Kyzylorda-news.kz. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталып: «Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ», - деген болатын.
Табиғат-Ананың дейміз бе, Жаратқанның дейміз бе, не болса да көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген әлемнің түрлі таңғажайып орындары бар. Олардың бірі адам қолынан шыққан туынды болса, бірі – табиғат сыйы. Сондай елге пайдалы, ауылға көрік беретін орын Ақеспе ауылында да орналасқан. Ел арасында «Ыстық су» аталып кеткен бұл субұрқақ ауыл туристік аймаққа айналса экотуризм мен экомедицинасы дамыған, әлеуметтің саулығын нығайтатын орын болмақ.
Бүгінде округке қарасты Ақеспе елді-мекенінде халық арасында «Ыстық су» аталған демалыс орны қызмет жасауда. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде арнайы экспедиция көмегімен 1986 жылы ашылған аталмыш бұл бұлақтан ыстықтығы 62˚ су жер астынан шығып жатыр. Сол уақытта бұл экспедицияның басы-қасында жүрген ауыл тұрғыны Құдайберген Саржанов: «1986 жылы Ақеспе ауылының маңындағы қазіргі ыстық су шығып жатқан орынды қаздыруға ықпал жасаған едім. Ол уақытта Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі болып қызмет еттім. Ол кезде бұл орыннан ыстық су шығады деген ой төрт ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Бізде жерасты суын елдімекен балықшыларының кәдесіне жаратсақ деген мақсат қана болды. Осы мақсатта сол кездегі Геология министрінің рұқсатымен қазу жұмыстарын жүр¬гіздім. Нәтижесінде, сол аумақтан ыстық су шықты. Дереу тиісті орындар арқылы сынамасын алғызып, тексеріске жіберттік. Сынама қорытындысымен жерасты суының емдік пайдасы бар екені анықталды. Суы ғана емес, сол аумақтағы батпағының да түрлі дертке шипа болатыны белгілі болды. Осыдан кейін Ақеспе ауылынан әрірек жерге шипажай салуға шешім қабылдадық. Бұлақ жанынан қонақүй салып, ыстық су мен балшықтың игілігін ел көрсін деген мақсатта жұмыс істедік. Алайда уақыт өте келе сол кездегі үкімет тарап, бастаған ісіміз аяқсыз қалған болатын» дейді бір сұхбатында.
Қазіргі таңда бұл шипалы суға елдің түкпір-түкпірінен ем қабылдауға адамдар ағылып келуде. Тіпті жаздың күндері 1500-ге жуық азамат келетін көрінеді. Бұлақ басындағы жадынамада су тері, буын, жүйке ауруларына, салқын тигенде пайдалы деп көрсетілген. Ол ғана емес, бұлақ маңындағы батпақ пен ауыл құмының да пайдасы жетерлік дейді халық.
Олардың айтуынша, Арал ауданынан бөлек, Қазалы, Қармақшы, тіпті еліміздің түрлі аумағынан дертіне ем іздеп келетін емделушілер қарасы қалың. Олардың арасында түрлі пікірлер бар, дегенмен жағымсыз пікір айтқан жанды естімедік дейді.
Бүгінгі күні ыстық бұлақ маңында арнайы демалыс орны қызмет етіп келеді. Демалыс аймағын заман талабына сай жабдықтау және тынығушыларға (емделушілерге) сапалы қызмет көрсету бойынша талап жоғары. Қазіргі таңда осы орынның туристтік әлеуетін арттыру басты мақсаттың бірі. Осы бағытта аталмыш аймақта электр желісі мен ауыз су жүргізілген болса, ендігі маңызды мәселе жол қатынасы болып тұр. Осыған орай, аудандық бюджеттен Ақеспе елді мекендегі «Ыстық су» бұлағына барар 6 шақырым автомобиль жолының құрылысының жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігіне 497,9 млн.тг бюджеттік өтінім ұсынылды.
Сонымен қатар аталмыш демалыс орнында кәсіп жасауға ниетті азаматтарға тиісті қолдаулар берілуде. Үстіміздегі жылы «Ыстық су» маңына тынығушыларға қызмет көрсету мақсатында ЖК «Сақтағанов» құны 5,0 млн.тг болатын жобасын әзірлеуде. Бұл жобалар елді-мекендегі кәсіпкерлік жиегін кеңейтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз.