*Kyzylorda-news.kz. «Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» үшінші мәселе бойынша Ортсайлауком Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.*

Ол “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Орталық сайлау комиссиясының мәслихаттардың кезекті сайлауын тағайындау өкілеттігі көзделгенін хабарлады.

«Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы бір мезгілде өткізіледі және мерзімі жағынан Президентті, Парламент Сенаты депутаттарын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс. Мәслихаттар депутаттарын сайлауды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаумен бір мезгілде өткізу бойынша шектеулер жоқ. Осыған байланысты мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындау ұсынылды», – деді Константин Петров.

Төраға орынбасары Мәжіліс депутаттары мен мәслихат депутаттарын сайлауды бірге өткізу қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейтінін және қазіргі жағдайда объективті негізделген шешім болып табылатынын атап өтті. Біріктірілген науқан – бұл бюджетті үнемдеу және пандемия жағдайында негізделген әлеуметтік байланыстарды азайту.

Сонымен қатар Константин Петров жекелеген сайлау рәсімдерінің: Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде ұсыну, тіркеу және сайлау алдындағы үгіт мерзімдеріне тоқталып, партиялық тізімдерді ұсыну мен тіркеу мерзімдерін тиісінше 6 күнге қысқарту туралы ұсыныс енгізді. Мәселен, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімдерді тіркеу мерзімінің аяқталуы бойынша бірыңғай тәсілдер үгітті бір мезгілде бастауға және мәслихаттар депутаттарын сайлау кезінде үгіт кезеңін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, К.Петров Орталық сайлау комиссиясы өз құзыретіне сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санына сәйкес 2020 жылғы 11 қыркүйектегі №21/323 қаулысымен олардан сайланатын мәслихаттар депутаттарының саны анықталғанын хабарлады.

Барлығы алдағы науқанда 216 мәслихаттың 3276 депутаты сайлануға тиіс. Облыстардың, Нұрсұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мәслихаттарының 589 депутаты, облыстық маңызы бар қалалардың 36 мәслихатында 596 депутат, аудандардың 163 мәслихатында 2091 депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өткенін хабарлаған болатынбыз.

Тағы да оқыңыз: