Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданында «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті.

Басқосуда қоғамдағы өзекті тақырыптар мен алдағы бағыт-бағдар айқындалып, ортақ пікір алмасу алаңы қалыптасты. Жиын барысында елімізде кеңінен талқыланып жатқан конституциялық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Қатысушылар жаңа реформалардың отбасы мен неке институтын нығайтуға, тіл мен дін саласындағы үйлесімділікті сақтауға, білім беру жүйесін дамытуға және цифрлық шешімдерді енгізуге оң ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, инклюзивті қоғам қалыптастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету секілді әлеуметтік маңызы жоғары мәселелер қозғалды.

Дөңгелек үстелде заң мен тәртіп қағидатын орнықтыру, адал азамат қалыптастыру, экологиялық мәдениетті арттыру және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу бағытындағы бастамалардың маңыздылығы да сөз болды. Бұл ретте әйелдердің қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі айрықша екені айтылды.

Сондай-ақ жиында әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру, гендерлік теңдікті ілгерілету, өндірістегі әйелдердің құқықтарын қорғау, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдау, ғылым мен білім саласындағы әйелдердің үлесін көбейту және ана мен бала денсаулығын нығайту бағытындағы жоспарлар талқыланды.

Бүгінде «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының Әйелдер қанаты 10 бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қоғамдық ұйымдармен, үкіметтік емес сектор және жергілікті атқарушы органдармен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Әйелдер қанатының жұмысына аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәуле Нұрманова жетекшілік етеді.

Басқосу өзара тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларды пысықтауға мүмкіндік берді. Белсенді нәзікжандылар қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамай, ел дамуына үлес қосуға дайын екендерін көрсетті.

Тағы да оқыңыз: