Kyzylorda-news.kz. Бүгін 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің мерекесіне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Қызылордада «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» тақырыбында пленарлық мәжіліс өтті.
Жиын «Достық» үйі ғимаратының фойесінде кітап көрмесінен басталып, сөреге қойылған құнды құжаттар мен фотолардың тарихымен танысты. Сондай-ақ, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жайлы бейнеролик көрсетілді. Жиынның алғысөзін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов алды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Жомартқызы модераторлық еткен пленарлық мәжіліске тіл жанашырлары, қоғам зиялылары, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, этномәдени бірлестік жетекшілері мен өкілдері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру бағытында жүйелі жұмыс жасап жүрген «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат «Аймақтағы мемлекеттік тілдің мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аман Абасилов «А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси және ғылыми қызметінің Қызылорда кезеңі» тақырыбындағы ауқымды баяндамасымен жалғастырды. Өз кезегінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Н.Мұсаева «Ұлттық руханияттың негізі – тіл», ақын, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Д.Аяшұлы «Бұқаралық ақпарат құралдарындағы тіл қолданысы», Шиелі ауданындағы «Самғау» жеке мектебінің мұғалімі Т.Нуштаева «Мемлекеттік тілді құрметтеу – парызымыз» тақырыптарында хабарлама оқыды.
Жиын соңында бірқатар тіл жанашырлары марапат биігінен көрінді. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов пен облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Дүйсенбек Аяшұлына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің «Құрмет грамотасы» табысталды. Одан өзге мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарға белсене араласып жүрген бірқатар азаматтар облыстың «Құрмет грамотасы» және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.