Kyzylorda-news.kz Алақандай ауылда өсіп, бойжеткен шынашақтай қыздың арманы көп еді. Ол орталыққа жолы түсіп барса, дәрігерлердің отыратын аядай бөлмесінде зыр жүгіріп жүретін ақ халаттыларға қызыға қарайтын. «Мен қашан мектеп бітіреді екенмін? Егер бітірсем, осы кісілер сияқты елге пайдам тиіп, сырқаттарға көмектессем» деп іштей асқақ арманға қол созатын. Бірақ ол орындала ма, әлде сәтсіз шыға ма, өрекпіген жас қыз оған мән бермей, қалай да қайсарлығымен алған беттен қайтпау үшін осы дәрігерлікке қатысы бар пәндерге күш салып оқыды. Ол кезде дәрігер деген мамандықтың да тапшы кезі. 

Бар ынта-жігерімен ақыры 1982 жылы мектеп бітірісімен облыс орталығындағы медициналық училищеге оқуға түсті. Оқу орнының қабырғасында жүріп түрлі шараларға белсене қатысып, озат студент атанды. Ерекше белсенділігінің арқасында медициналық училищені 1985 жылы ойдағыдай бітіріп, акушер мамандығын алып шыққан жас маман Жалағаш аудандық ауруханасының перзентханасына бала орайтын медбике болып жұмысқа тұрады. Көп ұзамай араға екі жыл салып, 1987 жылы аталмыш ауруханада балалардың аймақтық медбикесі қызметіне ауысады. Осы жылдар Жалағаш ауданының тұрғыны Оразгүлдің маңдай тері тамып, қажырлы еңбек етуімен ерекшеленді. Ол 2018 жылға дейін өз қызметін абыроймен атқарды. Отыз бір жылдық еңбек өтілінде балалардың денсаулығына қарап, науқастанған нәрестелерге, бүлдіршіндерге, кәмелетке толмаған балаларға жәрдем көрсетіп, олардың аналарымен қоян-қолтық жұмыс жасап, сауығып кетуіне бар күшін аямай, адал еңбек етті. Күннің ыстық-суығына қарамай өзіне бекітілген тұрғындардың үйіне барып, ақыл-кеңесін беріп, өзінің ақ халатындай кіршіксіз адалдығымен халықтың батасын алды. Ақ бата мен тұрғындардың ыстық ықыласының арқасында аудан, облыс тарапынан Алғыс хаттар, марапаттар алды. 

«Мен үшін елдің алғысынан артық байлық жоқ. Шақыртуларға барғанда түрлі қиын жағдайлармен бетпе-бет келдім. Жылы сөз, аялы алақан да жаны жүдеп ауруға шалдыққан адамға өте керек. Әсіресе, бала жаны нәзік, жараланғыш келеді. Олардың жүрегіне жол табу оңай шаруа емес. Өзің ыстық немесе суықтан қиналып тұрсаң да оларға күлімсіреп қарап, ішкі қиындығыңды жеңе білу керек. Өз мамандығыңды құрметтесең, сондай тәуекелдерге барасың. Ең бастысы, ауырған адамға үміт сыйлау парызымыз болу керек. Оның арасында толтыратын қисапсыз көп қағаздарымыз бар. Көпбалалы ана болған соң, оларға қарап, үй шаруасына үлгеруім керек. Бірақ қазір бар қиындықты жеңіп, өз арманыма қол жеткізгеніме өкінбеймін. Қазір кейінгі буын медбикелерге кеңес беріп, білмегендерін үйретіп отырамын. Ақ халаттының абыройын алып жүру оңай емес», – дейді медбике Оразгүл Оспанова.

Мейірімді медбике өзі алғаш жұмыс істеген кезде дәріс беріп, тәрбиелеген аға буын ұстаздарын да мақтанышпен еске алады. Олар аймақ медбикесі Аяна Маханова мен аға медбике Ғалия Каракаевалар болатын. «Сол кісілерден ақыл-кеңесті көп алдым. Олар маған үйретуден жалыққан емес. Адам күні адаммен деген сол. Сондай мейірімді жандарға мың алғыс», – дейді ол. 

Бүгінде Жалағаш ауданындағы Шекер Ермағамбетова атындағы №246 орта мектепте медбикелік жұмысын жалғастырған Оразгүл Оспанова балалармен жұмыс жасауды өзіне бақыт санайды. Тіпті пандемия басталғалы бері оқушылармен жиі араласып, олардың халін біліп тұрады. Олар да оны анасындай құрметтейді, айналасына үйіріліп, білмегендерін сұрайды. 

«Міне, мен үшін мамандықтың төресі медбике болу» дейді кейіпкеріміз күлімсіреп. «Иә, шынында мамандықтың бәрі жақсы. Тек қалаған мамандығыңа адал болу кез келген адам үшін парыз бен аманат», – дейді ақ халатын ардақтайтын медбике. Расында солай-ау...

Тағы да оқыңыз: