Басшыға керек бар тәуір қасиеттерді бойына жинап алғандай Шиеліге қарасты Ақмая ауылының азаматы Д.Жұмбеков осындай байсалдылығымен егін даласындағы табандылығымен, сондай-ақ еңбекқорлығы арқасында ұжымның құрметіне бөленген. Ол – шаруалардың, еңбекшілердің, ауыл халқының зор сеніміне ие болған жан. Дәулет – еңбектің көзін, байлықтың өзін тапқан жігіт. Ол еңбек жолын ауылда механизатор болып бастап «КА-700» көлігін айдап, жер жыртып, талай тер төккен. Қызылорда ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, инженер-механик мамандығын алған соң ұжымда автогараж меңгерушісі қызметін атқарады. Нарық заманына бейімделіп, жеке кәсіпкерлікке ауысады. Бес жылдай ауылдағы «Нұрасыл» шаруа қожалығын басқарған Дәулет, 2015 жылдан бастап «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы болып, абыройлы қызмет атқарып келеді. 

Ол 2015-2019 жылдары аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітіреді. Дәулеттің ауылдан Шиелі ауданы орталығына қара папкасын қолтықтап келіп-кетіп, ештеңе бітірмей жүрген кейбір төрағалардан жөні бөлек. Жұмысы жоспарлы. Төралқа сайланған. Бар мәселе  ақылдасу арқылы шешіледі. Ауылда шағын демократия орнаған. Көпшіліктің шешімі – заң. Дәулет заңды сыйлап, заңды құрметтейді. Содан да болар, ұжым қаражаты қаншама жұмсалып жатса да, әлі бір ың-шың шықпапты. Әділдік, адалдық, шыншылдық жүрген жерде заң бұзушылыққа жол берілмейтіні ежелден белгілі. Нысапшыл болу – төрағаның жеңісі. Оған біздің төменде көзіміз жетеді. Дәулет төраға болуға асыққан жоқ. Көп ойланды, толғанды. Отбасымен, жұбайы Бибігүлмен, інілерімен, сыныптастарымен, достарымен ақылдасты. Көмекке «Авангардта» 40 жылдан астам еңбек етіп, еңбегі сіңген, агроном болып бір салада зейнет жасына дейін қызмет істеген Сәрсенбай Көбеген, еңбек жолын ауылда механизаторлықтан бастаған, бас инженер қызметін атқарған Болат Орынбай, бас есепші, қолдау білдіруші Қанат Барлыбайұлы, байырғы жүргізушісі, сыныптас досы Рахим Құрманбай және т.б. жанашырлары келіп, оған дем, жігер, сенім, күш-қайрат береді. 

«Батылдық батырлыққа бастайды» демекші, тәуекел деп төрағалықты қолға алған Дәулет қазақтың мына мақалын растады. «Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің!» Басымыздан сөз асырмайтын иманды, «сенің итің жаман дегенде өлгенім-ай» дейтін намысшыл қазақ емеспіз бе? «Жігітті – намыс, қоянды – қамыс өлтіреді» дегеніміз тағы бар. Төраға Дәулет Жұмбеков үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ауданда не жаңалық болса, ол «Ақмая» шаруа қожалығында іске асып жатады. 

Еліміздегі «Цифрлық Қазақстан» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама да осы ауылда басталды. Ол жөнінде облыстық семинар өтіп, жаңа технологиялар сарапқа салынды. Алғаш рет «Ақмаяның» егіс алқаптарында Германияның «Класс», АҚШ-тың «Джондир» комбайндары мен Канаданың «Магдон» атты жаткалары дала төсінің сәнін келтіріп, күрішшілердің көзайымына айналды. Күріш алқаптарында бір түйір масақ қалмайтын болды. Ақмаялықтар тышқан жылы 1400 га жерге күріш егуді жоспарлаған. Су тапшылығына байланысты 1314 га күріш күтімге алынды. Шығымы, көгі жаман болған жоқ. Агротехникалық шаралардың дұрыс сақталғанына, күріш күтімінің ойдағыдай екеніне сүйсінесің. Құдай қаласа, ақмаялықтар тышқан жылының күзгі «Егін орағын» да ерте бастамақшы. «Жақсыны күшімен таныма, ісімен таны» деген де осы шығар. Дәулеттің жаңалығы да көп. Ол құны 80 млн теңге тұратын күріш зауытының құрылысын бастады. Зауыт күніне 50 тонна күріш ақтап, ел игілігін еселей түсетіні қуантады. «Жалғыз ағаш – орман емес» дегендей  төраға ұжыммен төраға. Жұмысшылардың еңбегін ұйымдастыру арқылы, оны ақылды, тиімді басқару арқасында үлкен жетістіктерге жету – төрағаның басты міндеті, парызы. «Ақмая» шаруа қожалығында төрт бригада жұмыс істейді.  №1 бригаданың бригадирі баяғы атақты тракторшы қыз – Гүлсім Дәрібаева. 470 га жерге күріштің «Лидер» сортын егіп, баптады да. Күріш егу тәжірибелі звено жетекшілерінің қолында. Мысалы, Герасим Пак 70 жаста. 100 га күрішке баласындай қарап жатыр. Сәулебек Әлтаев та зейнет жасында болса да 90 га «Лидерден» мол өнім күтуде. Ол бір жағы механизатор, көктемде күріш себеді. Тракторшы Ермекбай Ибрагим шөп рулондауда. Ал комбайншы Елібай Ешпанов Шиелі ауданында бірінші болып тамыз айында егінге орақ салған. Сыр салысын жалға салып, өзгелерді еңбек майданына бастамақшы. Сондай-ақ бригаданың озат жұмысшылары – Бекдос Есмұратов пен Бақыт Құрманбаевтар жұмыс десе құлшынып тұрған жастар.  Гүлсімнің қолқанаттары. №2 бригаданы Қайрат Тастанбеков басқарады. Қайраттар да 500 га «Лидер» орналастырды. Бұл бригадада «Класс» комбайыншы подборщик Бағдат Шегебаев жылда озат атанады. Сондай-ақ дала қосында ас даярлаушы Гүлнәр Ермұхамедова да осында. Ерлан Сұлтанов – №3 бригаданың жетекшісі. 440 га Сыр маржаны жайқалып тұр. Бригаданың звено жетекшісі Алтынбек Қыдырбаев 2019 жылы атын шығарып, астына жеңіл автокөлік мінді. Ұжымын аспанға ұшырды. Жақсылық Сәрсенбайұлы №4 шөп дайындайтын бригаданы басқарады. «Ақмаяда» осыдан төрт жыл бұрын 270 ірі қара мал болған. 120 аналық сиырдан айына шамамен 9 тонна сүт сауып, «Аруана» зауытына өткізіп тұратын. Жиналған шөп малмен қоса, жұмысшыларға тегін таратылып беріледі. Ауыл ардагерлеріне сондай-ақ мүгедек жандардың жанұясына да тегін шөп түсіріліп беріледі. Бригадалардағы жай жұмысшылардың өзі айына 100 мың теңгеден айлық алса, науқан кезінде механизаторлар 300-400 мыңдап табыс табады. Дала қоныстарында жұмысшыларға екі мезгіл ыстық ауқат беріледі. Ет, сүт, көкөніс, нан өнімдері шаруашылықтың өзінде өндіріледі. 

Шаруа қожалығы 2020 жылы 6 гектар жерге көкөніс пен бақша дақылдарын еккен. Оның 4 гектары – қызанақ, 1,5 га – қауын, 0,5 га – қарбыз. Бұлар тамшылатумен суарылды. 2019 жылы шаруашылық 1500 га-ға күріш егіп, 77 ц өнім алды. 30 га бидайдан 30 ц өнім келтірді. 700-800 га жерге жоңышқа шөбі егілді. Табысы артып, байлығы тасыды. Ауылда өткен мерекелік іс-шараларға, акцияларға, қайырымдылық шараларына үнемі қаражат бөліп отыруды Дәулет кестелеп қойғандай. Көз салайық. 

Шаруашылықта 130 кісі егіс, мал бағытында жұмыспен қамтылған. Олардың түгелдей жағдайлары жасалынған. 2016 жылы ауыл еңбеккерлеріне 7 858 000 теңге берілген. 2017 жылы ақшалай 73 263 500 теңге қайырымдылық жасаса, 2 дана автокөлік, 6 тонна 200 кг ақ күріш, 34 тонна көмір, он дана домбыра, 713 литр ас майы, 11 мың рулон шөп, 1050 кг ұн таратылған. 2018 жылы ақшалай 12 645 000 теңге қайырымдылыққа жұмсалса, 1000 кг ұн, 10 тонна 605 кг ақ күріш, 600 литр ас майы, 2 бас ірі қара, 12115 рулон шөп, 40 тонна көмір, 2 автокөлік, 11 кісіге шипажайларға жолдама берілген. Осындай қайырымдылыққа 2019 жылы 10 845 000 теңге, 2020 жылы 622 500 теңге бөлінген. 2019 жылы тамыз айында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына ауыл мектебінің бес оқушысына 100 000 теңгеден ақша беріп, демеушілік жасаған. Жұмысшы мамандарын 118 000 теңгеге газетке жазылумен қамтамасыз еткен. Қайтыс болған отбасыларға тұрақты түрде шаруашылық есебінен 350 кг ақ күріш, 90 литр ас майы, 100 кг ұн беріліп тұрады. 2018 жылы шаруашылықта жұмыс жасайтын жас отбасы Асанәлі Оспанов пен Ақниет Балғабаевтың баспана алуына 1 700 000 теңге берілді. Ауыл тұрғыны 73 жастағы қарт ана Зояға Батырбекованың үйінің құлау алдында екенін ескеріп, 3 000 000 теңгеге тұрғын үй сатып алынып, сыйға берілді. Қодаманов ауылының тұрғыны, жалғыз басты ана Айзан Мұратбекованың тұрғын үйінің жарамсыздығын ескеріп, сол ауылдан 2 000 000 теңгеге баспана алып берді. Дәулеттің алдағы жоспарында ауылда еңбек етіп жүрген жас жанұяларға баспана салып беру көзделген. Сондай 3 үйдің іргетасы қаланып қойған. Құрбан айт мерекесінде бір ірі қара малы сойылып, ауылдағы жетім, асыраушысы жоқ жанұяларға таратылды. Елімізге келген індеттің уақытында коронавирусқа қарсы қарамағындағы барлық жұмысшы мамандарды медициналық маска, қолғаптармен, антисептиктермен қамтамасыз етіп, «Ақмаяның» барлық көшелерін, көпшілік жиналатын жерлерін залалсыздандырып отырды. Осы індет тұсында ауылдағы  жағдайы төмен, көпбалалы, жалғызбасты 10 отбасыға, Шиелі ауданындағы 10 отбасыға көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге атсалысты да. Ол жылда 6-7 кісіге Жаңақорған шипажайына жолдама беріп отырады. Қарттар күнінде әр зейнет жасындағы «Ақмая» тұрғындарына 25 келіден ақ күріш таратып беруді әдетке айналдырған. Озат жұмысшылар жылда сыйлықтармен марапатталады. Жыл қорытындысымен үздік звено жетекшісіне және бригадирлерге жеңіл автокөлігін сыйға тарту дәстүрлі қуанышқа айналды. Бұл қандай төраға? Таң қалмаңыз. Ол – Дәулет есімді «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы. Ауылдың ғана емес, ауданымыздың мақтанышына бөленіп жүрген аптал азамат. 

Жұмбековтер отбасы – кәсіпкерлер ордасы. Дәулеттің жұбайы, сүйген жары Бибігүлдің ауыл орталығында 500 орындық «Авангард» мейрамханасы, үлкен сауда дүкені жұмыс істейді. Ауыл халқының игілігіне жарауда. Жанас – шаруа қожалығы төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары. Индира қыздары – математик-информатик, бар есеп-қисапты жүргізіп отырады. Халқына адал қызмет еткендердің артында із қалмауы мүмкін емес. Адам деген ардақты да қасиетті атаққа кір келтірмей жүргендер еңбек адамдары арасында жетерлік. Еңбекші халық адал да абзал жандар. Олар өздері туып-өскен Шиелі өңірінің атақ-даңқын алысқа жеткізіп, нағыз ерліктің, елдіктің, бірліктің туын барған сайын биіктете көтеріп, берік қолдарына алып, нық ұстап келеді. Олар Дәулет көтерген еңбек жалауына үн қосып, өз ауылдарының экономикасы мен мәдениетінің дамуына бас болып, жанашырлық танытып, елдің ауыр тауқыметін мойындарына қамыт етіп киіп алған. Дәулеттің әріптестері, достары, аға-інілері қайсар, қайтпас өлермен, өжет Шиелі шаруа қожалықтарының төрағалары десем артық болмас. 

Ертеректе колхоз, совхоз ауызбіршілікте жүретін. Мен олардың қарым-қатынастарынан осы әдетті байқап, іштей қуандым. Олардың араларында еңбек бәсекелестігі болу заңдылық болса да, араларында бірлік, ағалы-інілік, адамгершілік, сыйластық, орта мүдде, халқына адал қызмет ету көзқарастары бірдей көрінетін. Ондай төрағалардың кімдер екенін білгендеріңіз де дұрыс. Мысалы 2013 жылдан бері «Бестам елі» шаруа қожалығының төрағасы, кезінде Шиелі аудандық халық депутаттары, Жуантөбе ауылдық кеңестерінің депутаты болып сайланған Балтабай Қошқаров, 2009 жылдан бері «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан, «Елеулі еңбегі үшін» медалінің иегері Аятжан Есжанов, 2007 жылы «Қаптағай - К» шаруа қожалығының төрағасы болып сайланған, бұрын «Жаңа Төңкеріс» ЖШС - де күріш егіп, звено жетекшісі болған инженер-гидролог, агроном Бауыржан Көпеев, 2010 жылдан «Алтын дән» шаруа қожалығын басқарып, бедел биігінен көріне білген, «Кәсіби салаға сіңірген еңбегі үшін» медалінің иесі Асқар Бердібаев, «Бала би» шаруа қожалығын 2004 жылдан бастап қолға алған, туған жерінің көркеюіне үлес қосып келе жатқан жомарт жан Пернебай Алтынбайұлы есімді тепсе темір үзетін, жас жігіттер тізгінді нық ұстап, Дәулет замандастарының жетістіктеріне бірге қуанып, бірдей шаттанып келе жатыр. 

Әр адамның мұраты, мақсаты бар. Өзіңе жүктелген міндетті дұрыс ұғыну, түсіне қою оңай нәрсе емес. Оны қалтқысыз атқару одан да ауыр, одан да қиын. Содан да болар бұл төрағалар Дәулет Жұмбековке тілеулес бола жүріп, оның мол тәжірибесінен де сусындап жатады. Ойлары ашық, таза, адами қызғаншақтық жоқ. Бұл жаман қасиет еңбек қатынастарында болмауы керек. Әркім әліне қарай шабады. Дәулеттің шабысының түрі жаман. Оған ілесу күндіз-түні еңбектің нәтижесі. Өзіңді құрбандыққа ұрындыру – нағыз бәкесенің адамы. 

Толқынды толқын, ойды ой қуалайды екен. Кәсіпкер атанып, соның қызығымен Солтүстік Қазақстан облысына дейін барып, сауда жасап жүрген кезі. Бірде осы облыстың Зинченко деген селосында болып, таңырқап, бас шайқағаны бар. Жайнаған, көшелері асфальтталған, көкке оранған ауыл. Егіс алқаптарында шетелдік комбайндар мен техникалар. Бұл шамамен 2005 жылдар болатын. Сонда алғаш рет ойға шомып қиялдаған Дәулет «Мен де төраға болып, туған жерім Ақмаяны неге осылай көркейтпеске? Мен сөйтуім керек. Менің қолымнан келеді» деген ой-арман сол орыс селосында туындаған екен. Д.Жұмбеков бұл асыл ойын 2015 жылдың 21 ақпан күні жүзеге асырады. «Ақмая» шаруа қожалығына Дәулет оның төрағасы болып сайланады. Оның ойынан баяғы көрген Зинченко селосы, кейіннен барып танысқан өзіміздің Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов атындағы ауыл да бір сәт шыққан емес. Қазір шетелдің комбаиндары мен техникаларына қол жеткізді. Ендігі арманы – Ақмаяның көшелеріне аяқ су тартып, оған ағаш көшеттерін отырғызып, ауылды бауға бөлеу. Басқа да абаттандыру жұмыстарын жобалап, Ақмаяны аудандағы көрікті де сәнді, мәдениеттті ауыл орталығына айналдыру. Оның да күні алыс емес. 

Дәулет алты-жеті жасында әкесінен айырылады. Жетімдіктің құқайын бір кісідей тартады. Әкесі Егемберген де шаруашылықта механизатор, трактор бригадасының бригадирі болыпты. Анасы Балтагүл Нақыпқызы  үш ұлын ешкімнен кем қылмай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеп өсірді. Дәулеті төраға, Тасқыны «Нұрасыл» шаруа қожалығының төрағасы, Мұхтары камаз автокөлігінің жүргізушісі, отбасындағы жеке техникалардың иесі. Балтагүлдей ана мейірімінен нәр алған, сойталдай үш жігіт те еңбек адамдары. Ауыл мақтаныштары. Жұмбек әулетінің, Егемберген сәулетінің ұрпақ сабақтастығы. 

Құдай сәтін салса ақмаялықтар «балапанды күзде санайды» деп қырмандарын қызылға толтырары хақ. Дәулет Жұмбеков минут сайын дамып бара жатқан осынау заман ағымына қарай ілесе бергенді жөн санайды. Оның қамшылағанды жаны сүймейді. Арманы – туған ауылы Ақмаяны Зинченко селосынан да көрікті, дәулетті шаруашылыққа айналдыру. Оған Дәулеттің күш-жігері де, бақ-дәулеті де жетеді.

Тағы да оқыңыз: