Kyzylorda-news.kz Шиелі аудандық емханасының отоларингология бөлімшесінің мейіргері Әлия Рахымова құлақ, тамақ және мұрын аурулары жөнінде сала маманы ретінде ақыл-кеңестерін ұсынбақ. 

Әуелі, тамақ ауруынан бастайық. Бұл аурудың бірден-бір себебі жұтқыншақтың кілегей қабатының қабынуынан болады. Ол фарингит ауруы деп аталады. Көбіне тұмау мен жедел респираторлы вирустық инфекциялық аурулардан кейін болып жатады. Тамақ неліктен ауырады? Өйткені салқын тиюімен байланысты. Ол ауа арқылы немесе тоңазытқыштан алып мұздай сусын ішкеннен болады. Дер кезінде күтінбесе ары қарай ангинаға ұласады. Тіпті оның іріңді және іріңсіз түрлері болады. Науқас ұзақ уақыт бұл аурумен ауырса созылмалы болып кетеді. Бұның бәрі – салқындаудың әсерінен болатын жағдай. 

Емханаға ауа райынан немесе мұздай сусын ішіп салқын тигендер жиі келеді. Науқастарға айтатыным, ағзаң әлсіз болса, жиі ауырасың. Мәселен, жиі ауыратын баланың иммунитеті сәйкесінше төмен болады. Ол не себепті дейсіз? Бұл – қаназдықтың салдарынан. Менің айтар кеңесім, иммунитеті төмен балаларды педиатрға қарату қажет. Оның себептерін анықтап алған жөн. Егер қаназдық болатын болса, талдауларын тапсырып, қорытындысы бойынша қан мөлшерін көтеру керек.

Келесі мұрын аурулары жиі кездесетін түрі – ринит. Ол мұрынның кілегей қабатының қабынуынан болады. Ауруды мұрын қуысына түскен микробтар мен вирустар тудырады. Ол ауамен беріледі. Мұрын ауруларында тағы бір жиі кездесетіні – гайморит. Мұрында 4 қуыс болады. Соның ең үлкені – ауамен тікелей байланыста болатын гайморит қуысы. Гайморит тіс ауруларының әсерінен де болады. Өйткені жоғарғы жақ тіс гайморит қуысымен байланысты. Сондықтан тісті күтіммен ұстап, тереңдеп шіруінен сақтау керек. 

Көп адамдардан "Құлақты қалай тазалаған жөн?" деген сауал келіп жатады. Айтпағым, құлақты суға түскен соң тазалаңыздар. Себебі құлақтың іші ылғалданады, сол кезде мақта таяқшаларымен тазалау керек. Ал құлақты құрғақ күйінде тазаласа механикалық жарақат алады. Құлақтың ішінде бұлақ бөлетін бездер болады. Сол бездердің қызметін бұзып алуы ықтимал. 

Тағы да оқыңыз: