Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала және аудан әкімдерінің қатысуымен арнайы мәжіліс өткізіп, құрылыс нысандарының уақытылы және сапалы салынып, қолданысқа берілуі, күріш орағының барысы туралы мәселелерді талқылады.
Сонымен бірге, қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, елді мекендердің тазалығы, жылу маусымына әзірлік жайы да назардан тыс қалмады. Жиында қаладағы қоғамдық көлік қозғалысы, коммуналдық қызметтің үздіксіз әрі сапалы көрсетілуіне қатысты мәселелер де қозғалды.
Аймақ басшысы құрылыс алаңдарындағы жұмыс барысын күнделікті қадағалауды тапсырды. Елді мекендердің тазалығы да ұдайы бақылауда ұсталуы тиіс. Жылу маусымы жақын қалғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстардың тиянақты орындалуы маңызды.
Нұрлыбек Машбекұлы тұтынушыларға сапалы, талапқа сай қызмет көрсетілуі тиіс екенін атап өтіп, орын алған кемшіліктерді тез арада түзету туралы тапсырмалар жүктеді. Тұрғындар күнделікті тұрмыс-тіршілікте кезігетін мәселелерді жиі көтереді. Бұл ұсыныстар мен түйткілдер жан-жақты сарапталуы керек.
Жиында атқарылған жұмыстар баяндалып, тұрғындар қозғаған мәселелерді негізге алып, оларды тиімді шешу жолдары қарастырылды.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі