Kyzylorda-news.kz. «Алтын белгі» иелерінің саны соңғы төрт жылда 4 есеге өскен. Талаптарды күшейту керек деген пікірлер айтылуда. Бұл білім сапасының артуының белгісі ме, әлде «Алтын белгі» тым қолжетімді болып кетті ме?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер БҒМ өкілдеріне осындай сұрақ қойды. ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, қазіргі кезде «Алтын белгі» алуға қойылған талаптарды күшейту мәселесі қарастырылуда.
«Қолданыстағы ережеге сәйкес, «Алтын белгі» алу үшін оқушының 5-11 сынып аралығындағы барлық жылдық бағалары «5» болуға тиіс. Ал қазіргі уақытта педагогикалық кеңесте қарастырылып отырған мәселе – егер де оқушыға «Алтын белгі» берілуі тиіс болса, онда оның тоқсандық бағалары әр пән бойынша “өте жақсы” бағалануы тиіс. Бұл мәселе талқылану үстінде. Тиісті шешім қабылданады. Бүгінде «Алтын белгі» алушылар саны көбейді. Бұл оқушының тек мектептегі оқу жетістіктеріне ғана берілген баға. Алдағы уақытта ол тек қана баллдары тең болғанда ғана ЖОО-ға түсуге артықшылық береді. Бірақ мектеп бітіргендегі ерекшелік болғаннан кейін оның сапасы да, мазмұны да жоғарылауы керек. Сондықтан бұл жұмыс жетілдірілетін болады», – деді БҒМ бірінші вице-министрі өз жауабында.
Айта кетейік, 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша 9 738 түлек “Алтын белгі” иегері атанды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш. 2019 жылы төсбелгіні – 7 349 оқушы, 2020 жылы 8 615 оқушы иеленген болатын.