­зылорда қаласына күнделікті 1 рейс қатынайды. Кент­ішілік бағыттар бойынша қазіргі таңда №2, №3 бағыттар бойынша көлік қатынастары жүреді. Барлығы 5 шағын автобус жолаушылар тасымалы қызметін көрсетеді.

Қазіргі таңда кентішілік такси қызметі «Ауыл такси» телеграм-бот арқылы жүргізіліп жатыр. Бұл арқылы шамамен 100-ге жуық тасымалдаушы жұмыс жасауда. Кентішілік таксидің құны – 350-400 теңге.

«Жалағаш-Қызылорда» бағытына шамамен 100-ге жуық такси қызмет көрсетуде. Бұл бағытта жо­лақы құны жанармайдың қымбаттауына бай­ланысты былтыр 24 сәуірден бастап 700 тең­геден 800 теңгеге көтерілген. Заң талаптарына сай жұ­мыс жасалуын қамтамасыз ету үшін жасаған рейдтік шаралар нәтижесінде заңдар мен ереже талаптарына сәйкес, такси қызметін көрсе­ту­шілерден шетел автокөлігімен, оң жақ басқару рөлі бар автокөліктермен, 3 бүйір есігі бар автокөліктермен жолау­шылар тасымалдауға болмайтыны және дис­петчерлік бекетке тіркелу талап етілуде.

Осы жүргізілген тақырыптық тексеру жұмыс­тары нәтижесінде бүгінгі күнге заңсыз такси қыз­метімен айналысқан 6 жеке тұлға анықталып, әкімшілік хатта­ма­ толтырылды. Оларға сот шешімімен айыппұл салынған. 

«Қызылорда-Жалағаш» бағытына қатынайтын такси жүр­гізушілері жол ақысын өз қажеттілігіне қарай өзгертіп отыратынын ескерткен аудан әкімі сала бо­йынша жауапты басшыларға жолаушылардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етумен қатар жолақы құнын тұ­рақты ұс­тау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тап­сырды. Мәжілістің күн тәртібінде қаралған мәселер бо­йынша берілген тапсырмалардың уақытылы және сапалы орын­далуы аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.

Тағы да оқыңыз: