Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің Президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз" дегенінен хабардармыз.
Расында бүгінгі таңда ауылдық жердің мәртебесін көтеру, қай жағынан болса да қаламен теңестіру жолында көптеген жұмыстар жасалуда. Мұндай үрдіс ауданда да ауқымды түрде атқарылып жатыр. Бүгінде қай жағынан болсын даму динамакасы көрген жанды таңдай қақтыратын ауылдар бар. Солардың бірі Сырды жағалай қоныстанған – Аманөткел ауылы.
Ғасырдан ұзақ тарихы бар бұл жер жайлы көп әңгіме айтуға болады. Талай өнер дүлдүлдерінің мекеніне айналған шежіресі бай ауылдан аты аңызға, ұранға айналған тұлғалар туып өскен. Солардың бірегейі Нұртуған жырау Кенжеғұлұлының "Мырзас дала болады, Аманөткел қала болады" деп көрегенділікпен айтқан сөзінің өміршеңдігіне куә болып отырмыз. Расында іргелі ауылдың бүгінгі тіршілігі қалаға бергісіз.
Атқарылып жатқан іске тек жергілікті жұртшылық қана емес, аймақ халқы да куә. Елдегі еңсерілген белесті жақсы біледі, жақын таниды. Былтыр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттау кезінде облыстық байқаудың «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша үшінші орынды иеленгені осының айқын дәлелі. Сол конкурста әмбебап тиегіш трактор табысталған болатын. Бұл жайлы сүйінші жаңалық біздің басылым бетінде де жарық көрген. Ал бүгін Аманөткелдегі былтыр атқарылған ауқымды жұмыстарға жеке тоқтала кетуді жөн көрдік.
Қазақта «елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» дейтін тәмсіл бар. Расында қаланың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көрінісі осы жолдың жайы екені жасырын емес. Тақтайдай жол мен айналаның тазалығы мұндағы халықтың қандай жағдайда өмір сүріп жатқандығын кез келген жанға айтып тұрады. Осыны естен шығармаған ауыл азаматтары Аманөткелдің де ажары айшықтала түсуіне өлшеусіз еңбек етіп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, Аманөткел елді мекенінің жергілікті маңызы бар көшелері бойынша жол салу және сыртқы жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жұмыстары биыл да жалғасын тауып, ауылдың салтанаты мен сәулеті сәндене түсті. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен қаржы қаралып, елді мекенішілік үш көшеге, яғни 3,2 шақырым болатын асфальт жол салынып пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тақтайдай тас жол осындағы халықтың қауіпсіздігі мен көлік қозғалысының икемділігін қамтамасыз етіп отыр. Бұдан басқа елді мекеннің ішкі көшелеріндегі он бес көшенің автожолын асфальттау жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттары және сараптама жұмыстары қолға алынып, құжаттар аудандық тұрғын үй және автомобиль жолдары бөліміне тапсырылды.
Ал ауыл ішіндегі самаладай самсаған жарық ымыртты жарқыратып, жүргіншілерге барынша қолайлы жағдай жасалған. Бұған бірден-бір себеп көшедегі ескі жарықтардың заманауи диодты шамдармен ауыстырылғаны.
Аққұлақ елді мекеніннің тұрғындарының өтініштерін қанағаттандыру үшін 8 шақырым болатын тас жолдың құрылысы қазіргі таңда басталып кетті. Сонымен бірге аудандық бюджет есебінен Аққұлақ елді мекенінің көшесі 3,5 млн теңгеге толық жарықтандырылды.
Сіз бен біз білетін бұл ауылдық округтің терең тарихынан сыр шертетін жәдігерлер де аз емес. Тіпті аңызға бергісіз әңгімелерге куә болуымызға да болады. Көнеден қалған кесенелер де ғасырлар бойы сақталып, құндылығын жоймай келе жатыр. Ал оны ары қарай сақтау бүгінгі ұрпақтың, ауыл азаматтарының басты міндеті болып қала бермек. Сондықтан былтыр Бекетай би кесенесінің қайта реконструкциялау жұмысы бойынша да тиісті мамандарға зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін аукцион ұйымдастырылып, бюджеттік өтінім тапсырылды. Сондай-ақ егіс егуге, балық өсіру шаруашылығын дамытуға қызығушылар көп. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру бағытында пайдалануға жер беріле бастаған.
Бұл істелген жұмыстардың арасынан аузымызға іліккені. Мұнан бөлек те жергілікті халықтың тиімділігіне көптеген тындырымды іс қолға алынып жатқанын ел көріп, біліп жүр.
Жұмыссыздықпен күрес – еліміз егемендік алғалы бері ұдайы назарда келе жатқан мәселе. Ел көлеміндегі осы мәселенің шешімін табу жолы аманөткелдіктер үшін де күн тәртібінен түскен емес. Бұл сөзімізді төмендегі сандық көрсеткіштен байқасаңыздар болады.
Жақында ғана пайдалануға берілген дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жеке кәсіпкерлерлікпен айналысып және шаруа қожалыққа жұмысқа қабылданғандар саны 21 адамды құрап отыр. Ауылдық округте жыл басында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырғандар саны 14 отбасы болса, қазіргі кезде жергілікті учаскелік комиссияның қорытындысы және аудандық комиссияның мониторинг нәтижесінде 4 отбасы әлеуметтік көмекпен қамтылып отыр.
Мұнан бөлек ауылдық округке қарасты амбулаторияда 7 адам, ғасырлық тарихы бар №73 орта мектепте 2 адам, Аққұлақ елді мекеніне қарасты негізгі мектепте 1 адам жастар тәжірибесі негізінде жұмыс жасаса, ақылы қоғамдық жұмысқа жыл басынан бері 17 адам қабылданды.
Мемлекеттің берген мүмкіндігін уыстан шығармай, игілігіне пайдаланып келе жатқан белсенді азаматтарды Аманөткелден көптеп кездестіруге болады. Солардың қатарында ірі қара мал шаруашылығын қолға алған Сағира Тілеубергенова құны 2,7 млн болатын жобаның жемісін көріп отырса, Аққұлақ ауылының тұрғыны Нариман Жылқышыбаев құны 7 млн теңге болатын жобаның аясында арнайы техника алып, жұмысын жандандырып келеді. Мұнан бөлек ірі қара мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Ләззат Кеулімжаева мен Ақгүл Әбіловалар да мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көріп отыр.
Қай кезден-ақ қандай кәсіп болса да дөңгелетіп алып кететін аманөткелдіктер ерте уақыттан бері еңбекті жандарына серік еткен жұрт. Мұнда әсіресе ауыл шаруашылығы саласының барлық бағыты жан-жақты дамыған. Еңбекпен көгеріп, көктеу мұндағы халық үшін салтқа айналған десек те артық емес. Себебі атадан жалғасып келе жатқан шаруашылықты ілгерілету бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоймай келеді. Соның бір дәлелін бүгінгі мақаламыз арқылы аудан жұртшылығына айта кетпекпіз.
Ауыл шаруашылық дақылдарын егу жұмыстары округ көлемінде қолға алынды. Ауылдың тумасы, кәсіпкер Қайрат Найзабеков «Camel Pro» шаруа қожалығы жаңбырлатып суару әдісімен жалпы 180 гектар жерге күздік жоңышқа егу жұмыстарын жүргізуде. Еске сала кетейік, бұл бастама жаңа технологияның арқасында жүзеге асып келеді. Сырттан техника алып келіп, оның тиімділігін сынап көрген азаматтың бұл қадамы аудан жұртшылығы үшін тың бастама болған.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары 18 гектар жерге қауын-қарбыз және көкөніс дақылдарын егіп, өнімін алып, ауыл және көрші елді мекендер мен аудандарға арзан бағада сатуда. Аймақ басшысының бағаны тұрақтандыру және өзін-өзі тұрмыстық қажеттілікпен қамту бағытында қолға алынған бастама қатарынан екінші жыл өз жемісін беріп келе жатқанын осыдан-ақ анық аңғаруға болады.
Аманөткел ауылдық округіндегі кәсіпкерлік саласы бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыс орындарын ашу мақсатында кәсіп ашуға ниетті ауыл тұрғындарына қолдау көрсетілуде. Бұл үрдіс бірнеше жылдан бері желісі үзілмей жалғасып келе жатқан дүние. Қазіргі таңда төрт жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркеліп «Қызылорда өңірлік инвестиция» орталығынан, бір тұрғын «Арал ырысы» несие серіктестігінен жеңілдетілген несие алып шаруашылығын дөңгелетуде. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 ауыл тұрғыны құжатын өткізген. Жылдың соңына дейін қаржысын алады. Олар тауық, бөдене, асыл тұқымды ешкі, алма-өрік талы, балық өнімдерінен фарш секілді өзге де өнімдер жасау және вулканизация сынды 6 жоба. Әрине, ауылға қолайлы әрі ең қажетті дүниелерді бастама етіп көтерген жандарға біз де қолдауымызды аямаймыз. Міне, "елге қызмет етемін" деген азаматтың бірі бүгінде халықты қуанышқа кенелтіп отыр.
Иә, білім саласындағы басымдылық Мемлекет басшысының ұдайы назарында тұрған жұмыстың бірі. Әсіресе балалар үшін кедергісіз болашақ қалыптастырып, мектепке дейінгі білім берумен толықтай қамтамасыз ету – басты талаптардың бірі. 1-2 күнде лентасы қиылып, жұмысын бастағалы отырған жергілікті кәсіпкер Ақниет Жалғасбаевтың қос қабатты "Зере" балабақшасы мемлекеттік саясаттың орындалуына дәлел болады. Шындығында біз балаларымызды бақытты ету арқылы кемел болашақ қалыптастырамыз. Себебі жастар – елдің ертеңі.
Ауылға кіреберіс қақпаға келгеннен-ақ ынтымағы бекем Аманөткелдің азаматтарының қаншалықты елжанды екенін аңғаруға болады. Бүтіндей бір мекеннің тірлігі мен тұрмысын боямасыз айтып тұрған қақпада да осы ауылдың «елім» деген ерлерінің қолтаңбасы жатыр. Олардың қатарында Аманөткелдің тумасы Ақниет Жалғасбаев та бар. Иә, Ақниет Дайрабайұлы жайында көп әңгіме айтуға болады. Десе де мақаланың басын ауылда туып, азаматтыққа лайық еңбек атқарып келе жатқан жанның өмірдерегінен бастауды жөн көрдік. Ақниет 1987 жылы 22 ақпанда Аманөткелде дүниеге келген. 2004 жылы осындағы №73 орта мектепті бітіріп, арман қуып Алматыға аттанған ол 2004-2008 жылы Алматы каласынан ІІМ-нің академиясын бітіріп, лейтенант шенімен Атырау каласында учаскелік полиция инспекторы болып еңбек жолын бастады. 2011 жылға дейін сонда қызмет атқарып, 2011 жылы Арал қаласына Арал АIIБ-не капитан шенімен учаскелік полиция инспекторы ретінде қызметке келіп, 2015 жылға дейін абыройлы еңбек етті. 2015 жылдан бастап кәсіпке бет бұрған кейіпкеріміз табысты еңбек етіп, бүгінге дейін шаруасын өрге домалатып отыр.
Қазақта «Сайына қарай саласы, әкесіне қарай баласы» деген тәмсіл бар. Расында, Ақниеттің осындай биіктерді бағындыруы әкенің тәлімі мен көрсеткен тәрбиесінде екенін өзі де жиі айтады, ел де жақсы біледі. Аудандық мәслихат депутаты ретінде Сырдың жағасын жағалай қоныстанған ауылдардың мәселесін көтеріп, оң шешімін табуға атсалысып жүрген Дайрабай Жалғасбаев әркез перзенттеріне ақылын айтып, жол нұсқап келеді. Еңбегіңді еліңе арнасаң, есігіңнен құт кетпейтінін жақсы түсінген әкенің үлгісін алып, жолымен жаңылмай жүре білген Ақниеттің де абыройлылығы үлкенді тыңдай білуінде десек қателеспейміз. Қазірде жас та болса жақсы ісімен есімі елдің аузында үнемі айтылып жүретін кейіпкеріміз:
– «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демей ме?! Расында, қандай іс бастасақ та мол тәжірибе мен терең тәрбиенің, тынымсыз еңбектің арқасында ғана нәтижеге жетуге болады. Бұл – бұлжымайтын заңдылық. Әкем Арал мұнай базасында оператор болып қызмет атқарған. Осы салада жүріп біраз тәжірибе жинады. Жұмыстың қиындығын еңсеріп, қыр-сырын меңгерді. Кейін сол білген-түйгенін бізге үйретті. Қандай тосқауыл болса да сабырлық танытып, жеңіп шығуға шыңдады. Қазір де ауылда май құю бекетінің жұмысын жүйелі ұйымдастырып, халықтың ойынан шығуға жұмыс жасап жатырмыз. Бір мақтанарлығы, жанармайдың да, автогаздың да бағасы Арал қаласының бағасымен бірдей. Біздің көздеген мақсатымыз да осы болатын. Елдің қажетін қамтамасыз етіп жүргендіктен оларға да тиімді жағдай жасап, пікірлерін тыңдау, сұранысын қанағаттандыру бірінші кезекте тұруы қажет. Бағаны тұрақтандыру бағытындағы жұмыстардың барлығы осы көздеген мақсатқа жетудің басты қадамы, – дейді.
Қажетін алыстан қарманбай, жақыннан табылғанына да халық дән риза. Әркез батасын беріп, алғысын жаудырып жүр. Бұл бір жағынан ауылдың кіреберісіне көрік сыйлап, Аманөткелдің ажарын айшықтап тұрғандай. Келген қонақтың барлығы осыдан-ақ елдегі екпінді еңбекті анық аңғарады.
Ақниеттің ендігі табысты қадамы – балаларға сыйлаған қуанышы. Олай деуге себеп те бар. Іргелі ауылдың өркені өзгеше. Сән-салтанаты мен экономикалық дамуынан бөлек тағы бір қуантарлығы, халық санының өсімінде. Туу жағынан оң көрсеткішке ие болып келе жатыр. Расында әр шаңырақта сәбидің дауысы шықса, одан асқан бақыт болар ма?! Осының өзі халықтың ахуалын анық көрсететіндей. Бірақ оларға жағдай жасау да сондағы ел азаматтарының мойнындағы міндет екенін естен шығармаған абзал. Елдің ертеңіне баланған бүлдіршіндерге шат күлкі мен кедергісіз даму, бақытты балалық шақ пен алаңсыз өмір сыйлауды көздеген жандардың бірі де осы Ақниет болды.
Анығырақ айта кетейік. Ол 2019 жылы типтік жобадағы «Зере» жеке балабақшасын ашқан болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде үлкен рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек» деп атап өткендей, балаларды балабақшамен қамту мемлекеттің басты саясатының бірі екенін жете түсінген кейіпкеріміз «Зере» балабақшасы арқылы тек балаларды ғана емес, олардың атааналарын, барша ауылдастарын қуанышқа бөледі.
Ақниет Жалғасбаев өз сөзінде:
– Алғаш ашылған уақытта бүлдіршіндердің бақытты ортасы 60 орынға арналып ашылған еді. Құрылтайшысы – өзім, меңгерушісі Жамила Әбілдақызы Маханова болды. Мұнда ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешілді. 23 қызметкер жұмыс жасады. Баланың ой-өрісінің дамып жетілуіне және тұлға ретінде қалыптасуына алғашқы баспалдақ болды. Кейіннен 60 орын да аздық ететіні байқалды. Сондықтан сұранысқа сай жұмыс жасауды ұйғардық. Себебі баланың барлығы өз ортасында өсіп, бақытты ғұмыр кешуге лайықты. Соған сәйкес 2021-2022 жылдары балабақша ЖШС «Зере» бөбекжай-балабақшасы болып, тәрбиеленушілерді қабылдауға арналған 90 орынға дейін үйлестірілді. Осы ретте халықты жұмыспен қамту жағы тағы арта түсті. Қазіргі уақытта мұнда 28 қызметкер бар. Оның 11-і педагог, қалғаны техникалық қызметкер, – дейді.
Балалар мұнда өздерін еркін сезінеді. Әріп тануға бейімделіп, санауды алғаш үйрететін балабақша бүлдіршіндердің де көңілінен толықтай шығып отыр. Себебі типтік жобада салынып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған «Зереде» зердесін ашып жатқан балақайлар заттық дамытушы ойыншықтармен де қамтылған. Ал қауіпсіздік пен сенімділік жағын бейнекамералар мүлтіксіз қызмет атқарып келеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, баласы үшін барын салатын, оларға жанын беруге әзір тұратын ата-аналардың қатарында көпбалалы ана Күләш Жұмахметова да бар. Бүгінде өсіп-өнген әулеттің ақылшысына айналып, немере-шөберелерінің қызығын көрсем дейтін әжеміз:
– Біздің уақыт – бөлек, қазіргі заман тіпті басқа ғой. Сондықтан көзіміздің қарашығындай көрген әрбір перзентіміз, немерелеріміздің амандығын, қатарынан қалмай өскенін жатсақ та, тұрсақ та тілеп отырамыз. Ел қатарлы білім алып, ортаға ерте бейімделгенін қалаймыз. Баланың жан-жақты болып өскені – әрбір ата-ананың арманы. Әуелі Алла, одан қалды осы Ақниет сияқты елгезек, іскер азаматтардың арқасы ғой. Күніге жаттап келген тақпағын айтып, түрлі өнерлерін көрсетіп, бізді марқайтып отырады. Ұстаздарды ұйымдастырып, балабақша ашқан баламыздың бағын еселесін, – деп аналық ақ батасын берді.
Ал ауылдық қауымдастық кеңес төрағасы, ардагер ұстаз Қаналы Жеткергенов:
– Ақниеттің еңбегін ел біледі. Өзім ұзақ жылдар бойы ұстаздық еттім. Ақниетке де сабақ бердім. Сол кезден-ақ оның іске икемділігі байқалып тұратын. Білемін деген баланың болашағы жарқын болатынына тағы көзім жетті. Әкесі Дайрабай да жастайынан еңбекке араласып, елдің алғысын алған, көпті көрген азамат. Елдің қамын ойлап, сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап жүретінін жасырмаймыз. Жалпы адал тілеуіне Алла берген әулет десем де болады. Өзі мінберде мінсіз еңбек атқарса, балаларының бағыты да белгілі болып отыр. Сауабы үзілмейтін сауапты істердің бірі – мешіт соғу. Соған сай інісі Махсұт Жалғасбаев ауылдың төрінен Алланың жердегі үйін салып, елдің ризашылығына бөленіп отыр. Ендеше елім деген жандар қандай мақтауға да лайықты.
Тағы бір ауылдық кәсіпкер жас жайында айтпай кетуге болмас. Бүгінде ел экономикасының дамуына бағытталған басты қозғаушы факторлардың бір бағыты – кәсіпкерлік саласы екені жасырын емес. Елдің қазынасын толтырып қана қоймай, жұмыссыздықпен күресті оңтайландыруда да осы саланың беріп отырған серпіні тым ерекше. Сондықтан мемлекеттің де назарынан тыс қалмай ұдайы қолдауға ие болып келе жатқан кәсіпкерлердің табысты еңбегі еселі десек қателеспейміз. Әсіресе бұл ретте жастардың өз ісін бастап, оны жандандыру, ары қарай дамытуға деген жоспарла-ры, сол жоспарды жүзеге асырудағы шаралары көңіл қуантады. Олардың кәсіпкерлікке деген көзқарасы мен тың идеялары тек өздерін емес, өзгелерді де шабыттандырып, осы бағытта еңбек етуге үлкен көмек болып отыр.
Расында талапты ердің ұмтылысына ештеңе кедергі бола алмайды. Тек алға мақсат қойып, сол мақсатқа жету үшін жігерін жинай білсе болғаны. Оған дәлел ретінде Бексұлтан Ідірісовты айтуға болады.
Аманөткел ауылының тумасы Бексұлтан осы салаға жастайынан ден қойған азамат. Мектеп бітіріп, арман жетегінде Орал қаласына оқуға түскен ол оқып жүріп еңбекке араласуды ойға алады. Түрлі салада жұмыс жасап көрді. Солардың бірі төсеніш тас (брусчатка) жасайтын зауыт еді. Осы жерде талапты жас жұмыс процесінің бастан-аяқ қалай жүргізілетінімен жете танысты. Дәл осы кәсіптің түріне қызығушылығы оянып, сұраныстағы дүниенің жерде қалмайтынына анық көзі жетті. Кейіннен туған ауылына оралып, осыдан 3 жыл бұрын өз кәсібін бастады.
– «Еңбек етемін, табысқа жетемін» деген жан үшін ешқандай қиындық кедергі болмайды. Оны жеңуге болады. Менің көзім анық жетті. Тұрақты жұмысым, ай сайынғы жалақым болмаса да көзбен көрген, қолдан келетін осы бір кәсіпті бастауға тал-пындым. Алғашында үйден бастадым. Кейіннен ниетті азаматын қолдай білген ауылдағы атқарушы билік өз жұмысымды, кәсібімді кеңейтуге жағдай жасады. Бос тұрған ескі нысанды пайдалануға беріп, сол жерде жаңа тынысым ашылды десем болады, – дейді жас кәсіпкер.
Иә, қазіргі уақытта өз өнімін тек ауыл тұрғындарына ғана емес, көршілес Бөген, Қосжар, Жаңақұрылыс секілді ауылдарға өткізіп отырған Бексұлтан өзі пайдаланып отырған ескі ғимаратты кеңейтіп, бүгінде ауылдың 4 азаматына тұрақты түрде жұмыс ұсынып отыр.
Бір қуантарлығы, мақсатшыл жастың алда қойған жоспарлары да ауқымды. «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» дегендей өз өнімін шығаратын орталықты аудан орталығы Арал қала-сынан да ашқысы келеді. Тілдескенімізде осы жо-спарын жасырмай айтқан ол бұл бастамасына қиындық тудырып тұрған дүниелерді де атап айтып, әлі де болса қолдау қажетін жасырмады.
– Өнім өндіру оңай шаруа емес. Оны еңбек ете білген азамат жақсы біледі. Әр жұмыстың қиындығы өзіне жетіп артылады. Төсеніш тас жасау да солай. Бірақ біз оның бейнетінен қашпаймыз. Басты мәселе шикізат жеткізуде болып отыр. Қазіргі уақытта өнім шығаруға қажетті арнайы тасты көршілес Қазалы ауданынан алдырып отырмыз. Мұнан бөлек оның құрамына қосылатын құм да өңделеді. Ауылдан та-былып тұрған құмның құрамында саз болғандықтан оны алдымен елеп аламыз. Тасты да сол күйі қоссақ сапасы сын көтермей қалады. Сол себепті тас та жуылады. Осындай еңбекпен жасалған дүниенің шаршы мертін 3000-3500 теңге аралығында сатылымға шығарамыз.
Ал Арал қаласынан өндіріс орнын ашу тіпті қиындау болып отыр. Мұнда да арнайы тасты алды-рып, жеткізіп беретін мүмкіндік қарастырылмаған. Бұл бірінші кезекте бұл бағытта жұмыс жасауға мұндағы кәсіпкерлердің қызығушылығының жоқтығынан.
Екінші мәселе – Аралдың топырағының төсеніш тас жасауға жарамсыздығы. Мұнда да топырақ табылады. Бірақ тартылған теңіздің табанынан ғана табуға болады. Оны да алдырып, тасымалдау қымбатқа түсіп отыр. Шикізат қымбаттаған са-йын баға да қымбаттай түсетіні айтпаса да белгілі. Сондықтан жаңа бастаманы қолдаймын деген кәсіпкерлер табылатын болса, біз де өнімді еңбек етуден жалықпас едік, – дейді.
Бастысы талап бар. Табысқа жету үшін 1 пайыз талант, 99 пайыз талап қажет деген түсініктің растығын көріп келеміз. Ендеше Бексұлтанның да әлі талай табысты еңбегінің куәсі боларына күмәніміз жоқ.
Аманөткел ауылдық округі халқы үшін қуаныш Хандағы көпір болып отыр. Иә, Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірдің жағдайы осындағы халықты қатты алаңдататын. Дарияның екі бетін жалғап, қатынасты қамтамасыз ететін тозығы жеткен көпірдің мәселесі биыл тіпті қиындап кетті. Жаз айларында мүлде жарамсыз болып қалған тұспен қатынас толықтай тоқтады. Ақшатаулық Шанжархан ағамыз:
– Біз Аманөткелге қараймыз. Дәрігерге қаралу үшін де, қажет құжаттар үшін де сол жаққа қатынап, сол жақтан көрінеміз. Осы уақытқа дейін қауіпті болса да ескі көпірмен қатынап келгенбіз. Бұл мәселе неше жыл бойы айтылып, ұсыныс берілді. Ал биыл көпірдің жарамсыздығынан Хан арқылы қатынау мүмкіндігінен айырылдық. Жаз бойы қажеттілік туындай қалса Қызылжар асатынбыз. Қызылжардағы қалқымалы көпір арқылы өтіп жүрдік. Ақшатау мен Аманөткелдің арасы 20 шақырым болса, Қызылжар арқылы бұл аралық 70 км бол еді. Халық амалсыз көнді. Бірақ әр қиындықтың бір қайыры бар. Жақында ескі көпірдің орнына жаңасы қойылып, қуанышымызда шек болмады. Бүгінде жаздайғы қиындық артта қалғанына ризамыз. Аудандағы атқарушы билікке халықтың алғыстан басқа айтары жоқ, – дейді.
Округке қарасты ақшатаулықтар да тағы бір қуаныштың куәсі болды. Елдегі шешімін таппай жүрген мәселенің бірі ретінде каналдың үстінен өткел салуды сұрап жүрген. Таяуда ғана аудан әкімінің елді мекендерге іс-сапары барысында Ақшатау елді мекенінің тұрғындарының талап-тілегі бойынша былтырғы аудан әкімінің бастамасымен ауыл маңынан Ақшақыз каналы үстінен өткел салу мәселесі орындалып, пайдалануға берілді. Халықты қуанышқа кенелткен кәсіпкер, халық қалаулысы, әркез жомарттығымен көрініп жүрген Батыржан Ұзақов осы өткелді салып берсе, мұнан бөлек те демеушілердің есебінен мешіт пен спорт кешенінің сырты қоршалған. Міне, мұндағы тіршілік осындай. Аманөткел ауылы әлі талай жағымды жаңалықтарымен жергілікті халықты қуантса, аудан жұршылығы үшін үлгі болары сөзсіз.