Kyzylorda-news.kz Қазақта «Түсі игіден түңілме» деген керемет сөз бар.  Жүзі жылышырайлы, мейірімге толы жанарынан шуақ шашылып тұратын жандарды көргенде адамның құлазып тұрған жан дүниесі лезде жадырап сала беретін сәттер болады. Ал ол адам жанының арашасы дәрігер болса, тіпті керемет! Бүгін де сондай арайлы сәтті бастан кешірдім.  Бұл кісімен дидарласудың себебі де бар.  Балалары туғаннан мүгедек бірнеше ата-ана маған осы дәрігер жайлы мақала жазуды өтініп хабарласқан еді.  Тағдырдың тауқыметін көріп, балаларының болашағы үшін алаңдаған жандардың алғысын арқалаған ақ халатты жанмен жүздесудің сәті түскеніне мен де қуандым.  Күндегі тынымсыз қоңыраулар, шақыртулар, тапсырмалар толастады ау деген кезде ел сүйіктісіне айналған дәрігердің жұмыс кабинетіне кірдім. Өзімнің келген шаруамды айтқан кезде ол кісі сәл ойланып қалды. «Мен өз қызметімді жария етіп, мақтануды қаламаймын. Менің жаным қарапайымдылықты қалайды. Дәрігердің міндеті – науқастың тән жарасын да, жан жарасын да емдеу. Бұл – өзім бала күннен сүйген мамандығым. Сондықтан бүкіл өмірімді осы салаға арнадым» деп  өзінің көкейіндегі ойын бүкпесіз айта жөнелді. 

Бір кезде қалта телефоны безектей жөнелді. Хабарласқан Жаңабек деген 1 сынып оқушысының анасы екен. Оның баласының көзі көрмей қалып, дәрігер оны Оренбургке квотамен ота жасауға жіберген екен. Сол баланың бір көзі көргенін айтып, ата-анасы ақжолтай қуанышпен хабарласып жатыр.  Дәрігердің жүзіне қан жүгіріп, нұрлана түсті. «Міне, осындай жақсы хабарлар – мен үшін жеңіс! Ауруларға берілмейміз, жеңілмейміз. Бірге ерінбей күресеміз! Науқас балалары бар ата-аналарға менің берер басты кеңесім осы. Дәрігер кеңесін мүлтіксіз орындаған ата-ананың баласы сауығып кетіп жатыр. Күреспесе, мүгедек болып арбаға отырып жатыр. Денсаулықтың бәрі адамның өз қолында. Ерінбеу керек. Мезгілінде қимылдап, сауықтыру орындарына бару керек. Мен барлық науқасқа осындай талап қоямын, оны аяқсыз қалдырмай, қадағалаймын. Оның қорытындысын өзім есепке аламын. Өз жұмысымнан ләззат аламын. Әр сауыққан ана, ем жүрген бала – менің жеңісім, менің абыройым» дейді дәрігер. 

Шынында адам жанына араша түсіп отырған дәрігердің сөзінің жаны бар. Ол өзінің сан қилы жауапты жұмысының арасында уақыт тауып, балалары түрлі дертке шалдығып, мүгедек болып қалған ата-аналарға өзі хабарласып, халін сұрап, шипажайларға жолдама келсе, оларды шақырып, перзентін дереу сонда апаруға кеңес береді. Кеңес беріп қана қоймай, оларға аналық ақылын айтып, дертін асқындырмаудың алғы мүмкіндігін пайдалануды тапсырады. Бір сөзбен айтқанда, науқас бала үшін ата-анамен бірге шыр-пыры шығып, баланың оңалуына, дертпен күресуге қолдау көрсетеді.  Нағыз өз ісінің білгірі, білікті дәрігер, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Алмагүл Қаскенқызы Сүлекеева  – жүрегі таза  ақ халатты абзал жан. Ол Семей мемлекеттік медицина университетінің балалар дәрігері бөлімін бітірген.  Семей облысы Абай ауданының  тумасы. Еңбек жолын Қызылорда облысындағы балалар ауруханасының дәрігері болып бастаған. Мұнан соң Жалағаш аудандық перзентханасында,  Бұқарбай батыр ауылында бала дәрігері болған. Әр жылдары  дәрігер-реаниматор, дәрігер-инфекционист қызметінде болды.  1998 жылдың маусымынан бері Жалағаш аудандық ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. 23 жыл басшылық қызметте жүргенмен өзінің қым-қуыт жұмысының арасында Алматыдағы тренерлердің халықаралық курсына қатысып, 48 дәрігер, 52 фельдшерге дәріс берген. Медицина саласындағы балалар науқасына қатысты зерттеу мақалалары газет-журналдарға жарияланған. Әр кезде алған марапаттары – дәрігердің ерен еңбегінің нәтижесі. Оның «Денсаулық саласының үздігі», «Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі кеудесінде жарқырап тұр. 

Әсіресе дәрігердің еңбегінің қайтарымы ол дертке ұшыраған ата-ананың алғысы мен ыстық ықыласы болса керек. Осы орайда аудан тұрғыны Сәбит Қайранбаев ақ халатты абзал жанға өз алғысын жеткізді.

– Менің ұлым Бердәулет Қайранбаев туғаннан сал ауруымен науқастанды. Біздің білгеніміз бұл науқастың салдары өте ауыр екен. Алайда бізге Алма Қаскенқызының қамқорлығының арқасында дертті жеңбесек те, алдын алып, арбада отырып қалмауына күш салдық. Дәрігер бізге үнемі хабарласып, баламыздың жағдайын сұрап, түрлі шипажайға, санаторийлерге жолдама беріп, жанашырлықпен қол ұшын созды. Дәрігер қадағаламағанда Алла сақтасын, дерт дендеп, ауыр жағдайға түсер едік. Ол кісіге Алла риза болсын!, – дейді ол. 

Өз кәсібіңді сүю, адал қызметің арқылы халықтың батасын алу  – қай мамандық иесі үшін де үлкен бақыт. Ал бақыт – адамның табан ет, маңдай терімен келетін, оңай уысыңа түспейтін киелі ұғым. Бүгінгі кейіпкеріміз адам жанының шипагері Алма Қаскенқызы – өзіне де, өзгеге де бақыт сыйлаған аяулы жан, алтын жүректі дәрігер.

Тағы да оқыңыз: