Kyzylorda-news.kz Үш жыл бұрын тұтас бір мемлекеттің ішкі болмыс-бітімі, халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәт туды. Бұл елімізде он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Үш он жылдықта жеткен жетістігіміз болса, жіліктеп жіпке тізетін, кеткен есеміз болса, кері бұрылып кем-кетігін айқындап алатын сәт бұл. Әрине, халқымыздың барын бағамдайтын бұл санақ өз дәстүрінен жаңылмағанда  2019 жылы жүргізілуі тиіс еді. Алайда, 2020 жылға белгіленді. Кейіннен пандемеяға байланысты президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңес ұлттық санақ 2021 жылы өткізілетіндігі туралы шешім шығарды. Осылайша, Ұлттық санақты өткізудің сәті биыл келген болатын. Осыған байланысты ұлттық санақтың жүргізілу барысы жайындағы сауалдарымызға жауап алу үшін  біз Шиелі аудандық статистика бөлімінің басшысы Қожамжарова Алтынкүл Құрбанқызымен сұқбаттастық.

– Елді мекендерді аралау кезінде әлдебір қиындықтар кездесті ме?

– Негізі дәл қазіргі уақытта онлайн жүйе өз жұмысын тоқтатуы тиіс еді. Алайда, халыққа тағы да мүмкіндік беріліп, цифрлық бағдарламалар министрлігі онлайн жүйені тоқтатпауды дұрыс деп тапқан болатын. Бұл тұрғындарға берілген үлкен мүмкіндік. Ал, елді мекендерді аралауға келер болсақ, қазіргі таңда Шиелі ауданында бұл жұмыстар тиісінше атқарылуда. Осы жұмыс бойынша бізге арнайы мамандар жұмылдырылады. Жалпы, Шиелі ауданында 14 нұсқаушы-бақылаушы 45 күнге, ел арасын аралайтын 91 сұқбатшы 30 күнге жұмысқа алынды. Сұқбатшылардың жұмысын оңайлату үшін арнайы планшеттер үлестірілді. Дегенмен де үй-үйді аралау кезінде түрлі қиындықтарға тап болғаны жасырын емес. Кейбір азаматтардың үйлерін ашпай қойып, аулаға кіргізбей қойған кездері де көп болды. Тұрғындар арасынан үйлері жабық немесе басқа жерге қоныс аударғандары да табылды. Біз бұлардың ешбірін назардан тыс қалдырмаймыз. Егер үйлерін ашпаған азаматтар болса, әкімшілікке олардың тізімін беру арқылы аудандағы инспекторлар арқылы аталған тұрғындарды тауып жатырмыз. Ал, ауданда «халық санағына мүлдем қарсымын» деген азаматтарды кездестірген жоқпыз.

– Санақшыларға арнайы планшеттер үлестірілді дегеніңізге қарағанда, олардың да жұмысы айтарлықтай жеңілдеді деп ойлаймыз. Солай ма?

– Жұмыстың оңайы жоқ. Негізі санақшылардың үй-үйді аралап, әрбір тұрғындармен сұхбаттасуы оңай жұмыс емес. Дегенмен де, олардың жұмысы оңайландырылды. Бұрындары қағазбастылық көп болды. Әрбір тұрғындарға санақ парақтарын беретінбіз. Ол парақтарды біз қолдан көбейтетінбіз. Ал, қазір қызметкерлерге арнайы планшеттер таратылады. Мамандар сауалдарды сол планшеттерге басады. Алынған ақпараттар VPN арқылы  бізге жетеді. Сол жерден тіркелген мәліметтер автоматты түрде көрінеді. 

– Ал елді мекендерді аралап, қажырлы қайратпен, аянбай тер төккен, өз жұмысын тиянақты атқарған санақшылар бар ма? Бар болса, атап айтсаңыз.

– Аудан бойынша, бізде 14 санақ учаскесі оның ішінде 101 тіркеу учаскесі құрылды. Осы 101 тіркеу учаскесінде 1604 тұрғын үймен 83842 адамды санақтан өткізуіміз керек. Осы жоспарымызға сәйкес,  14 санақ учаскесінде 98 санақшымыз өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ең әуелі мен қазіргі таңда зейнетке шыққан Шиелі аудандық статистика бөлімін басқарған Нәжмедин Балтабайқызы, сондай-ақ Света Жолдасова, Бахриддин Диқамбай атты әріптестеріме өз алғысымды айтқым келеді.  Олар зейнеттік демалысқа шықса да, еліміз үшін әлі де еңбек етіп, ауыл-ауылдарды аралап, нұсқаушы қызметін атқарып жатыр. Одан бөлек, халық санағын жүргізу кезінде тиянақты жұмыс жасай білген нұсқаушы-бақылаушыларды да атап өтейін. Олар Нұржан Әбдірашев, Ботакөз Қуандықова, Ақтолқын Сәрсенбаева, Жанерке Айтбек, Бахриддин Әбдіхаймов, Жансая Бимаханова, сондай-ақ санақшы қызметін атқарған Айзада Сардарбекова, Шолпан Таңсықбаева, Сахидам Рахидинова, Балнұр Сақабай, Ардақ Темірбай, Көркем Молдашева, Ғалия Ибрагим, Айған Молдағараева, Гүлнәр Жүсіпбекова сынды қызметкерлердің елеулі еңбегін, халық санағының өтуіне үлкен үлес қосқандығын атап айтар едім. 

– Сұқбатыңызға рақмет!

Тағы да оқыңыз: