Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданындағы «Руханият» орталығында көріпкел, емші, әулие Бекниязұлы Беркінбай кәлпенің 115 жылдығына орай «Әулиенің жұмбақ әлемі» атты облыстық танымдық конференция өтті. Жиында алдымен аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов кәлпенің қасиеті мен өмір жолына тоқталды. 

– Бүгінгі танымдық конференцияға тарихшылар, белгілі зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және кәлпенің ұл-қыздары қатысып отыр. Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Әркім өз дәуірінің перзенті. Адам мен қоғам біртұтас десек, адамды сол өзі өмір сүрген дәуірінен бөліп алып қарай алмаймыз. Адамдардың қызметін тұтас дәуір тарихы, замана шындығы деп қараймыз. Беркінбай кәлпе де – өз дәуірінің жүгін арқалаған тұлға. Беркінбай кәлпе жаратылысы ерек, тұла-бойында беймәлім қасиет тұнған мықты емшілік қабілетімен де елдің ыстық ықыласына, құрметіне бөленген. Бүгін қасиет қонып, қыдыр дарыған кәлпенің туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай ұйымдастырылған конференцияның мақсаты – халықтың есінде ерекше қасиетімен, әулиелігімен, қазақы емшілігімен қалған тұлғаның рухына тағзым ету, елеулі еңбегін насихаттау, – деді Өмірзақ Елеусінов.

Басқосуда Беркінбай кәлпенің өмірінен сыр шертетін бейнебаян көрсетіліп, Сыр еліне белгілі тарихшылар кәлпенің кереметін көпшілікке сөзбен суреттеп жеткізді. Конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистры, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақытжан Ахметбек, «Дін мәселелерін зерттеу» орталығының маманы, «Сыр дидары» газетінің редакторы Сәкен Алдашбаев, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Дархан Ілиясов, аудандық музейдің ғылыми қызметкері, тарихшы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марат Шөмекей баяндама жасап, тақырып төңірегінде тың деректерімен бөлісті. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Беркінбай кәлпенің баласы Бисен Беркінбаев және әулиенің көзін көрген ардагерлер ғибратты ғұмыр иесінің өмір жолына кеңінен тоқталды. 

– Ауданда 2009 жылы Беркінбай Бекниязұлының 100 жылдық мерейтойына орай ас берілді. Аталған шараны іске асыру үшін бюджеттен қаражат қаралмағандықтан сол кездегі аудан әкімі Ө.Шәменовтің ұсынысымен кәлпе атынан есеп-шот ашылды. Бұл іс-шараға бүткіл аудан халқы, Қызылорда, Алматы, Астана қалаларында тұрып жатқан ағайындар да атсалысты. Есеп-шотқа ақша аударған мекемелер мен азаматтардың аты-жөні және шотқа түскен қаржы көлемі жергілікті «Жалағаш жаршысы» газетіне нөмір сайын жарияланып тұрды. Ол тұста да кәлпенің мерейтойы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгін де игі шараның куәсі болып отырмыз. Осындай тағылымды жиындар арқылы тұлғаның болмысы ашылады, өнегелі өмір жолы кейінгі буынға насихатталады, – деді Марат Шөмекей.

Айта кетейік, Беркінбай кәлпе кесенесі мен зиярат орны кеңес заманында бой көтерген. Кәлпе кесенесін ұрпақтары тұрғызған. Түнеухана құрылыс жұмыстарының жоспарын сызып, құжатын дайындап, зиярат орнын салдырған азамат сол кездегі ЖМК-17 басшысы Қожахмет Баймаханов болатын. Жергілікті халықтың күшімен түнеухана жанынан асхана, сарай, сәкі секілді қосымша құрылыстар салынып, мінажат орны аумағын абаттандырып, темір шарбақтармен қоршау, тағы басқа көптеген жұмыстар жасау жоспарланған. Дәнекерлеу жұмыстарын қолжетімді бағаға Көздібаевтар әулеті атқарған. Жұмыс қызып тұрған шақта дәнекерлеуші жігіттер келісілген қаражаттан бас тартып, тегін жасап берген. 

Сол тұста аудандағы шешен ұлтының азаматтары кәлпе басының жаңғыртылып жатқанын естіп, олар да көмек қолын созады. Түнеухана алды мен кесенеге дейінгі аяқжолға төселетін бетон плиталарды өз техникаларымен әкеліп, төсеп береді. Осыдан-ақ оның аудан жұртына қандай сыйлы, қадірлі болғанын аңғаруға болады. 

Беркінбай Бекниязұлы 1909 жылы Ақсу ауылының «Ақбөгет» деген жерінде дүниеге келген. Әйгілі Сыр бойының саңлақ батыры Сәрке батырдың алтыншы ұрпағы. 1977 жылы кәлпе өмірден өтіп, өзі туып-өскен ауылының қасиетті топырағына жерленген. Оның басына салынған төртқұлақты күмбезді кесене маңдайшасына кәлпенің көзі тірісінде қолданған дәрет құманы мен Түркістан жақтан көтеріп әкелген қара тастың сынығы қойылған. Бұл киелі орын мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекет қарауына алынған. Танымдық конференциядан соң Беркінбай Бекниязұлының ұл-қыздары мен ұрпақтары кәлпе рухына арнап ас берді.

Тағы да оқыңыз: