Kyzylorda-news.kz. Бүгін «AMANAT» партиясы жастар қанаты орталық кеңесінің отырысы өтіп, оның барысында ұйымның кезектен тыс съезін өткізу туралы шешім қабылданды.
Кеңес жұмысына партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов қатысты.
«Еліміздің саяси жүйесінің трансформациясы «AMANAT» партиясынан басталды. Біздің партиямыз барлық саяси өзгерістің алдыңғы қатарынан табылып отыр. Жаңа Қазақстанды құру жағдайында жастарға негізгі рөл беріледі. Сондықтан наурыз айынан бастап жастар қанатын мазмұнды қайта жандандыру бойынша үлкен талдау жұмыстары жүргізілуде. Таяудағы съезде жастар ұйымын трансформациялаудың жаңа тәсілдері жарияланады. Олардың ең алдымен еліміздің барлық өңіріндегі «AMANAT» партиясы жастар қанаты мүшелерінің ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып дайындалғанын атап өткім келеді», – деді Асхат Оралов.
Кезектен тыс VI съезд осы жылдың 12 шілдесінде Ақмола облысының Зеренді ауылында өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат қатысады.
Өз кезегінде жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев съезде осыған дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, партияның трансформациясын ескере отырып, жаңа міндеттер айқындалатынын атап өтті. Қазақстанның барлық өңірінен келген делегаттар жастар қанатының қызметін жақсарту бойынша ғана емес, жалпы мемлекеттің дамуы үшін экономикалық, әлеуметтік, мәдени сипаттағы идеяларды ұсына алады.
Орталық кеңестің отырысында Алматы қалалық мәслихатының депутаты Серік Есматов, Маңғыстау облысының «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абылай Фазылбек, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Ирина Чидунчи, жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш және т.б. сөз сөйледі.
Орталық кеңеске жастар ұйымдарының көшбасшылары, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, атақты спортшылар және т.б. кіреді.
Еске сала кетейік, «AMANAT» партиясының жастар қанаты – 105 мыңнан астам адамды біріктіретін елдегі ең ірі жастар ұйымы.