Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаев алтын құрсақты аналармен кездесіп, Аналар күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан басшысы құрметті жандарды қалай ардақтаса да шектеу жоқ екенін атап, ардақты аналарға мемлекет тарапынан қолдау көп екеніне тоқталды және өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.

– Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Бала тәрбиесіне қашанда ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз ұрпақ өсірген аналарымызды ардақтап, аялай білген. Барлық уақытта да ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жерді – Ана атымен байланыстырған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ардақты жандар үшін аймақта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, өңірде құны 1,7 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Бүгінде орталық аналарымыздың басын қосып, салиқалы жиындарды өткізетін тәжірибе алмасу алаңына айналып отыр. Өңірімізде дәстүрлі түрде «Анаға тағзым» республикалық форумы өткізіліп келеді. Форум аясында қаламызда жаңадан 1000 орындық Өнер орталығы ашылып, жұмысын бастады. Одан бөлек, құны 1,5 млрд теңгені құрайтын Отбасы орталығы пайдалануға берілді. Аймақ басшысының бастамасымен Сыр өңірінде биыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Аталған жыл аясында 7 ауданда «Руханият» орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, неке қию залы, музей, мұрағат, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйі және тәулік бойына жұмыс істейтін кітапханасы бар. Орталықтарда аға буын мен жастар бір-бірімен араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады, жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибе алмасады. Сонымен қатар, мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер, мерекелік кештер өткізіліп, тұрғындар жиі келетін мәдениет ошағына айналады. Міне, осындай іс-шараларда аналардың өнегесін дәріптеу болашақ үшін қажет. Кемел келешек жолында ана рухы мен ана мейірімі арқылы аудан дамуына қосып келе жатқан мол үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев пен қадірлі аналар өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мерекелік құттықтауларын жеткізді. Алтын құрсақты аналарға аудан әкімінің «Құттықтауы» табыс етіліп, сый-құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, бүгінде аудандағы 40 мыңға жуық халықтың 51 пайызын әйел-аналар, қыз-келіншектер құрайды. Олардың басым көпшілігі білім, денсаулық, мәдениет салаларында қызмет жасайды. Ауданда 270 «Алтын алқа», 617 «Күміс алқа» иегері, 56 «Батыр ана» бар.

Тағы да оқыңыз: