Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмыс кестесіне сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, бірқатар басқармалар басшылары мен жауапты мекемелердің өкілдері қатысты.
Қабылдау барысында азаматтар кәсіпкерлікті қолдау, кәсіппен айналысуға жер телімдерін бөлу жөнінде өтініш білдірсе, ағайынды Қожықовтар көшесі тұрғындары сол маңда орналасқан жанармай құю станциясының орналасу нормативі мен санитарлық қорғау зонасы бойынша шағымдарын білдірді. Олар жанармай құю бекетінен шығатын иіс пен оған тоқ беріп тұрған станцияның дауысынан әбден шаршағандарын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлікті қолдау бағытында өтініш иелеріне нақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ал шағым бойынша мәселені тікелей өз бақылауына алып, жауапты басқарма басшылары мен мекемелерге зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мәселені шешу үшін тиісті тапсырмалар берді.