Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаевты еске алуға арналған халықаралық-рейтингтік турнир аясында тоғызқұмалақтан тұңғыш рет «Champion» турнирі ұйымдастырылуда. Бұл дода - өңірдегі ұлттық зияткерлік спортын жаңа деңгейде жандандыруға тың серпін бермек.
Тартысты турнирдің ерекшелігі – Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік 30 спортшы тоғызқұмалақтан бақ сынауда. Сонымен қатар, жарыстың тарихи жаңалығы – алғаш рет жасанды интеллект спортшылармен бірге ой сайысына қатысуда. Цифрлық технология мен дәстүрлі зияткерлік ойынның бір арнада тоғысуы - ұлттық спорттың заманауи бағытта дамып келе жатқандығын көрсетеді.
Жасанды интеллект пен адам арасындағы бұл тартысты дода - тоғызқұмалақ спортының барлық мүмкіндігін кеңейтіп, оның ғылыми әрі технологиялық қырын тереңдете түсуде.
Турнир барысында алдағы халықаралық және республикалық жарыстарға қатысатын үздік спортшылар анықталады. Жарыс қорытындысы 6 наурыз күні белгілі болады.
