қазақстандық БАҚ-қа бірігу қажет екендігін көрсетті
Kyzylorda-news.kz. Өткен аптаның соңында шырайлы Шымкент шаһарында республикалық «Qalam» қорының ұйымдастыруымен «Qalam» медиа-платформасының Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы баспа және электронды БАҚ-тың бас редакторларына арналған кездесу жиыны өтті. Оңтүстік өңірдегі 3 облыстың маңдайалды басылымдарының өкілдері жиналған айтулы басқосуда еліміздегі ақпарат құралдарының бүгінгі беталысы мен көптеген мәселелері сөз болды.
«Қазақстандық БАҚ-қа бірігу қажет»
Жасыратыны жоқ, әлемдік пандемия қазақстандық медиаға да айтарлықтай әсер етті. Осы кезеңде еліміздегі көптеген ақпарат құралдары өздерінің табысынан айрылды. Қаржылық қиындықтарға кезікті. Басылымдардың таралымы шектеліп, кейбір газет-журналдар өздерінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Бірқатар өңірде тілшілердің жалақысы айлап төленбеді.
Ал ақпарат агенттіктері мен медиа-порталдар, интернет сайттардың кейбірі қауіпті індет кезінде мыңдаған оқырман жинаса, кейбіреулері, керісінше, өз аудиторияларынан айрылып қалып жатты.
Міне, осындай қиындықтармен бетпе-бет келген еліміздің көптеген БАҚ өкілдері ортақ мәселелерді шешу үшін бір платформаға бірігуді жөн деп шешкен.
– Осылайша осы жылдың көктемінде Алматы қаласында «Qalam» медиа-платформасы құрылды. Біріншіден, еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарына өздерінің мәселелерін ашық айтып, кеңесетін ортақ алаң қажет болды. Екіншіден, 2019 жылдың 18 наурызынан кейін еліміздегі жалпы ахуал өзгерді. Қазақстандағы БАҚ-тың аудиториясы екі есеге өсті. Медиа саласына жаңа мүмкіндіктер ашылды. Үшіншіден, пандемия кезіндегі қазақстандық БАҚ өте қатты соққы алды. Кейбір басылымдар өмір сүруін тоқтатты. Осының бәрі қазақстандық БАҚ-қа бірігу қажет екенін көрсетті. Бұл – барлығы болмаса да, еліміздің біраз ақпарат құралдарына ортақ мәселелерді бірігіп шешуге жасалған қадам. Себебі, «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны» белгілі, – дейді аталған медиа-платформаның жетекшісі, республикалық сараптамалық «Exclusive.kz» онлайн-журналының бас редакторы Қарлығаш Еженова.
Бүгінде аталған медиа-платформаға еліміздің 20-дан астам ақпарат құралдары қосылып үлгерген. Шымкент қаласындағы кездесу – өңірлердегі БАҚ өкілдерімен пікірлесудің қорытынды жиыны. Мұндай кездесулер осыған дейін Алматы, Өскемен, Петропавл, Ақтау қалаларында өткен. Қарлығаш Келерқызының айтуынша, аталған өңірлердегі әріптестеріміз бұл жаңалықты қуана қабылдаған көрінеді.
Медиа-платформа не береді?
Бұл – оңтүстіктегі аталған кездесуге жиналған әріптестеріміздің көкейіндегі басты сауал болды.
– Медиа-платформаның басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіз медиа саласында тұрақты әрі тиімді алаң қалыптастыру, – дейді Қарлығаш Келерқызы, – Біріншіден, бұл медиа-платформа өңірлердегі ақпарат құралдарының дамуына бағытталған. Екіншіден, платформа ортақ алаңға біріккен басылымдарға құқықтық көмек көрсетеді. Үшіншіден, кез келген тақырыптағы факт-чекинг, контент алмасу, бірігіп алжа жылжу, тәжірибе алмасуды үйлестіреді. Төртіншіден, өңірлердегі ақпарат құралдарының қаржылық сауаттылығын арттыруды көздейді. Бесіншіден, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы түрлі ірі компаниялардың жарнамаларын өңірлердегі БАҚ-тарға орналастыруға қолайлы жағдай жасауға атсалысады. Яғни, ақылы қызмет бойынша бағыт-бағдар береді. Алтыншыдан, біріккен түрлі медиа-акциялар ұйымдастыру, өңірлердегі журналистердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жасайды. Жетіншіден, өңірлерде кенжелеп қалған түрлі жанрлардың жандануына үлес қосуды қалаймыз. Сегізіншіден, түрлі интернет-ресурстардың төл өнімдерінің көбеюіне, мультимедиалық соны жаңалықтарды меңгеріп, өз контенті мен тұрақты оқырмандарын қалыптастыруға үйретеді.
Осы уақытқа дейін еліміздің БАҚ саласында түрлі медиа-платформалар мен бірлестіктер құрылып, көбісінің жұмысы орта жолдан тоқтағаны белгілі. «Qalam» қоры директорының орынбасары, журналист-сарапшы Нәзира Жәрімбеттің атап өтуінше, аталған алаң ешқандай жасырын мүддені көздемейді.
– «Qalam» медиа-платформасы – коммерциялық жоба емес. Мемлекеттен болмаса басқа да ұйымдардан грант ұтып алып, соны жүзеге асыру үшін құрылмаған. Бұл алаңның ешқандай саяси астары жоқ, белгілі бір топтың мүддесіне жұмыс жасамайды. Күнделікті жұмыс барысында кездесіп отырған мәселелерді бірігіп шешсек, бірімізде туындаған мәселе екіншімізге сабақ болса, содан қорытынды шығара алсақ деген оймен ақылдасуға жиналып отырмыз. Атап өтерлігі, қаржылық сауаттылықты айтпағанда, өңірлердегі көптеген бұқаралық ақпарат құралдарына құқықтық көмек керек екендігіне күн сайын көз жеткізіп келеміз. Бір ғана авторлық құқық мәселесінде қаншама шешілмеген түйткілді мәселелер бар. Платформа осындай мәселелердің оң шешілуіне бағыт-бағдар беріп, жан-жақты қолдау көрсетпек, – дейді сарапшы Нәзира Жәрімбет.
– Маған бүгін басымызды қосып отырған медиа-платформаның бірнеше артықшылығы ұнап отыр. Біріншіден, өңірлердегі БАҚ-тың дамуына үлкен көмек болмақ. Екіншіден, сол ақпарат құралдарына кездескен қиындықтарды шешуге жәрдемдесіп, құқықтық сүйемелдеу жасамақ. Жасыратыны жоқ, қазір кейбір басылымдар өз құқығын қорғау үшін адвокат жалдауға қаржы таппайды. Ал, бұл алаң өзіміздің зеңгерлеріміз арқылы көмектесеміз дейді. Қазақстандық БАҚ ортақ мәселелерді шешу үшін біріге алса, еліміздің медиа саласында үлкен өзгерістер болар еді, – деді жиында қызылордалық танымал журналист Шәкизада Әбдікәрімов.
«Ортақ алаң тілге бөлінбеуі керек»
Оңтүстік шаһардағы жиынға журналистерден бөлек, саясаттанушылар да қатысты. Олар да қазақстандық БАҚ-тың бүгінгі беталысын бағамдап, өз пікірлерімен бөлісті.
– Бүгінгі жиын, ең алдымен, журналистер үшін орны бөлек кездесу болды десем артық айтқандық емес. Себебі, қиындықпен жалғыз арпалысқаннан гөрі көп болып күрескен пайдалы. Қазақта «Көп түкірсе – көл» деген сөз бар. «Досы көпті жау алмайды» деп жатамыз. Міне, осы тұрғыдан келгенде қазақстандық БАҚ бүгінгі өздері атап өткен ортақ мақсат, бір мүдде жолында біріге алса, үлкен жеңісі болар еді. Өздеріңіздің ардақ тұтар ақсақалдарыңыз, қазақ журналистикасының майталманы Намазалы Омашевтің: «Ұлттық мүддені, мемлекеттік мүддені көздеген үлкен бір мәселе көтеріле қалса, біздегі БАҚ-тардың сөзі бір жерден шықпай, әрқайсысы әр түрлі тақырыптарды қозғап кететіні бар. Отандық журналистикадағы алауыздықтың бірінші себебі, отандық БАҚ-тың екі тілге жарылуында. Қазақ газеттері шуылдап айтқан мәселеге орыс газеттері көз жұма қарауы біздің елде қалыпты нәрсе. Ұлттық идеяға, құндылықтарға байланысты тақырыптарда орыс газеттері көп жағдайда қалыс қалады. Ал орыстілді БАҚ көбіне-көп әлеуметтік жағдайларды, мәселен төтенше жағдайларды, әлеуметтік проблемаларды құлпыртып, ушықтырып жазуға келгенде алдына жан салмайды. Екіншіден, қазақ тілді басылымдардың сөзі де үнемі бір жерден шыға бермейді. Оның да өз себебі бар. Кейбір газеттер үнсіз қалған мәселелерді өзге басылымдар құр жібермей, белсене кірісіп жатады. Дегенмен, өз басым, отандық БАҚ-тағы алауыздық бірінші кезекте орыс және қазақ тілді БАҚ-тардың арасында деп есептеймін» деп айтқаны бар. Сондықтан, қазақстандық БАҚ бір платформада бас қосамыз десе, алдымен тілге бөлінбеуі керек, – дейді қызылордалық саясаттанушы, философия ғылымдарының PhD магистрі Нұршайық Әбдуәли.
Оның айтуынша, кейбір басылымдар қоғамның іргетасын шайқалтуы мүмкін екенін өзі де білмей қалады. «Көзге көрінетіннің бәрі жазылуға және айтылуға тиіс» деген қағиданың ықпалында кетеді. Бұл – бекер нәрсе, ешбір мемлекет өзінде болып жатқан оқиғалардың бәрін емін-еркін жариялай бермейді. Алдымен қоғамға кері немесе тиімді әсерлерін екшеп алып, содан кейін өз мүддесіне ыңғайлап береді.
– Демократияның отаны саналатын АҚШ-та журналистер мемлекеттің мүддесі мен жеке бастың мәселесін шатастырмайды. Біздің журналистердің бір сүрінетін жері – осы. Себебі БАҚ туралы заңды жетік біле бермейді, тәжірибелері де кемшін болуы мүмкін, – дейді Н. Кәменұлы.
P.S: «Qalam» медиа-платформасы кеңінен таныстырылған Шымкенттегі жиын соңында 3 облыстан келген БАҚ өкілдері кеңінен пікірлесіп, өз ойларын ортаға салды. «Ортақ алаңда бірігуден бас тартпаймыз» деген олар жыл соңына дейін Алматы қаласында республикалық масштабта бас қосатын болып тарқасты.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
журналист,
ҚЫЗЫЛОРДА – ШЫМКЕНТ – ҚЫЗЫЛОРДА