Kyzylorda-news.kz Өткен аптаның бейсенбісінде таңғы жұмысымыз Жалағаш ауданындағы Аққыр ауылынан бастау алды. Әдеттегідей аудан әкімі Ардақ Ибраимов халықпен кездесіп жатыр. Алдымен атқарылған жұмыстар сараланды, мұнан кейін ауыл тұрғындарына кезек беріліп, елдің талап-тілегі тыңдалды. Ауыл шалғайда орналасқан демесеңіз, соңғы жылдары елді мекенде еңселі жобалар жүзеге асқан. Мыңнан астам халқы бар Аққырда біршама мәселе шешімін тапқаны көрініп-ақ тұр. Апатты жағдайдағы білім ошағы, сапасыз ішкі көшелер мен ауылға кіреберіс жолдың жайы, мұның барлығын шалғайдағы жұртымыз мәселе ретінде көтеріп келген. Соңғы жылдары қарапайым халықтың талап-тілегі назарға алынғанын осы мәселелердің шешімінен-ақ аңғаруға болады. 

Аққырда жол сапасы жақсарған

Жалпы ауылда 6 ішкі көше бар, оның бүгінде бесеуіне жарық жүргізілген. Сондай-ақ былтыр ұзындығы 1 шақырымды құрайтын Адис Ахетов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріпті. Оған қазынадан 31,5 млн теңге қаралған. 

Аққырдағы ағайын мұнан бөлек ауылға кіреберіс «Жаңаталап-Аққыр» бағытындағы үлкен жолдың да сапасы сын көтермейтінін айтқан. Ел ағалары оны да ескеріп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба әзірлеген болатын. Сәтін салып жарқын жоба да қолдау тапты. Осылайша биыл ауылға кіреберіс жол 664 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті.

Ауыл әкімі Жаңабек Матаев жалпы құны 489,8 млн теңгені құрайтын 5 ішкі көшенің де жөндеу жұмыстарына қатысты арнайы жоба әзірленгенін айтады. Алдағы уақытта бұл жобалар қолдау тапса, Аққырда жол мәселесі 100 пайыз шешімін табады деген сөз. 

– Былтыр да, биыл да ауылда елдің қажетіне жарайтын жарқын жобалар жүзеге асты, бүгінде оның барлығының жерлестеріміз игілігін көріп отыр. Келер жылға да қолға алып жатқан жобаларымыз бар, қолдау тапса, шалғай ауылдың шаруасы ширайды. Бүгінгі сапарында аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы әрбір жобаның сапасын жіті бақылауды қатаң тапсырды. Алдағы уақытта жұмыс жасаймыз. Елдің бақша салуына байланысты аяқ су мәселесін де шешу жоспарымызда бар, – дейді Жаңабек Матаев.

Жәкеңнің аяқ су мәселесін шешуге басымдық беретіндей реті бар, себебі Аққыр да Жаңадария секілді, басқа ауылдардай күріш алқаптары жоқ, десе де бұл ауылдың кезінде мал шаруашылығымен аты елімізге мәлім болғанын жақсы білеміз. Алайда алып шаруашылықтар құрылмаса да ауылдағы ағайынның бақша салуына бар жағдайды жасау керек. Биыл облыс қазынасынан «Оңтүстік колектор» каналынан ауылға аяқ су тарту үшін 16 млн теңге қаражат қаралыпты. Қазіргі таңда тиісті қаражатқа арнайы жоба әзірленуде. 

Аққырда осыған дейін шешімін таппаған бір мәселе бар, ол – ауылдық клубтың жоқтығы. Қазіргі таңда ауылдағы мәдениет саласының қызметкерлері көне нысанда күнелтіп отыр. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовпен біз де ол ғимараттың жай-күйімен таныстық. Кешегі кездесуде жергілікті халықтың көтерген басты мәселесі де осы болды. Алайда бұған қатысты арнайы жоба да әзірленген. Алдағы уақытта қаржылай қолдау тапса, Аққырда жалпы құны 325 млн 586 мың теңгені құрайтын 100 орындық ауылдық клуб бой көтереді. 

Иә, мәдениет саласына жағдай жасаған дұрыс, кезінде осы аядай ғана ауылдан қаншама өнер адамдары шыққанын жалағаштықтар жақсы біледі. Тіпті бір жылдары өнер адамдарының республикалық, облыстық сайыстарында осы ауылдың қарапайым механизаторлары мен сауыншылары бас бәйгені еншілегенін үлкендер айтып отыратын. Демек, таланттың бәрі ауылда, тек оны жарыққа шығару тағы да ел ағаларының қолында.

Бұған дейін шалғайдағы халық мектеп мәселесін де көтерген, рас, ауылда зәулім білім ошағы осыған дейін жұмыс жасаған. Алайда көне нысанның сапасы сын көтермейтін. Кейін білім ошағы 197 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда ауылдағы алтын ұяда 160-қа жуық оқушы білім алуда. 

Шалғай ауылда кәсіпкерлік саласы да шираған. Мәселен, осыған дейін Аққырда 84 кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның барлығы 100 пайыз жұмыс жасап тұр. Былтыр 2 ауыл тұрғыны кәсіп бастау үшін пайыздық үстемақысы төмен несиеге қол жеткізсе, 4 азаматтың жобасы қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған. Биыл тағы 2 азамат мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсіп бастаған. Мұнан бөлек 5 адам шағын кәсіп бастау үшін қайтарымсыз қаржылай қолдау тауыпты. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кәсіп бастау үшін 3 азамат құжат тапсырса, оның біреуі қаржылай қолдау тапқан. Алдағы уақытта қалған 2 жоба да мақұлданса, ауылда салада серпін қалыптасады деген сөз. Бұдан ауыл тұрғындарын кәсіппен айналысуға үндеу мақсатында түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргенін байқауға болады. 

Кездесуде ауыл ақсақалдары Ардақ Әбдіғаппарұлының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, батасын берді.

– Кеше 5 ауылда болдық, бүгінгі сапарымыз сіздердің ауылдан басталып жатыр. Мақсат сол, елдің ішінде қандай мәселелер бар, оның шешімі қалай, осы сауалдардың өздеріңізбен бірге түйінін тарқату. Бірақ барлығын бір уақытта шешіп беремін деп өтірік уәде беруден аулақпын. Алдағы уақытта барлығын қаражаттың мүмкіндігіне қарай шешуге жұмыс жасаймыз. Бірақ елдің мәселесі ескерусіз қалмайды, – деді аудан әкімі.

 

Жаңаталаптықтардың мәселесі жерде қалмайды

 

Шалғай ауылдардағы аудан әкімінің сапары Жаңаталапта жалғасты. Алдымен ауылдағы мәдениет ошағында болған Ардақ Әбдіғаппарұлы мәдениет үйіндегі үйірмелер жұмысымен танысып, алдағы уақытта ғимарат мәселесіне қатысты жұмыс жасалатынын жеткізді. 

Айта кетейік, қазіргі таңда Жаңаталаптағы ауылдық клубта 10 адам жұмыс жасайды. Мұнда ән, би, қолөнер сынды басқа 6 үйірме балалардың талабын шыңдауда. Үйірме қатысушыларының осыған дейінгі жеткен жетістігі аз емес. Ардақ Әбдіғаппарұлы мұндағы «Әжелер» ансамблі мен үйірме мүшелерінің өнерін тамашалап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. 

– Ауылдық клубтың ғимарат мәселесін білемін, алдағы уақытта оның шешіміне жұмыс жасаймыз. Бірақ бүгін-ертең шешіп беремін деп те кесіп айта алмаймын. Десе де мәселелеріңіз назарда. Осындай өнерлі әжелер, жастар жүйелі жұмыс жасап отырған руханият орталығының мәселесі ескерусіз қалмайды, – деді аудан әкімі. 

Мұнан кейін білім ошағында жиналған жұртқа Ардақ Әбдіғаппарұлы ауданда атқарылған біршама жұмыстарды айтып өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта да елді мекендер мәселесін шешуге тиісті жобалар қолға алынатынын жеткізіп, жаңаталаптықтардың да мәселесі жерде қалмайтынын жеткізді. 

Айта кетейік, ауылда 800-ден астам халық бар. Биыл ауылға кіреберіс жол бойынан 1 млн 715 мың теңгеге арка орнатылған. Ауылда 3 ішкі көше бар, оның екеуіне асфальт, 1 көшеге қиыршық тас төселген.

Жергілікті халық бүгінде кәсіпкерлік саласына ден қоюда. Ел арасында іс бастауға деген талаптың болғаны қуантады. Себебі ол шалғай ауылдың шаруасының ширауына, келесі кезекте жұмыссыздықты тұсауға да айтарлықтай қолғабыс болары анық. Мәселен, осыған дейін елді мекенде 50 кәсіпкерлік субектісі тіркелсе, бүгінде оның 49-ы нақты жұмыс жасап тұр. 

Биыл 1 жоба мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапса, 2 жоба қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 азаматтың жобасы қаржылау қолдау тауыпты. Алдағы уақытта Жаңаталапта үлкен өндіріс орны жұмысын бастайды. Жас кәсіпкер Серікбол Әбдікеров құс фермасын ашуды жоспарлап отыр. Бұл бір жағынан салаға серпін берсе, келесі кезекте қаншама ауыл азаматының жұмыс табуына сеп болады.

Ауылда биыл аяқ су мәселесінен тұрғындар ауласына бақша еге алмапты. Десе де келер жылы бұл мәселе шешімін табады. Себебі Жаңаталап пен Қаракеткеннен су ұңғымасын қазуға бюджеттен қаржы қаралған. Құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын. «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжановтың демеушілігімен алдағы уақытта құны 10 млн теңгені құрайтын балалар ойын алаңы салынады.

Аудан әкімі кездесуде көтерілген ауыз су мәселесіне қатысты нысанның басына барып, жұмысымен танысты. Қазіргі таңда ауылдағы ауыз су жүйесі мұнарасының тозығы жеткен. Жаңаталап насос станциясы негізінен 2013 жылы пайдалануға берілген. Бірақ сол уақыттан бері су тарату насос қондырығымен жұмыс жасамаған. Мамандар сол тұста мердігер мекеме тарапынан өрескел қателіктер кеткенін айтады. Сол уақыттан бері халықты ауыз су мұнарасымен қамтамасыз еткен. Бірақ ол белгілі бір қажетті мөлшерге есептелген. Қазір оның өзі тозығы жетіп тұр. Аудан әкімі елдің мәселесіне бейжай қарамай, алдағы уақытта шешіміне жұмыс жасауды жауапты сала басшылары мен ауыл әкіміне қатаң тапсырды. 

– Ешқандай жоба тиімсіз болмауы керек, қолға алдық па, оның игілігін халық көруі тиіс. Олай болмаса біз не үшін қолға алып жатырмыз? Алдымен осы сауалға терең бойлап көріңіздер. Тұрғындардың тәулік бойы сапалы ауыз суға қол жеткізуінде ешқандай мәселе болмауы тиіс, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

 

Ынтымағы жарасқан ауылдың ырысы артқан

 

Бұл ауылға мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың есімі берілгеніне де он жылға жуық уақыт болды. Қазіргі таңда елді мекенде 300-ден астам отбасы бар. 1800-ден астам халық мекен еткен қайраткер атындағы ауылда тындырымды тірлік жетерлік. Былтыр да елді мекеннің еңсесін тіктейтін екпінді жобалар жүзеге асқан. Қуантарлығы, биыл да Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы аясында бірқатар жоба қолға алынды. 

Үшінші аялдаған ауылымыз – Мақпалкөл ауылдық округі. Әдеттегідей аудан әкімі алдымен халықпен кездесті, талап-тілегін тыңдады, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды саралады. 

Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі – егін және мал шаруашылығы. Бұған дейін Сыр салысынан мол астық жиған жергілікті шаруашылықтар былтырдан бері бақша өнімдеріне басымдық берген. Мұнан бөлек бірнеше гектарды құрайтын ауылдағы алмабақ өнімдері бүгінде еліміз бойынша үлкен сұранысқа ие.

Жалпы қайраткер атындағы ауылда халық санына шаққанда жұмыссыздық деңгейі де төмендеген. Ауыл әкімі кәсіп бастаймын деген жерлестерін сүйемелдеуге дайын екен.

– Ауылда кәсіпке бет бұрған азаматтар жетерлік. Бұл бір жағынан елді мекеннің еңсесін тіктеуге үлкен қолғабыс болып отыр. Бұрын іс бастаған азаматтардың барлығы егін және мал шаруашылығы саласында жұмысын жүргізсе, бүгінде ауылда сала түрленген. Қазірдің өзінде Мақпалкөл ауылдық округінде шаштараз, компьютерлік орталықтары халыққа сапалы қызмет етуде. Енді бұл азаматтар кәсібін кеңейтуге басымдық беруде. Егін және мал шаруашылығы саласынан өзге де кәсіпорындар өніміне ауылда сұраныс бар. Болмаса олар мұндай қадамға бармас еді, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Тұңғышбаев.

Темірбек Жүргенов ауылында бүгінде жүзге жуық кәсіпорын бар. Тіркелген кәсіпкерлік субьектісінің қазіргі таңда 99 пайызы жұмыс жасап тұр. Бұрын елді мекенде тек егін және мал шаруашылығында жергілікті тұрғындар кәсібін дөңгелентсе, бүгінде сала түрленген. 

Былтыр екі ауыл тұрғыны кәсіп бастауға бел буған. Алайда оларға шаруасын ширатуға қолдағы азғантай қаражат қолбайлау болған. Осылайша екеуі де мемлекеттік грантқа өтінім береді. Нәтижесінде комиссия мүшелері қос жобаны да қаржылай қолдауға лайық деп тауыпты. Қазіргі таңда екеуі де ауыл халқына сапалы қызмет етуде. Оның бірі Гүлша Мырзалиеваның шаштаразы болса, келесісі – Гүлжан Төкештің компьютер орталығы.

Жалпы жергілікті тұрғындар кәсіп ашуда мемлекет жасап жатқан барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Кәсіпкерлік саласына серпін беруге бағытталған қандай бағдарлама бар, басым бөлігіне ауыл тұрғындары құжат тапсырып, шаруасын ширатуда. 

Биылдың өзінде ауылдағы бірнеше азамат грантқа құжат тапсырып, қайтарымсыз қаржыға ие болған. Олардың әрқайсысына 1 млн 380 мың теңгеден қаражат үлестірілген. Жобасы қаржылай қолдауға ие болған Медет Қызбалаев пен Руслан Ермаханов 8 бас жылқы алып, ауылдың мал шаруашылығын дамытуға білек сыбана кіріскен. Тағы 3 азамат мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кәсіп бастауға құжаттар тапсырған. Барлығы да мал шаруашылығын дамытуға негізделген. Нәтижесінде оларға жалпы құны 14 млн теңгеге жуық қаражат үлестірілген. 

«Аграрлық несие корпорациясы» арқылы қаржылай қолдауға ие болғандар қатарында мақпалкөлдік Қайыр Тоғызбаев та бар. Ол елді мекенде жылқы шаруашылығын дамытуды мақсат еткен. Жобасы қаржылай қолдауға лайық деп табылған ауыл тұрғыны жалпы құны 7 млн 500 мың теңге пайыздық үстемақысы төмен несие алған. Оның да бұл кәсіпті қолға алудағы мақсаты сол, жем-шөптен мәселе жоқ және жылқы етіне нарықта сұраныс жоғары. 4 млн теңге қаржылай қолдау тапқан Назарбай Жаметов те ауылда жылқы шаруашылығын қолға алған. Ал Жандос Ибраев 1 млн 750 мың теңгеге ірі қара сатып алып, бүгінде оның басын көбейтуге басымдық берген.

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Туған жерінде де мерейтой иесінің 125 жылдығына орай бірнеше жоба қолға алынған. Солардың бірі – Темірбек Жүргенов атындағы саябақ. Бұл жобаға қазынадан 60 млн 444,9 млн теңге қаралған. Аудан әкімі кешегі сапарында саябақтың құрылыс сапасымен де танысты.

Мұнда жаздай тұрғындар талдар мен жеміс ағаштарын отырғызған. Саябақ құрылысы да қарқынды әрі сапалы жүріпті. Жергілікті тұрғындардың бұл жерді жасыл желекке айналдырудағы құлшынысын баба рухына тағзым, бір жағынан құрмет деп түсіндік. Қайраткер атындағы ауылда мұнан өзге де жобалар жоқ емес. Бастысы, алдағы уақытта ел игілігін көрсе болғаны. Ауылда қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов атында көше де бар. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын ішкі көшеге биыл жай жөндеу жұмыстары жүрді. Оған қазынадан 15 млн 229 мың теңге қаралған. 

Ауылда қай саланы алып қарасақ та өрлеу бар, өсу бар, даму дина-микасы тағы жақсы. Әсіресе жергілікті шаруашылықтар мол астықтан тау тұрғызып, жыл сайын рекордтық өнімге қол жеткізуде. Олар бүгінде егінді әртараптандыруға басымдық берген. Аяқ су мәселесі қат болып тұрған шақта бұл бастама ақылға қонымды. 

Мақпалкөлде 1 серіктестік, 10 шаруа қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Олар биыл 4021 гектар жерге егін егіпті. Оның 1 896 гектарына Сырдың басты дақылын сепкен. Мұнан бөлек 1 135 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, 492 гектар жаңа жоңышқа егілген. Шаруашылықтар биыл 84 гектар алқапқа жаздық бидай және 414 гектарға мақсары дақылын сеуіпті.

Егінді әртараптандыру бағытында былтыр жергілікті «Ер-Әлі» шаруа қожалығы бірнеше гектарға картоп, қызылша, сәбіз еккен еді. Төраға Әліби Бекжанов одан алған өнімді апта сайын жәрмеңке ұйымдастырып, аудан және аймақ жұртына арзан бағада ұсынған болатын. 

Жалпы атпал азаматтың елім деп қолға алған жобаларының игілігін бүгінде жергілікті халық көріп отыр. Бұған дейін ауылда жалпы құны 15 млн теңгеден асатын балалар ойын алаңын салып берген еді. Қазір ауыл балаларын іздесеңіз, сол жерден табасыз. Мұнан бөлек бірнеше отбасына үй салып берді. Ауылдағы алтын ұяда білім алып жатқан жастардың ішінде озат оқушыларға шәкіртақы төлейді. Тізе берсек, Әліби Бекжановтың ауылға жасап жатқан жобаларын жазуға көп уақыт кетеді. Бастысы, оның барлығы бүгінде елдің игілігіне жарап тұр. 

Биыл «Ер-Әлі» шаруа қожалығы тамшылатып суару арқылы 12 гектарға бақша дақылдарын орналастырған. Оның ішінде 7,5 гектарына картоп егілсе, 2,6 гектар жерге қауын-қарбыз, 1,9 гектар алқапқа сәбіз тұқымын сепкен. Биыл да шаруашылық ұжымы алажаздай баптаған сапалы өнімнің алды нарыққа шығып жатыр. 

Ауылда мал шаруашылығы да қарқынды дамыған. Бүгінде Темірбек Жүргенов ауылындағы мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерде 545 бас мүйізді ірі қара, 206 бас жылқы мен бірнеше түйе бар. Ал ауылдық округтің жеке отбасыларында 1 903 бас мүйізді ірі қара, 512 бас жылқы, 4 114 бас уақ мал мен 40 бас түйе бар.

Жалпы ауыл халқы қай істе де ауызбіршілікті, ынтымақты ту етеді. Біз айтып отырған жобалардың сәтті жүзеге асуына да басты себеп осы ма дедік. Шаруасы шираған ауылда береке бар, тындырымды іс бар, бірлігі болса да мығым. 

 

                    Тәуелсіздік жылдары түлеген Таң

 

Ақсақалдардың батасын алған аудан әкімі сапарын Таң ауылдық округінде жалғастырды. Алдымен ауылдағы емхана жұмысымен танысқан Ардақ Әбдіғаппарұлы сала мамандарына халыққа сапалы қызмет көрсету бәрінен маңызды екенін жеткізді. 

Айта кетейік, ауылдық емхана «Ауыл – ел бесігі» жобсы аясында жалпы құны 140 млн теңгеге салынған. Былтыр елдің игілігіне берілген медициналық нысан бүгінде қарапайым халықтың қажетіне жарап тұр. Мұнда 1 дәрігер, 10 орта буын және 2 кіші буын қызметкер жұмыс жасайды.

Мәдениет үйіне жиналған ауылдағы ағайын ешқандай мәселе көтерген жоқ. Олай болатындай реті бар, себебі ауылдағы шаруашылық төрағасы, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев ауылдың көптеген мәселесінің шешемін табуына себепкер болды. 

«Таң ЛТД» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысады. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі – 5 236 гектар. Оның ішінде Сырдың басты дақылы күріш – 3000 гектар. Мұнан бөлек 1480 гектар жоңышқасы тағы бар. Шаруашылық биыл егісті әртараптандырып, 74 гектарға жүгері, 82 гектарға мақсары, 20 гектарға бақша салған. Ал қалған 580 гектары – жайылымдық жер. Шаруашылықтағы төрт түлік саны бүгінде 600-ге жуықтаған. 

Іскер азамат бүгінде шаруасын ширатып, 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 225-і – Таң ауылының тұрғыны.

 

2011 жылдан бастап шаруашылықтың техника паркі түгел жаңартылған. Серіктестік жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 6 күріш оратын және 13 күріш бастыратын «Джондир» комбайны, 10 лазерлік жер тегістегіш, 36 трактор, 13 автомашина, 2 астық тиегіш, 1 экскаватор, 2 погрузчик, 1 автогрейдермен қамтылған. 2012 жылы облыста алғаш рет жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын жаңа технологияларды пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен картоптың «Gala» сұрпын екті. 2019 жылы «тұқым шаруашылығы» статусын алып, қазіргі таңда аудан шаруашылықтарын I репродукциялы «Лидер» сұрпымен қамтамасыз етуде. Сапалы тұқым дайындау үшін 86 млн теңгеге тұқым тазалау қондырғысын алдырды.

Кәсіпкер жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын үлкен 2 күріш зауытын іске қосқан. Қазіргі таңда өндіріс орнында 30 адам тұрақты жұмыс жасайды. Тәулігіне 200 тонна күріш ақтайтын қос цехта күрішті егуден бастап, сатуға дейінгі жұмыстар бір ізге түскен. Былтыр іскер азамат Ресей, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне 2 мың тонна күріш экспорттаса, биыл 5 мың тонна өнімді шет мемлекеттерге сатуды көздеп отыр.

Қазір аяқ су қат болған шақта суды үнемдеу ерекше маңызға ие. Оны кешегі Жолдауында Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Имамзада Шағыртаев басшылық ететін шаруашылықта аяқ суды үнемдеу де жолға қойылған. Суды 60-70 пайызға үнемдеу және ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мақсатында қытайлық инвесторлармен бірге Шиелі ауданында жалпы көлемі 3 мың гектар жерге жүгеріні тамшылатып суару әдісімен егу жобасын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге. 

Мұнан бөлек Еңбек Ері 2018 жылы жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын ет өңдеу цехын салып, бүгінде жартылай дайын өнімдерді әзірлеуде. Қазір өндіріс ошағы тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады.

Іскер азамат туған жерінде жалпы құны 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын салып берді. Қазіргі таңда онда 21 адам жұмыспен қамтылған. 56 млн теңгеге спорт кешенін ашып, 16 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына қолғабыс етті. Ертең аядай ауылдағы шағын кешеннен байрағымызды биіктен желбіретіп, әнұранымызды әлемдік додаларда шырқататын жастардың шықпасына кім кепіл. Міне, осы ретте оның тек ауылдың әлеуетіне ғана емес, жастардың да болашағына алаңдайтын азамат екенін аңғару қиын емес. 

Мұнан бөлек кәсіпкер 70 млн теңгеге Таңда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткіш орнатты. 2021 жылы ауыл ішін абаттандыру мақсатында 130 млн теңгеге үлкен М-32 трассасы мен ауыл ортасындағы жол бойына жарық шамдарын орнатып, көшенің екі бетіне қоршау жұмыстарын жүргізді. 

Шаруашылық еңбеккерлерін ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 2011 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік, 300 млн теңге қаржылай сыйақы беруді дәстүрге айналдырды. Игі дәстүр биыл да жалғасын тауып, серіктестік еңбеккерлері темір тұлпар тақымдады. Енді Еңбек Ері келер жылы аудандағы әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасына тұрғын үй салып беруді жоспарлап отыр. Осындай игі істердің нәтижесінде И.Шағыртаев былтыр меценаттық қызметі үшін республикалық «Жомарт жүрек» байқауында «Туған өлке» номинациясын иеленген болатын. 

Ауыл тұрғындары кездесуде барлық мәселені Имамзада Шағыртаев шешіп бергенін, әлі де бірнеше жобаны қолға алып жатқанын жасырмады. Мәдениетте де жергілікті халық ешқандай мәселе көтерген жоқ. Атқарылған жұмыстардан хабардар болған ауылдағы ағайын алдағы уақытта да ауданда ілкімді істер қолға алынатынына және оның ел игілігін көретініне сенім білдірді. 

 

Кәсіпкерлік  қарқын алған

 

Келесі аялдамамыз Мәдениет елді мекенінің іргесіндегі Мырзабай ахун ауылы болды. Ауылдық округте 1 250-ге жуық халық бар. Қуантарлығы, бүгінде жергілікті халықтың кәсіп ашуға ынтасы артқан. Әсіресе ахун атындағы ауыл тұрғындары бұл мақсатта мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын тиімді пайдаланып отыр. Нақтырақ тоқталсақ, шағын ауылда бүгінде 80-нен аса кәсіпорын бар. Оның қазіргі таңда барлығы жұмыс жасап тұр. 

Қуантарлығы, бүгінде ауылда осыған дейін тұралаған мәселелердің алды шешімін тапқан. Мәселен, былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде елді мекендегі Колхоз және Мәдениет көшелерінің сапасына мән берілген. Жалпы құны 130 млн теңгеден астам қаражатты құрайтын қос жобаның арқасында ауылда екі көшеге асфальт төселген. Алдағы уақытта Жаңақоныс пен Кенжебек Оспанов көшелеріне де асфальт төселеді. 

Мырзабай ахунда ауылдық емхана мәселесіне де нүкте қойылған. Жазда ауылдық емхананың іргетасы қаланып, бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жобаның жалпы құны 385,9 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ алдағы уақытта қаржылай қолдау тапса, ауылда мәдениет үйі бой көтереді. Бұған қатысты жасалған арнайы жоба да дайын.

Міне, Мырзабай ахун ауылында осындай тірлік болып жатыр. Елдің ауызбіршілігі мығым, азаматтардың туған жерге деген құрметі артқан, кәсіп ашуға жергілікті тұрғындардың талабы таудай. Мұндай игі бастамаларды жүзеге асыруды мақсат еткен елдің ертеңі жарық болары сөзсіз.

 

10-нан аса көше жаңарады

 

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың есепті кездесуі Қаракеткен ауылдық округінде жалғасты. Ауылға кіреберіс жолға түскеннен көзіміз жаңа зәулім арка мен ауыл төлқұжатына түсті. Мұнан елді мекенде тындырымды тірлік барын аңғара қойдық.

Кездесуге ауыл тұрғындарының барлығыдерлік қызығушылық танытып, таң атысымен ауылдық клубқа жиналған. Аудан басшысы халықпен танысып қана қоймай, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды қысқаша атап өтіп, жергілікті халықтың үніне құлақ түрді. 

Қаракеткенде біраз мәселенің осы күнге дейін де шешімі табылған. Қос елді мекенді қамтитын ауылдық округте ауыз су жүйесі жаңартылып, бүгінде ел игілігіне берілген. Мектебі де жаңа, 5 орындық аурухана, ауылдық клуб халыққа қызмет етуде.

Мыңнан аса халқы бар ауылдық округте Сыр салысын себетін егіс алқабы болмағанымен мұнда халық кәсіп ашуға биім. Мал шаруашылығын дамытуға ден қойған ауыл тұрғындары кәсіптің бұл түрінен табысын еселеп отыр. Бүгінде мал шаруашылығымен айналысатын 5 жеке кәсіпкер, ауыл халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған «Фариза», «Жанжаз» жеке сауда орындары жұмыс жасап тұр.

Қазіргі таңда ауылда ел игілігіне бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, елді мекенде тұрғын үйлер секторының электр желілері бойынша «Универсал Строй Сервис» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізген. Тұрғындарды аяқ сумен қамту мақсатында 2 техникалық су ұңғымасын бұрғылау аяқталып, насос орнату жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар Далдабай елді мекенінің балалар ойын алаңын ағымдағы жөндеуге аудандық бюджеттен 5 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары аяқталған.

Ауылға кіреберіс автомобиль жолын жарықтандыруға және 150 орындық ауылдық клуб құрылысына ЖСҚ әзірленіп, бюджеттік өтінімдер жолданған. Келер жылы ауылда қарқынды құрылыс жұмыстары басталады. Нақтырақ айтсақ, бүгінде Далдабай елді мекенін қосқанда 12 көшені күрделі жөндеуге және дәрігерлік амбулатория құрылысын салуға жоба сметалық құжаттар әзірленіп, қолдап тапқан. 

Иә, ауыл әлеуетінің ілгерілеуі мен өркендеуі – бүкіл елдің дамуы. Десе де ел болғасын ауыл өмірінде кейбір мәселелердің туындайтыны рас. Алайда аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы елдің әлеуметтік әлеуетін жақсартатын жарқын жобалар алдағы уақытта жалғасын тауып, халық игілігін көретінін жеткізді. «Көш жүре түзеледі» демекші, өңірдегі ауылдық елді мекендердің ахуалы басқа аймақтардан қарағанда көшілгері. Теп-тегіс көлік жолы, қолжетімді ауыз су, мектеп, балабақша, кәсіппен айналысамын дегендерге қолдау, бәрі-бәрі ауыл халқының жақсы өмір сүруіне бағытталған игі жұмыстар.

 

Көгілдір отынның игілігін көреді

 

Келер жылы екі ауылдық округті газға қосу жұмыстары жоспарлануда. Бірі кент іргесіндегі Ақсу ауылы болса, екеншісі – Мөрәлі Шәменов ауылы. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың сапары осы қайраткер атындағы ауылда жалғасты. Ауылдағы Бұқарбай батыр атындағы орталық көше биыл күрделі жөндеуден өткен. Асфальт жабындысының күні кеше төселгені көзге көрініп тұр. Екі жағында ықшамды жаяу жүргіншілер жолы, оң жағымызда келбеті келіскен мектеп ғимараты, сәулетті мешіт, бір сөзбен айтқанда, ауыл келбетіне көзіміз де, өзіміз де тәнті болдық.

Аталған ауылдың аудан бойынша Сыр салысынан мол өнім алып отырғанын өңір халқы жақсы біледі. Сондай-ақ ауылда мал шаруашылығы да кең қанат жайып, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатары артқан. 

Аудан басшысы бастаған топ әдеттегідей ауыл халқының алдында тікесінен тік тұрып, халықпен етене танысып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ тұрмыс түйткілдеріне қатысты қойылған сауалдары мен шешімін таппай жүрген мәселелері бойынша жауап берді. 

Өңірде ауылдық округтердің ішкі жол мәселесі жыл санап оңтайланып, толықтай жаңартылып келеді. Биыл ауылдағы Бұқарбай батыр көшесі күрделі жөндеуден өтсе, қазіргі таңда елді мекенге кіреберіс аудандық маңыздағы 1,4 шақырым автомобиль жолын және қосымша 3 көшені күрделі жөндеуге жоба сметалық құжаттар дайындалған. 

Ең бастысы, ауылда халықтың маңызды өмір сүру қажеттіліктері толықтай бір жүйеге келтірілген. Ауыз су 100 пайыз үйді-үйге жүргізілген. 

Әрине ауыл халқының ең басты сұрағы елді мекенді газдандыру жұмысы болды. Бұл жөнінде әкім де қалың жұртқа жақсы жаңалығымен келген. Ардақ Әбдіғаппарұлы М.Шәменов елді мекенін газдандыруға облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінгенін, яғни жұмыстар басталғанын жеткізді. 

Сондай-ақ ауылда елді мекенді дамыту мақсатында демеушілер есебінен атқарылып жатқан жаңа жобалар да жоқ емес. Мәселен, соның бірі «Mega-Агро» ЖШС-ның қолдауымен 5 млн теңгеге мәдениет үйіне 200 дана орындық орнатылған.

 

Бірлігі бекем, тірлігі тындырымды

 

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың Мөрәлі Шәменов ауылындағы сапары ақсақалдардың батасымен қорытындыланды. Келесі кездесу мұнан әрі аудан іргесіндегі Ақсу ауылында жалғасын тапты. Бүгінде Ақсу ауылының бірқатар мәселесі бір жолға қойылған. Ауылдың жағдайы жыл сайын жақсаруда. 

Иә, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы күнделікті қажеттілікке байланысты екені мәлім. Оның ішінде газдандыру мәселесі де бар. Ауылға газ жүргізу көптен бері халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселе еді. Ақсулықтардың көгілдір отынның игілігін көретін күні алыс емес. Нақтырақ айтсақ, Ақсу елді мекеніне газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме «AЭS and Limited» ЖШС құрылыс компаниясы бүгінде елді мекенде газдандыру жұмысын бастады.

Сондай-ақ елді мекендегі тұрғын үйлер секторының электр желілері құрылысына да республикалық бюджеттен 184,7 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Наз» ЖШС электр желілерін жаңарту жұмыстарын жүргізуде. 

Мұнан бөлек ауылдың 4 көшесін, яғни М.Әуезов-1, М.Әуезов-2, Ақбөгет, Т.Қожағұлов көшелерін күрделі жөндеуден өткізуге жоба-сметалық құжаттары дайын. Сондай-ақ елді мекеннің ішкі з көшесін, яғни М.Дәулетбеков, Ақарық, Алғабас көшелерін күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған. Жоба құны 109,2 млн теңгені құрайды. 

Елді мекендердегі санитарлық тазалық жұмыстарына 827,7 мың теңге қаралған. Оған тиісті жұмыстар атқарылып, күл қоқыс тастайтын 3 контейнер сатып алынған.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жастардың қосар үлесі зор. Бүгінде ауыл жастарының басым бөлігі кәсіпке бет бұруда. Қазіргі таңда кез келген ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, тірлігін бастауына мүмкіндік зор. Бүгінгідей нарық заманында тынымсыз еңбек қана жоғары табысқа жетелейтіні анық. Еліміздегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар кәсібін жаңадан бастайтын тұрғындарды жетістікке жеткізетіні көрініп-ақ тұр. Осы тұста бизнес бастаймын деген жастарға мемлекет тарапынан берілер қолдау да, көмек те көп. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру жолында жаңа бастамалар қолға алынуда. Ақсу ауылдық округі бойынша жалпы 148 кәсіпкерлік субъектісі болса, соның 94,5 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында қайтарымды несие және қайтарымсыз гранттарға 7 адам құжат өткізіп, қаржылай қолдау тапқан. Бұдан бөлек 3 адам «Аграрлық несие корпарациясы» АҚ-ға құжаттарын өткізіп, қазіргі таңда 2 адам қаражатын алып, кәсібін бастап, 1 адамның жобасы қаралуда. 

Биыл ауыл тұрғындары 3 991 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 2063 гектар болса, ескі жоңышқа 704, жаңа жоңышқа 708, мақсары 181, жаздық бидай 268, картоп 46, көкөніс 74,  бақша дақылдары 80 гектарды құрайды. Кірісін күрішпен еселейтін ақсулық дала дарабоздары биыл шілденің ыстығына, тынымсыз соққан жел мен аяқ судың тапшылығына қарамастан, ел қамбасын молайтуда тынымсыз еңбек етіп, толағай табысқа қол жеткізді. 120-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырған «Сәрке батыр» шаруа қожалығында алқаптың 950 гектарын «Лидер» сұрыпындағы күріш өнімі құрайды. Сонымен қатар 360 гектарынан жоңышқа, 200 гектарынан бидай өнімі алынған.

Бұдан бөлек ауылдағы іргелі шаруашылықтың бірі «AB AGRO ORDA» да биыл 800 гектар алқапқа «Лидер» сұрыпын еккен. Күріштің бұл түрі салмақты болғандықтан жергілікті шаруашылықтардың басым бөлігі осыған басымдық берген. Ақсулық қос шаруашылықтың өнімдері қашанда халықтың сұранысына ие. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары аудан басшысы Ардақ Әбдіғаппарұлына батасын беріп, қызметіне сәттілік тіледі. 

 

Кентте кешенді жоба көп

 

Ауданға қарасты 14 ауылды аралап, халықпен кездескен аудан басшысы ел алдындағы есеп беру сапарын аудан орталығындағы «Руханият» орталығында қорытындылады. 

Биыл кентті абаттандыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, аудандық бюджеттен кентті абаттандыруға 22 млн теңге бөлініп, теміржол жиегіне безендірілген жазулар, автобус аялдамаларына ұлылардың өнегелі сөздері ілініп, кент орталығындағы Бұқарбай батыр көшесіне көрнекті көше атаулары орнатылды.

Иә, кент, ауыл келбетінің көркеюі, оның ішінде құрылыстың белең алуы аудан дамуының көрінісі десек те болады. Соңғы жылдары бірнеше нысан пайдалануға берілсе, бүгінде сол нысандар ел игілігі үшін қызмет етуде. Әрине бұл жұмыстардың барлығы өңір келбетін арттырып, ел игілігі үшін жасалуда. Қазіргі таңда кентте 1 465 жеке кәсіпкер мен заңды тұлға тіркелген. Оның ішінде 171 кәсіпкерлік субъектісінің сыртқы келбеті сырланып, аумағында санитарлық-тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жаңадан ашылған «Далида», «Ырыс» сауда орталықтары ғимараты, «Өркен әлем» ЖШС, «Агрохолдниг Қызылорда» ЖШС, және тағы басқа кәсіпкерлік субъектілері де ауданның кірісін еселеуге айтарлықтай қолғабыс болып отыр.

Сонымен қатар қажеттілігіне, мәселенің өзектілігіне қарай барлық ауылдық округте көшелер жөнделіп, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Мәселен, қазіргі таңда кент бойынша барлығы 92,2 шақырымды құрайтын 71 көше бар. Оның ішінде асфальтталғаны – 56 көше, ұзындығы – 77,1 шақырым, тас төселгені – 9 көше, ұзындығы – 9,8 шақырым, жай жолдар – 6 көше, ұзындығы 5,3 шақырымды құрайды.

Жалағаш кентіндегі ішкі көшелерді күрделі жөндеуге және тас төсеуге облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, 13 көшеге асфальт және 1 көшеге тас төселді. Қазіргі уақытта барлық көше асфальтталып, жол жиектеріне тас төсеу, жол белгілерін орнату және Т.Қыстаубаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінге дейін кенттегі 71 көшенің 38-іне жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар биыл 10 көшені жарықтандыруға демеушілер есебінен ЖСҚ әзірленуде. Алдағы уақытта ЖСҚ дайын болған соң қаржыландыруға ұсынылады.

Мұнан бөлек «Тағзым», «Еңбекшілер», «Рәміздер» аллеясына, «Астана», «Мұқашев», «І.Қабылов», «Халқымен қайта қауышқандар» саябақтарына көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалық және күтіп ұстау мен сырлау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Кент бойынша барлығы 7 балалар ойын алаңы орналасқан. Оның ішінде 4-еуі демеушілік есебінен салынған. Сонымен қатар 6 шағын футбол алаңы бар. Оның ішінде 3 алаң демеушілік есебінен салынған. 

Кенттегі 2 547 аулаға аяқ су толығымен жеткізіліп, тұрғындар бақша салып, тұрғын үй ауласында көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде. Жыл сайын дәстүрлі түрде кент тұрғындары «Үздік аула» байқауына белсене қатысады. Кенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына және көшелерге 110 қоқыс тастайтын контейнер қойылған. Қоқыс контейнерлерді күнделікті автокөлік және тиегіш трактор мен тасымалдаушы автокөлік тиеп, кенттің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Ақсу жолы бойындағы арнайы қоқыс төгетін орынға тасымалдауда. Қазіргі таңда қоқыс төгетін орын тазаланып, қоршау жұмыстары жүргізілді.

Жиын соңында кент тұрғындары елді мекендерді аралап, халықпен жүздескен аудан әкімі Ардақ Ибраимовқа алғысын айтып, игі бастамаларына тілекші екенін білдірді. Жергілікті тұрғындарға елдің бірлігін сақтау бәрінен маңызды екенін түсіндірген абыз ақсақалдарымыз кездесу соңында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденінің иесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаевқа қазақтың игі дәстүрімен шапан жауып, батасын берді.

Тағы да оқыңыз: