Kyzylorda-news.kz. 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу ғашықтар күні ретінде мереке болып аталып келеді.
Бұл күнді атап өту туралы бастама 1999 жылы көтерілген. Аталған мереке ХIV-XV ғасырлардағы Қозы Көрпеш –Баян сұлу махаббатының символы ретінде аталып өтіледі. Айтулы күнге орай Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлының пікірін оқырман назарына ұсынамыз.
«Махаббат – адам бойындағы нәзік қылдарды шертетін, жанын тербететін сезімдердің бірі. Қозы мен Баянның махаббатын айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінде өмірде болған оқиғаны халыққа қойылым арқылы көрсетудеміз. Ең алғаш 1968 жылы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклін көрерменге ұсындық. Содан кейін 2018 жылы өмірде қосылмаған екі ғашықты қойылымда қосып, оқиғаны 55 минутқа шақтап, спектакльді «Ақбаян» деп атадық. Сондай-ақ, сол жылы Шотландияның Эдинбург қаласында өтіп жатқан «ФРИНДЖ» өнер фестивалінде сахналанды. Осындай үлкен шығарма арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Қазіргі таңда, махаббаттың символына айналған ғашықтардың хикаясын, ұлттық мәдениетімізді әлемге танытудамыз», – деді Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы.