Ғылым жолы көп күш-жігер мен асқан ыждағатты, зор ықылас пен ұстамдылықты қажет ететіні белгілі. Ал осындай үлкен жолды таңдау әйелдер қауымына артылатын жауапкершілік жүгін екі есе ауырлатқанмен тең. Біздің бүгінгі шиелілік кейіпкеріміз ауыл шаруашылығы саласында көпшілікке пайдалы болар іргелі еңбектер жазып, шәкірттерін бар білгеніне баулып, ұстаздық жолында ұлтқа қызмет етіп жүрген жан – Айжан Маханбетова.

​ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: "Егер әлемдік дамуда көш соңында қалмаймыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытуымыз керек. Сондықтан ұлттық ғылымды жаңа деңгейге көтеретін мезгіл жетті. Жасыратыны жоқ, қазір ғылыми атағы бар, бірақ ілім-білімге мүлде қатысы жоқ адамдар көбейіп кетті. Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек", – деп, бүгінгі ғылыми ахуалға жіті көңіл бөлуді тапсырған болатын. Расында, білмегенін білуге бекінген адамның мүмкіндіктері үнемі кеңейіп отырады. Айжан Бекболатқызы 2002 жылы "Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы" мамандығын меңгеріп, 2006 жылы "Ауыл шаруашылық ғылымдары" бойынша магистратура, 2019 жылы өз мамандығына сәйкес докторантурада білім алып, үздік дипломмен тәмамдаған. Таяуда жерлесіміз "Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы" бойынша PhD "Философия докторы" (ескі үлгіде ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты) дәрежесіне ие болды. Бұл – ғылым жолында жасалған үлкен табандылық, тәуекелдің толағай жемісі.

​ Көпке құмар ізденушінің аталған бағытта жарыққа шығарған жұмыстары аз емес. Айжан Бекболатқызының ауыл шаруашылығы саласында жазған жалпы 47 ғылыми еңбегі бар. Соның ішінде диссертация тақырыбы бойынша 21 ғылыми еңбегі ашық басылымдарда, атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми журналдарда – 5, Scopus компаниясының дерекқорына енетін халықаралық ғылыми журналдарда – 3, халықаралық және республикалық конференция материалында – 3 мақала жарияланып, өзіндік өтімділігін тапқан. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру бағытындағы ғылыми жұмыстармен айналысуда.

​ Белгіленген бағыт бойынша салмақты сараптамалар жасап, татымды талдаулар жүргізу арқылы күтпеген жаңалық ашып, межелі нәтиже жемісті болу үшін барын салатын білімпаздардың еңбек жолында төгетін тері де аз емес. Кейіпкеріміз көптеген тәжірибелерде тәуекелге бел буып, нысананы халық игілігіне бағыттауды көздейді. Ол Қазақ ұлттық аграрлық университетін үздік бітіргеннен кейін, 2002 жылдан бастап сол жерде оқытушы, аға оқытушы, 2014 жылдан бастап "Асыл түлік" Республикалық мал шаруашылығы асылдандыру орталығы" АҚ-да лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2022 жылдан бері Астана қаласындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде "Мал шаруашылығының өнімдерін өндіру және өңдеу технологиясы" кафедрасында аға оқытушы ретінде еңбек етіп келеді. Заман талабының биігінде болу үшін ұрпақтың ұғымтал боп жетілуіне жағдай жасап, оларға білгенін үйретіп, мал шаруашылығы саласына өзіндік үлес қосуды мақсат тұтқан.

​ – Ауыл шаруашылығы саласы – мемлекетті дамытушы саланың бірі. Бұл бағытта ғылыми жұмыстармен айналысу көңіліме медет сыйлайды. Әрі аталған тақырып аясын ғылым жолында кеңейтуді қалаймын.

​Мақсатым – ауыл шаруашылығының, сондай-ақ оның маңызды әрі жетекші бөлімі – мал шаруашылығы саласының, асылдандыру жұмыстарының дамуына жағдай жасау. Студенттерді де ата кәсіптің қыр-сырына баулып, алған біліміммен бөлісугет тырысудамын, – дейді ол.

​ Асылында, нағыз ынталы адам ғана өзін ғылымға толық арнай алады. Айжан Маханбетованың қол жеткізген нәтижелері мен бүгінгі жетістіктерінің барлығы – сарп еткен күш-жігерінің, шымыр шығармашылығының көрсеткіші. Ол өткен жылы "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды. Бұдан бөлек II және III дәрежелі "Еңбек даңқы" төсбелгісінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталарының иегері атанған.

​ Ол өзінің дамуында білімнің ұзақ әрі қиын жолынан өтті. Таңдаған тарауына үлкен дайындықпен келіп, жауапкершіліктің жүгін сезінді. Адам өміріне ең қажет әрі маңызды нәрсе – ғылымның көзін тапты. Нәзік болмысының ішіне қайсар қалпын сақтап, жауапты жолда елеулі еңбек сіңірген Айжан Бекболатқызы отандық ғылымның дамуына әлі де қанатымен су себе бермек.

Тағы да оқыңыз: