Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданынан шалғайда орналасқан жаңадария ауылында 20 жылға жуық тарихы бар «әзілизация» әзіл-сықақ отауы жұмыс істеп келеді. Бүгінде өткір әзілдерімен көрермен көзайымына айналып үлгерген өнер ұжымы мәдениет саласында түрлі байқауларда бақ сынап, жетістікке жетіп те жүр. Енді театрдың тарихына көз жүгіртіп, бірқатар жеңісті сәттеріне шолу жасасақ.

Осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын Жаңадария ауылдық клубы жанынан «Әзілизация» театры құрылды. Рүстем Көшеров жетекшілік ететін өнер ұжымы алғашқы жылдардан-ақ түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. 2007 жылы облыстық «Тазша бала» әзіл-сықақ байқауында жүлделі 3 орынды, 2016 жылы Шиелі ауданында өткен облыстық «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының байқауында жүлделі 3 орынды иеленсе, осы жылы Жаңақорған ауданында Қазбек Башаровты еске алуға арналған «Қазбектің қалжыңдары» атты облыстық әзіл-сықақ байқауында үздік өнер көрсетіп, көптің көзайымына айналды. Мұнымен қоса театр ұжымы Сырдария ауданының елді мекендерінде, Арал ауданы Сексеуіл станциясында, Жалағаш ауданы елді мекендерінде гастрольдік сапарларда болды. Өнер ұжымы 2019 жылы Арал ауданы «Күлкі думан» атты әзіл-сықақ отауының облыстық байқауынан ІІ орын иеленсе, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған халықаралық өнер фестивалінен бас жүлдемен оралған болатын. Ал республикалық «Жас дарын  Art Kazakhstan» байқауында бас жүлде алса, «Мереке думан» халықтық әзіл-сықақ отауының 30 жылдық мерейтойына арналған республикалық байқауында ынталандыру сыйлығына ие болды. Өткен жылы Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және М.Көкенов атындағы мәдениет үйінің қолдауымен Кейден ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Күлкі думан» атты облыстық байқаудан «Әзілизация» әзіл-сықақ отауы І орынға ие болды. Сондай-ақ Қазалы ауданында «Ауылдың айтқыштары» атты онлайн облыстық қазақы қалжың орындаушылардың сайысында «Әзілизация» әзіл-сықақ отауы «Сахна сарбаздары» номинациясын, Арал ауданында өткен Қ.Сұлтанбаевтың шығармашылығына арналған «Сатира – өмір айнасы» атты әзіл-сықақ отауларының аймақтық онлайн байқауында алғыс хат иеленген.

Қазіргі таңда өнер ұжымы «Сүттің дауы», «Кемпір келін», «Темперамент», «Қызық очки», «Теңгелер», «Өмір», «Алтын балық» интермедияларын  сахналап жүр. «Әзілизацияның» құрамында Р.Көшеров, Д.Төлегенов, Б.Жаңабергенова, Б.Әділет, Н.Мәжит, С.Мешітбай, Н.Ізбасқан, Д.Серікбаев бар. Театр жетекшісі Рүстем Көшеровпен сөйлескенімізде алдағы жоспарларына және көпшілікке белгілі өзінің «Жаңадариям» әнінің шығу тарихынан хабардар етті.

– «Жаңадариям» әні 1994 жылы Жаңадария ауылының құрылғанына 30 жыл қарсаңында шықты. 1992 жылдың күзінен 1993 жылдың көктеміне дейін 6 ай «Шойбас» кіші кәсіпорнында көмекші шопан болып жұмыс істедім. Сәрібай есімді қойшының аудан орталығында жұмыстары болып қалғанда, атқа мініп арасында бір отар қой бағамын. Бір отарда 800 дей қой бар. Жазық далада аттың үстінде жүріп, таза ауада, дауыстап өлең айтасың. Далада аспап жоқ, бір әнді ыңылдап күнде қайталап жүрдім. Келесі бірде қалам-қағаз алып шығып, ат үстінде жүріп әннің сөзін жаздым. Арасында қожалық басшысы Қыпшақбаев Ақділдә ағай келгенде екі-үш күнге ауылға демалысқа жіберіп тұратын. Енді сол кісінің келуін күттім. Бар ойым – аспаппен бірінші үйдегілерге орындап беру. Әсіресе әннің бағасын бірінші анам Қалдаш береді. Анамның баян тартып, ән айтатыны бар. Бір күні Ақділдә ағай шопырымен келіп, демалыс беріп, ауылға алып кетті. Үйге келіп, баянға салып анама орындап бердім. Сол кездері мектептің музыка пәнінің мұғалімі Пірназарова Гүлназ домбыра үйірмесінің оқушыларына орындатып жүріпті. Содан міне, биыл 25 жылдан кейін алғаш Қызылорда облыстық филармониясы жанындағы «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі нотаға түсіріп, облысқа белгілі әнші Эльмира Қалхожаеваның орындауында сүйемелдеп, мамыр айында ауылымызда өткен Жаңадария ауылының 55 жылдығына арналған аудандық шарада тұсауын кесіп, ауыл тұрғындарына тарту жасады.

Негізі театр өнер ордасы ғой. Үздік сатира, әзіл-оспақ, астарлы әзіл арқылы халықтың мұң-мұқтажын көрсетіп жатамыз. Біз сахналап жүрген әзілдердің барлығы қоғамда бар дүниелер. Біз сахна мәдениетіне кәсіби шеберлікті ұштастыра отырып, халықтың жүрегінен жол табуды ойлаймыз, мақсат етеміз. Сол мақсатқа жету жолында қаншалықты қиын әрі ұзақ болса да нәтижелі еңбек етуге тырысамыз. Әртістерге де осыны айтып отырамын. Көрерменнің көңілін табу, көзайымына айналу, сахналық образымызды кәсіби деңгейде сомдап шығу және драматургтің негізгі айтар ойын дәлме-дәл жеткізе білу әртістің шеберлігіне байланысты. Шүкір, байқаулардан қалмай қатысамыз, жеңісіміз де аз емес, бірақ алар асуымыз, бағындырар биігіміз әлі алда деп ойлаймын. Биыл «Әзілизация» әзіл-сықақ отауының  15 жылдығына орай «Күлкі базар» атты облыстық әзіл-сықақ отауларының байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді театр басшысы.

Айта кету керек, «Әзілизация» театр ұжымы бұған дейін де аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде Жалағаш ауданының 80 жылдығы, Жаңадария ауылының 55 жылдығы және жастар жылына арналған Жаңадария ауылдық клубы жанындағы «Әзілизация» әзіл-сықақ отауының концертін өткізген еді.  Театр әртістерінің сомдауымен «Кемпір келін», «Сүттің дауы» музыкалық интермедиасы қойылды. Есеп беру кешінде өнер ұжымы концерттің өтуіне қолдау білдірген азаматтарға, ел ағаларына алғыс білдіріп, бірқатар азаматқа қазақы дәстүрмен шапан жапқан болатын. Талантын өнермен ұштастырған театр әртістерінің шеберлігі, сахна мәдениетін сақтаудағы біліктіліктері, өздеріне берілген кейіпкердің портретін аша білуі, сондай-ақ сахнаны әсем әнмен тербеуі көрерменнің өнерге деген қызығушылығы мен құрметін арттыра түскендей. Әйтеуір «Әзілизацияның» әзіліне қанық көрерменнің барлығы өнерпаздардың, әртістердің сахна мәдениетін сақтаудағы біліктіліктеріне ризашылықтарын білдіріп жатады. 

Тағы да оқыңыз: