Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған Үкімет делегациясы жұмыс сапарымен келді. Делегация мүшелері ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысып, «Жері күрішті, елі ырысты Қызылорда» атты 2 күндік күріш көрме-жәрмеңкесіне қатыспақ.

Алдымен Үкімет басшысының орынбасары Сырдария ауданындағы «Мағжан и К» ЖШС күріш ақтау және тұз өндіру зауыттарының жұмысымен танысты. Заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылатын кәсіпорын азық-түлік тауарларының бірқатар түрін шығаруда.

Әрі қарай Серік Жұманғарин «Абай-Даулет» ЖШС күріш зауытын және күріш сататын арнайы дүкенін аралады. «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің қуаттылығы 4000 тонна қойма құрылысымен танысты.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары күріш көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Көрме-жәрмеңкені республика көлемінде күріш бағасын тұрақтандыру мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Сауда және интеграция министрлігі бірлесіп ұйымдастырған. Оған барлық облыс әкімдерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация төрағалары және ел өңірлерінен 120-дан астам кәсіпкер қатысуда.

Көрмеден кейін Серік Жұманғарин мәжіліске қатысып, Қызылорда облысының бизнес-қауымдастығы өкілдерімен кездеседі.

Ертең Үкімет делегациясы Сыр өңірінің су шаруашылығы нысандарына барып, «Абзал және К» ТС күріш алқабын аралайды. Сондай-ақ Н.Ілиясов ауылының абаттандыру жұмыстарымен, әлеуметтік нысандарымен танысады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, бүгінгі күріш-көрмесі жәрмеңкесі шарасында облыстың күріш өңдеуші 35 шаруашылық пен 2 тұз өндіруші кәсіпорындар өз өнімдерін нарық бағасынан 20 пайызға төмен бағада ұсынып, республика делегацияларымен келісім-шартқа отырды.

Сондай-ақ, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар облыстарының кәсіпкерлері де өз өнімдерін таныстырып келіссөз жүргізуде.

Ұйымдастырылған жәрмеңке республика көлемінде күріш бағасының тұрақтылығына оң әсерін тигізетін болады.

оо.jpg347609380_566178042370111_5633051631808087425_n.jpg

356035586_1811586252570212_7290786516094624962_n.jpg

Тағы да оқыңыз: