Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылыс нысандарын аралап шықты. Алдымен «Bi Global» серіктестігі қолға алған, ғимаратының аумағы 3820,43 шаршы метр шығармашылық-инновациялық орталыққа барды. Орталық қолданысқа берілгеннен кейін балаларға спорттық-сауықтыру, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, тарихи-өлкетану бағытта қызмет көрсетеді. Волейбол, баскетбол, футбол, воркаут алаңдарында, соңғы үлгідегі бассейнде жаттығу мүмкіндігі жасалады. Сондай-ақ, мұнда оқушылардың білімін жетілдіріп, ғылыми жұмыстармен айналыса алады. Қазір болашақтағы сәулетті ғимараттың бой тіктегенін, орталықты межелі мерзімде табыстау үшін жұмыс қарқыны жылдамдағанын байқауға болады.
Әрі қарай аймақ басшысы 2023 жылы Индустрияландыру картасына енгізілген нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешенінің құрылысымен танысты. Жоба бастамашысы «Қызылорда Нан» серіктестігі 3,8 млрд теңгеге аумағы 6166 шаршы метр нысан салуда. Кондитерлік цехта жылына 2520 тонна кондитерлік өнім дайындалады. Ал, макаронның 15-тен астам түрінен 1152 тонна өнім шығару жоспарланған.
Нұрлыбек Машбекұлы қалалық мәдени және демалыс паркін қайта жаңғырту жұмыстарын да көрді. Жалпы аумағы 6 гектар паркке ғимараттар мен аттракциондар, бетонды скейтпарк салынбақ. Бүгінде «Bi Global» серіктестігі кең көлемді абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Демонтаж жұмыстары толық аяқталып, субұрқақтардың орны дайындалуда. Қайта жаңғыртуды парктің ашылу маусымына, яғни мамыр айына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар, аймақ басшысы кірпіш зауытының құрылыс алаңына барды. «Қызылорда Саз М» ЖШС-нің кірпіш зауытын орналастыруға өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 7 гектар жер телімі берілген. Іске қосылған соң мұнда жылына 90 млн дана кірпіш шығарылады. Зауыттың іргетасы толық құйылып, металл конструкцияларының 60%-ы орнатылған. Мұнда 50 жұмысшы еңбек етеді. 11 техника қойылған. Қажетті қондырғылар Қытайдан жеткізілді. Айналмалы пеш, шикізат дайындайтын қондырғы, экструдер, кірпіш кесіп оны жинайтын құрылғылар монтаждалуда. Жанына әкімшілік-тұрмыстық ғимарат та салынады. Бұл кірпіш зауытының артықшылығы – өндіріс толығымен автоматтандырылған.
Облыс әкімі шыны зауытының жұмыс барысын көріп, одан әрі жаңа стадион, физика-математика мектеп-интернаты және облыстық тарихи-мәдени мұра орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимаратының да құрылысына аялдады. Мердігер мекемелерге нысандардың сапалы салынуы, уақытылы пайдалануға берілуі маңызды екенін ескертті.
Құрылыс нысандарын аралап шыққан аймақ басшысы бұл жобалардың жергілікті инфрақұрылымды дамытудағы маңыздылығын атап өтті.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі