Kyzylorda-news.kz Медицина қызметкерлері күніне орай Шиелі ауданы Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде сала қызметкерлеріне арналған салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков медицина саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ халатты абзал жандардың адам өмірін сақтаудағы өлшеусіз еңбегіне ерекше тоқталды.

–“Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз - Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!  Бұл мереке адам жанына араша болып, шексіз құрмет пен алғысқа бөленген, қай кезде де сенім үдесінен шыға білген, асқан шеберліктің иесі дәрігерлердің мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бір адамның өмірін құтқару - барша адамзатты құтқарумен бірдей. Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды. Сондықтан сіздер бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар» - деген болатын. Расында медицина – адам өміріне тікелей араша болатын ең жауапты сала. Дәрігер қауымының күнделікті қажырлы еңбектері – адамның амандығы мен өмір сапасының кепілі. Ауырған жанның жанарындағы үмітті, ананың алғысын, баланың күлкісін көру – медицина қызметкерлері үшін басты марапат болып табылады. Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азапталған жанды ауруынан айықтырып, көз алдында ақ халатты періштедей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа сыйлап жүрсіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, баянды бақыт тілеймін!” – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ аудан басшысы өңірдегі денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, медициналық инфрақұрылымды дамыту, жаңа нысандар ашу және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Салтанатты шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар медицина қызметкерлері және ардагерлері облыс әкімінің, аудан әкімінің және облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік салтанатты шара аудан өнерпаздарының әсем әндері мен күмбірлеген күйлеріне, сондай-ақ әсерлі концерттік бағдарламаларға ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Тағы да оқыңыз: