– Көкірегімнің үміті мен тілегі,
Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі,
Менің елім, менің елім – гүл елі!

Жұмекен Нәжімеденов

Қазақтың заңғар ұлы, алып ақыны, ұлттың болмыс-бітімін бойына түгел жиған халқымыздың қыран оғланы, мемлекеттік әнұранымыздың авторының бірі Жұмекен Нәжімеденовтей тұлғаның қаламынан туған жыр жолдарын мақаланың беташары ретінде алып отырмыз. Өйткені Жұмекендей ақынның туған ел хақындағы осы бір өлеңі оқыған жаңға ой салары анық. Ал бұл туындыны ақындардың елі, батырлардың жері, руханият атаулының қайнар бұлағы, Алаштың анасы атанған Сырдың қасиетті топырағынан нәр алған, жігерін жасытпаған, намысын таптатпаған, туған жерге ту болып тігілген осы өлкенің арлы, ойлы, саналы азаматтары оқыса рухтанып сала берері сөзсіз. Себебі туған жерге кіндігі байланған әр азамат өскен ортасының, елінің болашағы кемел болғанын жан-тәнімен қалайды. Ондай адам – Отанына шын берілген патриот. Отанына шын берілген адам туған жерді түлету әр азаматтың  борышы һәм ортақ міндеті екенін жақсы түсінеді.

Жері де кең, топырағы да шұрайлы

Әңгіменің ауанын тағы да өзім жақсы көретін Қызылордадан бастағанды жөн көрдім. Қызылорданың соңғы 7-8 жыл көлемінде ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны баршаға белгілі. Соңғы деректер бойынша  аймақта 800 мыңға жуық адам тұрады. Сылаң қаққан Сыр мен қарт Қаратауды,  Қызылқұм мен Бетпақ даланы қабат қоныстанған облыс аумағы да кең. Оның жалпы көлемі – 226 мың шаршы шақырым. Бұл – бүкіл қазақ жерінің 8,3 пайызы. Қызылорда облысы шығыс және оңтүстік-шығысында Түркістан облысымен, солтүстігінде Ұлытауоблысымен, солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен және оңтүстік-батысында Қарақалпақстан Республикасымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Науаи облысымен шектеседі. Жер көлемі жөнінен республика бойынша 4-ші орында. Еуропаның Аустрия, Венгрия, Бельгия, Чехия,  Швейцария сынды мемлекеттері облыс төңірегіне түгелдей сыйып кетеді. Тіпті әлемдегі дамыған жеті мемлекеттің қатарына енетін, шығарған автокөліктері арқылы бүкіл дүние жүзіне белгілі алпауыт саналатын Германия жері Қызылорданың аумағындай ғана екен.

Тарихқа ден қойсақ...

Біз облыс аумағының кеңдігін ғана сөз еттік. Оның көркемдігін тілмен жеткізу, тіпті мүмкін емес. Аралдан Жаңақорғанға дейінгі аралық небір кереметке толы. Тарихи орындар да жетіп артылады. Облыс аумағындағы Жанкент қаласы Оғыздардың астанасы болса, Сығанақ Ақ Орданың, Қазақ хандығының астанасы болған. Қызылорданың да астана болғаны тарихтан белгілі. Бұл қала Ақмешіт, Перовск, Қызылорда, секілді әр кезеңдерде әртүрлі атауға ие болған.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1818 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылыОрынбор генерал-губернаторы В.А.Перовскийқоқандықтармен соғысып, жеңіске жеткен. Қала Перовск аталып, 1867 жылы ол Сырдария уезінің орталығына айналды. 1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атанды.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан әсем қала жыл өткен сайын дами түсті. Ол 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болды. Астана болған сәттен бұл қала Қызылорда деп аталды. Әлі күнге дейін осылай аталып келеді. Ақмешітті астана ету оңай болған жоқ. Бұған Сұлтанбек Қожанов сияқты арыстар күш салды. «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевтың «Аbai.kz» ақпарат агенттігіне шыққан «Қожановтың Қызылордасы» атты мақаласында бұл жайлы жан-жақты тарқатылады. Мұрат Ақынұлы бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында делегаттар тарапынан Қазақстанның астанасы ұлттың ежелгі қонысы – Ташкент қаласы болсын деген ұсыныс айтылғанын да алға тартады. Осыған қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Қазобкомның, ал 1925 жылғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалған Сұлтанбек Қожанов  астананы Ақмешітке көшіру керек деген ниетін байқатады. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды.

Орынбордан Ақмешітке орталық қаланы ауыстырғанда саяси элита да Сыр бойына келген болатын. Архив құжаттарын негізге ала отырып, тарихи деректерді сөйлетер болсақ, 1925 жылдың сәуір айында Қазақ АКСР кеңестерінің V съезіне сайланған делегаттар мен үкімет мүшелері Ақмешітке келген. Осы қалада сол кезде, яғни 1925 жылғы 15-19 сәуір күндері бес күнге созылған съезд өтті. Бұл съезде ұлтымыз бен қаламызға қатысты екі тарихи шешім қабылданған. Олар ресми құжаттарда қырғыз аталып келген ұлт атауын қазақ етіп, тарихи қателікті жөндеу және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту болды. Бұл жайында облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжазира Жалғасова «Алаштың алты қанат ақ ордасы» атты мақаласында: «15-ші сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды» деп жазады.

         Жалпы ұлт атауына қатысты тарихи қателікті жөндеу жайлы мәселені ел ертеңін ойлаған қайраткерлер бұған дейін де көтерген. Дәлелді алыстан іздемей-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбектеріне үңілейік. Ол кісі Сәкен Сейфуллиннің тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім болып келген бірнеше мақаласын тапқан. Соның бірі –1923 жылы жазылған  «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы.

Ұлттың атауына келгенде бәрі түсінікті, ел қамын жеген азаматтар әбден ойланып, толғанып барып қабылданған шешім. Ал Қызылорда атауы ше? Бұл жайында тарихшы ғалым Хазретәлі Тұрсын өзінің «Алаш қозғалысының оңтүстік қағанаты» атты еңбегінде архив құжаттарына негізделген мәлімет келтіреді. Ғылыми еңбекке Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабы енгізілген. Онда: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов ойлап тапты. Одан «неге?» деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік. Сұлтанбек Қожанов съезде кезектен тыс сөз алып, ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау керек десе, екіншісі – Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады» делінген.

Бұдан Қызылорда атауын съезде көпшілікке ұсынған Сұлтанбек Қожанов болса, оны ойлап тапқан Қоңырқожа Қожықов екенін көруге болады.

Қызылорданың түпкі мағынасы – Алтын Орда

Тәуелсіздік алғалы бері Қызылорда атауына байланысты түрлі пікір айтылуда. Жалпы Қызылорда сөзін кеңестік заманмен байланыстыратындар аз емес.  Сол себепті «Ақмешіт» немесе «Қамысқала» деген тарихи атауын қайтарайық деген де бастама көтерілді. Тіпті облыс атауын Сырдария деп өзгертейік деген ұсыныс та болған. Ақмешітті Қызылорда деп атаған арыстарымыздың бізден әлдеқайда білімді, қай жағынан келсе де он орап алатын қабілеті болғанын ескеруіміз қажет. Осы ретте филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата университетінің профессоры, елге белгілі тілтанушы ғалым Аман Абасиловтың  облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда атауына терең бойласақ» деген мақаласынан үзінді келтіре кетейік. Ғалым: «Ол заманның зиялылары алыстан ойлайтын ұлылар, абыздар ғой. Алаш арыстарының азат ойлай алатыны, сөз мағынасы тек лингвистикалық білім ғана емес, дүниелік білім беретіндігіне де жіті көңіл аударғаны таңғалдырады. Белгілі әдебиетші-ғалым Ғабит Тұяқбаевтың Әзербайжан еліне барған іссапарында өзін қарсы алған әзербайжан әріптестерінің «Қызылорда» атауын «Алтынорда» мағынасында қолданғанына риза болдым деп айтқаны бар еді. Міне, бұл атаудың түркілік дүниетанымды білдіретіндігінен де хабар береді. Сондықтан «Қызылорда» атауына сол ұлыларымыз сияқты байыппен қарағанымыз дұрыс» деген пайым жасайды.

         Қалай десек те Қызылорда атты қаланың жаңа атауы 1925 жылы жұртшылық тарапынан қолдау тапты. Қызылорда уездік қалалық Советі атқару комитеті осы тұрғыда жаңа қаулы шығарып та үлгерді. Бұл қаулыға сәйкес барлық мемлекеттік коорперативтік және тағы басқа ұйымдар, өндіріс орындарын, мекемелер басқа ұйымдар, бір ай мерзім ішінде барлық штамптар мен мөрлерін ауыстыруға міндеттелді.

Қызылорда-Мәскеу: Алғашқы ұшақ Сырдан ұшқан

Астана мәртебесіне қол жеткізгеннен соң Қызылордада түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Орта және арнаулы оқу орындары бой көтерді. Тағы бір айта кетерлігі, ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және де басқа институттар өз жұмысын осы қалада бастаған.

Сол тұста әуе қатынасы мен байланыс жүйесі іске қосылды. 1926 жылы  маусым айында аспанға тұңғыш рет Қызылордадан ПО-ұшағы көтеріліп, Мәскеуге бет алды. Бұл ұшақ Қазақ Республикасының астанасы Қызылордадан Мәскеуге әуе жолын ашқан алғашқы рейс болатын. Кейбір кісілер ұшақ басқа қалалардан да, бұдан бұрын да ұшқан деуі мүмкін. Әрине, біз оны жоққа шығармаймыз. Алайда жолаушылар тасымалымен айналысатын алғашқы рейс Қызылордадан Мәскеуге барғанын ұмытпау керек.

Сыр өңірінде 1925-1926 жылдары білім беру институты, кеңес-партия мектебі, меди­цина, қаржы, көлік-механикалық, геоботаникалық сала мамандарын даярлайтын техникумдар ашылды. Тұңғыш театрмен қатар «Еңбекші қазақ», «Советская степь» республикалық басылымдары шыға бастады. Сол кезде Қызылордадан бүкіл республикалық басылымдардың шыққанын атап өткеніміз жөн. Олардың қатарында жоғарыда атап өткен екі басылымнан бөлек, бүгінгі «Қазақстан әйелдері» (ол тұста «Әйел теңдігі» деген атпен шыққан) журналы, «Жас алаш» (кеңестік дәуірде «Лениншіл жас» деп аталған) газеті сынды бірнеше баспа БАҚ болды.Тіпті «Қазақ радиосы» да Қызылордадан хабар таратып тұрды.

Кеңес заманында қалада қатырма қағаз, аяқ киім, механикалық және күріш зауыттарымен қатар бірнеше фабрика іске қосылды. Қызылордада педагогикалық институт пен Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институттарының филиалы және бірнеше арнаулы оқу орны жұмыс істеді. Облыс көлемінде көптеген мектеп салынды.

Сәулеті сымбатты Қызылорда

Еліміз тәуелсіздік алған соң Қызылорда өз дамуын тоқтатқан емес. Бүгінде халықтың әл-ауқаты артып, қаланың аумағы кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдары облыс аумағында 300-ден аса білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынды. Аймақта Қорқыт ата атындағы Қызылорда және «Болашақ»,  университеттері мен «Ақмешіт» институты, бірнеше колледж жұмыс істеп тұр. Олардан білім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет атқарып жүр.

Тәуелсіздік жылдары аймағымызда қазіргі заманға лайықталған соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған медициналық, диагностикалық және қайта сауықтыру орталықтары салынды. Бүгінде облыс даму қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы аймақтар қатарына қосылды. Әртараптандыру шаралары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Нәтижесінде аймақ экономикасының жаңа құрылымы қалыптасты. Облыс аграрлық аймақтан индустриалды-аграрлық өңірге айналды. Соңғы жылдары 30-дан астам жаңа мұнай кеніші ашылды. Уран өнеркәсібін дамыту жолға қойылды. Әлемдегі ең ірі ванадий кенішінің бірі – «Баласауысқандық», алтын, басқа да бағалы кен орындарын игеру қолға алынған. Әлемдегі ең ірі қорғасын-мырыш кен орны – «Шалқияның»  жұмысы қайта жанданды. Шикізаттық емес секторды дамытуға да ден қойылған. Бірер жыл бұрын цемент зауыты ашылып, ел игілігін көруде. Бірнеше жыл жыр болған шыны зауыты да іске қосылып, жұмысын бастады. Қазір Қызылордадан шыны шығады деп ұялмай айтуға болады.

Облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары өңір әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Қызылорда қаласының бірнеше аумағынан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанның өзінде Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қалашықтың бой көтеріп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Осы тұста Сырдария өзенінің сол жағалауында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталғанды жөн көрдік. Қарқынды түрде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақ жұртшылықтың да ерекше қызығушылығын тудыруда. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Екі аралықты байланыстыратын көпірдің өзі мұндағы толассыз тірлікке дем бергендей әсер қалдырады. Өйткені осы көпір салынғаннан кейін дарияның арғы беті мен бергі бетіне еркін қатынауға мүмкіндік туды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен сол жағалау аумақ 15 ауданнан құралады деп жоспарланған. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі  парк пен жасыл желекті аймақтар қарастырылып отыр.

Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауында алыстан-ақ көздің жауын алатын «Болашақ» университетінің ғимараты мен заманауи үлгідегі ІТ-паркі бар жастар ресурстық орталығы орналасқан. Одан бөлек 700 оқушыға арналған жеке мектеп және 320 орындық балабақша да осында ірге тепті. Жақында ғана Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп», «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы» ашылды. Ал сонау 1925 жылы Қырғыз АССР-нен Қазақ АССР-і деп өзгерту туралы шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің ғимараты бүгінде қайта жаңғыртылып (сызба негізінде қайта салынған), онда қалалық музей жұмыс істеуде. Сол жағалаудан ауданы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып, соның 1 миллионы 2025 жылға дейін жобаның бірінші кезеңі аясында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде 50 мың тұрғын қоныс тойын тойласа, жоба соңында жалпы саны 150 мың тұрғын баспаналы болады деп күтілуде. Жоба бойынша қаланың жаңа аумағында 16 мектеп пен 12 балабақша салынбақ. Бұдан бөлек 4 денсаулық сақтау мекемесі, яғни 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы халыққа қызмет ететін болады. Бұдан бөлек облыстыққан  орталығы мен жаңа автовокзал да жұмысын бастап кетті. Айтпақшы, барлық жағдайы жасалған жаңа стадион мен физика-математика мектебінің де құрылысы қарқынды екенін айта кетейік.

Дария жағасында орналасқан қалада бұдан да бөлек қаншама құрылыс бар. Соның бір дәлелі ретінде «Анаға тағзым», «Неке сарайы», «Өнер орталығы», сынды игілікке берілген алып құрылыс нысандарын атап өтуге болады. Жылу электр станциясы мен шығармашылық академиясының дақұрылысы қарқынды жүруде. Бұған ондаған балалар спорттық ойын алаңын қосыңыз.

Қалай десек те, Сыр өңірінің жаңғырғанын, тіпті екінші тынысы ашылғанын аймақ жұртынан бөлек, республика халқы түгел біледі. Ел ағалары мұндай нәтижеге ынтымақты бірлік пен тату тірліктің арқасында қол жеткенін айтады. Шынында, Қызылорда бүгінде адам танымастай өзгерген. Көркейген, сымбатына сымбат қосқан, ажары айшықтала түскен. Қала көшелері кеңейген, жолдары тақтайдай тегіс. Жалтырап жатқан асфальт жолдар күн сәулесімен жалт-жұлт етеді. Оның қос қапталы жарықтандырылған, абаттандырылған. Сонымен қатар қала көшелеріндегі жолдың шетіне қиыршық таспен әдіптеп неше түрлі оюлар жасалған. Мұның барлығы көрген көздің жауын алары сөзсіз. Сырттан келген қонақтарды қызықтырып, таңдай қақтырары анық. Әсіресе Бейбарыс сұлтан көшесінің қос қапталы екі бөлек арбат іспетті. Осы орайда сүйікті қаламызға келген қонақтарды сөзге тартқан едік.

– Өзім Сыр елінің тумасымын. Қазір Астана қаласында тұрамын. Бұрын Қызылорданы жұрттың барлығы ағашы жоқ, талы жоқ қала дейтін еді. Қазір мүлде бөлек қалаға айналыпты. Зәулім үйлер бой көтеріпті. Жасыл желекке оранған. Егілген көшеттер кәдімгідей саялы ағашқа айналған. Оған Президент саябағында көз жеткіздім. Қызылорданың бүгінгі келбетін көріп сүйсініп жүрмін, – деді Досхан Сынабаев есімді азамат.

Расында, қаланың жасы үлкен тұрғындарын әңгімеге тарта қалсаңыз қазіргі сұлу да сымбатты Қызылорданы айтып шыға келеді. Көбі «Бұрын қалада пакеттер ұшып, жел болса аспанға шаңмен бірге көтерілетін еді. Тіпті кейде олардан аяқ алып жүру мүмкін емес болатын» деп еске алып жатады. Бүгінгі жағдай мүлде бөлек. Қазір Қызылордада аспанға ұшқан пакет түгілі жерде жатқан қағазды да көрмейсіз. Бұл жерде халықтың мәдениеті өскенін айқын көруге болады. Сондай-ақ тазалықпен айналысатын мекеме қызметкерлерінің де орасан зор еңбегі бар екенін айта кеткен жөн.

– Бүгінде Қызылорда таза қалаға айналды. Оның тазалығы үшін әрбіріміз үлес қосатындай дәрежеге жеттік. Осының барлығы Сыр жұртшылығының мәдениетін, ұқыптылығын көрсетеді. Осыдан 10-15 жыл бұрын желмен жарыса ұшқан қоқыстан көз ала алмайтын едік. Есіме басымнан өткен мына бір оқиға түсіп тұрғаны. Осындай күздің кезі болатын. Кенет жел тұрып, құйынша көтерілген шаң келді де қоқысты ұшырып әкетті. Әп-сәтте аспанға көтерілген жел ұшырған пакеттің бірі менің басыма киіле жаздады. Бойым ұзын болған соң ба, әйтеуір, қашқалақтап жүріп, зорға құтылдым. Құдайға шүкір, қазір ондай жағдайдан аулақпыз, – деді ағынан жарылған Азамат есімді такси жүргізушісі.

Облыс орталығында Қобыланды, Жанқожа, Амангелді сынды батырларға, Мұстафа Шоқайдай Алаш арысына, Ыбырай Жақаевтай даңқты диқанға, Мұхтар Әуезов, Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленовтей басқа да ақын-жазушыларға арналған ескерткіштер бой көтерген.

Сыр еліндегі ғажайыптар мұнымен бітпейді. «Сыр Ана» монументінің алаңы да көпшілік серуен құрар маңға айналған. Облыстағы кейбір шаралардың осында өтетінін айтпағанның өзінде арнайы салынған ойын алаңына балаларын ертіп келушілердің қарасы қалың. «Қаламгерлер аллеясы» мен «Жыраулар аллеясын» аралағанда мүлде бөлек әсер аласың. Әрбір мүсінге мән бере қараған адам  өткен тарихқа үңіле алады. Бабалар жолымен жүріп, билер кеңескен ортаға келеді. Осылайша, Әйтеке, Төле, Қазыбек секілді қазақтың атақты үш биі бейнеленген ескерткішке жолығады. Сәл әрірек жүрсеңіз  қазақ отбасын көрсететін мүсінді композиция кездеседі. Мұндағы аялдамалардың өзі тарихтан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Оларда қазақтың небір батыр тұлғалары мен ақын-жазушылары, күйшілері мен жыршылары, жыраулары тұр. Олардың суреттері ілініп, қысқа ғұмырбаяндары берілген. Аялдамаларға келген әрбір адам қазақ халхының дара тұлғалы даналарының өмірімен таныса алады.

Облыс орталығындағы кеңейген, жаңғырған жолдар мен әуежайдың жаңа терминалы жөнінде әңгіме бір бөлек. Сыр жұрты «Қорқыт ата әуежайының» жаңа терминалы ашылғанын жақсы біледі.Бұл жобаны жүзеге асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16 млрд 600 млн теңге көлемінде инвестиция салған. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Айта кетейік, мемлекеттің теңгеріміндегі жаңа терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Қазіргі таңда қосымша әуе бағыттарын, оның ішінде халықаралық рейстер ашу бойынша жұмыстар қолға алынған. Бұдан бөлек  «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеден астам қаржыға теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілді. Қызылорда қаласында құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи үлгідегі автовокзалдың ел игілігіне берілгенін атап өттік. Облыс орталығына 300 жаңа автобус алынып, қоғамдық көлік мәселесі шешілді және бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгеге 100 экотакси алынды.Одан бөлек Қызылорда қаласындағы үйлердің қасбеттері заманауй үлгіде жаңғыртылды. Осыған қарап-ақ мұндағы азаматтардың «ел үшін не істей аламын?» деп еңбек етіп жатқанын көруге болады.

Бұл – келбеті көркем сүйікті қаламыздың бүгінгі көрінісі. Мұның барлығын сөзбен айтып жеткізу қиын, тек көзбен көру керек. Бұл өңір бізді ғашық еткендей сізді де баурап алары сөзсіз.

Қызылорда 8.jpgҚызылорда 10.jpgҚызылорда 9.jpgҚызылорда 7.jpgҚызылорда 6.jpgҚызылорда 5.jpgҚызылорда 4.jpgҚызылорда 3.jpgҚызылорда 2.jpgҚызылорда 1.jpg

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

Кyzylorda-news.kzақпарат агенттігінің бас редакторы.

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Тағы да оқыңыз: