Астың дәмін келтіретін тұз дейміз, алайда кез келген тағамның дәмі білікті аспазға байланысты. Әрине өнердің түрі көп, дегенмен астың қадірін біліп, дәмін келтіру, адамға тағам арқылы қуаныш сыйлау тек білікті аспаздың қолынан келетін өнер.
Тамақты жақсы дайындайтын маманның кез келген жерде өз орны бар. Міне, аспаз – сонысымен өте жоғары мамандық. Аспаздықты тек оқу арқылы игеріп кете алмайсыз, кейіпкеріміз айтқандай, оған адамның бойында осы керемет мамандыққа деген бейімділігі мен қызығушылығы және дарыны болуы керек.
– Қыз бала жалпы жаратылысынан ас үйге, аспаздыққа жақын ғой. Мен де сол түрлі тәттілер пісіретін анамның жанында жүріп, кішкентайымнан аспаздыққа қатты қызығатынмын. Бірақ ізденіс барысында «аспаздық – ең оңай жұмыс, ас үйде жүріп қарның ашпаса болды» дейтін қате пікір екенін түсіндім. Бүгінгі нарық заманында әлемде дәрежесі президенттермен тең аспаздар бар екенін көзіміз көріп жүр, жалақысы да жоғары. Мамандыққа қызығушылық, одан бөлек дарының, икемің болғаны жөн. Бірақ аспаздықты күнделікті көже пісірумен шатастырмаған жөн. Ас әзірлеу – адамзатпен бірге дамып келе жатқан нағыз ғылым, сондықтан әр халықтың өзіндік рецепті, ұлттық тағамдары бар. Ас әзірлеу – шығармашылықты, қиялды, тапқырлықты қажет ететін нағыз өнер. Қазіргі таңда осы өнерден үйренгенімді шәкірттеріммен бөлісіп, оларды кәсіби аспаздыққа дайындап жатырмын, – дейді, Ақкенже Зәкірқызы.
Иә, тағамды жақсы дайындайтын маман барлық жерге қажет. Перзентханада, балалар үйінде, зауытта, қазіргі заманғы кәсіпорындар мен сәулетті мейрамханаларда да аспаз – таптырмайтын мамандық. Кейіпкеріміз де өзінің колледж бітірген шәкірттерінің ауданнан, облыс, республика көлемінде шақыртулар алып, жұмысқа орналасқанын айтады. Студенттердің сұраныстағы маман ретінде қалыптасқанын осының өзі қуаттай түседі.
Расында кабинет жаңа техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда көкөніс ұсақтағыш, құймақ пісіруге арналған «Roller grill CDE 350», ет турағыш «Enterprice», қамыр илейтін және жаятын арнайы құралдар бар. Бұлар оқу барысында пайдаланылып, студенттердің білікті маман болып даярлануына септігін тигізуде.
– Аспаздық жолымды алғаш 2002 жылы бастаған кезде ешқандай техникалық құралдар болмады. Тіпті бір ғана тәжірибе жасау бөлмесі болды. Ол жерде бізге керек газ да болмады. Пешке от жағып, қазанға пісіретінбіз. Отын жарып, суды да қолмен тасыдық. Қазір осы техникалардың арқасында жұмысымыз жеңілдеді. Алайда студенттерді келген бойда бірден асханаға кіргізіп, тамақ дайындатпаймыз. Ең алдымен барлығын теория жүзінде түсіндіріп, тамақтандыру кәсіпорындарындағы вертуалды әлемді көрсететін арнайы 3D көзілдірігінің көмегімен қажетті құрал-жабдықтарды таныстырамыз. Содан кейін іс жүзінде жұмыс жасайды. Негізінде бұл мамандықты меңгеруде, өзін әрі қарай жетілдіруде ең басты рөл атқаратын мамандыққа деген шынайы қызығушылық және оны меңгеру барысында шыдамдылық қажет. Сонда ғана білікті маман болып, жетістікке жетеді, – дейді ол.
Иә кейбір адамдар «аспаз өнерінде ешқандай қиындық жоқ, шолпыны былғай берсең, пеш өзі пісіріп шығарады» деген жансақ пікірде. Онысымен қоймай «қазіргі заманда кім тамақ дайындау білмейді, тіпті кез келген адам аспаз бола алады» дейді. Асылы олай емес. Бұл істе ең алдымен кейіпкеріміз айтқандай, талғам керек, дәм мен иісті сезіп, халықты тойдырып қана қоймай, көңілінен де шыға білген жөн. Қазір Ақкенже апайдың соңғы екі жылда тәрбиелеген шәкірттерінің ішінде 15-ке жуық студент облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Кейіпкеріміздің өзі де еліміздің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы министрдің алғыс хатымен марапатталған.
Аспаздықты жанына серік еткен Ақкенже Шідербаева қазіргі таңда шәкірттерге сабақ беріп қана қоймайды, бос уақытында тәттілер пісіру арқылы да қосымша табыс тауып отыр. 2 баланың анасы болашақта түрлі тағамдар пісірумен айналысатын жеке кәсіп ашу ойында бар екенін жасырмады.
Иә, кейбіреулерге тағам жасау оңай шығар, алайда саусағынан бал тамған аспаз, сұраныстағы маман болу кез келгеннің қолынан келмейтіні анық. Тек төзімділік танытып, мамандығын шынайы жақсы көрген адам ғана жетістікке жетері сөзсіз. Бүгін кейіпкерімізбен сұхбат барысында осыған көзіміз жетті.