Kyzylorda-news.kz. Үлкенге құрмет, кішіден ізет тапқан өнегелі өркенді өңірде қарттарын төрге шығарып, көңілдерін көкке көтерер шаралардың қоғамдағы орны ерекше. Жаныңда жүрген жақсы жандардың қадір-қасиетін тани біліп, оның мәртебесін көтеріп, марқайтқанға не жетсін? Қазыналы қарттардың өткен өмірі, тұла бойы шежіреге толы. Олардан алатын дүние толассыз екенін пайымдай білу – тарихты білу.
Қай кезде де ардагерлердің мерейін үстеп, олардың ақыл-кеңестерін тыңдау халқымыздың бойындағы таптырмайтын қасиет. Бүгінде белең алған отбасынан басталатын түрлі шаралардың ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі орасан. Соның ішінде қоғамдық ұйымдардың белсенділігі аға буындарға дем бергендей. Оған аудандағы әйелдер кеңесінің жұмысының соңғы жылдары жанданып, түрлі тақырыпта ой қозғауын қосыңыз. Сонымен қатар 22 ауылдық мекеніндегі әйелдер кеңесінің белсенділігі ел ішіндегі келеңсіздікті жоюға бірден-бір себепші.
Таяуда ақын Ә.Тәжібаев ауылында елге сыйлы ұстаз, анаға деген ыстық ықылас, айтар алғыстың куәсі болдық. Ауылына қарап, азаматын таныса, табалдырықтан ене бергендегі көріністен ішінің қандай екенін жазбай тануға болады. Өзі ескі әрі кішкентай ауылдық клуб үйінің айналасы мұнтаздай таза. Гүлдер, ағаштар жайқалып ерекше өң беріп тұр. Көлденең жатқан бір шөп жоқ. Ішіне енгендегі сезім тіптен бөлек. Заманауи үлгіде безендерілген сахнада үш адам қатар сыйса да, көзге үлкен сахнаны елестетуге болады. Сахнаның жоғарғы жағына «Аналардың анасы , рухы биік дарасы» деген жазудан бір кең дүниені аралағандай күй кешесің. Бұл сол ауылда көп жыл ұстаздық еткен, бейнетінің зейнетін көріп, 13 жылдай әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін атқарған Айсара Әбілдаеваға арналған жиын еді.
Алдымен дана әрі дара жанның ғұмыр жолына шолу жасасақ. Айсара Әбілдаева 1951 жылы 15 қаңтарда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақмая ауылында дүниеге келген. 1967 жылы №49 қазақ орыс мектебін бітіріп, сол жылы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың «шет тілдері» факультетіне оқуға түсіп 1971 жылы «ағылшын тілі» пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Сол жылы ұстаздық жолын туған ауылынан бастайды. Отбасын құруына байланысты Бәйгеқұм ауылының №401 М.Әуезов атындағы мектепке ¬ауысады. 1976 оқу жылынан бастап №214 орта мектебіне ауысып, ағылшын тілінен ұзақ жыл сабақ береді. Өлшеусіз еңбегінің арқасында 1984 жылы «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тағады. 1989 жылы «КСРО халық ағарту ісінің үздігі», 2009 жылы Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері атанады. Көптеген шәкірттері облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанып, көптеген жетістіктерге жетті. 2009 жылы мұсылмандық парызын өтеу мақсатында Меккеге барып, қажы атанып қайтты. Жолдасы Төлебаймен екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсіреді.
Тағылымға толы шараны ауыл әкімі Әлібек Сәрсенбаев ашып, Айсараға зор ризашылығын білдіреді. Сонымен қатар ардагерлер кеңесінің төрағасы Халықберген Тұрсынбеков, №214 мектептің директоры Бақытжамал Қалдыбекова, клуб үйінің меңгерушісі Ғалым Мақановтар да ақжарма тілектерді лег-легімен жолдады. 22 ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымдарының ұсынысымен, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің шешімімен Айсара Әбілдаеваның кеудесінен «Ел Құрметі» қоғамдық қорының «Құрметті ардагер» медалі орын алды. Аудандық әйелдер кеңесінің алғыс хатын аудандық кеңестің депутаты Н.Шалекеева табыстаса, құттықтау сөзді Ы.Жақаев атындағы музейдің директоры Қ.Ыханова жеткізді. Бұл игі шараға Бидайкөл ауылының әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Назарбекова, Нартай ауылынан Разия Ысқаққызы, Досбол ауылынан Баян Нәлібаевалар қатысып, әріптесіне жүрекжарды тілектерін жолдады. Досбол ауылдық клуб үйінің аккомпонияторы Жайна Жақыпова:
Қайтпай кейін сіз жасаған көп іс бар,
Абыройлы елден апа бата алдың.
Кеңесінде әйелдердің 13 жыл,
Данасындай елдің дара атандың, – деген жыр жолдарын арнады.
Одан кейін Айсараның ауылдастары, достары, ағайындары, көршілері келіп тілектерін айтып, сый-сияпаттарын тарту етті. Сөз соңында А.Әбілдаева елге деген ақниетімен алғысын айтып, орнына сол ауылда ұстаздық еткен зейнеткер Гаухар Бегмановаға ұсыныс жасады.
Шарада басынан соңына дейін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қалтқысыз қызмет етті. Әнші Ерсұлтанның құйқылжыта салған 16 қыз әні есте қаларлықтай әсер етіп, соңы жаппай биге ұласты. Бұл Айсараға көрсеткен кеңпейілділік ашық аспанның астындағы ризашылықты меңзеп тұрғандай.
Жарық дүниеде туған жердің қара топырағында есейіп, қарттықтың төріне беттегенде көрген қызық, естіген жақсы сөзбен ардақталғанның орны әрине бөлек. Осы орайда көптің көңілінде жүрген бір жайт туралы хабардар етуді ойладым. Ауданымыздың дамуына, ел болып қалыптасуына бүкіл саналы ғұмырын арнаған өздері өмірден озғанмен артында өшпестей із қалдырған қаншама жандар бар. Сондай қаһармандардың атаулы жасқа толған шақтарында атап айтсақ, қоғам қайраткерлері Феруза Жүсіпова, Әзімхан Исмаиловты да жүз жыл толғанын ел есіне салып отырса, кейінгі буын кімнің кім екендігінен, олардың өткен жолдарынан үлгі алар еді. Сөзімнің соңында бойларында қуаты, жүздеріне шуақ ұялаған, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, күн санап көркейіп келе жатқан Ә.Тәжібаев ауылына бір үлкен мәдениет үйі керек-ақ.