Kyzylorda-news.kz   Бүгінде неврология – медицинадағы күрделі саланың бірі. Ал невропатология – жүйке жүйесі ауруларының себебі мен механизмін анықтайтын, емдеп әрі аурудан сақтану әдістерін көрсететін ғылым. Жүйке жүйесі ауруларының деңгейі, баланың дұрыс жетіліп, қалыптасуында қандай мәселелерге назар аудару керектігін білу үшін Қармақшы аудандық емхананың балалар невропотологы Айнұр Бимухаметовамен сұхбаттасқан едік.

–  Айнұр Омарқызы, алдымен баланың дамуындағы басты кезеңдерге тоқталып өтсеңіз. Неврологиялық аурулар қайдан пайда болады?

– Неврологиялық ауруға кез-келген адам шалдығуы мүмкін, яғни барлық аурулар жүйке жүйесімен тығыз байланысты. Ол талшықтардан құралған ұлпалардың шоғыры, ми мен жүйке түйіндерін басқа органдармен байланыстырып тұрады. Демек, неврологиялық аурулар әртүрлі себептерге байланысты туындайды. Иә, қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін күйзеліске ұшырайтыны жасырын емес.

Рас, бүгінде балалардың көпшілігінде неврологиялық ауру кездеседі. Жалпы баланың денсаулығына ол іште, анасының құрсағында жатқан кезде барлық нәрсе әсер етеді. Егер анасында қан аздық, ісік, басқа да ауру болса, ол өсіп келе жатқан сәбиге кері әсерін тигізеді. Неврологиялық аурулар көбіне баланың миына оттегі жетпегендіктен болады. Оттегі жетіспеушілігінен сәби іште жатқанда қысылса, немесе келіншек ауыр босанса, суы ерте кетіп қалса, кіндігі оратылып қалса, балаға оттегі жетпей гипоксия пайда болады. Мұндай жағдай көп кездеседі. Бірақ оның салдары бірден білінбейді. Сондықтан қалыпты дамуын бақылау үшін әрбір үш ай сайын 1 айлық, 3 айлық, 9 айлық, 1 жастағы сәбиді невропатолог қарап отырады. Егер сол кезде қандай да бір ауытқу анықталса, ауруды уақытында емдеуге болады.

– Кей аналар сәби алты айда бауырын көтеріп, бір жаста жүрмесе бала дамуында кемшілік бар деп уайымға салынып жатады. Осы туралы не айтасыз?

– Әр баланың дамуы әртүрлі.  6 айда еңбектеп, 1 жаста жүру керек деген ұстаным қазіргі кезде жоқ. Бұл жаста сіз баланың мінез-құлқында, оның қабылдауында көптеген қызықты өзгерісті байқай аласыз.  6 айда бала күрделі нәрселерге қызығушылық танытады. Сондай-ақ ол заттардың қасиеттерін зерттейді, адам таниды, дауыстар ажырата біледі, қоршаған ортамен байланысы болады.

– Жаңа туған нәрестенің басында жұмсақ еңбегі болатынын білеміз. Кейде сол ерте қатып жатады. Жалпы баланың еңбегі қай уақытта қатуы қажет?

– Баланың еңбегі, қалыпты жағдайда бір жасқа дейін қатып бітеді. Ата-бабамыздан «Баланың еңбегі «тас» дегенде тастай қатады» дейтін сөз қалған. Бұл – қазіргі медицина дәлелдегендей, әр баланың жеке ағза екендігінің белгісі болса керек.

– Қазірде көп ата-ана жұмысбасты. Дей тұра баланың өміріндегі ең маңызды рөлді алатын ол әрине – ата-ана. Қала ойлайсыз, олар баланың өсіп-жетілуінде қандай рөлді атқаруы тиіс?

– Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ата-ана. Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер – отбасында тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Тіпті баламен сөйлесуге арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздарымен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге болады емес пе?!

– Бүгінде балалар арасында бұ­рын-соңды атын естіп, білмеген ауру-сырқаудың түрі көбейді. Әсіресе, бәрін жақсы түсінетін және анық еститін, бірақ сөйлей алмайтын бүлдіршіндер жетіп артылады. Себебі неде, баланың тілі анық шығу үшін ата-анаға қандай кеңес айтасыз?

– Бала тілі – бал. Бала тілінің дамуы күрделі процесс екендігі баршамызға белгілі. Соңғы уақытта бүлдіршін тілінің уақытынан кеш шығуы жиілеп барады. Сондықтан анық сөйлеуін ерте жастан қалыптастырған дұрыс. Ата-ана бұл жағдайға уақытылы мән беріп, дер кезінде мамандардан кеңес алған жөн. Жалпы қазіргі баланың кеш сөйлеуіне не себеп? Баласының бойынан кемшілік байқаған ата-ана не істеуі керек? Толығырақ тоқталайын.

Негізінен бала тілінің кеш шығуы әртүрлі себепке байланысты болады. Ең бірінші анасының жүкті кезге дейінгі және жүктілік кезеңіндегі денсаулығы да маңызды рөл атқарады. Себебі жүктілік кезеңінде жұқпалы аурулармен ауыру немесе күйзеліс, депрессияның болуы, алкогольді ішімдікті пайдалану секілді факторлардың барлығы айналып келгенде теріс әсерін тигізеді. Сондай-ақ, ұзақ уақыт емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы, және тұқымқуалаушылық себептерден болуы мүмкін. Дегенмен, ата-ананың бала дүниеге келгеннен кейінгі кезеңіне немқұрайлы қарайтыны тағы бар. Балаға жеткілікті түрде көңіл бөліп, сөйлеспесе бала жас ерекшелігіне сай дамымайды. Сонымен қатар бала теледидардың алдында немесе планшет, телефонның алдында көп уақыт өткізуі баланың тілінің кеш шығуына әсер етеді. Гаджеттер басып алған заманда, бала еркін сөйлеуден қалып барады. Себебі күні бойы телефонға телмірген балақайлармен ата-ана сөйлеспейді. Соның салдарынан тіл құрылысындағы фонетика, лексика, грамматика жүйелері дамымайды. Ал жасы өскен сайын, бұл кемшіліктердің қалпына келуі қиындай түседі.

Көп балада ашуланшақтық, ызақорлықты жиі байқап жатамыз. Оның үстіне қолыма телефон алып отыра берсем дейді, осыған пікіріңіз?

– Кейбір балалар ашулануға бейім, әсіресе агрессивті, гиперактивті немесе қыңыр, сондай-ақ жаңа жағдайларға бейімделмеген балалар кездесіп жатады. Көп сәби үшін ашуланшақтық – бұл өзінің көңілсіздігінен шығып, шектеулерді болдырмаудың бір жолы (егер мен қатты айқайласам, анам маған бұл ойыншықты сатып алып береді ме?). Ашуланшақтықты жоюдың алғашқы қадамы – өзіңізді бақылауда ұстау. Егер екі тарап та бір-біріңізге айқайласаңыз, балаңызбен ештеңеге қол жеткізе алмайсыз. Баланы ұру – бұл ең жақсы нұсқа емес. Сонымен қатар бұл ашуланшақтықты одан сайын күшейте түседі. Оның орнына терең дем алып, эмоцияңызды бақылауға алыңыз, содан кейін баланы сабырлы түрде тәртіпке келтіріңіз, бірақ оған ашулануға жол берілмейтінін түсіндірген жөн.

– Ауруды емдегеннен алдын алған жақсы дейміз. Ал алдын алу үшін не істеу қажет?

Салауатты өмір салты – бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің амандығы, өмірдегі баға жетпес құндылық, ең басты байлық. Адам өмірінде денсаулықтың орны бөлек, әрі ерекше. Сондықтан да баланы дүниеге әкелместен бұрын, жүктілікті жоспарлау керек. Бүгінгі сау ұрпақ – келешек біздің болашағымыз.

Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ 

Тағы да оқыңыз: