Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Қ.Ысқақов жаңа жылдағы алғашқы жұмыс сапарын cолтүстік аудандарды аралаудан бастады.

Аймақ басшысы Қазалы ауданының Жанқожа батыр, Бекарыстан би ауылдары мен Арал ауданына қарасты 12 елді мекенде болып, тұрғындармен кездесулер өткізді. Негізгі мақсат — ауылдардың жағдайымен танысып, халықтың өтініш-тілектерін тыңдау.

Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылының тұрғындары аймақ басшысына ауыз су мәселесі мен спорт кешенін салу туралы өтініштерін жеткізді. Облыс әкімі ауыз су мәселесі биыл өз шешімін табатынын және спорт кешенін жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салу жолдарын қарастыратынын айтты.

Мұнан соң аймақ басшысы Арал ауданының ең шалғай орналасқан Қаратерең, Қарашалаң, Бөген сияқты ауылдарында да болып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Ауыл тұрғындары жол, ұялы байланыс желісін орнату, ғимараты ескірген балабақшалар мен ауылдық клуб үйлерін жаңарту және кейбір елдімекендерде аяқ су проблемасын шешу сияқты мәселелерін көтерді.

Арал халқы көтерген өзекті проблемалардың бірі – Аманөткел ауылы тұсында орналасқан қалқымалы көпірді жаңарту мен Қарашалаң елді мекенінің жол мәселесі. Қуанышбек Досмайылұлы қалқымалы көпірге қатысты қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты, ал Қарашалаңдағы жолды жөндеуге қажет қаражат қаралған. Жөндеу жұмыстары биыл жүргізілетіндігін жеткізді.

Аймақ басшысының Арал, Қазалы аудандарына жұмыс сапары ертең де жалғасатын болады.

Тағы да оқыңыз: