Kyzylorda-news.kz Әлмырза – Сыр өңіріне кеңінен танымал есім. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ән сүйер қазақтың да білмейтіні кемде-кем. Өткен ғасырдың сонау 1980 жылдары барша қазақ көгілдір экран терезесіне телміріп тамсана қарайтын «Тамаша» ойын-сауық отауының кезекті қойылымына қатысып, республикалық сахнадан Сәкеннің атақты «Ақсақ киігін» кең тынысты екпінмен термелеп, бір деммен орындап шыққан күн – Әлмырзаның жұлдызды сәті, ән әлемі түндігін түрген күн. Қаршығадай түйіліп, иығын қомдап тербетіле-тебіреніп: «Арқаны-ы-ың бетпақ деген даласы бар, Бетпақ шөл ойлы-қырлы панасы бар, Сол жерде ел жоқ, күн жоқ өсіп өнген, Жәндіктің киі-і-ік деген баласы бар...» деп домбырасын қайырып бір қаққанда, киіктің асығындай шағын денелі Әлекең айбаттанып, қайраттанып сала беретінін қайтерсіз. Әнмен бірге Бетпақтың даласы да дүр сілкінгендей. Ұшы-қиыры жоқ сайын даланың иесі де киесі болған жез теңбіл тіршілік иесінің, танауын желге тосып дүркірей жосып жұлдыздай ағып бара жатқандағы жан сауғасын қапысыз жеткізе алған осы ән – оның өнер әлемінде әруағын асырған биік белес. Әлекең осы биігінен түскен емес, әлі шырқап келеді.

Балалық шағы ауылда, бүгінгі Шиеліге қарасты Бала би ауылында өтіпті. Әкеден өлідей, шешеден тірілей айрылған жетім баланың желпініп, желкілдеп өсетіндей қай бір күйі болсын? Өзі апа деп атайтын үлкен әжесінің (атасының бәйбіше кемпірі) бауырында барға қанағат қалт-құлт күн кешкен күндерін еске алудың өзі ауыр. Иіні жылтырап киінбесе де, тапқан таянғанын ықыласпен алдына тосатын мейірімді әженің «менің балам» деп басынан сипайтыны бала жүрегін қаншалықты жылытқанымен, өз анасының омырауына тұмсығын тығып, көзін жұмып, жұпарын жұтуы кем болған кең дүниенің кемеріне симаған жан дүниесі, өзіне түсініксіз әлде бір әуен тербеген қиял кеңістігінен, байыз табар дауасын іздейтінін түйсініп өсіпті. Жасы ұлғайған осы беріде ғана, өзін өмірге келтірген анасының қабіріне барып дұғасын оқып, Құранын бағыштап, ана рухымен ағынан жарылып іштей сырласқан соң ғана, өмір-бақи жүрегіне жүк болған жартыкеш сезімнен арылып жеңілдегенін айтады. Әлде бір себептермен Аналық парызын өтей алмаған туған шешенің рухын тербетіп, перзенттік борышын өтеген оның ішкі толқыныс, жан хәлін өзінен басқа ешкім де терең ұғына алмас, сірә? Ал ол кезде бала Әлмырза апасының жанында, қолды-аяққа тұрмайтын қағылездігімен қыста отын, жазда шөбін дайындайтын қол ұзартар қолғанаты бола алғанына әбден риза. Ойыннан қалған емес, ләңгі тебу мен жүгірме мәлшіктің де езіп майын ішкен, суға түсіп сүңгіп жарысса да, жалақ ойнаса да алдына жан салмайтын ширақ. Бірақ, зәуде бір радиодан тыңдайтын әуезді әндер мен қобыз сарынды күйлерге ғана ұйып селт еткені болмаса, ойын атаулыдан тез жеритін селқостықтың сырын ұғына алмапты... Апасы ораза айына деп сақтайтын 2 тал құрмасын 30 күнге жетерлік есеппен үнемдейтіні соншалықты, алмаспен жұқалап қана тіліп ауызашар рәсімін жасап, бет сипайтын кезде, жонып беретін құрмадан таңдайы татымайды. Ауызға түскенде дәмін де ала алмай жұтып жіберетінін қалай ұмытсын? Кейіннен, әжетке жарап жігіт боп қалған Әлекең оқушылардың жазғы демалысында №50 Абай орта мектебінің 5 га тәжірибе участогінің жүгері алқабына сушы болатыны бар. Жас диқан ретінде, бүкіл Кеңестік халық шаруашылығы көрмесіне (ВДНХ) қатысуға облыстан іріктелген 24 баланың қатарында оншақты күн Мәскеуде болған оқиғасы тіпті қызық. Ауылдағы бар туыстың біреуінің шалбарын, екіншісінің жейдесін, үшіншісінің бас киімін кигізіп жасандырып-ақ жіберген Әлмырзаның ойында түк жоқ, бәтеңкесін сүйретіп, кең балағымен Мәскеудің көшесін сыпырып ойқастап жүрмейді ме? Көшедегі бар адам одырайып бұған қарайтынына пысқырып та қарамайды. Олпы-солпы жейдесі әйтеуір иығынан түсіп қалмайды ғой, бар бәлені құлақшыннан көріпті. Айнала қисайып басында тұрмайды, шалқайса желкесіне, еңкейсе көзіне түсіп әбден қорлықты көрсеткенге ұқсайды. Өңі түгілі түсінде көрмеген әсем қаланың не бір биік ғимараттарына, айнала жүйткіген көліктерге қарамай тағы тұра алмайды. Қоқыстағы жәшікке бір ұрып лақтыра салуға қимайды емес, ертең сұрайтын егесі бар құлақшынды қолына умаждай ұстап, өз бетінше көше аралай қыдырыстап біраз жүріп қалады. Жолай «Гастроном» деген маңдайша жазуы бар дүкенге бас сұққаны бар. Мәссаған, өз көзіне өзі сенсеші? Апасының ораза айында жұқалап тіліп аузының дәмін алатын жеңсікті асы құрма дегенің жәшік-жәшігімен үйіліп тұр!Оған үймелеп обығып жатқан тағы ешкім жоқ. Таң-тамаша аңтарылып тұрып апасын қуантудың амалын тапқандай да болыпты. Қайтар күні жолсерік бір топ мовзолей, тағы біреулері музей аралап кеткенде, екі-үш күн бұрынғы көрген межелі жеріне тезірек жетуді діттеп, сол бағыттағы троллейбусқа отырады. Байқап қараса, мінген адамдар бес тиын бақыр шығарып екі-үш жерде тұрған темір жәшіктен кәдімгі киноға кіргендей билет алады екен. Сондай екі-үш тілдей билетке өзі де қол жалғай тұрып, қалтасын ақтарса 5 тиындық бақыр ілікпей қарадай сасады. Күн көсемі Лениннің аяғы тиген қасиетті жерге келіп, көшенің шпанасына ұқсап (кісілігін қарай көр), билетсіз тұрғанына ұялып, жағалай отырғандар арасынан үлкендеу шал кісіге жақындапты. Өзіне назар тіккен оған: «Дәдинка, мой коопек болшой, мәлинки зделайте...» деп 20 тиынын ұстатып білген орысшасымен былдырлай тіл қатады ғой. Көп жасағыр орыс қариясы бірден түсініп, бір 10 тиындық, екі 5 тиындықты саудыратып ұстата салыпты. Билетін алып, асықпай түсіп, өзін толыққанды Мәскеулік тұрғын сезініп мардымси басып дүкеннің табалдырығын аттайды сөйтіп. Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кеткен ба, сондағысы апасына арнап алған екі келі шамасында құрма. Ықылас – қалас дейді халық, қалай тәнті болмасқа? Ауылға келген соң, әбден қуанған апасы айналадағы бар үйді шақырып тойлап, баламның Мәскеуден алып келген базарлығы деп әр-қайсына 2 тал құрмадан таратыпты. Меккеден келген тәбәріктей қағазға орап қалтаға тыққан ауылдың кемпір-шалы әбден батасын бергенге ұқсайды. «Менің Әлмырза болып елдің алақанында жүргенім, сол шалдардың ақ батасы ғой!» дейтін оған сол жылғытұтқан оразаның бар сауабы да бұйырғандай. Әуелетіп әнін айта жүріп, қажылық парызын бір емес 2 рет өтеген мұсылмандық жолға ерте түскенін осыған жориық...

– Құрметті Әлеке, сіздің домбыраны серік етіп ән салып халықтың ықыласына бөленгеніңізге де жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Халық Сізді ең әуелі әнші деп таниды, құрметтейді. Қандай орта болсын жүздесіп кездесуге ықыласты. Басқа да толып жатқан марапаттарыңызды айтпағанда, мемлекеттік дәрежеде бағаланған «Құрмет» орденің иегерісіз. Осының бәрі әрине киелі өнер өлкесіне өрнек салып, айшықты ізіңізді қалдырып жүрген көп жылғы еңбекпен келген абырой. Жалпы осы өнерге қалай келдіңіз? Алғаш сахна шымылдығын қалай аштыңыз?

– Иә, алақанына салып аялаған халқымның арқасында кімсің – Әлмырза болып жүрген бүгінгі өміріме шексіз тәубе, сансыз шүкірлік айтамын. Күпірлік не теңім, әкеден – өлідей, шешеден – тірідей айрылған кешегі жетім баланың жетіліп, өнер айдынында желкені желбіреп жүрсе, өнерімді бағалап басына көтерген елім мен пір тұтып күтіп, қолдап-қолпаштаудан жалықпаған құдай қосқан қосағымның арқасы. Шынын айтайын, жасымда әнші болам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Рас, мектеп қабырғасында жүріп 5-6 сыныпта ауыл клубының сахнасынан «Бармақ» деген өлең айтып шыққаным бар. Өй бір, екі тізем дірілдеп, сондағы толқығанымды көрсең? Сәлден соң бой үйреніп, жаңылмай аяғына шықтым. Ал, үлкен сахнадан шығуым арада көп жылдар өткеннен кейін, кәсіби әнші ретінде алғаш рет 1983 жылы Республикалық сарайдың сахна төрінен көрінуімді жатқызуға болар. Айтпақшы, оқушы кезімде 1963 жылы облыстың бас жүлдесін алып Алматыдан өнер көрсеткен аудан өнерпаздарының сапында құрама оркесторға қатыса жүріп, ортадан билеп шығып айтатын ойнақыәнім «Ортекені» орындап біраз қошемет көргенім бар. Оркестрдің негізгі құрамы атақты палуан Жұмабай, Серікбай Бегалиевтер болатын Жақаев аулының өнерпаздарына Алғабастан Өтеген Райымбеков, Әбіләш Әбуовтер қосылған «Алтын дән» ансамблін дайындауға Шиеліге Нұрғиса Тілендиевтің өзі келген болатын. Жанында қоюшы режиссер Дәурен Әбиров, балетмейстр, екі-үш көмекшісімен бізді сахна мәдениетіне баулып, қимыл қозғалыстарды үйретіп бір ай шамасында дайындағаны бар. Бәрінің үйлестірушісі сол кездегі ауданның мәдениетін басқарған Жақаш аға Қоңыратбаев, аудан басшылығынан Дүйсенбі Смайлов ағаларымыз еді. Ал, өнерге бет бұруыма тікелей себепші болған, Бәйгеқұмда тұратын Сапар апам. 11-сынып бітірген жылы ауылда ағам мен жеңгемнің қолында кезегімен мал бағып, шөп шауып үйдің өмірі таусылмайтын күнделікті шаруасын істеп жүрген күзге салым, апам келіп «Әлмырза, тұр киін, кеттік Алматыға!» деді өктем сөйлеп. Ешкімнен ештеңе сұраған да жоқ, аға-жеңгем ақша мен керек жарағымды тез дайындап берді. «Апа-ау, қайда барамыз?» деймін ғой. «Оқуға түсесің!». Болды, басқа ештеңе айтқан жоқ. Қандай оқу? Кімге барамыз? Ләм-мим, үнсіз. Әр нәрсенің сәті ғой, сол апам болмаса осы күнге дейін ауылда айранымды ұрттап, қойын құрттап жүре берер ме едім, кім білсін? Сонымен, барлық оқуға құжат қабылдау уақыты әлдеқашан бітіп, студенттер каникулда жүрген уақытта Алматының 5-мөлтек ауданында 3 бөлмелі көп қабатты үйде тұратын баласы, опералық әнші Абай Байтоғаевтың үйінен бір-ақ шықтық. Баласына да: «Мына баланы әкелдім, оқуға түсіресің!» деп қысқа қайырды. Ертесіне ол мені ертіп «музыкально- цирковая студия» деген жазуын зорға оқып үлгерген ғимаратқа алып кірді де, қазір бір кісілер сенімен сөйлеседі, білгеніңді іркілмей айта бер деп тапсырды. Айтқанындай-ақ, сәлден соң екі-үш кісі отырған бөлмеге алып кірді. Қабырға жағалай домбыра, тағы да басқа аспаптар мен ортада фортепьяно тұр. 

"Кел бала, не айтарың бар, өнеріңді қысылмай көрсете бер" деді. Азды-көпті ауданның оркесторына қатысып, ән салып, би үйренген тәжірибем бар, оншалықты қысыла қоймадым. Өзім айтып жүрген екі-үш әнімді айтып болып, бойым үйренген болу керек «Ағай, өзім шығарған әнімді айтсам болады ма?» деппін. «Айта ғой, айта ғой...» деген сөздерін арқаланып оны да орындап шықтым. «Домбыраны жақсы меңгеріпсің!» деген сөздерінен жолымның оңғарылғанын сезіп тұрдым. Үйге келген соң Сапар апамның дауыс көтеріп: «Не болды?» деген зілді сауалына баласы да: «Я адам, я мал болады!» деп қысқа қайырды. Сөйтіп бір күнде атақты Ғарифолла Құрманғалиев өзінің шеберліксыныбына алып студент атандым. Бұл менің үлкен өнерге басқан алғашқа қадамым десе болады. Атақты халық әншісінің алдынан шыққан өзіммен бірге бітірген бесеудің үшеуі Қазақстанның еңбек сіңірген әртіс атақтарын алған елге кеңінен танымал өнер қайраткерлері. Солардың біреуі жерлесіміз, жыршы Әскербек Еңкебаев. 

– Тегінде, өнер қанмен келетін қасиет. Олай болмаған жағдайда текпен келген ұшқынның алау атып бойға қонған өнер болып құтаймасы анық. Соның айқын көрінісіндей бүгінде Сыр еліне танымал, өзі дешәкірт тәрбиелеп жүрген, ең әуелі Нартай мұрасын жалғастырушы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», жақында ғана облыстың ең жоғарғы «Құрмет грамотасымен» марапатталған қызыңыз  Ақмаралдың өнер жолын таңдауына өз ықпалыңыз болды ма? Өмір, Өнер, Өріс деуге келетін сабақтастықтың тіні жалғасын тапқандай. Осыған не айтасыз?

– Өнер – киелі ұғым. Және ол мұрагерлік жолмен бере салатындай материалдық дүние емес. Құлақ естіп, көз көріп тұрғанмен қолға ұстауға келмейтінрухани дүние! Тылсым күштерге ғана тәуелді болатын осыны қазақ атам «Иесі бар!» деп қастерлеп, текпен байланыстырады. Өзіме келсем, ағаларымның ыңылдап ән салатыны бар болғанымен, артықша қабілеттерімен көзге түспепті. Жастау күнімде оншалықты мән беріп зейін салмаппын, туған анамның тәп-тәуір әнші болғанын үлкендердің айтып отыратынын еміс-еміс еститінмін. Сол кездерде болатын «Қыз ойнақ», тағы да басқа жиын-тойлардың көркі болған деседі. Соған қарағанда, осы өнер, маған нағашы жұртымнан жұғысты болды ма екен деген ойға қалам. Анығын білмеймін. Ал қызым Ақмаралға келсем, оның өнер жолын таңдауға әуелгі кездері онша ықыласты болғаным жоқ. Қыз балаға өнер жолы ауырлық қылмаса неғылсын деген ой ғой. Бұл жолдың соқтықпалы-соқпақты келетін, көзге көрінбес сыпсың-сыбыры көп, бәсеке-бақталастықтан басталатын көптеген қиындықтары болатынын көріп өстік. Көптің бірі болып әніңді айтып, биіңді билеп жүре беруге болар, бірақ Әлмырзаның қызының көптің бірі емес бірегейі болуын қаладым. Көнбеді. Бір ғана ақыл айттым: «Қызым, домбыраның соңына түспей-ақ қой. Бір ғана домбырамен ұзаққа шаппайсың. Алдымен аккардеон, баян аспаптарын меңгеріп ал. Екеуінің де атасы гармонь!». Құлаштай созып әруағын шақырар гармоньсіз Нартайды көзге елестету мүмкін бе? Жоқ. Өз дауысым жұмсақ. Бір жарым октавадан аспайды. Ал қызымның диапазоны кең, екі октаваны еркін алатын дауысы да жігерлі. Уақыты келгенде гармонь ұстап, өнерде өзіміз пір тұтып жүрген Нартайдың жолын жалғастырар ма еді деген сол кездегі ішкі ойым түбінде шынға шықты. Бүгінгі күні Қорқыт ата атындағы университетте сабақ беріп, Нартай әндерін орындаушы шәкірттерін кәсіби шыңдаумен айналысып жүрген бірден-бір ұстаз. Бұған әрине көңілім толады. Ақмаралды өзің айтып отырғандай өмірімнің де, өнерімнің де жалғасы өрісім деп білемін.

 – Менің ше, әр өнерпаздың бағын ашып өнер жолындағы қасиетті қақпасын ашатын төлқұжатындай шығармасы болатын сыңайлы. Сіз үшін атақты «Ақсақ киік» әні бақ жұлдызыңызды аспандатып, шығармашылығыңызға серпін берген алғашқы ән ретінде жүрекке ең жақын ән болып қала берсе керек. Кең даланың кербез сұлуына деген жүрек шымырлатарлық тебіреніспен осындай күрделі, кең тынысты ән, асқан орындаушылық шеберлікті қажет ететіні сөзсіз. «Айырмашылығымыз адамбыз...» деп Мұқағали айтпақшы, өзіңіз де осы сайын дала сақарамен шектесіп жатқан кең даланың перзенті болғандықтан ба, айрықша ішкі толғаныспен орындалатын осы ән өміршеңдігімен де, өзгеше бояуымен де осы күнге дейін актуальды маңызын жоймапты. Жасыратыны жоқ, өзіміз де осы әнмен өстік. Сол кездегі жас әншінің батылы барып қалайша жүрегінің дауалағанына өз басым қайранмын? Түйткілі түсінікті, түрткі болған не нәрсе екен?

– Студент күнімізде көркемсөз жанры арнайы пән ретінде оқытылатын. Жатақханада бірге тұратын Қуаныш Әбдіхалимовтың көбіне-көп оқитыны Сәкеннің шығармалары да, оның ішінде осы «Ақсақ киікті» мәнерлеп өтежақсы оқитын. Білмеймін, жүрегіме жақын болды ма, кейіннен рухани тірегіме айналатын осы өлеңді сұрап көшіріп алып, көп ұзамай жаттап алдым. Осы пысықтығымның пайдасын оқу бітірген 1967 жылы Қарағандыға жолдамамен барған уақытта  көрдім ғой. Барған бетте облыстық филармония жанындағы өңкей орыстардан тұратын «Молодость» атты вокальді аспапты ансамбльге әнші боп қабылдандым. Филармонияның директоры еврей Яновицкий, орынбасары армян Манукян, бір ғана қазақ Аманов көркемдік жетекшісі. Концерттік репертуар да, тыңдармандар да орыстар, немесе орыс тілді басқалары. Менің қазақша айтатын дәстүрлі әнімді олар не қылсын, селт етпейді. Өзім де жалығып қиналып жүргенімді көрген олар, қазақ тобына қосылуға ұсыныс жасады. Ауысып Арқа әндерін орындаудың айтулы шебері зейнеткер, Қазақ ССр еңбек сіңірген әртісі дәстүрлі әнші Мағауия Көшкінбаевтың жанына қосылған соң көзім ашылды, көңілім көтерілді. Мен бір бесаспап болуға мәжбүр болдым. Қимылым шалт, секіріп ортаға шығам. Билеп жүріп ән айтамын, әзіл-сықақ, түрлі пародия оқимын. Ылғи да қазақы аудандарға шығып концерт беретін топта шопырдан бөлек 3 адамбыз. Әйелі – кассир, афиша іліп ақша жинайды, киімдерімізге қарайды. Ол кісі алдымен шығып айтатын екі-үш әннен соң,құлашты жайып мен шығамын. Әрі биші, әрі әншімін. Көрерменді жалықтырмай ұстау үшін арасында баяғы өзім жаттап алған «Ақсақ киікті» мәнерлеп оқимын. Байқаймын, образға еніп көмей дауыспен соза мәнерлеп «Арқаның бетпақ деген даласы бар...» дегеннен-ақ зал сілтідей тынады. Осылайша кейіннен өзімнің төлқұжатымдай болып абыройымды аспандатқан Сәкеннің «Ақсақ киігі» санамды билеп, жүрегіме бойлап сіңе берді, сіңе берді. Сахнаға төселіп, тәжірибе жинап оябыма келсем оралармын деп жүрек түкпіріне тыққан асыл қазынам ғой. Арасында 2 жылдық әскер қатарында болып елге оралған біршама жылдардан соң толғанып жүріп, толғатып жүріп жүрегімді жарып шыққан ән болып дүниеге келді. Құдайға шүкір, бұл әнді халық күні бүгінге дейін сұрап, құрақ ұшып қолқалап жатады. Өнерімнің өміршең болуына өлшеусіз қосқан үлесімен бұл ән өзіме де айрықша ыстық.

– 1997 жылы өзіңіз құрған «Ноғайбаевтардың отбасылық ансамблі» халықтық ұжым атағын алып концерттік бағдарламамен Кеңестер одағының бірқатар елдерінде болыпсыздар. Өзбекстан, Түркіменстан, сонау қияндағы Португалия еліне сапарлаған шығармашылық жолдарыңыздан ең маңызды, ең қызғылықты деген бірді-екілі эпизодтарымен бөліссеңіз?

– Отбасылық ансамбльмен біраз жерлерде болғанымыз бар. 20 шақты жыл бұрын Мәскеудегі қазақ диаспорасының ұйымдастыруымен өткен Наурыз тойына шақыру алдық. Ақмаралым студент, кіші қызым Ақмаржаным биші, үшеуміз өнер көрсеттік. Мейлінше риза болған қандастар сый-сияпатымен біраз қошемет көрсетіп, одан әрі Петербургқа баруға өтініш жасады. Сұрағыңа орай, ең бір есімде қалғаны Эрмитажды аралап жүріп шыны жәшікке қойылған қазақтың Кенесары ханының бас сүйегін көргенім. Көңілім құлазып сала берді. Үңірейген көздің ұяшығы тұңғиыққа тартқан, түгел емес сойдиған тістер әйнек артынан әлі де қаһар шашып тұрғандай сұсымен кімнің де болса мысын басатындай! Қайран қахарман бабам-ай деп, іштей кәлимамды қайырып, залдан жылап шықтым.

Португалия сапарына алдын ала болатын бірнеше айға созылған үлкен дайындықпен шықтық. Негізгі еңбек, бар жауапкершілікті арқалаған аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Өскенбай Тәшенов еді. Алматы мен Шиелінің арасына жүз қатынап жүріп ұлттық бояуын сақтаған репертуарды бекіттіріп, қазақы нақышты киім үлгісін жасатып, тіктіріп шыр-пыры шыққан сол кездегі Өскенбайды көрсең ғой?! Мәдениет институтын бітірген білікті басшының, нағыз іскер жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби деңгейін көрсете алған тұсы. Шетелге алғашқы шығуымыз ғой. Бекітілген бағдарлама бойынша жүріп тұрамыз. Оң жақ, сол жаққа бір қадам аяқ басуға болмайтын тәртіп пен бақылаудан ретін тауып шығып көше аралаймыз. Рұқсат шеңберінде ұстаған аздаған ақшаға бізге таңсық ол-пұл, майда-шүйде базарлық аламыз. Бәле аяқ астынан шығып үрен-сүрен болдық та қалдық. Бүлдіріп жүрген кім дейсің ғой? Кәдімгі Әшімхан! Ол не істеген? Нақ бір соған бола келгендей, бар ақшасына былғары чемодан алып екі қолын мұрнына тығып жүрген кезінде, мен «бір керегі болар-ау...» деп Шиелі вокзалындағы дүңгіршектен тиынға сатып алған Бас хатшы Горбачев бейнеленген он шақты значектан екі-үшеуін бергенмін. Көшеде жайма базар сияқты бір жерде Әшімханның екі қолы саусақтарын шошайтып бір сатушы испандық әйелмен ымдасып тұрғанын көргенбіз. Әшімхан саусағын шошайтып жаюлы жатқан әлденені көрсетеді де, оң қолымен кеудесін шұқып қалтасынан әлгі мен берген "значекті" шығарып, мұрнынан мыңқ-мыңқ дыбыс шығарып ымдайды. Онысы: «сен маған - ананы», мен «мен саған - мынаны» екенін түсініп аңтарылып тұрған қу әйел, түймедей әлгіні қолына ұстап қуанғанынан «о-оо, гһорфачев окей, окей...» деп елпілдейді келіп. Қырағылық танытып, кімнің жеткізгенін қайдам, делегация басшысы Дина Айсина қонақүй бөлмесіне шақырып шұғыл партия жиналысын жасады. 5-6 коммунист бар екенбіз, «мынау Оспанов жолдас өзі партия қатарында бола тұра, коммунистік партияның бас хатшысын қасақана қорлап, суреті бейнеленген значекті әйелдердің қайдағы бір іш киіміне ауыстырыпты! Не деген масқара! Мұндай саяси көрсоқыр, қылмыскер адамды біздің сүйікті партия қатарынан аластау керек! Дереу елге қайтарып партиялық қатаң жауапқа тарту керек!!!» деген сияқты әбден ушыққан мәселе әупірім-тәңірмен зорға басылғанын қалай ұмытарсың? Кейінірек сұраймыз ғой: «Мұның не, ауыстыратын басқа ештеңе таппадың ба?» деп. «Қайдан білейін, көздің жауын алып тұрған құрғырға қызығып кетіппін...» дейді мүләйімсіп.

«Я күлеріңді, я жыларыңды білмей дал болатын Қожанасырдың қойылымы болыпты да шығыпты, Әлеке» деймін мен. Қайран Әшекеңе деген сағынышымызды жасыра алмай, мөлт етіп көзге жас үйіріле отырып қосарлана күліп алдық та, әңгімемізді әрі қарай өрбіттік.

– Сіздің өз жаныңыздан ән шығаратын да қабілетіңізден халық хабардар. Толғағы ұзақ болып дүниеге келетін «Ләйләжаннан Алты-ақ қадамға» дейінгі бірқатар әндеріңіз сахнадан айтылып та жүр. Осы орайда, алғашқы және соңғы әндеріңіздің шығу тарихынан бір-екі ауыз лебізіңізді есітсек? Өйткені, шығармашылық адамдардың табиғаты айрықша бір әсер, соны бір сезімдерге тәуелді болатын тұстары көп қой. Жүрек қылын шертіп қайсы бір туындыға түрткі болған оқиғалар болған шығар? 

– Әлбетте, көкірегіңде күмбірлеп, жүректі қозғап барып шықпаған ән жүрекке жетпейді ғой. Біріншіден, мен әншімін, кәсіпқой композитор емеспін. Әуесқойлықпен алғашқы шығарған әндерім есімде қалмапты. Бірақ, өзімнің алғашқы махаббатым, жан жарым Патымаға арнаған «Дүкенші қыз» деген әнімді алғашқы әндерімнің бірі деуге болады. Ұмытпасам, 1970 жылдың жаз айы. Түс қайта қаладан қайтып ауылдың тұсынан түсіп қалмаймын ба? Күре жолдан өтіп ауылға беттеп жолға енді түскенім сол, анадай жерде (ол да автобустан түскен болу керек) тық-тық басып қысқа көйлегінің етегі желбіреп бір қыз жол жиегімен кетіп барады. Сыртынан қарағандағы мүсініне қарап періште ма дерсің. Әлгі аңыздарда айтатын құмырсқа бел, тоқ балтырдың өзі! Кетіп бара жатқан қызыл орамалды қызды ентелей басып қуып жеттім да, жолдың арғы бетімен озып бара жатып жалт етіп қарадым. Айдай әппақ бұрын көрмеген қызым. Басына таққан қызыл орамал қызыл жалын болып бет шарпып жүрегіме шоқ түсті сол жолы.

– Беу, деген!!! Бірден ғашық болған екенсіз ғой?..

– 50 жылдан асты, әлі ғашықпын. Тән қызуы құрғырдың сыр бергені болмаса, жүрек жылуы азайған жоқ, қайта үлкейген сайын тіпті артып барады. Ойдан шықпай өз-өзіммен арпалысып жүргенде қыс та келді. Осы Бәйгеқұмдағы училищеге 60 сом шәкіртақы төлейтін шопырлық курсқа жазылып оқып жүріп, ойда жоқта балдарға ілесіп сондағы дүкенге кірмеймін бе? Мәссаған, баяғы жұмбақ қыз дәл алдымда тұр. Сатушы екен. Неге кіргенімді ұмыттым білем, «сәләмәтсәз ба?» деппін сасқанымнан. Есімді тез жиып, енді айрылмасқа бекіндім. Содан бері біргеміз ғой. Артынша «Дүкенші қыз» әні туды. Әнді арнайы пластинкаға жаздырып атымды айтпай, басына атақты әзірбайжандық ақын Борис Заходердің «Я хочу думать о тебя – думаю о тебя, Не хочу думать о тебя – думаю о тебя. О других я хочу думать – думаю о тебя, Ни о ком не хочу  думать – думаю о тебя, дорогая моя Фатима!» дегнен орысша өлеңінен бір шумағын эпиграф етіп алып мәнерлеп оқып сиға тарттым. Сол жылы, сол кездегі дәстүрмен Бөрібай, Жантөре достарымның қаумалап қолқалауымен бір кеште алып қашып үйленген тарихымыз бар.

– Қайсы бір жылы өзіміздің жерлес ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының мерейтойында 20 жыл толғатып жүрген «Алты қадам» деген ән аяқ астынан дүниеге келіпті деген де ел арасында бір қызық әңгіме бар?

– Сәрсенбек достың ол өлеңі ертеде жазылған. Келесі кабинетте отыратын сол кезде Шиеліге жаңа түскен келін Дильбара расымен де сұлудың сұлуы болды. Науша бойлы, тоқ балтыр ару кімнің де болса жүрегін дір еткізетіні анық, оған ақын жүрек қалай шыдасын? Езіліп отырып, еңіреп отырып жазған осы өлеңін өзінің 60 жылдық мерейтойында оқыды. Жәй оқып қана қойған жоқ, ішкі толқынысын жасыра алмаған дірілдеген даусы мені де сол сәтте-ақ алыста қалған арман жылдарыммен қайта қауыштырғандай болды. 60-тағы шалдың тұнық сезімі сол күйінде сақталғанынан қатты әсерлендім. Жүректегі жырды жүрекке жеткізу үшін «Ара-сы-ы-ы бөлмеміздің алты-ақ қадам, алты қадам – шегі жоқ байтақ маған!..» деп, солай мен де әннің, алғашқы нотасын әріден алып «арас-ы –ы-ы...» деп созып алыстан бастайтыным, қашықта қалған арманды жақындатқан әннің түйінін шешкендей болып шықты. Осылайша, сол күні осы ән еш қиналмастан-ақ төгіліп шыға салды.

– Халқымыздың салт дәстүрінде ерекше орны бар «Беташар» өнердің бір жанры ретінде танылмаса да, қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан өнердің түрі. Басқасын айтпағанда, менің келіншегімнің де желегін желпіп беташарын айтқан сіз болатынсыз. Қанат жайып көпшілікке тез тараған бұл өнеріңізді қашан бастадыңыз? Сіз оған табыс көзі деп қарадыңыз ба, өнер деп бағаладыңыз ба?

– Сұрағыңның соңынан бастайын. Өйткені, дәл осы өнерімді масқаралаған облыстық газетке «Беташар сырының бетін ашсақ» деген айқайлап тұрған тақырыппен Өтеген марқұм Жаппархановтың мақаласы жарияланып, біраз әуре-сарсаңға салғаны бар. Мәдениет басшылығы, марқұм Жиенбек ағамыздан бастап, партиялық сөгіспен жұмыстан шығаратын болып естімеген сөзім жоқ. «Көлденең табысқа құныққан, былыққан...» тағысын тағы басқа айыптаулар. Бір қызығы солардың барлығы да кейіннен келін түсіріп, бетін ашуға мені шақырды ғой. Олар да ұмытқан болды, мен де кек сақтағам жоқ. Сөйтіп, бүкілхалықтық дәстүрге айналып кеткен «Беташарға» қылышынан қаны тамған Кеңес өкіметінің де шамасы келген жоқ еді. Бәрі де 11 жыл бірге оқыған досым орманов Әлиярдың Алтынайға үйленуінен басталды. Қоярда қоймай, зорлағандай болып апарған соң, ескі газет-журналдардың қиындысынан құрастырып, әуелі қағазға қарап айтып шыққан беташарымды халық бірден қабылдап қолдан-қолға тимейтін дәрежеге жеттім. Жасыратын түгі жоқ, әжептеуір табысы да бар. Кейінгі қиын жылдары осы табыспен туған ауылым Бала бидегі қараусыз қалып тоз-тозы шыққан клубты жөндеп, есік-терезесін бүтіндеп, залға үлкен орыс пеш орнатып жылытып, ауыл өнерпаздарының басын құрап концерт қойып, халықты клубқа қайта жинаған да жағдайым бар. Заман түзеле бастаған беріректе облыстық теледидардан «Беташар думан» тақырыппен 1 сағаттық хабар түсіріп, ең алғашқы бетін ашқан Алтынайды алдырып, өзім бетін ашқан 12 келіншектің көз алдында сол кездегі аудан прокурорының жаңа түскен келінінің бетін ашып батасын да берген мен. Бұл «Беташарға өнер деп қарадыңыз ба?» деген сұрағыңа жауап. Ал беташар өнер болмаса осыншалықты өміршең болмас еді ғой! Қысқаша осы.

– Шиелі ауданы тарихында өңіріміздің мәдениетін көтеруге өздерінің таланты мен қабілет-қарымы, өнерге ақ-адал қызметімен айрықша үлес қосты деп кімдерді атар едіңіз?

– Аудан мәдениеті тарихында басшылық қызметте болып өнерді өгіздей өрге сүйрей жүріп жан тазалығы мен ар тазалығын бірдей сақтаған 2 тұлға – Жақаш Қоңыратбаев, Өскенбай Тәшееновтерді атар едім. Олардың тұсында ауданның мәдени өмірінде үлкен серпіліс болған жанкешті жұмыстардың куәсіміз. Әбіләш Әбуов, Өтеген Райымбеков, Маханбетқали Тұрсанов, Әмина Тасболатова, Әшімхан Оспановтар да өзіндік қолтаңбаларымен өрнекті із қалдырған айтулы тұлғалар.

– Осы өңірде «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген қызметкер» деген атақты тыңғыш рет алған Нартай ақыннан кейін 50 жылдан соң осы жоғарғы атаққа өзіңіз ие болыпсыз. Қызыңыз Ақмарал да атақ абыройдан кенде емес. Өнер өлкесінде жүрген ізбасар іні қарындастарыңызға айтар қандай ақыл-кеңесіңіз бар?

– Менің ұғымымда өнер ең алдымен кіршіксіз тазалығымен киелі. Ізбасар іні-қарындастарым ең алдымен өмірін арнаған өнерге адал, кіршіксіз таза болса екен деймін. Өйткені ол өнер – сенікі емес, ол – халықтың меншігі. Әу десем болды, әуелетіп аспанға көтерсін деген пиғылдан аулақ болу керек. Көптің көңілінен шығу – өнерпаздың ең бірінші міндеті, адамдық борышы екені ешқашан естен шықпаса екен.

– Әлмырза – Әнмырза деген атыңыз бар. Сіз жайлы ақын Сәрсенбек Бекмұратұлының:

Жаныма он жасымнан серік болды,

Әуезді әсем жыр мен көрікті өлең.

Сән емес, ән ғой менің аңсағаным,

Халқымның қазынасын теріп келем, – деген монологымен сұхбатымызды аяқтасам деймін. Өнер өлкесінде бағы жанған бақытты адам деп бағалайтын халқыңыздың атынан зор денсаулық тілейміз. Ал, талантты ізбасарыңыз Ақмаралға да өнер өлкесінде жаңа белестерден көрінетін шығармашылық табыстар тілейміз!

 

Сұхбаттасқан

Исабек Сәрсенбайұлы

Тағы да оқыңыз: